Жаңалықтар

"31-ТЕЛЕАРНА" ҚАЗАҚТIЛДI ХАБАРЛАРЫН АЗАЙТТЫ

ашық дереккөзі

"31-ТЕЛЕАРНА" ҚАЗАҚТIЛДI ХАБАРЛАРЫН АЗАЙТТЫ

Естерiңiзде болса, жыл басында "31-телеарнада" бес бiрдей қазақтiлдi бағдарламаның күнi батқандығы туралы жазған едiк ("Түркiстан" №3, 21 қаңтар). Сол кезде телеарна басшылығы бұл хабарлардың орнына қазақтiлдi басқа жобалардың жасалып жатқандығын айтып сендiрген-дi. Алайда, жақында ғана тұсауы кесiлген "Айнаline" ақпараттық-сауықтық, көңiлашар хабары да небары 9 көрсетiлiмiнен кейiн жабылып қалған.

Кеше "31-телеарнаның" 14 қазақтiлдi журналисi өз құқықтарының аяққа тапталып жатқандығына ашынып, жұмыстан өз ерiктерiмен кеткендiгi жөнiнде хабарлады. Телеарнада қазақ тiлiнiң шетке ысырылып жатқандығына күйiнген олар арнайы баспасөз мәслихатын өткiзiп, қоғамдық талқылауға ұсынды. Арнаның бас редакторы қызметiн атқарған Қанат Тiлеуханның айтуынша, "31-телеарна" осы уақытқа дейiн елiмiздегi қоғамдық телеарнаның қызметiн атқарып, қазақ халқына шынайы ақпарат ұсынуға ұмтылыстар жасаған арна. "СТС-медиа" арнаның 20 пайыздық акциясына иелiк еткелi берi күнiне үш рет шығатын қазақтiлдi бағдарлама бiр-ақ рет шығып, уақыты ең тиiмсiз мезгiлге қойылды. Ол аздай, жаңа жылдан кейiн 5 бiрдей хабар жабылды. Қазақстан – Ресейдiң губерниясы емес, Қазақстан өзiнше дербес, тәуелсiз мемлекет. Елiмiз ең алдымен ақпараттық тәуелсiздiктi қорғауы керек қой", – дейдi тележурналист.

"31-телеарнадан" өз еркiмен кеткен журналистер бұдан бұрын ресейлiк әрiптестерi "СТС-медианың" төраға орынбасарлары Владимир Никлудов пен Евгений Габриловичпен сөйлескенде, олар: "Журналистердiң бәрiне жұмыс табылады. "Айнаline" атты үлкен жобаны iске қосамыз. Және Қасым Аманжоловпен бiрге "Қасиеттi қазақ жерi" атты деректi фильм түсiруге кiрiсемiз" деп өзара ымыраға келiптi. Алайда, хабарды жобалауға дайындық сылбыр жүргiзiлiп, уақыт та сырғи берген. "Бiздiң журналистер арнаның жағдайын түсiнiп, 3 ай тегiн жұмыс iстедi. Бiз қазақ журналистерi Иманбай Жұбай, Айбар Олжай сынды азаматтарды бас продюссерлiкке ұсынып едiк, өкiнiшке қарай, бұл ұсыныс Мәскеу тарапынан қабылданбады. Басшылық жасап, жол көрсетуге "халықаралық тәжiрибесi бар" Игорь деген азамат келдi. Мiне, осыдан бастап, "Қасиеттi қазақ жерi" бағдарламасы түрлi себептермен түсiрiлiмiн тоқтатты. Бұған дейiн таспаға түсiрген дүниелерi, 3 бағдарламасы желге ұшты. Жоба аясында жұмыс iстеп жатқан қазақ жiгiттерi бәрiнен бас тартып, мұндай шартпен еңбек ете алмайтындықтарын жеткiздi", – дейдi Қанат Тiлеухан.

Бүгiнде "31-телеарнада" "Сырласайық" хабары да еш себепсiз жабылыпты. Тiптi, "Жұлдызбен жүздесу" де бiр шығып, екi апта көрсетiлмей, көрермендi мазаққа айналдырып жүр. "Айнаline" бағдарламасы көрсетiлiм рейтингi аз деген желеумен жабылды.

"Бiз осы наразылығымызды "31-телеарнаның" бас директоры Нұржан Жалауқызына бiлдiргенiмiзде, ол: "Себеп – телекөрсетiлiм үлесi мен рейтингтiң төмендiгiнде. Бiзде тек "Информбюроның" ғана көрсеткiшi жоғары" деп әуелгi шешiмнiң өзгерiссiз қалатынын айтты. Бар кiлтипан – қазақтiлдi хабарлар прайм-таймға қойылмайды. Бар-жоғы 9-ақ рет көрсетiлген бағдарламаның рейтингi төмен дегенi еш қисынға келмейдi" дейдi олар.

Қысқасы, арнадан кеткен журналистер "31-телеарнаға" "СТС-медиа" билiгiн жүргiзгелi берi "төтенше жағдай" қалыптасты дейдi. Құрылтайшылық акцияның 20 пайызына ғана иеленiп отырғанына қарамастан, арнаның ұйымдастыру, шығармашылық жұмыстарының шешiмi Мәскеуге тәуелдi болып қалды. Есесiне, олар 2-3 жылдың iшiнде ондаған қазақ хабарларын жауып, арнаның эфирлiк саясатын ресейлiк ақпараттық экспансия жағдайында ұстауда. Екiншiден, "СТС-медиа" ҚР "Тiлдер туралы" Заңының нормаларын өрескел бұзып, телеэфирдi тек аударма дүнеиелермен толтырып әлек.

Наразылық танытқан журналистер ҚР Ақпарат және байланыс министрi Асқар Жұмағалиев мен Парламент мәжiлiсiнiң төрағасы О.Мұхамеджановқа арнайы хат жолдады.

Бiз осыдан соң "31-телеарнаның" бас директоры Нұржан Жалауқызына хабарласып, пiкiрiн бiлген едiк.

– Өкiнiшке қарай, бiздiң эфирге шығарған бағдарламаның бәрi бiрдей жоғары деңгейде көрiне бермейдi. Сәуiр айында эфирге жолдама алған "Айнаline" бағдарламасы 9 пилоттық жоба ретiнде түсiрiлетiндiгi жөнiнде шығармашылық ұжымға алдын ала ескертiлдi. Бiз сол жобаның орташа телекөрсетiлiмiне байланысты хабардың әрi қарай жалғасатыны, не жалғаспайтыны туралы анықталатынын айттық. Мұны бәлкiм журналистер түсiнбеген болар. Екiншiден, Қанат Тiлеухан қазақтiлдi бағдарламаның бас редакторы ретiнде қызмет еттi және өз еркiмен кеттi. Сiз айтқан 14 журналистiң көбi штаттан тыс тiлшiлер. Тағы айтам, бiз "Айнаline" бағдарламасын жапқан жоқпыз. Осы топпен немесе басқа топпен хабарды әрi қарай шығарамыз. Бағдарламаны көрерменнiң көңiлiнен одан әрi шығатындай мазмұнды етiп, форматын, көрсетiлiм уақытын өзгертiп мамырдың 17-iнен қайтадан жалғастырамыз. Бiздiң телеарнаның орташа телекөрсетiлiмi – 11,9 пайыз болса, "Айнаline" бағдарламасының көрсетiлiмi бар-жоғы 2,7 пайызға жеттi. Әрбiр бағдарламаның көрсетiлiм деңгейi аз болса, жарнамадан түсетiн қаржыны төмендетедi. Бұл бiзге экономикалық жағынан тиiмсiз. "31-телеарна" жекеменшiк арна болғандықтан бiзге ешкiм жарнамадан түсетiн қаржыны бермейдi. Осы бағдарламаға жұмсалған 3 млн. 200 мың теңгенiң қайтарымы болмады. Ал, күзгi маусымға таман ойын-сауық форматтағы екi қазақтiлдi жобаны жарыққа шығарамыз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ