ҚАНТӨГIС ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЕЛI
ҚАНТӨГIС ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ЕЛI
Тарихты қаралауға да және мақтауға да болмайды. Тарих өзiнiң кемшiлктерi және жетiстiктерiмен сол күйде қалуы қажет. Өйткенi, ғасырдың 30- жылдарының аяқ шегiнде Кеңес Одағының басшылығы, әсiресе Сталин фашистiк Германия тарапынан туатын соғыс қаупiнен үрейлендi. Соғыс туралы әңгiмелерге де тыйым салынды. Ұлы Отан соғысының басында Германия әскерлерiнiң КСРО жерiне шабуылы көптеген адамдарды қатты абыржытты. Қазақстан Коммунистiк (большевик) партиясы бюросының бiрiншi хатшысы Н.Скворцов Сталиннiң қаһарынан сақтанып, соғыстың алғашқы күндерi жергiлiктi халықты жұмылдыру iсiн жүргiзбедi. Мемлекеттiң құралды күштерiн бейбiтшiлiк жағдайдан соғыс жағдайына көшiруге, елдi жұмылдыруға батылы бармады.
Тек қана, 7-шiлдеден бастап Орталық партия Комитетiнiң бюросында жұмысты соғыс жағдайына көшiру жоспары бекiтiлдi. Республиканың бүкiл басшылығы халықтарды жұмылдыру әдiсiн, өндiрiс орындарын әскери желiге түсiру iсiн үйренуге кiрiстi. Ол үшiн уақыт қажет едi. Тек қана қыркүйек айында жағдай анағұрлым жақсара бастады.
Шамалы уақыт өткеннен соң бүкiл ел сияқты Қазақстан да экономикалық соғыс жағдайына өткен.
Соғыстың жағдайы орталық және жергiлiктi жердiң басшыларын өте маңызды және жедел мақсаттарды шешуге мәжбүрлi едi: адамдарды майданға жұмылдыру, әскери құрамдарды ұйымдастыру, әскерге шақырылатын адамдарды алдын ала дайындау, бейбiт адамдарды әскери мамандықтарға үйрету және майданға соғыс құрал-жабдықтарын дайындау, оқ-дәрiлердi, көлiк, азық-түлiктердi жiберу шаралары iске асырылды. Бұл жұмыстарды сәттi, сапалы орындау соғыс комиссариаттары, олардың еңбектерiне тығыз байланысты болатын.
Қазақстандықтардың арасында Отан сүйгiштiк сезiм күн санап өсе бастады. 1941 жылы шiлде Алматыда 316-шы атқыштар дивизиясы құрылып, соңынан ол М.В.Панфилов атындағы 8-шi гвардиялық дивизия деп аталды.
Кеңес Армиясының қатарына көп ұлтты республиканың 1 млн. 200 мыңға тарта ұлдары мен қыздары алынды — оның құрамында 82 мың коммунистер және 250 мың комсомол мүшелерi бар едi. Қазақстанда 20-ға тарта атқыштар дивизиясы және бригадалар, 4 атты әскер дивизиясы, үш ұшқыштар полкi, ондаған мамандандырылыған батальондар құрылды. Брест қорғанында әскерлер адам айтқысыз ерлiк көрсеткенi мәлiм, олардың қатарында 3 мыңға жуық қазақстандықтар бар болатын. Кеңестер Одағының астанасы Мәскеу қаласын жаудан қорғауда М.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқаштар дивизиясы орасан үлес қосты. Осы кезде майданға шақырылған азаматтардың орнын еңбекшiлермен толтыру үлкен мәселеге айналды. Сондықтан, 1941 жылы шiлде айында Қазақстан Коммунистiк (большевик) партиясының Орталық Комитетi осы мәселенi өз отырысында үш рет талқылап, әйелдерден мамандандырылған жұмысшылар даярлау керек деп шештi. Бұл iске Семей, Алматы, Оңтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында жергiлiктi басшылардың мән бермегенi анықталды. Халық шаруашылығын әскери жағдайға көшiру еңбекшiлердiң күш-қайратын және материалдық қорларды бiр жерге жұмылдыруды қажет ететiн. Республикада соғысқа дейiн жұмыс iстеген кәсiпорындармен қатар соғыстың алғашқы айларында Қазақ елiне фашистер басып алған жерлерден 140-тан астам өндiрiстiк кәсiпорындар, оның iшiнде 60-қа жуық iрi, күрделi кәсiпорындар көшiрiлiп, орналастырылды. Қазақстан халқы елге көшiрiлген миллиондаған адамдарды жылы ниетпен қабылдады. Айта кету керек, соғыстың бiрiнiшi күнiнен бастап-ақ Республиканың еңбек ұжымдарында. "Бәрi де майдан үшiн, бәрi жеңiс үшiн!" — деген ұрандар жарияланды. "Таудың Қызыл қырандары" ұжымшарының Қазақстан барлық ұжымшар мүшелерiне арнаған хаты жауды қирата жою туралы, ол үшiн әр адам екi-үш кiсiнiң жұмысын орындап, таң сәрiден күн батқанша еңбек етуi қажет екенiн көрсеткен үндеуiн Орталық партия Комитетiнiң бюросы 1941 жылы 29-шiлдеде мақұлдады. Бұл бастама кең өрiс алып, оны көптеген өндiрiс орындарының ұйымдары iлiп алып, басшылыққа айналдырды.
Жаудың бомбалауына, диверсанттардың зұлым iс әрекетiне қарамастан Орал, Ақтөбе, Гурьев облыстарының темiржолшылары Сталинград қорғаушыларын қару-жарақпен қамтамасыз етiп отырды. Қарағандының көмiршiлерi, Донбастың жау қолында қалғандығын ескере отырып, көмiр шығаруды ұлғайтты. Балқаштың еңбекшiлерi мыс өндiрудi 10 есе, молибдендi — 20 есе арттырды. Бiр ғана Балқаш металл қорыту зауытына мемлекеттiк Қорғаныс Комитетiнiң туы 23 рет тапсырылды.
Академик В.Л.Комаров бастаған КСРО Ғылым Академиясының комиссиясы бiздiң елде еңбек етiп, республикада Қарағанды металл қорыту зауыты, орталық Қазақстанда көмiр өндiрудi арттыру, түстi металды шығару, тау-кен, шикiзат қорын барлауды дайындау мәселелерiн қарастырды. Бұрын машина жасау саласы болмаған Қазақстан да 1942 жылдан бастап бұл сала кең өрiс ала бастады. Мақат мұнай кенiшiнде жер бұрғылау шеберi Дәулетов бiр қашаумен 150 метрге жететiн жер бұрғылап, жоспарды 180-200 пайызға орындады. Осындай мысалдарды көптеп келтiруге болады.
Соғыстың қиын кезiнде Қазақстанда белгiлi ғалым, мәдениет және өнер қайраткерлерi еңбек еттi. Олардың iшiнде И.П.Бардин, Л.С.Берг, В. И.Вернадский, И.П.Гамалея, Н.А.Зелинский, С.Г.Струллипин, А.Е.Фабарский т.б. жеңiске жетуде орасан үлес қосты. 1944 жылы Алматыда консерватория ашылды. Қазақстанға келген Б.Ерзакович, Г.Столяров, Д.Мацуцин, Б.Орлов тағы көптеген композиторлар қазақ өнерiнiң дамуына атсалысты.
Қазақстан жұмысшылараның тобына 50 мыңнан астам құрылысшылар, тау-кен мамандары, Донбас шахтерлары, Ленинград пен Луганск машина жасаушылары, Украина мен Ресей инженер-техниктерi қосылды.
Соғыстың алғашқы күнiнен бастап мыңдаған жiгiттер мен қыздар әскери комиссариаттарға барып, өздерiнiң майданға еркiмен бару туралы өтiнiштерiн бiлдiрдi. Соғыс кездерiнде елiмiздiң комсомол ұйымдары Қызыл армияға 240 мың комсомол мүшелерiн, жаудың соғыс майданынан аулақ тылында соғысу үшiн 10 мың жастар жiбердi. Қамқорлыққа алынған "Киров" атындағы крейсердiң құрамында соғысқа Қазақстаннан 156 адам қатысты, оның iшiнде 58 қазақ жастары болатын.
1943 жылы 19-шiлдеде Қазақстан Коммунистiк партиясы және Қазақ Кеңестiк социалистiк республикасы халық комиссариатының кеңесiнде 8-шi гвардияшы-панфиловшыларының батырлық ерлiктерiн еске ала отырып, дивизияны 2500 қазақ жастарымен толықтыруды, тағы да қосымша 400 құрал-саймандары мен аттарды, 250 көлiк құралдарын бөлудi шештi. Сонымен қатар, дивизияға кiтаптар, кинокартиналар, киноохроникаларын және жоспардан артық дайындалған бес отшашқыш (огнемет) құралдары жiберiлдi.
Соғыстың алғашқы күнiнен бастап Қазақстан әскери қару-жарақтарды шығаратын елдiң бiрiне айналды. Қазақ елiне әкелiнген қорғаныс зауыттар басқа да соғысқа дейiн бейбiт өнiмдер шығаратын ұжымдар қару-жарақтарды дайындауға тiкелей қатысты. Мысалы, Алматы жиһаз фабирасы он мың гранатомет шығарды. Түркисиб темiржолының Матай станциясында соғыста ауыр жараланған аға сержант Михаил Калашников емделу үстiнде болатын. Ол Қазақстан Комунистiк партияның Орталық комитетiнiң хатшысы, қорғаныс iсiн басқаратын Қойшығұловқа хат жазады. Онда ол паровоз депосының жұмыскерлерiнiң көмектесуiмен бiр оқпен және жаудыра ататын пистолет-пулеметтiң үлгiсiн жасағанын және пистолет-пулеметтiнiң минутына 650 оқты жылдамдықпен шығаратынын, салмағы 24 грамм оқтың әсерлi күшi 600 метрге жететiнiн хабарлайды. Нәтижесiнде, 1942 жылы қазан-желтоқсан айларында, Алматыдағы атыс алаңында сынау кезiнде пистолет-пулемет өзiнiң қолдануға тұратындығын көрсеттi. 1943 жылы Қазақстан Коммунистiк партиясының Орталық Комитетiнiң жанындағы техникалық комиссия оған өте жоғары баға бередi. 1946 жылы Калашниковтың автоматын Кеңес Армиясының әскерiнiң қаруы ретiнде қабылдауға ұсыныс жасады. Сөйтiп, ол 1946 жылы Ижевск қаласындағы машина жасау зауытын да көптеп шығарыла бастады.
Мәскеудiң түбiндегi Дубасеково разьезiнде, 28 панфиловшы-батырлар дүние жүзiн таң қалдырған ерлiктiң, батырлықтың, өз елiн сүйгендiктiң, рухани қайраттылықтың үлгiсiн көрсеттi. Олардың арасында орыстар, украиндар, қазақтар, қырғыздар, молдавандар бар едi. Олар түрлi мамандықтың иелерi: тракторист, ұста, етiкшi, есепшi, шопан және оқытушы болатын. Оларды Отанға деген патриоттық сезiм бiрiктiрiп, өлiмнен қорықпауының арқасында жеңiске жеттi. Қазақ елiнен барған әскериелер Лениград, Сталинград қалаларын қорғауға, Украинаны, Белоруссияны, Балтық елдерiн, Молдавияны азат етуге қатысты.
Қазақ халқының қыздары — Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова ерлiкерiмен аңызға айналды. Нұркен Әбдiров, Михаил Янко оқ тиiп жанған самолетiн жау танкiлерiне бағыттаған капитан Гастеллоның ерлiгiн қайталады. Александр Матросов сияқты жау дзотының амбразуарсын Ақәдiл Сұхамбаев, Сұлтан Баймағамбетов, Иван Бабин және басқалар да өз денелерiмен жауып, әсерлердiң шабуылын қамтамасыз еттi. Қазақстандықтар Батыс Еуропа елдерiнiң астаналары Софияны, Варшаваны, Бухарестi, Белградты, Будапештi, Венаны тағы басқа қалаларды, фашистерден азат еттi. Л.Н.Гумилевтың айтуынша, халық тұтастығының негiзi — одақтағы әрбiр ұлттың бiр-бiрiмен түсiнiсе бiлуiнде, солардың ұйымшылдығында едi. Барлық азаматтардың мүддесiн ойлау, олардың мақсатын жете ескеру нағыз ақылға қонымды iс.
Өкiнiшке қарай, жеке басқа табынушылық кезiнде, соғыс басталар алдында Қазақстанға Қиыр Шығыстан, Кап тауынан (Кавказдан), Едiл өңiрiнен өзге ұлт өкiлдерi көптеп көшiрiле бастады. 1937 жылдың қазан айынан корейлер, 1941 жылдан бастап немiстер, еврейлер, белорустер, 1944 жылдан — күрдтер, түрiктер шешендер жер аударылды. Сол кездерде қазақ халқының дархан көңiлi мен көмегiнiң арқасында бұл халықтар тез тiл табысып, тату-тәттi күн кештi.
1943 жылы 6-ақпанда "Правда" газетi: "Қазақстан өзiнiң жерiнiң байлығымен, бүкiл тауларының қазынасымен майданды қолдап, сенiмдi тiрегi болып тұр," деп жазды. Немiстiң атақты ақыны Гете: "Өмiр мен бостандыққа лайықты адам, сол үшiн күн сайын күреске шығады", — деген. Бұл ой — нағыз ақиқаттың айнасы едi.
1941-1945 жылдары ер адамдары соғысқа аттанбаған қазақ шаңырағы болған жоқ. Соның салдарынан, өкiнiшке қарай, мыңдаған шаңырақ iз-түзсiз жоғалды. Қазақ елi сұм соғыстың зардабын әлi күнге сезiнуде…
Қасiреттi соғыс қайталанбас үшiн, қолдан келген iстердi атқарып, бастан өткен тарихи шындықтарды болашақ ұрпаққа ешқандай боямасыз күйiнде жеткiзу бәрiмiзге аманат.
Нұридин БАЛҚИЯҰЛЫ, профессор,
Тұрғанғали ЖОЛБАСҚАН, доцент