Жаңалықтар

«ТЕМIР КЕЛIНДI» КӘСIПКЕР

ашық дереккөзі

«ТЕМIР КЕЛIНДI» КӘСIПКЕР

Бiдiң кейiпкерiмiз – Моңғолиядан келген Бүркiтбай Файзуллаұлы. Келгенде жай келмеген Қазақ елiнiң тәуелсiздiгiнен, егемендiкке ендi-ендi қолы жеткен кезде алдыңғы көштiң бiрiн бастап келген. Келген жерi, ақ сарбасын айтып, ақ дастарқанын жайып қарсы алған елi – Алматы облысының, Ескелдi ауданының, Қарабұлақ кентiнiң iргесiндегi сол кездегi Киров атындағы колхоз екен. Математиканың майын iшiп, басқару қызметiнiң қызығы мен шыжығын жиырма бес жыл атқарып, алқалы орден таққан азаматтан ат үркер атақ-даңқты тастау қиын болмады ма, деген ебедейсiздеу сұрақ бiрден көкейiмiзге оралды. Ширек ғұмырын жас ұрпақтың тәрбиесi мен тәлiмiне жұмсаған кешегi ұстаз, бүгiнгi кәсiпкер адам жанын айтқызбай қабағынан тани ма бiрден былай дедi:

– Сiздердi менiң өткен тәттi өмiрiмдi қалай қиып келгенiм қызықтырады-ау. Сол бiр тәттi өмiрден де тәттi, одан да қымбат, одан да салмақты бiр дүние бар. Ол – Отан, туған ел! Туған жер, туған топырақ. Кiндiк қаны тамған мекендi сағынбайтын жан бар ма? Сағынасың, аңсайсың, шетте жүрген әрбiр қазақ Қазақстанды тап солай сағынады.

– Ол елдi де сiз Отаным дедiңiз ғой.

– "Бұл менiң туған жерiм, Моңғолдың әсем отаны" деп жырлаған моңғол ақыны болды. Ал мен қара сөзбен болса да "менiң" деп айта алмай, "бiздiң" деп жүрдiк. Сондықтан да жалғыз күнде, есiк ашылғанда ол отанды тастап жүре бердiк. Қазiр мен "менiң елiм, менiң жерiм" деп жүрегiмнiң қалауымен елжiрей айта аламын!

– Патриот екенсiз.

– Ұлтшылмын. Бiрақ ол ұраным емес, менталитетiм.

Айтса айтқандай ұлшылдық та сүйекке бiтетiн, қанмен келетiн қасиет болса керек. Әкесi Файзулла жетпiстен асқан шағында атажұртқа барсақ деген ұлының бетiнен қайтармапты. "Өнiп, өскен елiм, өз басым еш жамандық көрмедiм. Ендi артымнан алдым жақын шағымда қайда барамын?" деп қасарысып отырып алса қайтер едi. Жарықтық бұл күнде баласына тиянақ болып, Абай ауылынан Жалғызағашқа шығар жол бойындағы төбе бөктерiн мәңгiлiк мекен етiп жатса керек.

Математиктерде сөз аз болады ғой. Бiрақ Бүркiтбай мырза сөзге де шешен кiсi екен. Әңгiмемiз ендi облыстың белгiлi кәсiпкерлерiнiң бiрi Бүркiтбай Файзуллаұлының кәсiп– нәсiбiне қарай ойысты.

– Байқап отырмын наубайханаңыз бар екен. – Ол арқанды арыдан салды.

– Мынау, жерiмiз жер жаннаты Жетiсудың қос өзенi Қаратал мен Көксудың бойын алып жатыр. Ана тұстан Шажа мен Қора келiп құяды. Қыз ұясы мен Қыз құлаған сонда. Одан ары атақты Қапал. Қапал арасаны. Мына тұсың Мыңбұлақ деп қарасаң, көз тоймайтын тұнық табиғат кете бередi. Түгiн тартсаң май шығар түңкелi өлке. Бүлдiргенiн ғана бөлiп жеп тiршiлiк етуге болады. Тошаласын терiп, терi-терсегiн жиюдан бастадым. Табан ет, маңдай тер зая кеткен жоқ. Сонымен 2004 жылы бар тапқан-таянғанды салып осы наубайхананы сатып алдым. Iшкi шаруашылықты мына жеңешең Дәригүл басқарады.

Менiң назарым Даригүл Мазанқызына бұрылды. Мамандығы дәрiгер. Үш баланың анасы. Сыны кетпеген – қара торы бәйбiше. Осы әулеттiң бар ырысының бас ұйтқысы екенi басқан iзiнен-ақ байқалады.

– Наубайханамыздан,– деп сөзiн жалғады Бүркiтбай мырза,– екi түрлi нан, "Алтай", "Алатау", "Зебра" қатарлы бес-алты түрлi тәттi тоқаш шығады. Алды ауданымыздан асып, Алматыға дейiн жетiп жатыр.

Он бес адам жұмыс жасайтын шағын наубайхана iшi мұнтаздай, тәртiп пен тазалық, техника қауiпсiздiгi қатаң қадағаланатындығы бәрi бiрден көзге шалынады. "Еңбек етсең ерiнбей" дегендей, жалақысын уақытында алатын жұмысшылардың да қас-қабағы кiрбiңсiз. Бәрi де өз iсiнiң маманы екенi айтпай-ақ байқалады.

Бүкең бiздiң бағытымызды осы әулеттiң "Бұлғын" атты қымызханасына қарай бұрды. Екi киiз үй қатар тiгiлiптi. Бiрi өздерiнiң үйi, ал екiншiсi қымызхана. Табалдырықтан аттаған жерден қымыз иiсi қолқаңды жарып, кеңсiрiгiңдi керiп барады. Үйдiң iшi құлпырып тұр. Құды бiр қолөнершiлер көрмесiне кiрiп барғандайсың. Айналдыра құрылған алуан өрнектi тұскиiз. Тор көздi керегенiң арғы жағынан таңдайлап, тақталап тоқыған ши ұсталған. Қары биiк, қаламы төрт қырлы оқтай түзу уықтарға ұшын үкiдей үлпiлдетiп қызыл ала түстi уықбауды төрт жерден салбырата тағыпты. Қыдырған бiр уық болсайшы. Айқаса ұстасқан алты күлдiреуiштен бастап, ұшы жерге созылып жатқан енi бiр қарыс желбаудың өзi қандай. Қошқар мүйiз оюлар қатарласа өрiлген басқұр кереге мен уықтың түйiскен басын қапсыра жауыпты. Ал есiктiң көзiнен төрге дейiн төселген сары ала сырмақ. Осының бәрiн Дәригүл Мазанқызы өзi жасап шығыпты.

Ал қазан жақта қымыз сапырып тұрған Дәригүл Мазанқызының қолындағы қосбүйiрлi, ат басты, алты шығырықты бiр ағаштан бiтеу ойған сарығайрақ ожауды айтсайшы. Қазақтың қас шеберлерiнiң өнерiне таңғалмасқа амалың жоқ. Қымыз, қымыз емес, бал екен. Шыны керек қымыз iшiп жүрмiз ғой, естiгенiм болмаса, тап мынадай қоңыр күздiң қою сары қымызын бұрын соңды да татып көрмеппiн. "Бiр аяқ қымыздың екi аяқ желiгi бар" деп аталарымыз осындайдан айтса керек. Екi аяқтан соң бiздiң де арғы жағымыз белгiлi болды, күреңiтiп, ай құлақтанып барамыз бiлем. Осы мезетте үйдiң арт жағынан күрпiлдетiп тұрып айызыңды қандыра пiскен сабаның даусы шықты. Балалық дәурен еске түсiп, елең еттiм. Қағылез Бүкең, ойымды дөп басып:

– Бiр "темiр келiнiмiз" бар, сол ғой,– дедi сәл жымиып. "Е…е… бiр қаражон келiншектi жұмысқа алған ғой" дедiм iшiмнен. "Қаражон" келiншек тiптi үдей түстi. Дамыл таппай күрпiлдеттi-ай келiп. Тағы да… бойымыз сәл жетпеген соң табанға тайпақ бiр орындықты қойып ап, сабалап, санап тұрып саба пiсетiн күндерiмiз ойға оралды. Менiң елегiзiп отырғанымды аңғарған отағасы:

– Жүрiңдер, "темiр келiнiммен" таныстырайын,– дегенде кәдiмгiдей қысылып қалдық. Айналып киiз үйдiң артына шықтық. Саба пiскен келiн көрiнбедi. Тап бiр қарақатты нулы сайға енгендей алдымыздан қымыздық иiсi аңқыды. Әуелi шошаңдап тұрған пiспектiң сабы көрiндi. Сөйтсек, "темiр келiнiмiз" қарапайым, электрлендiрiлген агрегат екен. 220В-пен жұмыс iстейтiн, екi шағын генератор, бiрiнiң басына пiспек орнатылған. Бар жоғы осы.

– Бәрекелдi,– дедiк бiз,– нағыз "темiр келiн" екен. Атын солай қалдырыңыз. "Темiр келiннiң" қалай өмiрге келген жолын сұрадық. Бүкең бүкпедi айтып бердi:

– Мына кiсi,– ол әйелiн нұсқап, – Кейде, "қымыздың пiсуi қанбады", деп бұртыңдап жүредi, сонда екi күн ойлап, "қысылғанда" тапқаным ғой. Алматыда Айдос деген iнiм бар. Соған айттым: "маған осындай, осындай екi генератор тауып жiбер" деп.

– Нағыз өнер тапқыш екенсiз. Шағын бизнеске шаң жұқтырмайтын дүние екен. Сертификат алдыңыз ба?

– Жоқ.

– Бұндай дүние қолды болып кетуi де мүмкiн ғой.

– Әбден мүмкiн, соны бiр реттеуге, отырып сызуға уақытым шықпай қалады. – Бұл сөзге де иландық.

Талдықорған өңiрiне аты шығып қалған "Дауыл" атты қара арғымақты жетелеп Жасұлан, Бүкеңнiң кiшi ұлы алдымыздан шықты. Алматыда отырған бiздiң көкейiмiздi тескен қара жорға осы. Қарабайыр емес, асыл тұқымды да емес, әйтеуiр шатыс, аяқ қолы балғадай, кеудесi есiктей. Тегiн жыға танымасақ та тектi жылқы екенi көрiнiп тұр. Сүлiктей қара, мiнер жақ арты ақ бақай, есiкпен төрдей болып алдымызға келгенде амалсыз демiмiздi iшке тарттық. Мiнiп көрдiк, күшi кеудесiнде, төрт аяғын тең басқан майталманның өзi екен. Ендi күшiн сарқымай, жарысқа бейiмдеп отыр екен. Бүкең бұны бес биесiмен сатып алыпты. Сары қымыздың төркiнi осылай анықталды.

Бүркiтбай Файзуллаұлының шағын бизнестi ұлттық бағытта, халқымыздың бүгiнгi күндерi зәрулiгiне айналған салада дамытуға ден қойған талабын Текелi қалалық әкiмшiлiк қолдап, жылқы өсiрiп, қымыз өндiру үшiн бiр гектар, ал "қымызхана" ашуына арнап он сегiз сотық жер бөлiп, қол ұшын берген. Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту қолдау қоры қомақты көлемде несие алуына жәрдемдесiп, дағдарыс кезiнде қолдап– қолпаштап, жеке кәсiпкердiң шаруашылығын үздiксiз, iркiлiсiз жүргiзуiне көп септiгiн тигiзген. Жаңадан салынып бiткен атқорасын, ондағы айғыр үйiр жылқыны, желiдегi тайлақтай құлындарды көрiп ата дәстүрден қол үзбей, оны қордаландыруға деген ынта жiгерiне тәнтi болған бiз риасыз көңiлден қандасымызға алғысымызды айттық.

– Бұларың ертерек болды,– деп Бүкең сөзiмiздi бөлдi. "Сүт сұрап келiп, шелегiн жасырды" дегендей болмай, әйтеуiр келген соң барымызды түгел көрсетiп қалайық, – деп тағы да әзiлге басып, қарқылдап күлдi. "Аузын ашса жүрегi көрiнетiн" кең сахараның кең қолтық қазағын көрiп тұрмыз.

Бүркiтбай Файзуллаұлы бiздi дәу теректiң саясына қарай жетеледi. Салпы иық, сала құлаш тырнақ пен ала қанат бiрден көзге түстi. Бүкең биялайын киiп, бүркiтiн қолына қондырып, бiзге қарағанда құс пен адамның жарасымдылығы бiздi ерiксiз таң қалдырды. Бүркiт Бүркiтбайға, Бүркiтбай бүркiтке ұқсап кеткендей болды. "Атыңызды да тауып қойған екен" деген сөздi де амалсыздан айтып қалдық. Бүркiтбай Файзуллаұлы құсбегiлiк те атадан балаға жалғасқан дәстүрлi өнер екенiн баяндап тұрып, құсын тас тұғырға қондырды.

– Мынау тас тұғыр, анау түбiр тұғыр, ал әне бiреу шым тұғыр, ол жұмсақ келедi, құс қалағанына қонып тырнағын жетiлдiредi. Текелi қалалық туризмдi дамыту бөлiмiмен бiрлесiп "саятшылар клубын" құрмақпыз. Ұрпаққа ұлттық кәсiп пен бiлген өнерiмiздi насихаттап жас ұрпақтың жадына мысқалдай болса да ұлттық сәуле енгiзсек деген ниеттен туындап жатқан нәрсе ғой бәрi. Ал мынау Жетiсу өңiрi туризмдi дамытуға өзi сұранып тұрған жер емес пе. Былтыр қыста Талғарға барып, "қыран құс түлкi алмай ма, салса баптап" деп Абай атамыз айтқандай "Ақиықтың" қабылетiн көрсеттiк, жаман емес.

Қораның iшiнде қанжардай қатқан неше түрлi қаншық иттер жүр. Соларға бұрылып едiк, Бүкең:

– Қыста, ит жүгiртiп, құс саламыз ғой,– дедi Абайшылап.

Бiз Бүкеңнiң үйiне қайта оралдық. Қора iшi қалың құс. Дәригүл Мазанқызы тауық, күрке тауық, үйрек, қаздарына жем шашып жүр екен.

Қымыз iше отырып Бүркiтбай Файзуллаұлы қолына Абай домбырасын алып ән салып бердi. Жасында аккордеонды әуелете тартып кештiктерде Дәригүл бәйбiшесiн елiктiретiнiн есiне алды. Аздан соң әнге Дәригүл Мазанқызы қосылды. Даусы қандай, сыңғырлап тұр екен. Тiптi осы өнерлерiнiң өзi бiр төбе екен.

Сөйлеген сөзiнен, iстеген iсiнен, iшкен асынан, салған әнiнен, бәр-бәрiнен сахараның салты, нағыз қазақтың иiсi аңқыған һәм ұстаз, һәм кәсiпкер, һәм атбегi, һәм құсбегi, һәм өнерпаз ағайынның ауылынан айдарланып аттандық. "Елге ел қосылса құт" деген осы-ау!

Бақытбек БӘМIШҰЛЫ