Жаңалықтар

ЗАМАН ШЫНДЫҒЫ НЕГЕ ЖАЗЫЛМАДЫ?

ашық дереккөзі

ЗАМАН ШЫНДЫҒЫ НЕГЕ ЖАЗЫЛМАДЫ?

Кеңес дәуiрiндегi қазақ жазушыларының көптеген тарихи шығармаларында отаршылдық сипатының кескiн-келбетi жете ашылмады. Әсiресе орыстар қазақ жерiне аяқ басқалы үлкен әлеуметтiк-саяси проблема болып келе жатқан екi ұлт арасындағы күрделi қарым-қатынас мәселесiн тiлге тиек ету оңайға соққан жоқ. Орыс империясының өкiлдерi бұратана халық ретiнде санаған қазақтардың сырттан қоныс аударып келушiлер тарапынан зорлық-зомбылық, кемсiту көргенi тарихи шындық екенi рас.

Мәселен, Ғ.Мұстафинның Қазан төңкерiсi мен Азамат соғысы жылдарындағы қазақ өмiрiн суреттейтiн "Көз көрген" мемуарлық романында бұл мәселенiң сөз болуы тым жұтаң. Жазушы бас кейiпкер Сарыбаланың көзiмен Ресей отаршылдарының қазақ жерiндегi iс-әрекеттерiнен хабардар ете келiп, орыс-қазақ қарым-қатынасының жарқын жақтары басымырақ болғанын сездiредi. Мекеш деген кейiпкердiң екi келiмсекпен төбелесiп қалуын есепке алмағанда, екi халықтың арасындағы шиеленiстi жағдайлар мемуарлық романда жоқтың қасы. Бұның түгелiмен шындықпен ұштаса қоймайтынын, еркiндiк сүйгiш қазақтардың ұлттық тұрғыдан көп езушiлiк көргенiн жасырмай жеткiзудi жазушы қажет деп таппаған. Тек ол ғана емес, сол кезең оқиғаларын суреттейтiн басқа да роман-повестерден отаршылдық шындығын осылайша жұқалап қана айту сарыны байқалады.

Бұл шындықты орыс жазушыларының өздерi де ашып жазды емес пе! Мысалы, Жетiсу өлкесiндегi орыс мұжықтарының қазақ еңбекшiлерiне қысым көрсеткенiн Д.Фурманов "Бүлiншiлiк" атты шығармасында ашық айтады. Оның қазақтар мен орыс қоныс аударушылары арасындағы шиеленiстi объективтiк тұрғыдан сараптауға тырысқан пайымдауларына көз салып көрейiк: "Я не помню его в подробностях, но знаю, что вместе с Климычем мы оглядывались на жизнь киргизов до наезда сюда крестьян, потом припомнили, что заставило крестьян кинуться саранчой именно в Семиречье обильные нетронутые богатые земли; выгодные условия, предложенные царьским правительством; дешевая жизнь; легкая возможность забрать в кабалу темное киргизское население края и т.д., вспомнили, как себя крестьяне вели по приезде, как измывались над местным населением и как по праву заслужили со стороны киргизов глубочайшую и искреннейшую ненависть" [с.192] дейдi көрнектi революционер жазушының өзi де.

Қазақ – тек өз бауырынан, өз тегiнен тараған қандастарын ғана емес, түр-түсi жат, нәсiлi бөлек жандарды да қиыншылықта паналата бiлетiн қонақжай халық. Тiптi сонау Патша өкiметiнiң заманында да ел iшiнде iшкергi жақтан (яғни, Ресейден) бас сауғалап келген түр-түсi, дiнi, тiлi бөтен жандарды да жатсынбаған. "Сен кiмсiң, неғып жүрген жансың?" деп түп-тұқиянына дейiн тергеп-тексерiп, бөтен кiсiден сезiктене беру қазақтың салтында жоқ. Бұл жөнiнде Ғ.Мұстафиннiң жоғарыда аталған "Көз көрген" романында Сарыбаланың әкесi Мұстапа қажы айтатын мынандай пiкiр қазақ қауымының әлеуметтiк-имандылық келбетiнен айқын хабардар етедi: "Мен Мекке жолында көп елдiң үстiнен өттiм, бiр де бiрiнде тегiн нәрсе көрмедiм. Ең ақыры суға дейiн сатулы. Ақшаң болмаса, аштан өлесiң. Қазақ ортасында ақшасыз, көлiксiз, таныс-жақынсыз талайлар жан сақтап жүр" [Б.87-88].

Осындай кеңшiлiктiң нәтижесiнде ел iшiнде Патша өкiметiнен қуғын көрген саяси қашқындар да, қылмыс жасаған бұзақылар да немесе күндерiн көре алмай, тентiреп кеткен неше түрлi босқын жандар да жүре берген. Олар тек қана ел iшiнде жан сауғалап қана қоймай, тiршiлiктерiн қиюластырып, түтiндерiн түзулеп түтететiн болған. Сөйтiп, сырттан келiп сiңiсiп кеткен мұндай келiмсектер қазақ қоғамында өзiнше белгiлi бiр әлеуметтiк топтарды құрап, олардың саны жылдар өткен сайын молая бергенi де жасырын емес.

Бұл арада "Көз көргендегi" Мұстапа қажының сөзiнен тағы бiр үзiндi келтiре кеткен орынды болар едi: "Келген орыс, ноғай, өзбектер тiптi байып кеттi ғой. Бұл жерiмiздiң ғана байлығы емес, пейiлiмiздiң де кеңдiгi" [48, Б.87-88] дейдi ол бұл мәселеге қысқаша қорытынды жасап.

Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ жерiне әр тараптан келiп, сiңiскен келiмсектер қарамы жыл өткен сайын молая бергенiне тарихи деректер куә. Олардың ұлттық құрамы да, жалпы саны да бұл күндерi сол заманмен салыстырып қарағанда әлденеше есе мол. Тек қазақ жерiне сыйысып қана қоймай, сол қазақтың өзiне тиесiлi табиғи сыбағасына да ауыз салып, байырғы халықты тиiстi несiбесiнен қағып жүргендерi де аз емес. Демек, қазақтың бiр кездегi ұлттық мiнез-құлқының бiр тамаша көрiнiсi – қонақжайлылық жатжерлiктердiң көптеп келуiне орай өзiнiң сорына айнала бастаған.

Қазiргi таңда басқа жердi былай қойып, Жетiсу өлкесiне басқа мемлекеттен келiп қоныстанып жатқандардың жыл өткен сайын молая түсуiн немен түсiндiруге болады? Шетелден келген түрiктер, қытайлар, өзбектер, қырғыздар, ирандықтар, үндiлiктер және т.б. жер алып, үй салып, көркейiп жатыр. Қазақ халқының бұқара жұрты әлi еңселерiн тiктей алмай, тиын санап жүрген жағдайда олар мол дәулетке ие болуда.

Қазақ халқының бойына бiткен дархан мiнезiнiң қамсыздықпен, бейғамдықпен ұштасып жатқанын Ресей патшалығында қызмет атқарған поляк оқымыстысы Адольф Янушкевич он тоғызыншы ғасырда былай суреттеген:

"Сауда жасау үшiн Семейге бұдан қырық жылдан бұрынырақ келiп орныққан бiрнеше ташкенттiктер мен бұқаралықтар (қазақтар оларды сөйлескенде сарттар деп атайды) қазақ далаларында өздерiнiң көлiк күшi жылқылары мен түйелерiнiң шағын тобын бағып жүрдi. Дала мұхит тәрiздi үлкен де кең болғандықтан, "Құдайдың өзi жыл сайын себетiн шөптi" қазақтар олардан аямай, дiнi бiр адамдардың өз жайылымдарына малдарын бағуына тыйым салмады. Келе-келе бұл келiмсектердiң басы бiрнеше жүзге жетiп, олар өздерiнiң табындарын қаптата өрiстетедi де, қазақтарды көшiп-қонатын жерлерiнен, әсiресе, қыстауларынан тықсыра бастайды. "Араға бiрнеше жыл түскенiн" арқаланып, олар бұдан да әрi кетедi де, 60 шаршы шақырымдай жердi алып жатқан Арқат пен Әлжан жайлауларын иемденедi. Бұл жерлердiң бiрден бiр иелерi қазақтар сырттан баса-көктеп кiргендердiң қомағайлығына орнымен ашуланып, олардың алдына көлденең тұра бастайды. Бұның аяғы насырға шауып, талай қантөгiс қақтығысқа душар еттi" [72-б].

Келiмсектердiң қазақ жерiндегi есiктен кiрiп, “төр менiкi” дейтiн осы психологиясы өзгердi деп айта аламыз ба? Мұндай қарау ниеттiң ғасырлар қойнауынан келе жатқан әлеуметтiк терiс құбылыс екендiгi әдебиеттердегi осындай деректерден байқалып отырады. Басқа ұлт өкiлдерiн кедергiсiз қабылдайтын қазақ шенеунiктерi өз ұлтына келгенде қырсығып, шаруасын бiтiрмеуге тырысатыны әр кезде айтылып жүр. Соның әдебиеттегi бiр мысалы – Қ.Жұмадiловтың "Таңғажайып дүние" мемуарлық романының мазмұнынан көрiнедi. 1962 жылы Қытайдағы қалың қазақтың тарихи отандарына қарай ауа көшуiне мұрындық болған, осы жолда талай бастықтың алдын көрген автор ендi сол тарихи отанына келген сәтте төрешiлдiк пен пендешiлiктiң шырмауына тап болады. Кекжиген бюрократ бастықтардың алғашқысы – Аягөз қаласында жолықққан аудандық атқару комитетi төрағасының орынбасары.

Оның шеттен келген қандастарының жағдайымен санасатын түрi жоқ. "Айттым, бiттi, кестiм, үзiлдi" деген сыңайда ытырынып тұр, өлердегi сөздерiн айтып, жалынып-жалбарынған босқындардың арыз-арманын құлағына да iлмейдi. Өтiнiш айтқан адамды маңайына жолатпай, ысқырынған бастық: "Мен сендердi шақырып келгенiм жоқ" деп шiренедi. Арғы беттен берi қарай ауған жұрттың көшбасшысы болып жүрген Қабдештiң көрiнеу қиянатқа шыдамай, жарылып кететiнi – осы сәт. Әлгi шенеунiктi орнына қойған тосын жағдай – мұндай төрешiлдiкке қаны қас кейiпкердiң жауапты орысша айтуы ғана: "Әрине, сiз шақырған жоқсыз. Олай ету сiздiң қолыңыздан келмейдi де… Бiздi шақырған – Мәскеу, жаңа ғана өзiңiз айтқан Совет өкiметi. Әлде сiз бұған қарсысыз ба? – дедiм таза орыс тiлiнде" [420-б.]. Ытырынып тұрған тәккаппар орынбасарды орнына қойып, тәубесiне келтiрген де осы сөз.

Мiне, осы эпизод арқылы жазушы жан жаралайтын екi-үш әлеуметтiк мәселенi бiр ауыз сөзбен ашып кеткен. Орыс тiлiндегi сөзге ғана құлақ асатыны, "Қарсысыз ба?" деген сөзден қорқып қалғаны, сөйтiп барып мәселенi оң шешуге тапсырма бергенi жаңағы төрешiл бастықтың қандай адам екендiгiн көрсетiп қана қоймай, империялық ұлтқа тәуелдi болған шағын халықтардың кейбiр өкiлдерiн дендеп алған құлдық психологиясы да айпарадай анық көрiнiп тұр. Бұл арада орыс тiлi мен орыс ұлты өкiлдерiнiң және провинциялық деңгейге түсiп қалған қазақ тiлi мен оны қолданушы жұрттың Қазақстан жағдайындағы ара салмағының қандай болғандығын байқау қиын емес. Өз жерiнде жүрiп, өзi де, тiлi де екiншi сортқа айналған қазақты тәуелсiздiк алғаннан кейiн де жетiлiп кете қойды деп айту қиын.

Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы