ТҮРКИЯДА БIР ЖҰРТ БАР
ТҮРКИЯДА БIР ЖҰРТ БАР
Қазақтар Түркияға 1954 жылдан қоныстана бастаған. Қазiр осы қазақтың ұрпағы Еуропаның 10 мемлекетiнде тұрады. Жалпы саны – 20 мыңға жуықтаған. Түркияда тұратын қандасымыз, тарихшы ғалым, Мимар Синан университетiнiң профессоры Әбдiуақап Қара Түркия қазақтарының тарихынан сыр шерте отырып, бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiнен хабар бере кетудi жөн санайды.
ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
Түркия қазақтарының аталары өткен ғасырларда Шығыс Қазақстан мен Қытай қол астындағы Шығыс Түркiстан аймағында өмiр сүрген. 1864 жылы Қытай мен Ресей патшалығы шекараны белгiлегенде, олар Шығыс Түркiстан жақта қалып қойған. Олардың аталары 1930 жылдардан кейiн Шығыс Түркiстандағы Қытай губернаторларының саяси қысымы мен қудалаулары салдарынан жалпы алғанда екi дүркiн үдере көштi.
Бiрiншi көш – Елiсхан және Зайып батырлардың жетекшiлiгiнде 1938 жылы басталды. Арттарынан үдере қуған қытай әскерлерiмен шайқасып, Тибет, Гималайды асып, 1941 жылы Үндiстанға жеткен.
Екiншi көш – бұдан он жылдан соң Мау Зыдұңның төңкерiсiнен кейiн қозғалған. Бұл көшке Қалибек әкiм, Сұлтан Шәрiп Зуқа батыр ұлы, Құсайын Тәйжi, Дәлелхан Жаналтай сынды төрт адам басшылық жасады. Бұлар 1951 жылы Кәшмiр қаласына келiп орналасты.
Осы екi көш бiр мезгiлде Түркияға қоныс аударды. Бiрiншi көштегiлер Үндiстан – Пәкiстанда жүрген кезде "Шығыс Түркiстан Қазақ босқындар қоғамын" құрып, соның атынан Түркияға қоныс аударуға арыз берген едi. Олардың бұл арызы 1952 наурыз айында қабылданды. Сөйтiп, соңынан жеткен көш алдыңғысына iлесiп, Түркияға жеттi. Түркияға қазақтар көшi 1952 жылдан 1954 жылға дейiн созылды. Олардың жалпы саны – 2 мыңға тарта адам едi.
Бұлар Түркияға келгеннен кейiн Алтай тауларындағыдай таулық, далалық жерге орналасуды қалады. Сөйтiп олар Түркияның Маниса, Конья, Кайсары, Нигде, Аксарай секiлдi ауылдық жерлерiне орналасты. Бiрақ бұл жерлер олардың ойындағыдай болмады да, күн көруде қиыншылық тарта бастады. 1960 жылдардан кейiн күнкөрiске қолайлы Ыстамбұл, Измир, Анқара секiлдi үлкен қалаларға қоныс аударды. Кейiн Түркия мен Еуропа елдерi арасында еңбек күшiн алмасу келiсiмi жасалғаннан кейiн, атап айтқанда 1960 жылдардан бастап қазақтар басқа түрiк азаматтары сияқты жұмыс iстеу үшiн Еуропаның Германия, Франция, Ұлы Британия, Голландия, Ауыстырия, Швеция, Норвегия сияқты елдерiне қоныс аударды.
Түркия қазақтары бастапқыда экономикалық салада жақсы ұйымшылдық көрсеттi. Әсiресе рубасылар, көшбасшылар халыққа шаруашылық саласында да жол көрсете бiлдi. Түркияға келгенде ешқандай капиталсыз болған олар, он жылдай жол салу, құрылыс секiлдi қара жұмыстарда iстедi. Кейiн кiшiгiрiм кәсiп иесi болып тақия, дорба тiгiп, сату секiлдi жеке iстерге көштi. Сөйтiп қолдарында аздап ақша түскеннен кейiн ақсақалдардың жетекшiлiгiндегi ұйымшылдық, берекемен 5-10 кiсiден, тiптi кейде 20 – 30 кiсiден ақшаларын бiрiктiрiп 1960 жылдардың аяғында терi мен пластика саласында үлкен зауыт орындары, терi киiм тiгу цехтерi мен магазиндерiн аша бастады. Олар өнiмдерiн Еуропалық елдерге де шығарды. Бұл үрдiс өткен ғасырдың 70-шi жылдарында белең алып, 1980-1995 жылдар аралығында жақсы жалғасын тапты. Осы кезде қазақтар Ыстамбұлда 40-тай жеке кәсiпорынға ие болды.
Қазақтар салт-дәстүрлерiн сақтау, тарихын бiлу тұрғысынан бiрнеше қоғам және қор құрған. Олар: 1960 жылы Ыстамбұлда ұйғырлармен бiрiгiп құрылған, Шығыс Түркiстан босқындар қоғамы, 1986 жылы Ыстамбұлда мәдени салада Қазақ Түрiктерi қоры, 1990 жылы Ыстамбұлда дiни салада Қожа Ахмет Ясауи оқу ағарту қоры, 1999 жылы Қазақ әлеуметтiк және мәдени ынтымақтасу қоғамы (Ыстамбұл – Гюнешлi Бағжылар ауданы), 1998 жылы Маниса қаласында Салихлi Қазақ қоғамы, 2002 жылы Нигде қаласында, Алтай ауылында қазақ қоғамы, 2007 жылы Конья қаласында қазақ қоғамы.
Қазiргi таңда Түркия қазақтары жалпы бiрнеше қалада өмiр сүредi. Мөлшерлеп айтқанда:
1. Ыстамбұл (2000 отбасы)
2. Маниса (200 отбасы)
3. Нигде (40 отбасы)
4. Анкара (20 отбасы)
5. Iзмiр (20 отбасы)
6. Конья (10 отбасы)
ҚАЗАҚТЫ ТҮРIКТЕНУДЕН САҚТАЙЫҚ ДЕСЕК…
Диаспора саясаты тұрғысынан шетел қазақтары ретiнде бiздер Қазақстанға тек алғысымызды ғана айтамыз. Ең бастысы, Қазақстанның бүкiл қазақтардың бiрегей отаны, тарихи мекенi екенi жайындағы ұғымның атамекендегiсi мен шетелдегiсi болып қазақтардың санасында әлi толық орын алмағаны байқалады. Сондықтан бұл сананы жетiлдiру де қазақ диаспора саясатының ажырамас бiр бөлiгi болуға тиiс.
Қазақстанның алыс шетел қазақтары жайындағы саясатының бiр бөлiгi олардың санасында Қазақстанға, атамекенге деген патриоттық сезiмдi күшейтуге бағытталуға тиiс. Өйткенi, Түркия және Еуропа елдерiнде қазақтар арасында Қазақстан туралы салқын көзқарастардың болып жатқаны байқалады. Оларда тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағы Қазақстан дегенде құлағы елең ете түсiп, елiм деп жүрегi толқып кететiн отандық сезiмнiң басылғаны, тiптi Қазақстанға немқұрайды қарай бастағаны назардан тыс қалмауы керек. Мұның басты себебi, алғашқы жылдардағы Қазақстаннан келген азаматтармен болған кейбiр түсiнiспестiктер мен келеңсiз тәжiрибелер. Сонымен қатар, тәуелсiздiктен бергi 18 жылда Қазақстан мемлекетiнен күткендерiндей рухани және материалдық тұрғыдан қолдау таппағандары. Сондықтан Қазақстан туралы патриоттық сезiмдердi күшейтетiн үгiт-насихаттық шараларға баса мән беру қажет.
Ол үшiн, шетел қазақтарымен Қазақстан арасындағы байланысты күшейту қажет. Дүниежүзi қазақтары құрылтайлары жүйелi түрде жасалып тұруы тиiс. Оған халықтың жас, кәрi әртүрлi өкiлдерi, түрлi кәсiптерiнен адамдар қатыстырылуы орынды. "Бiз тек жастарды шақырамыз, кәрiлер керек емес" деген көзқарастар шетел қазақтарына керi әсер етуде. Дұрыс, бүгiнгi таңда жастардың Қазақстанға берерi көп. Бiрақ шетелдерде Қазақстан туралы патриоттық сезiм, сол кәрiлерде басым. Жас өспiрiмдер тiл бiлмеуде, тұрған елдерiне көбiрек бейiм болып өсуде. Сондықтан кәрiлердiң Қазақстан мемлекетiне бәлкiм пайдасы жоқ шығар, бiрақ олар жас буындарға туған елдерiн үгiттеу үшiн қажет. Сондықтан құрылтайларға үлкен, кiшi демей әр буыннан адамдар қатыстырылса игi.
Қазақстандағы ұлттық және мерекелiк күндерге шетел қазақтарын қатыстыру: Құрылтай, пiкiр алмасу, талқылау жүргiзу деген сөз. Оған әрине шетел қазақтарының ой айта бiлетiн, Қазақстанның жетiстiстiктерiн елiне қайтқаннан кейiн ауыл-аймағына, туыстарына әңгiмелеп бере алатын адамдар шақырылуы тиiс. Сондықтан бұған шетелдегi қарапайым адамдар қатыса алмауда. Бұл себептен шетел қазақтарын Қазақстанмен қарым қатынасын жалғастыру үшiн басқа жиын шараларды да ойластырған жөн. Мәселен, Астана күнi, тәуелсiздiк мейрамы, наурыз сияқты ұлттық және мерекелiк шараларға шетел қазақтарының өкiлдерiн шақырған дұрыс. Ол құрылтай болмағандықтан халықтың әр буынынан адам шақыруға болады. Мұнда тек қана, бiр шақырылған адам, екiншi шақырылмайды деген принцип болуы орынды. Кезiнде Тайвань өкiметi осындай шара қолданатын. Қытай Халық Республикасына қарсы бұрынғы Қытай азаматтарын үгiттеу үшiн Қытай диаспора өкiлдерiн, оның iшiнде Қытайдан ауып келген Түркия қазақтарының өкiлдерiнен жыл сайын 15 адамды бүкiл шығындарын көтерiп Тайвань Республикасы күнiне 30 күнге шақыратын. Мұндай шараларды 30 күн үшiн болмаса да бiр апта, екi аптаға Қазақстанның да ұйымдастырғаны жөн. Сөйтiп, алыс шетел қазақтарын Қазақстан туралы көбiрек құлағдар ету керек. Өйткенi өз отаны туралы мәлiметi жоқ адам, қалайша отанына қызмет ете алады? Оның имиджiн шетелдерде қалай көтере алады? Сондықтан мысалға 8 наурыз халықаралық әйелдер күнiне шетел қазақтарының аналарын, оқымысты қыздарын шақыру керек. Жазда каникулға баратын, университетте оқып жүрген жастар үшiн бiр айлық тiл-мәдениет бағдарламаларын ұйымдастырған да жөн.
Шетел қазақтарын бауырға тарту туралы Қазақстанда үгiт-насихат шараларына маңыз берген дұрыс. Өйткенi, Қазақстанның жергiлiктi халқының, мемлекеттiк орындардағы, әкiмшiлiктегi қызметкерлердiң шетел қазақтарына менсiнбей қарағаны және басқа да келеңсiз жағдайлардың аз да болса болып жатқаны айтылуда. Мұнда шетел қазақтарының өздерiнiң қателiктерi де бар шығар. Дегенмен бұрынғы кеңестiк жүйенiң қазақты қазаққа салу саясатының үгiт-насихаттарының да керi әсерi әлi толық жойылмағаны байқалады. Қазақстан азаматтарының шетелден келген қазақтарға "байдың тұқымдары", "кезiнде алтындармен (қайдағы алтын екен!?) қашып кетiп едiңдер, ендi не беттерiңмен келiп жүрсiңдер?", немесе "кезiнде қиыншылықты бiз көрдiк, сендер қаштыңдар, ендi жағдайымыз жақсарғанда келiп жүрсiздер" деген сөздер естiлiп жүредi. Мұндай орынсыз сөздердiң шетел қазақтарына оқтай тиетiнi белгiлi. Мұның шетел қазақтарының отандары туралы ұлттық сезiмдерiне керi әсер етпей қоймасы анық. Сондықтан мұндай бұрынғы бодандық жүйенiң орынсыз пiкiрлерiнiң әсерiн жою үшiн Қазақстанда шетел қазақтарының тарихын, мәдениетiн, олардың отанға деген ыстық-ықыласын танытатын шаралар ұйымдастыру қажет. Әсiресе, олар туралы деректi фильмдерге, кiтаптарға, театрлық ойындарға көбiрек орын беру керек. Осы орайда шетел қазақтарының ұлы батыры Оспан батырдың күресi және тарихы туралы Қазақстанға соңғы уақыттардағы ұйымдастырылған шаралар өте әсерлi болып жатқанын атап өту орынды. Шетел қазақтары мен атамекендегi қазақтар арасында өзара түсiнiстiк, сүйiспеншiлiк, ынтымақтастық қалыптаспайынша, Қазақстанның диаспора саясатының ұтымды болмайтыны, қағаз бетiнде қала беретiнi айтпаса да түсiнiктi.
ДИАСПОРА IСIМЕН АЙНАЛЫСАТЫН МИНИСТРЛIК КЕРЕК
Қазақстанда диаспораға тiкелей көңiл бөлiп отырған бiрден бiр ұйым – Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы. Қазiргi таңда ол бiр қатар игi шаралараға мұрындық болып отыр. "Алтын бесiк" журналы, "Қазақ елi" сынды шетел қазақтарына арналған газеттер шығарып, тiл үйренудiң компьютерлiк бағдарламасын жасап, таратып, шетел қазақтарына арналған халықаралық ғылыми практикалық конференциялар ұйымдастыруда. Бұлар жақсы. Бiрақ Қауымдастық бюджеттiк шектеулер мен қызметкерлерiнiң аздығы салдарынан басқа нақты және жүйелi кең ауқымда шаралар ұйымдастыра алмайтынын байқап келемiз. Сонымен қатар оның шетел қазақтарының проблемаларын реттеуде шешушi рөл атқара алмағаны да байқалуда. Сондықтан шетел қазақтарының бiз осында жазып жатқан мәселелерiн қолға алатын өкiлеттi бiр орын, атап айтқанда үкiметтiк билiгi бар бiр министрлiктiң құрылғаны дұрыс сияқты. Азербайжан президентi Гейдар Әлиев диаспора туралы заң шығарған және осы заң тармақтарын iске асыратын диаспора мәселелерiмен айналысатын бiр мемлекеттiк комитет құрған екен.
Мәдениет министрлiгi шетелдегi қазақ зиялыларына, ғалымдарына, өнерпаздарына ерекше көңiл бөлсе орынды болар едi. Ендi алыс шетел қазақтарында ондай адамдар аз екенi рас. Дегенмен ондайларды күшейту, санын арттыру үшiн мемлекеттiк қолдау аса зәру. Сондықтан шетел қазақ зиялыларының туындыларын шығару үшiн ерекше бағдарламалар жасалса жақсы. Сондай-ақ министрлiктiң мұндай азаматтарға атамекеннiң зиялы қауымы және ғалымдары мен танысу, елдi зерттеп жетiстiктерiн тұрған елдерiне үгiттеп насихаттауы үшiн нақты шаралар ұйымдастырғаны орынды. Сондай-ақ шетел қазақтарының ғалымдары мен жазушыларына мәдени мұра бағдарламасы сияқты, әрқандай мәдени-ғылыми жоба-жоспарларына тiкелей қатысуға мүмкiншiлiк берiлсе. Олардың мейлi қазақ тiлiнде, мейлi тұрған елдерiнiң тiлiнде, қай тiлде де болса сол шараларына қолдау көрсетiлсе. Сөйтiп шетел қазақтарының мәдени саладағы азаматтарын атамекенмен байланысын мейлiнше күшейту қажет.
Түркиялық қазақтарды көшiру тиiмдi емес. Өйткенi көшiп барумен мәселе шешiлмеуде. Көшiп барғаннан кейiн баспана керек, жұмыс керек. Бұлар болмағаннан кейiн барған адамдар бiрнеше айдан кейiн Түркияға қайтып келуде. Өйткенi алыс шетел қазақтарының жақын шетел қазақтарына қарағанда, Қазақстанда өздiктерiнен күн көрiп кетуi қиынырақ. Сондықтан жақын шетел қазақтарын көшiру саясаты ұтымды да, алыс шетел қазақтарын көшiру онша ұтымды емес. Бiрақ әрине өз мүмкiншiлiктерiмен көшiп келген түркиялық қазақтарға қолайлы жағдай жасаған орынды.
1990 жылдардың орта шенiнен берi жүзден аса жас Қазақстан жоғары оқу орындарынан бiлiм алды. Олардың көпшiлiгi Қазақстанда жұмыс тауып орналасты. Үйлендi. Тiптi кейбiреулерi ата-аналарын Түркиядан алғызып, асырап отыр. Кейбiреулерi Түркияға қайтып, осында жұмыс iстеп жатыр. Бұлар қазақшаны, орысшаны жақсы меңгердi. Қазақстан туралы мәлiметтерi толық. Сондықтан түркиялық қазақ жастарын Қазақстан жоғары оқу орындарына тартуға маңыз берген дұрыс. Өздерiңiзге белгiлi Кеңес уақтында шетелден келетiн студенттерге ерекше жағдай жасалатын. Сөйтiп олар кеңестiк әлемге тартылатын. Әрине бiз бұл жерде алыс шетел қазақтарына аса ыңғайлы жағдай жасалсын деп отырған жоқпыз. Бiрақ, алыстан келген жастарды жоғары оқу орындарына көбiрек тарту үшiн кейбiр қолайлы жағдайлардың да болу керектiгiн айтып отырмыз.
Тiл курстары: Қазiргi таңда Түркия қазақтарының көпшiлiгi, әсiресе белгiлi жастан төменгi буындар қазақ тiлiн бiлмеуде. Сондықтан қазақ тiлiн күшейту шаралары болуға тиiс. Алыс шетел қазақтары iшiнде тiл тұрғысынан түркиялық қазақтар бақытты. Өйткенi олар тұрған елдiң тiлi, яғни түрiк тiлi мен қазақ тiлi – ағайын тiл. Сондықтан олардың қазақ тiлiн үйренулерi қиын емес. 2007 жылы Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығы осында тiл орталығын ашты. Екi жылдан берi жүйелi жұмыс iстеп келедi. Онда қазақтарға қоса түрiктер де тiл үйренуде. Өте пайдалы болуда. Бiрақ бұл орталықтың шектеулi мүмкiншiлiктермен жұмыс iстеп жатқаны байқалуда. Мүмкiн болса осы орталықты күшейту қажет.
Газет-журнал мәселесi: Өкiншiке орай, саны аз болғандықтан Түркия қазақтары арасында ұлттық журнал шығару өз-өзiн ақтамайды. Сондықтан консулдықпен бiрлесе отырып, бiлiмдi диаспора өкiлдерiнiң жетекшiлiгiнде, Түркиядағы қазақстандық студенттердiң де қатысуымен қазақ-түрiк тiлiнде түркиялық қазақтарға арналған бiр журналдың шығарылып тұруына Қазақстан мемлекетi тарапынан демеушiлiк жасалу қажет. Мұнымен тек қазақ тiлi ғана емес, сонымен қатар түркиялық қазақтардың Қазақстан туралы аз мәлiметтерi де толықтырыла түседi. Осыдан екi үш жыл бұрын консулдықта Қазақстанға жоғары оқуға баратын жастарға: "Қазақ әдебиетiнен кiмдердi танисыз?" деп сұрақ қойылған едi. Сонда өкiнiшке орай жастардың көбiнiң Қазақстаннан бiр жазушының да атын бiлмейтiндiгi мәлiм болды. Мiне, осындай Қазақстаннан бейхабар диаспора атамекенiне қалай қызмет ете алады? Сондықтан осындай газет-журнал арқылы олардың тiл, ұлттық мәдениет және Қазақстан туралы мәлiмет-түсiнiктерi күшейтiледi. Осы орайда атап өтетiн бiр жәйт, бiр жылдан берi Қазақстан – Түркия елшiлiгi "Атажұрт" журналын табысты түрде шығаруға көмектесiп келедi. Журнал Түркиядағы дипломатиялық орындарда, ғылыми орталарда, iскер төңiректерде жоғары беделге ие болып отыр. Мiне, осындай екiншi бiр журналды тек Түркия қазақ диаспорасына да арнап шығаруға болады. Осы сияқты шетел қазақтары үшiн интернет сайттарын көбейту қажет. Өйткенi, әсiресе алыс шетелдерде интернет жүйесi дамыған. Интернет арқылы жұмыс iстейтiн теледидар және радио каналдары олар үшiн көп пайдалы болмақ.
Қазақстанның өз ғалымдары дайындаған латын жүйесiндегi жаңа әрiптерiне көшкенi, әсiресе алыс шетел қазақтары үшiн өте тиiмдi. Қазақстан үкiметi бұл туралы дайындықтар жасағанын ақпарат құралдарынан оқып жүрмiз. Елiмiздiң осы әрiптерге қашан көшетiнi белгiлi болмаса да, күннiң күнiнде көшетiнi даусыз. Дегенмен қазiрден оның бiр стандартын жасап қойған дұрыс. Қазақстан ресми түрде көшпегенiмен, латын әрпiнде қазақша жазу әр деңгейде iске асып келедi. Бiрақ әркiм әрiптердi өз бетiнше пайдаланып отыр. Әсiресе латын әрiптерiмен жазатын алыс шетел қазақтары осындай бiр стандарттың болмауынан қиналуда. Мiне, осыны ғалымдарымыз бiр стандартын белгiлеп жария етуi керек. Қазақстан ресми көшпесе де, латын әрiптерiмен қазақша жазу керек болғанда әркiм сол стандартты пайдаланатын болады. Сөйтiп кейiн ресми түрде көшкен уақытта халық оған дайын болып тұрады. Мүмкiн болса, Түркияда Германияның Гете институты сияқты, Абай атында қазақ тiлi және мәдениет институтын ашу керек. Бұл әрi диаспораға әрi түрiк халқына қазақ елi мен мәдениетiн таныстыруға қызмет етер едi.
Мәдениет министрiлiгi, Дүниежүзi қазақтар қауымдастығы немесе басқа бiр орын алыс шетел қазақтарын iшiнде Қазақстанда шығатын газет, журнал, кiтап сияқты ұлттық мәдени туындылармен қамтамсыз етiп отырса. Мұндай орын кеңестiк кезеңде бар едi. Ол шетел қазақтарымен байланыс жасайтын Отан қоғамы болатын. Сол кезде көп адам қазақ тiлi мен мәдениетiн 1980 жылдарда сол қоғамнан почта арқылы алып тұрған кiтап, газет, журналдар арқылы байытып отырды. Сонда бұл жұмыспен шұғылданып кiтап газет жiберу үшiн арнайы хаттасып тұратын қызметкерлер бар едi. Бүгiнгi таңда Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы осындай қызметтi интернет арқылы да атқара алады. Арнайы мамандарды қызметке алып итернет арқылы алыс шетел қазақтарының мәдени мұқтаждықтарын талаптарына орай қамтамасыз етiп отыруына болады.
Әлсiз диаспораның ешкiмге пайдасы жоқ деген қағиданы еске алсақ, дияспораны әлеуметтiк, мәдени, экономикалық әр тұрғыдан күшейтудiң маңыздылығы түсiнiктi болады. Бұл үшiн ең бастапқыда жеке адамдарға көңiл бөлген дұрыс. Өйткенi жеке адамдар күшейсе, қоғам күшейедi. Сонымен қатар жоғарыда да аталып өтiлдi, Түркияда бiлiмдi де бiлiктi адамдар саны аз. Бастапқы кезеңде жеке адамдарға көңiл бөлу арқылы ондай адамдар санын көбейту қажет.
Сонымен қорыта айтар болсақ, Қазақстан диаспора саясаты жақын шетел қазақтары үшiн бөлек, алыс шетел қазақтары үшiн бөлек бағытта жүргiзiлуi ұтымды. Осы орайда алыс шетел қазақтарын көшiруден гөрi, оларды тұрған елдерiнде ұлттық болмысын сақтау шараларын iске асырған жөн. Тiптi мұнымен бiрге оларды Қазақстанның имиджiн көтеру шараларына атсалысатын әлеуметтiк, мәдени, экономикалық дәрежеге жеткiзудiң жолдарын ойластырған дұрыс. Бұл үшiн бiр диаспора министрлiгiн құрудың кезi келген сияқты.
Әбдiуақап ҚАРА, Ыстамбұл, Минар Синан
университетiнiң профессоры