Жаңалықтар

ТӨРТЕМ ЖАТАҚХАНАДА ТҰРАДЫ

ашық дереккөзі

ТӨРТЕМ ЖАТАҚХАНАДА ТҰРАДЫ

"Қоныстың" өткен санында Алматыда дүниеге бiрден 4 сәби әкелген отбасы жайында жазған едiк. Қазiр төртемдердiң денсаулығы жақсы, бiр қалыпты, өткен аптада Алматы педиатрия институтынан Есентай Қапардың отбасы өздерi тұрып жатқан Туризм және спорт академиясының №4 жатақханасының аядай бөлмесiне шығарылды.

Қазақстанда жасанды ұрықтандыру медицинасының дамуына орай, үшемдердiң дүниеге келуi жиi байқалуда. Бiрақ, төртемдердiң дүниеге келуi аса сирек. Мен ресми ақпараттарды ақтарып Қазақстандағы егiздер жайында ақпараттарды таппадым. Сосын осы салада тер төгiп жүрген демограф ғалым Мақаш Тәтiмовтен «Алматы тарихында 4 егiздiң дүние есiгiн ашқанынан хабарыңыз бар ма?» деп сұраған едiм. Ол кiсi де ондай ақпаратты есiне түсiре алмады. Ал, Алматы қалалық Педиатрия институтының дәрiгерi Күлзия Әлмәмбетқызы осы орталықта 30-35 жыл қызмет атқаратындығын айтады.

– Менiң мiндетiм осындай шала туған егiз сәбилердi қарау. Үшемдер бiздiң орталықта көп болады. Ал төртемдердi бiрiншi рет қарап тұрмын. 4 сәбидiң бiрден дүние есiгiн ашуы құдайдың қазаққа берген ырыздығы. Сондықтан, Үкiмет оларға ерекше қамқорлық көрсетуi тиiс. Менiң тәжiрибемде осыдан бiрнеше жыл бұрын үшемдi дүниеге әкелген анаға бiрден машина сыйланды, екi бөлмелi үйiн 4 бөлмелi пәтерге ауыстырды, арнайы медбике бөлiндi, ал мына балалардың жағдайын сұрап келген бiрде-бiр әкiмшiлiк басшыларын көрмедiм, – дейдi ол.

Демек, 4 егiздiң дүние есiгiн ашуы тым сирек құбылыс. Бұл Қазақстан түгiлi әлемде сирек кездесетiн жағдай. Бiзде әлемдiк мәселелер жиi талқыланады. Алайда, өзiмiздiң қазақ мәселесiне келгенде көзiмiздi жұма қараймыз. Осыдан 15 жылдай бұрын Қытай ақпарат құралдары фабрика жұмысшысының 4 қызды бiрден өмiрге әкелгендiгiн жазды. Сонда көп бала тууға шектеу қоятын Қытай билiгi әлгi балалардың 18 жасқа дейiнгi бағым-күтiмiн өз мойнына алды. Бiзде балалардың дүние есiгiн ашқанына 40 күннен асса да, оларға қандай көмек тиесiлi екендiгiнен ешкiм бейхабар. Бұл бiздiң ұлттығымызға, қазақтығымызға үлкен сын. Онсыз да демiгiп тұрған демографиямызды оңдауға деген дұрыс көзқарастың жоқтығы.

Есентай Қапар үй алуға қажеттi құжаттарының барлығын Алматы қалалық Тұрғын үй департаментiне өткiзiп қойған екен.

– Алғашқы 20 күн құжаттарды жинаумен болдым. Өйткенi, екеумiздiң де 5 жыл бойы тұрған жерiмiз, тiркеуiмiз және басқа да толып жатқан құжаттар қажет екен. Назымгүл 2006 жылға дейiн Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының Мақаншы ауылында тұрған едi. Сол кездерде бұл ауылмен арада жол жоқ болғаны себептi құжаттар бiзге кешiгiп жеттi. Қазiр Алматы қалалық Тұрғын үй департаментiне құжаттарымды толық өткiздiм. Ондағылар бiзге қалада жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерден пәтер бөлетiндiгiн айтты. Ол үйлердiң құрылысы әлi аяқталмапты. Мамыр айында тұрғын үйлер пайдалануға берiлуi тиiс, ал маусымда кiлтiн беретiндерiн айтып отыр, – дейдi Есентай Қапар.

Есентай Қапардың Алматыдағы тұрақты тiркеуi Алатау ауданына қарасты Өжет ауылында:

– Алатау ауданының құрылғанына екi-ақ жыл болды. Осы уақыт аралығында бiздiң ауданда екi үшем дүние есiгiн ашқан едi. Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов оларға арнайы пәтер кiлтiн тапсырды. Ал, мына жаңалықты сiзден бiрiншi рет естiп тұрмын. Егер 4 егiз дүние есiгiн ашқан болса, оларға жайлы пәтер берiлуi тиiс. Маған аты-жөнiн айтыңыз, бiлейiн, – дейдi Алатау ауданы әкiмiнiң орынбасары Маржан Балбаева.

Жарық дүниеге келгенiне қырық күннен асса да, төрт баланың тамағына, жаялығына, тағы басқа да керек-қажеттiң бәрiн отбасы тек өз қаржысына алып отыр екен. Әзiрге мемлекеттiк орындардан ешқандай көмек көрсетiлмептi.

– Әзiрге бiзге тегiн ештеңе берiп жатқан жоқ. Төрт баланың сүтi, жаялығы – барлығын өзiмiз сатып алып жатырмыз. Менiң бiлуiмше, Қазақстанда 4 егiз түгiлi бiр баланың өзiне бiр жасқа дейiн дәрi-дәрмек, жасанды сүт iшетiн болса, тамағы тегiн берiлетiн едi. Әзiрге ондайды көре қойған жоқпын. Мен үшiн балаларымның амандығы қымбат. Сол үшiн бақыттымын, – дейдi төртемнiң анасы Назымгүл Қуанған.

Қазiр төрт егiздi Алматы қаласындағы Төле би Байзақов көшелерiнiң қиылысындағы №3 поликлиника өз бақылауына алған. Есентай Қапар балалардың жеке дәрiгерi Нәзипа Усманованың күнде келiп тұрғанын айтады. Алайда, балаларға берiлуге тиiстi тамаққа әлi қолдары жетпеген екен. Бiз бұның сырын бiлу мақсатында №3 поликлиниканың Бас дәрiгерiнiң орынбасары Алма Айдарқызына хабарласқан едiк:

– Әрине, көп балалы отбасыларға, жағдайы төмен адамдарға егер ол адамның балалары жасанды сүтпен қоректенетiн болса, оларға тегiн сүт тағамдары берiлуi тиiс. Ал дүниеге бiрден 4 егiз әкелген Есентай Қапардың отбасы тегiн сүт тағамдарын ала алады. Алайда бiзде қазiр сүт тағамдары болмай тұр. «Humana» атты фирма бiзге бiрiншi тоқсанның сүт тағамдарын әкелген, екiншi тоқсанның сүт тағамдары әлi жеткiзiлген жоқ. Сiздер дәрi-дәрмектердiң жеткiзiлуiнде проблема болып жатқанын естiген шығарсыздар. «Humana» фирмасына хабарласып, тезiрек әкелуiн өтiнiп жатырмыз. Әзiрге қашан жеткiзетiнi белгiсiз, қалай жеткiзiп бередi, солай төртемнiң анасына тегiн сүт берiледi, – дейдi ол. Бiрден көп бала дүниеге келгенде қандай көмек көрсетiлетiндiгi жайында бiлмек мақсатпен Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң баспасөз қызметiне хабарласқан едiк, сауалымызға жауап болмады. Алматы қалалық Денсаулық сақтау департаментiнiң баспасөз хатшысы Ләйлә Алматыда бұрын-соңды төртемнiң дүниеге келмегендiгiн айтты.

Есенгүл Кәпқызы