ДЕННIҢ САУЛЫҒЫН ОЙЛАСАҢЫЗ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫ ЖАҚСЫ ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ
ДЕННIҢ САУЛЫҒЫН ОЙЛАСАҢЫЗ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫ ЖАҚСЫ ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ
Иә, биылғы қыстың қалың қары күн жылына жылға-жылғаны толтырып, елiмiздiң бiраз өңiрлерiне қолайсыздық тудырып ждатқанын күнделiктi ақпарат құралдары жазып-ақ жатыр. Әсiресе, сулы, таулы аймақтарға қиынырақ соққанын көз көрдi. Дегенмен, тәубәшiл қазақ халқы бәрiне де сабырлылық танытып, өзiнiң баяғы көнбiс, қанағатшыл қасиетiнен арылған жоқ. Осы бiр қасиетiмiз тарихта орын алған кез келген алапаттар мен шығындардың орнын толтыруға да көп көмегiн тигiзетiнiн тағы бiр дәлелдегендей.
Жыл басынан берi болып жатқан осындай сынақтарды көңiлден сызыңқырап тастап, желпiнiп, жаздың тамылжыған ыстық күндерiнде қалай дем алуды да ұмытпағанымыз жөн шығар.
Биылғы жаз Оңтүстiкке әдеттегiнен де ерте келгендей. Жиi жауған жаңбырдан сулы да нәрлi оңтүстiк өңiрiмiз де ептеп қиындықтарға ұрынғанымен, сабырлы халық елiмiздiң тыныштығын ойлап, тiршiлiк қамына кiрiсiп те кеткендей. Оңтүстiк демекшi, осы өңiр жайлы ойлар болсақ, алдымен қалың талдары көмкерген, Күннiң сәулесi тал-теректерiнiң арасынан сығалап қана қарайтын Сарыағаштың «Алтынайы» еске түседi. Суын айтсаңшы, әсiресе, кешкi қоңыр салқын самалмен тербелiп тұрған шыршалардағы әдемi қызылды-жасылды шамдарына дейiн көз қуантады емес пе?!
Айтпақшы, «Алтынай» демекшi, биылғы жылдың бiр сыйы – бұл емдеу-сауықтыру орталығында ем алушылар мен демалушыларға арналған тағы бiр корпустың ашылуы, ондағы үлкен-үлкен бес-алты бильярд үстелдерiнiң iске қосылуы да шипажай басшыларының ел еңсесiн көтеруге, ем ғана алып қоймай, мәдени демалысты сыйлауға ниеттенген жұмыстарының нәтижесi. Сонымен…
Асқазан сөлiндегi қышқылдарды реттеуге, өт пен зәр жолдарын толық тазартып, қалыптастыруға және қорғасын тотығынан улану, буын, жүйке, терi және гинекологиялық аурулардың асқынуына жол бергiңiз келмесе, минералды заттарға бай ваннасы мен душын қабылдап, iшек-қарныңыз бен бауырыңызды шайғыңыз келсе, оңтүстiкке асығыңыздар.
Өйткенi, деннiң саулығын, адам ағзасының кез келген сырқаттарға қарсы тұра алатын имунитетiн көтерудi мақсат етсеңiз, жазғы демалысты дұрыс пайдалана бiлейiк. Елiмiзде «Алтынай» сияқты шипалы орындар көп болса да, қандастарымыздың шетел асуы әлi күнге тоқтамай тұр. Дақпырты мен атағына мәз болмай, өзiмiздi де ұмытпайық. Құдайға шүкiр, басқа елге барып дем алу, жаңа жылды қарсы алу дегендерiңiз бүгiнде кез келген қалталыларға таңсық емес. Онымен ешкiмдi таңқалдыруға да болмай қалды. Ал, бiздегiлерге жарнамалау жетпей жата ма, әйтеуiр, республикамыздың түкпiр-түкпiрiндегi табиғатына көз тояр көркем демалыс орындары табыс көзiне, пайда көзiне айнала алмай отырғаны жаныңды ауыртады. Бiр ғана Көкшеде қаншама сауықтыру демалыс орындары бар. Бiр ғана Оңтүстiк облысымыздағы Сарыағаш емдiк шипажайының айналасында қаншама демалыс ошақтары бар. Өз жақсылығымызды молайтып, қуанышымызды көбейтуге ұмтылғанымыз жөн-ау. Ол демалушыға да, шипажай қызметкерлерi үшiн де пайдалы болар едi. Сондықтан елдiң болашағын ойласақ, экономикамыздың өркендегенiн ойласақ, өз жерiмiзде демалып, әрi жанның рахатын сезiнiп, әрi табыс көздерiнiң молаюына да үлесiмiз қосылар едi.
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ