ЖАҢА СТАНДАРТТАҒЫ БАЙЛАНЫС ЖЕЛIСI
ЖАҢА СТАНДАРТТАҒЫ БАЙЛАНЫС ЖЕЛIСI
«4G технологиясының мүмкiндiгi шексiз» – дейдi мамандар
Жуырда Алматы мен Астана қалаларында 4G стандартты байланыс жүйесiнiң тұсаукесерi өткiзiлдi. 2009 жылдың қазан айында "КаР-Тел" компаниясы (Beeline сауда белгiсi) Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс агенттiгi тарапынан LTE технологиясы негiзiнде ғимараттар iшiнде 4G стандартты байланысын көрсету зоналарын құруға рұқсат алған болатын. Alcatel-Lucent компаниясымен ықпалдастығы арқасында Алматы қаласында сынақ аймақтары, ал Астананың бизнес орталығында ашық сату кеңсесi ашылды.
Жаңа стандарт 777-787 МГц/746-756 МГц кеңiстiгiнiң 13-шi толқынында LTE (Long Term Evolution) технологиясы негiзiнде жасалып отыр. Қажеттi құрал-жабдықты Alcatel-Lucent компаниясы жеткiзiп бердi.
Мамандардың айтуынша, LTE технологиясы ұялы байланыс желiсiнiң эволюциялық дамуындағы қазiргi таңдағы ең жоғарғы саты. LTE базалық станциядан пайдаланушыға мәлiметтердi жеткiзуде 326,4 Мбит/с, керi бағытта секундына 172,8 Мбит теориялық жылдамдықпен қамтамасыз етедi. Операторлар LTE технологиясын игеру жабдықтың өнiмдiлiгiнiң, қамту аймағының, клиенттерге қызмет көрсету сапасының артуына мүмкiндiк беретiнiн айтады. Сондай-ақ, LTE жаңа мүмкiндiктерiнiң арқасында радиожиiлiктiк ресурстарды пайдаланып, электронды ақпарат құралдарымен бәсекеге түсуге қабiлеттi болмақ.
Қазiргi 2G және 3G желiлерiнiң пайдаланушылары жаңа стандартқа көшкен кезде жоғары жылдамдықты желiсiз Интернеттi тұтынып, сондай-ақ мультимедиялық қосымшалардың бiрмезеттi ашылуын, дербес медиа-сервис т.б. қызметтердiң iркiлiссiз жұмысын пайдалану мүмкiндiгiне ие болады.
"Бiз посткеңестiк кеңiстiкте LTE технологиясы негiзiнде төртiншi санаттағы байланысты сәттi сынақтан өткiзудi жүзеге асырып, телекоммуникация саласында жаңа мүмкiндiктерiн көрсеткен алғашқы компания болғанымызға қуаныштымыз. Бiздiң компания үшiн бұл өте маңызды қадам, себебi Интернетке тұрақты және мобильдi түрде кеңжолақты кiру компанияның стратегиялық бағыты болып табылады. Компанияның осы бастамасына бiрiншi болып Қазақстанның байланыс саласындағы өкiлеттi органы қолдау көрсеткенi де қуантарлық жайт. Ендi осы елдiң тәжiрибесi 4G желiлерiн тарату мақсатында "ВымпелКом" компаниясы қамтыған басқа да елдерде пайдаланылады" дейдi "ВымпелКом" ААҚ-нiң ТМД елдерiнде бизнестi дамыту жөнiндегi Вице-президентi Дмитрий Кромский.
"ВымпелКом" компаниясымен бiз бұрыннан берi серiктестiк қарым-қатынастамыз. Ықпалдастық кезiнде көптеген бiрлескен жобалар iске асырылды, бiрақ олардың қатарында 4G желiлерiнiң мүмкiндiктерiн көрсету бастамасы ерекше. Beeline-нiң кәсiби командасымен бiз бiрлесiп тапсырыс берушi, бұқаралық абоненттер және экономиканың түрлi салаларындағы корпоративтiк клиенттер мен қоғамдық бiрлестiктердiң игiлiгiне заманауи қызметтердi енгiзу арқылы жаңа санаттағы ақпараттық қоғам құру ортақ мақсатымызға жету жолына түстiк" дедi "Alcatel-Lucent" компаниясының ТМД елдерiндегi Вице-президентi Александр Тихонов.
Ақпараттандыру және байланыс агенттiгiнiң мәлiметiне сәйкес, Қазақстанда ұялы байланысты 15 миллион адам пайдаланады екен.
Көлбай ЖЕҢIС