Жаңалықтар

ТМД МҰҒАЛIМДЕРI ҚАЗАҚСТАНДА БАС ҚОСТЫ

ашық дереккөзі

ТМД МҰҒАЛIМДЕРI ҚАЗАҚСТАНДА БАС ҚОСТЫ

Қашан да ортақ iске бастамашыл боп жүрген қазақ тарапы ұстаздардың алғашқы құрылтайын өткiзуге мұрындық болды. Астананың төрiнде ТМД елдерiнiң 500-ге тарта мұғалiмi бас қосып, ұстаздың беделiн арттыру, ұлттық бiлiм және ғылым жүйесiндегi ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау тұрғысында бiрқатар маңызды мәселелердi ортаға салды.

ТМД елдерi мұғалiмдерiнiң бiлiм саласында жинақтаған тәжiрибесi мен әдiс-тәсiлдерi Қазақстан үшiн де аса маңызды. Үйренетiн тұстар да, жиренетiн тұстар да жеткiлiктi. Алқалы жиынды ашып берген Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев ТМД елдерiн түгел қамтитын бiлiм саласындағы мұндай ауқымды шараның алғаш рет бiздiң елде өтiп отырғанын жеткiздi. Яғни, бұл сонау 1992 жылы тәуелсiз мемлекеттер ретiнде бiлiм саласында байыпты қатынас орнатуға уағдаласқан елдердiң бiр-бiрiмен бетпе-бет отырып пiкiр алмасуы.

Съезд барысында сөз алған Бiлiм министрлерi ТМД елдерiнде мыңдаған қазақ бауырларымыздың бiлiм алу жағдайының қиындап жатқандығын ашып айтты. Қазiргi кезде өзге елдегi қандастарымыз үшiн қазақ мектептерi мен қазақтiлдi оқулықтардың жетiспеушiлiгi үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл тұрғыда ҚР Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев: "ТМД мемлекеттерiнде тұрып жатқан отандастарымыздың талап-тiлегiне орай, сол мемлекеттердiң басшылығымен келiсу арқылы қазақ мектептерiн ашуды жоспарладық" дедi. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар биылғы жылдан бастап ТМД мектептерiнде Ұлы Отан соғысына арналған сабақ өткiзудi ұсынды.

Тақырыпқа арқау болған тағы бiр мәселе – ТМД аумағында ортақ оқулықтар шығару iсi. Мәселен, Белорус Бiлiм министрiнiң орынбасары Казимир Фарино: "ТМД елдерiнiң мектептерiнде ортақ тарих оқулығы болу керек" деген ұсыныс жасап едi, бұған қарсы пiкiр бiлдiргендер тарихтың кейбiр фактiлерiнiң әр елде өзiнше бағаланатынын алға тартты. Алайда, бұл ұсынысты Ресей Бiлiм және ғылым министрi Андрей Фурсенко қолдай кеттi. Оның айтуынша, әр мемлекеттiң тарихшылары мен ғалымдары бiрлесiп, бiздiң өткен ортақ тарихымызды айқын қарастыратын оқулық жазуға болады. "Мұндай оқулықта бiр ғана көзқарас емес, әртүрлi пiкiр болуы керек. Бүгiнде кiтаптар тек қағаздан жасалған оқулықтар ғана емес, сонымен бiрге электронды түрiнде де таратылады. Осыған байланысты бiз форум барысында әр елде даярланған электронды оқулықтың ТМД-ның кеңiстiгiне қолжетiмдi болуын сөз еттiк", – дедi министр Андрей Фурсенко. Өз кезегiнде ҚР Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев алдағы кездесулер оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға арналатынын жеткiздi. Атап айтқанда, "жалпы оқулықтарды құру бойынша алғашқы тәжiрибелiк қадамдар бар. Бұндай оқулықтар география, экология пәндерi тұрғысында қамтылған. Әсiресе, жаратылыстану, ғылыми пәндер бойынша бiз танымал ғалымдардың үздiк оқулықтарын пайдалана аламыз. Осы пәндерге қатысты үздiк авторлар Ресейде, Беларусьта, Украинада шоғырланған. Қазiргi кезде Қазақстанда және Ресейде балама оқулықтарды оқытушылар мен оқушыларға пайдалануға мүмкiндiк беруiмiз керек", – деген пiкiрiн бiлдiрдi.

Сөйтiп, елiмiз мектеп оқулықтарын Ресей ғалымдарымен бiрлескен түрде жазу жөнiнде шешiм қабылдады. Бәлкiм, бұл талпыныс Кеңес Одағы тарихын оқушы санасына сiңiрудiң қитұрқы жолы шығар, кiм бiлсiн?! Әлде, жыл сайын мың құбылатын оқулық стандарттары мен оқулық жазатын авторлар мектебiнiң дұрыс қалыптаспауы Бiлiм және ғылым министрлiгiн осындай қадамға итермелеп отыр ма? Министр Түймебаев жаңа оқулықтарда қазақ елiнiң бiлiм беру ерекшелiктерi түгел ескерiледi деп сендiрдi. БАҚ өкiлдерiне сұхбат берген министр осы ұсыныс жайында: "Бұл жерде жаңсақ түсiнiк болмасын, Ресейдiң оқулықтары енбейдi. Бiздiң ғалымдар мен олардың ғалымдары бiрлесе отырып, бiздiң оқу бағдарламамызға лайықталған оқулықтарды жасайды" деп жуып-шайып өттi. Бұған қарағанда, бiрлесе оқулық жазу идеясына кiрiптар болып отырған Ресей ғалымдары емес, қазақ тарабы сияқты.

Қыркүйек айында ТМД елдерiнiң студенттерiне арналған желiлiк институт Ресейдiң Халықтар достығы университетi жанынан құрылмақ. Бiлiм берудiң жаңа жүйесiне Беларусь, Тәжiкстан, Әзiрбайжан, Армения, Ресей, Украина елдерiнiң беделдi 15 жоғары оқу орнымен бiрге елiмiздiң әл-Фараби атындағы ұлттық университетi де кiредi. 2010-2011 оқу жылдарында технологияның мұндай жетiстiгiн 55 студент пайдаланады. Яғни, желiлiк арқылы институтта оқитындар өз елiнен шықпай-ақ өзге елден қажеттi бiлiмдi ала алады. Гуманитарлық ынтымақтастық халықаралық қорының атқарушы директоры Армен Смбатянның айтуынша, магистрлiк бiлiм алып жатқан жастар өз елiнде бiр жыл оқып, ТМД-ның кез келген елiнде екiншi оқу жылын жалғастыруға мүмкiндiгi бар. Ал, келiсiм бойынша магистрлiк диплом өз елiнен де, оқыған мемлекеттен де берiлмекшi.

Осыдан 22 жыл бұрын болған мұғалiмдер съезiнiң II басқосуы әзiрге Армения немесе Беларус елiнде өткiзiледi деп жоспарлануда.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ