Жаңалықтар

ТӘУЕЛСIЗДIКТI ТЕҢIЗ ФЛОТЫНА АЙЫРБАСТАУ

ашық дереккөзі

ТӘУЕЛСIЗДIКТI ТЕҢIЗ ФЛОТЫНА АЙЫРБАСТАУ

Соңғы жарты жылға жуық уақыт бойына, Виктор Янукович Украина президентi болып сайланған күннен бастап Ресейдiң ресми бұқаралық құралдары тәуелсiз Украинаға қарсы жүгенсiз ақпараттық қысым мен арандатуды азайтқалы немесе мүлдем доғарғалы берi екi ел арасындағы тарихи бауырластық, рухани, мәдени, дiни жақындастық пен мәңгiлiк достық жайлы жиiрек айтыла бастағаны аян. Ал соңғы алты-жетi жыл, тiптi, одан да көп уақыт бойына ресми Киев жөнiнде жағымды ақпарат алып көрмеген қарапайым көпшiлiк үшiн украин патриоттары мен Леонид Кучма, Виктор Ющенко және Юлия Тимошенко жағымсыз әрi үрейлi кейiпкерлер ретiнде қалыптасқаны белгiлi. Нағыз бөжейлер солар-тұғын.

Сонда қысқа ғана уақыт iшiнде Украинада қандай нәрсе өзгерiп үлгердi? Шынымен-ақ ел билiгiндегi жаман адамдардың бәрi келмеске кетiп, ылғи iзгi жақсы жандар қалды ма? Ел тiзгiнiне нағыз лайық адам ие болды ма?

Әңгiме жекелеген жандардың адамдық, кiсiлiк қасиетiнде де емес. Турасын айтқанда, мың қатпарлы, астары мол тұңғиық саясатта жеке тұлғаның адами қасиеттерiнен гөрi мемлекеттiк қайраткер, әккi саяси тұлғаның көрегендiлiгi, табандылығы мен саясаткерлiгi басты рөл атқаратыны баршаға аян. Яки, әлемге әйгiлi Уинстон Черчилльдiң «Англияның досы да, дұшпаны да жоқ, тек бiздiң елдiң мәңгiлiк мүдделерi бар» дейтiн меңзеу-ғақлиясы сәл өзгертiлген күйде, қазiр әрбiр саясаткердiң қойын дәптерiнде жазулы екенi күмән туғызбауға тиiс. Саяси басшылары бұл тұжырымды қойып дәптерiне жазбаған елдiң соры қалың, маңдайының бағы жоқ.

Сонымен дүниеде өз елдерiнiң мүддесiнен асқан ештеңе жоқ дейтiн екi елдiң басшылары – Ресей президентi Дмитрий Медведев пен Украина билеушiсi Виктор, Янукович өткен аптаның сәрсенбi күнi – 21-сәуiрде Харьков қаласында Ресей газы және Қара теңiз флотының болашағы туралы еларалық стратегиялық келiсiмге қол қойды. Күтпеген жерден қол қойылғандай көрiнген бұл саяси мәмiленiң астарында талай бүкпентайлар жатқаны әлден-ақ мәлiм болып отыр. Күнделiктi тiршiлiкте қарапайым пенделер құдiреттi уақыттың жаңа өзгерiстердi байқатпай әрi елеусiз жолмен әкелетiнiне әбден сенiмдi екенi күмәнсiз. Олай болмаған жағдайда барша өзгерiстер мен тосын жаңалықтар төбеден түскендей әсер етер едi. Сөйтсе де қалыпты өмiрдегi тың өзгерiстер бiреулер үшiн қасiрет болып табыса, ал өзге базбiреулердiң асығы алшысынан түсетiнi құпия емес. Соңғы күндерi Украина мен Ресйедiң достығы туралы әңгiмелердiң соңы бiртiндеп одақ құру мәселесiне де ауыса бастады. Харьков қаласындағы келiсiм жөнiнде әлемнiң саясаткерлерi әртүрлi пiкiрде болғанымен, көпшiлiкгi мұны «теңiз флотының ақшасы үшiн тәуелсiздiктi айырбастау» деп бағалауда. Азаттық сүйгiш украин халқының басым бөлiгi де мұны тәуелсiздiгiмiзге төнген басты қатер деп бағалап отыр. Сондықтан да сейсенбi күнi Харьков келiсiмiн ратификациялау кезiнде Украина Радасының маңына мыңдаған адамдар жиналып, қарсылықтарын бiлдiрсе, ал Жоғарғы Раданың спикерi Владимир Литвин бұл мәселенi дауысқа салған мезетте оппозиция өкiлдерi залда түтiндеткiш шашка лақтырды. Көп ұзамай депутаттардың бiразы жаппай төбелеске араласып, жұдырықтаса бастады, кейбiрiнiң мұнтаздай киiмi алау-далау жыртылған. Есесiне Ресей бұдан былай өзiнiң Қара теңiздегi флотының болашақ тағдырына 2042 жылға дейiн алаңдамайтын болып отыр. Аталмыш теңiздегi Ресейдiң әскери кемелерiнiң Севастопольдағы базасы 2017 жылы өзiнiң өмiр сүруiн тоқтатуы тиiс едi. Харьков келiсiмiнен кейiн бұл мерзiм 2042 жылға дейiн, яғни тағы да 25 жылға ұзартылды. Ол ғана емес, егер осы уақыттан кейiн Ресей мен Украинаның ешбiрi қарсылық бiлдiрмеген жағдайда тағы да 5 жылдан ұзартыла бермекшi. Ресей Премьер-министрi В.Путин Украинаға берiлетiн газдың арзандатылатыны және Қара теңiз флотының базасы болып табылатын Севастопольдi жалға беру бағасының айтарлықтай қымбаттайтыны Украина үшiн зор табыс деген сенiмде. «Бiз келiскен баға тым жоғары. Мұндай ақша үшiн мен сiздердiң президенттерiңiздi қылғытып қояр едiм», – деп қалжыңдады ол журналситермен кездесуiнде.

Шынында ресейлiк сарапшылар 10 жылдық жалақысы үшiн Ресей бюджетi 40 миллиард доллар жоғалтады, Украина қомақты қаржыға кенеледi деп отыр. Кiм бiлсiн?!.

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ