Жаңалықтар

2011 ЖЫЛЫ МЕТРО ҚЫЗЫҒЫН ДА КӨРЕМIЗ

ашық дереккөзі

2011 ЖЫЛЫ МЕТРО ҚЫЗЫҒЫН ДА КӨРЕМIЗ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Алматыға келiп, бiрқатар маңызды нысандарды аралап көрдi. Әуелгi кезекте алғашқы ұңғылау жұмысы сонау 1988 жылы басталған Алматы метросына ат басын бұрып, құрылыс барысының жай-күйiмен танысты.

Қаншама қаржы бөлiнсе де, межелi уақытында қолданысқа берiлмеген Алматы метросының бiрiншi кезеңi осы жылдың аяғында бiтетiн көрiнедi. Ұзындығы 8,5 шақырым жерасты жолын бойлаған жетi бекеттiң әзiрге Райымбек батыр атындағы алғашқы бекетi 90 пайызға дайын болса, қалғандарының құрылысы әлi бел ортасына да жетпеген. Бiр айта кетерлiгi, бұл маңызы зор нысанға 1988 жылдан берi 117,3 миллиард теңгенi құрайтын қаржы жұмсалған. «Алматыметроқұрылыс» компаниясының бас директорының сөзiне қарағанда, 2009 жылы 26,7 млрд. теңге игерiлiп, жыл басынан берi республикалық бюджеттен бөлiнген 19,6 млрд. теңгеге жұмыс жасалыпты. Алайда, метро басшылығы құрылысты толық аяқтау үшiн Елбасынан тағы 34 млрд. теңге сұрап отыр.

Таяуда ғана метро құрылысының бiрiншi кезеңi жұмыстарын аяқтау үшiн 34 млрд. теңге қаражат қажет екенiн қала әкiмi Ахметжан Есiмов жария еткен болатын. Әзiрге бұл қаражат бөлiнген жоқ. Мұрат Өкшебаевтың айтуынша, егер қаржы ертерек бөлiнсе, метроны үстiмiздегi жылдың желтоқсан айында iске қосуға мүмкiндiк бар. Шiлде айының 1-iнде тағы екi станция бiтiп, тағы 2-уi тамыз айында аяқталады. Метроға қажет релсьтер де, электрпойыздар да Оңтүстiк Кореядан сатып алынатын болды. Қазiр ол жақта Қазақстан тапсырыс берген 28 вагонның төртеуi дайын. Оның алғашқы тобы Алматы қаласына маусымда, қалғаны тамыз айында жеткiзiледi. Сәтiн салса, автокөлiкпен сағаттар бойы кептелiсте тұратын жұрт көп ұзамай қаланың бiр шетiнен келесi түкпiрiне санаулы минутта жете алады. Ал, қаладағы қоғамдық көлiктер саны 500 автобусқа дейiн кемидi. Бұл көлiк қозғалысын жеңiлдетiп қана қоймай, қаланың экологиялық ахуалын да жақсартады.

Елбасы метро құрылысының жай-жапсарымен Райымбек бекетiнде танысты. Нысанның атқарылған жұмыс сызбасын көрiп, талай рет тоқырауға ұшырап, тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған метро құрылысын Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай бiтiрiп, қала тұрғындарына тарту етемiз деген жағымды жаңалықты жария еттi.

– Бұл Кеңес Одағы кезеңiнен қалған құрылыс болып табылады. Метроның алматылықтар үшiн маңызы өте зор. Былтырғы жылы дәл осы уақытта мен метроға келiп, арнайы тапсырмалар берiп, қаражат бөлдiрдiм. Мiне, биыл жетi бекеттiң құрылысы бiтуге жақын қалды. Метро алматылықтардың пайдаланылуына келесi жылы, яғни Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына орай берiледi», – дедi Елбасы.

Метро жұмысымен танысқаннан кейiн Елбасы «Қазақстан Халық банкi» акционерлiк қоғамының жаңа орталық ғимаратын аралап көрдi. Банктiң жаңа кеңсесi – тек қызмет орны ғана емес, сонымен бiрге қаланың сәулет өнерiнiң жаңа туындысы iспеттес. Ғимарат ең алдымен банк жұмысын жақсартып, клиенттермен жұмысты оңтайлы ету үшiн салынған. Бас кеңседе отырып-ақ банктiң барлық бөлiмшелерiмен қоса банкоматтардың жұмысын онлайн режимiнде бақылауға мүмкiндiк туды. «Республиканың iрi қаржы институттарының бiрi орналасқан ғимарат жүйе құраушы банктiң жұмыстарын айтарлықтай жақсартады» дедi мекеме басшылығы. Елбасыға 2009 жылдың қорытынды нәтижесiнен есеп берген қаржыгерлер жоғары көрсеткiштерiн тағы бiр сүйiншiледi. Атап өтсек, өткен жылы банк активтерi 22,5 пайыз, таза табыс мөлшерi 9,1 пайыз — 15,9 миллиард теңгеге өскен. «Қазақстан Халық банкiнiң» бас кеңсесiнде бiр мезетте мың жарым қызметкер жұмыс iстейтiн болады.

Одан соң Елбасы Алматы қаласының әкiмдiгiнде Ұлы Отан соғысының 10 ардагерiне жаңа пәтердiң ордерiн тапсырып, Жеңiстiң 65 жылдығы медалiмен марапаттады. Президенттiң арнайы тапсырмасымен ардагерлерге 65 мың теңге көлемiнде бiр реттiк көмек берiлiп, майдандастарымен кездескiсi келген қарттардың жол қаражатын мемлекет мойнына алды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ