АЗАТТЫҚ ИДЕЯСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ
АЗАТТЫҚ ИДЕЯСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ
Азат ойлы Хасан Оралтай бақиға аттанғалы жетi күн болды
Өткен аптада бiртуар тұлға, Алаш арыстарының соңғы тұяғы, «Елiм-айлап» ғұмыры өткен, қазақ елiнiң азаттығы үшiн 40 жыл қаламын қару еткен, қоғам қайраткерi Хасан Оралтай о дүниелiк сапарға аттанды. Дүйiм ел арысын соңғы сапарға қимай шығарып салды. Иманы саламат болғай.
«Өлдi деуге сыйя ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп данышпан Абайдан асырып ешкiм ештеңе айта алған жоқ. Осы өлшемге сыйятындардың бiрi – Хасан Оралтай ағамыз едi. Ол кiсi артында сөз, өнегелi iс қалдырып кеткен адам. Балалық бал дәуренi сонау Алтай тауының бөктерiнде қалып, өзi озбыр, өктем саясаттың шеңгелiнен құтылу үшiн үдере, ауа көшкен елiмен Гималайдың күн сүйген жоталарын қиялап, Памир тауларын басып, Такламакан шөлiн кезiп, Үндiстан, Пәкiстанды паналай жүрiп, Түрiк елiне келiп аяқ суытқан аз ғана қазақтың бiрi. Түркияға 1954 жылы қазақ көшi жеткенде қазақтың саны – 1500-дiң айналасында ғана болған екен. Ал, өр Алтайдан босқан елдiң саны 20 мыңнан асқан едi. Ауған елде не күй болсын, 20 жылдай жан сауғалағанда аман жеткенi осы. Бүгiн осы көштiң өсiп-өнген тұяғы Түркия мен Еуропада 20 мыңға жетiп жығылады. Хасан Оралтай осы қазақтың маңдайалды тұлғасы. Қазақ Елiнiң азаттығы үшiн тынбай күрескендердiң бiрi және бiрегейi. 28 жыл бойы «Азаттық» радиосында қызмет еткенде, азаттық идеяларын, алаш идеяларын тыңдаушысының көкiрегiне құйып, сәулесiне азаттық ұранын ұялатты. Қалың елi қазағы Алаш тұлғаларын Азаттықты түн жамылып тыңдап, жұрттан таса естiп жүрген кездерiнде естiп бiлдi. Азаттық радиосының идеологиясы қырғиқабақ соғысы жылдарында Кеңес одағына қарсы бағытталғаны белгiлi. Ал Хасан ағамыз бұл мүмкiндiктi жақсы пайдалана бiлдi. Әлемде тарыдай шашырап жүрген қазақтың басын бiрiктiрер тың арна тауып, сол арнаны насихаттаумен айналысты. Ол – бiртұтас Алаш идеясы едi. Шын мәнiсiнде жалпықазақтық мәселелер бiзде тым сараң айтылады. Кез келген мәселеге тарихи баға беруге келгенде, бiз Қазақстанның аумағымен ғана шектелемiз. Шетелдегi қазақтың қазақ үшiн, оның жерiнiң тәуелсiздiгi үшiн күрескендiгiн ұмытып, ол тарихты мүлдем сызып тастауға тырысамыз. Бiрақ, қалай дегенмен де фактiнiң аты факт. Ерте ме, кеш пе оның айтылуы да, жарыққа шығуы да заңдылық.
Осыдан жиырма шақты жылдың алдында Қазақстаннан тыс жерде қазақтар өмiр сүретiнi туралы айтудың өзi қорқынышты болса, бүгiнде әлемнiң отыздай елiнен қазақтар Атажұртына қоныс аударып, өз елiмен, жерiмен табысуда. Соның арқасында тарих беттерiнен әдейiлеп сызылып тасталған, шетте қалған рухани мұрағаттарымыз бен тарихи жадымыз қайта жаңғыра бастады. Соның бiр дәлелi – күнi кешеге дейiн ауызға алуға, айтуға жүрексiнетiн «Шығыс Түркiстан үшiнгi ұлт-азаттық көтерiлiсi» жайында жүйелi зерттеу жасалмаса да, там-тұмдап айтыла бастауы едi. Осыдан бiрнеше жыл бұрын 100 жылдық мерейi атаусыз қалған, Шығыс Түркiстанның азаттығы үшiн басын бәйгеге тiккен батыр Оспан Сiләмұлының рухын асқақтатып, оның тұлғасын әспеттеу мақсатында республикалық ақындар айтысы өткiзiлдi. Сосын оның идеаласы Манас ауданының әкiмi Қалибек Хакiмнiң 100 жылдығы Мәдениет және ақпарат министрлiгi тарапынан аталып өтiлдi. Былтыр Оспан батырдың 110 жылдығы да шама-шарқынша аталды. Бұның өзi қазақтың бiртұтас тарихын өз отанында айтыла бастауының көрiнiсi дер едiк.
Хасан Оралтай әкесi Қалибек Хакiмнiң туғанына 100 жыл толуына орай өткiзiлген ғылыми-теориялық конференцияны өткiзу үшiн Қазақстанға келiп, бiраз есiктердi тартып, кеңселердi жағалап, жақсы лебiз естiп, көңiлi көншiген болатын. Бұл ол кiсiнiң Қазақстанға соңғы келуi едi.
Ғылыми-теориялық конференциядан кейiн, Хасан ағамызбен әдейi жолығып, Қалибек Хакiмдi ұлықтау шарасының қандай деңгейде өткiзiлгенi жайында сұрадым. Хасан аға: «Әуелi, оның Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлiгi тарапынан қолға алынғандығының өзi маңызды» деп жауап берген едi. Демек, азат ойдың ұландарын ұлықтау iсi бiзде басталды. Бiрақ, азаттықты ту еткен, ұлттың дамуына барынша үлес қосқан «Алаш» зиялыларының тарихтағы орнын айқындауға келгенде әлi де сараңдық танытып отырмыз.
Саясаттану ғылымында «Саяси ой тарихы» атты пән үйретiледi. Ал, «Азат ойлау тарихы» – осы «саяси ой тарихының» құрамдас бөлiгi iспеттi. Қазақтың азат ойлау тарихы Жәнiбек пен Керейдiң атқа қонып, Қазақ хандығын құру заманында күшейдi. Бұған дейiнгi, жалпы түркiлiк деңгейден, жеке ұлт ретiнде қалыптасуға дейiнгi тарихты былай қойғанда, Қазақ хандығынан бүгiнге жеткен азат ойлау жүйесiнiң тамыр-тарамыстары тым-тым жiңiшкерiп бара жатқанға ұқсайды. ХV ғасырда атойлап атқа қонған батырларымыз бен ел басқарған хандарымыздың алдында Қазақ хандығының iргесiн бекемдеу мақсаты тұрды. Осы жолда әркiм әртүрлi күрес жолын таңдады.
Бүгiнде тарихшыларымыз тынбай айтатын жоңғармен арадағы соғыс – империялардың бiрiн-бiрiне арандатуы салдарынан туысқан екi халықтың көзалартуынан туындаған едi. «Бөлшекте де билей бер» дейтiн кәдiмгi империялық пиғылдан туған. Дала көкжалдарын бiрiн-бiрiне айдап салып, бiрiне-бiрiн жем еткен Ресей мен Қытай империяларының басты мақсаты – ұланғайыр далаға иелiк ету болатын. Жоңғария мен Қазақ хандығының алдында екi жол ғана бар едi, бiрi – ұлт ретiнде сақталып қалу, екiншiсi – жер бетiнен жойылып кету. Осы соғыста табандылық танытқан Қазақ елi Жоңғарды жоқ еттi. Алайда, 200 жылға созылған үздiксiз соғыс Қазақ хандығын да әлсiретiп кеткен едi. Қос империя осы бiр оңтайлы сәттi пайдаланды. Сөйтiп, ХVШ ғасырдың орта шенiнде қазақ жерiн туталақай еткен қос империя өзара шекара бөлiсу iсiне кiрiстi. Қазiр тарих оқулықтарында Ресейдiң қазақ жерiн отарлау тарихы айтылады да, Қытайдың қазақтың ең шұрайлы өлкесiн иемденiп алғаны жайында ұмыт қала бередi. Қазақ жерiн бөлшектеу iсi – 1860 жылы Петербор келiсiмiнен басталып, 1881 жылы Шәуешек келiсiмiмен аяқталған едi. Сөйтiп, қазақтың бөлiну тарихы басталған. Оспан батыр мен Қалибек Хакiмнiң етiгiмен су кешiп, ат ауыздығымен су iшiп жүргендегi ұлт-азаттық күресiнiң мәнi де осы – Қытай (Чин) империясының қоластында қалған қазақ жерiнiң азаттығы едi. Бүгiнде 1944 жылдан басталып, 1954 жылға дейiн жалғасқан үздiксiз күрестi – Хан Кененiң ұлт-азаттығы жолындағы күреспен салыстырушылар бар. Бұл саяси күрестерге баға беруде олардың арасынан қандай да бiр ұқсастық iздеудiң өзiндiк мәнi бар. Бiрiншiден, бұл батырлардың екеуiнiң де саяси мақсаты бiреу – жат қолындағы қазақ жерiн, өзгеге бодан болған елiн азат ету. Екi қаһарман да 10 жыл бойы аттан түскен жоқ. Екеуiнiң де басы алынды. Бiрiнiң басы – Санкт-Петерборға Эрмитажға аттанды. Екiншiсiнiң басы үрiм-бұтағына қайтарылды. Ал, Қалибек Хакiм жаттың бұғауына шыдамайтындығын танытып, Гималай асып, Үндiстан, Пәкiстанды басып, Түркияға барып тұрақ тапты.
Азат ойлау жүйесi қай заманда да, қай ғасырда да болғаны мәлiм. ХХ ғасырдың басында ұлт көсемдерi — Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мiржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай бастаған “Алаш” зиялылары да азат ойлаудың кемел үлгiсiн танытты. Олардың мұратымен қазiргi әлем қазағының мұратының үндесiп жатқандығын баса айтуымыз керек. Ал, Кеңестер билiгiнде болған 70 жыл сол азат ойлауға бұғау салған жылдар едi. Халықтың жылдар бойғы ыза-кегiнiң көрiнiсi 1986 жылы желтоқсанда сыртқа бiр бұлқынып шықты. Соның нәтижесi – әлемдi дүр сiлкiндiрген алып КСРО-ны құлатып, Қазақ елiнiң тәуелсiз мемлекет болуына алып келдi. Қазiр алаштықтар аңсаған тәуелсiздiк қолымызда тұрғанымен, жаһанданудың тасқыны ұлттық рухымыздың еңсесiн тiктеуге мұрсат бермей отырғандығы да айқын.
Қалибек Хакiмнiң ұлы, Мюньхенде «Азаттық» радиосында 28 жыл бойы қызмет атқарып, оның 7 жылын «Азаттық» радиосының қазақ редакциясында басшылық еткен Хасан Оралтай мырза әкесi бастап кеткен ұлт-азаттық көтерiлiстi қарумен болмаса да, қаламмен жалғастырды. Хасан Оралтайдың бiр ерекшелiгi – шетте жүрсе де ұлт-азаттық идеяларының дәнiн жалықпай себе бiлуiнде. Әкесiнiң ұлт-азаттығы жолындағы күресiн бала жасынан көрiп өскен Хасан аға Түркияға келгеннен кейiн, саналы түрде жалпытүрiктiк идеясын жүзеге асыруды мақсат етедi. Сөйтiп, «Биiк Түркелi» қоғамын ұйымдастырып, Мұстафа Шоқай мен Тұрар Рысқұловтардың жолын ұстанады. Бүкiл Қазақстанда идеясын жаңғырту былай тұрсын, атын айтуға қаймығатын «Алаш» идеясын басты ту етiп алады. Хасан ағамен бiр кездесуiмде, «Қалай ойлайсыз, Шығыс Түркiстан ұлт-азаттық күрескерлерiмен Алашорда күрескерлерiнiң арасында қандай да бiр идеялық байланыс болды ма?» деген сауал қойдым. Сонда Хасан аға: «Сол жылдары Қазақстандағы алапат репрессияның құрбаны Шәкәрiмнiң ұлы Зият Шыңжаңға бас сауғалап келген болатын. Солар арқылы Мiржақып Дулатұлының, Мағжан Жұмабайұлының еңбектерi көтерiлiсшiлерге жеткен екен. Сол кезде олар Мағжанның «Жауынгер жыры» өлеңiн жатқа айтатын. Демек, шығыстүркiстандық ұлт-азатшылар мен алашшылар арасындағы рухани байланыстың дәлелi осы болса керек» деген едi. Азат ойлы Хасан аға Түркияға келгеннен кейiн, 1961 жылы «Еркiндiк жолында Шығыс Түркiстан қазақ түрiктерi» атты кiтап жазып бастырады. Ол кiсiнiң өз сөзiмен айтқанда, бұл Түркияда басылып шыққан қазақтар туралы тұңғыш кiтап екен. Ал, 1965 жылы «Бүйiк түрiкшi Мағжан Жұмабайұлы» атты кiтап басылып шығады. Онда өз елiнде атын айтуға тыйым салынған Алаш ақыны Мағжан Жұмабайұлының өмiрiмен қоса өлеңдерi де енедi. Хасан аға Мағжан өлеңдерiне түрiкше түсiнiктеме бере кетудi де жөн көредi. Қазақ елiнде отаршылдар тарапынан «халық жауы» ретiнде атылған Алаштың азат ойлы тағы бiр арысының жоғын шетте жүрiп жоқтаған Хасан ағаның бұл iстерi тек сүйсiнудi, мақтануды ғана қажет етедi.
Азат рухта қаруланған Хасан аға Алаш идеясынан сусындап, оның өмiрлiк мұраттарын, ұлт боп ұйысудың жолдарын 28 жыл бойы «Азаттық» радиосы арқылы, бүкiл әлемге паш етiп келдi. Онымен қоймай, 1973 жылы Хасан Оралтай «Алаш – Түркiстан түрiктерiнiң ұлт-азаттық ұраны» атты кiтап жазып шығарады.
Ал, 1986 жылдың шындығын бүркемелеу бiзде күнi бүгiнге дейiн орын алып келедi. Хасан аға оқиға болған күнi-ақ «Азаттық» радиосынан осы бiр айтулы оқиғаның мән-маңызын ашып, жылдар бойы қордаланған ұлттық ызаның бет-пердесiн былайғы оқырманға түсiндiрудi мақсат етедi. Сөйтiп, 1988 жылы «17-18 – Желтоқсан 1986 Қазақстан оқиғалары» атты кiтап бастырып шығарады. Әрине, бүгiнгiдей еркiндiк заманында Алашорда үкiметi де, алаш зиялылары да өз халқымен табысып, олардың саяси ой тарихындағы алар орнын сабақтап, «Желтоқсан көтерiлiсiнiң» тарихи мәнiн зерделейтiн еңбектерге еш тосқауыл болып отырған жоқ. Ал, Хасан аға қылышынан қан тамған Қызыл империяға қаламын қару етiп, қарсы шықты. Қызыл империяның қауiпсiздiк қызметiнiң шеңгелiнен талай аман қалды. Оны өзгеге де, өзiне де құбыжық қып көрсетуге тырысушылар сол Түркияда да, Алматыда да табылып жатты. Бiрақ, Хасан аға Қазақстанда тағайындалған «Алаш» сыйлығының тұңғыш иегерi болды. Азаттық жолында күрескен батырдың ұрпағы азат ой тарихында ойып тұрып орын алды. Бұл Қалибек Хакiмнiң ұлт үшiн қылған ерен еңбегiнiң жемiсi едi.
Соңғы рет Хасан ағамен телефон арқылы тiлдестiм. Сонда өзiнiң сырқаттанып жүргенiн, бiрнеше рет пышаққа түскенiн, немiс дәрiгерлерiнiң ғұмырын 4-5 жылға созып бергендiгiн айтты. Телефонмен ұзақ тiлдесе алмай, шаршап қала бердi. Сосын электронды байланыс арқылы саулығын тiлеп хат жаздым. Жауап та келдi. Әр хатын «Айналайын, Есенгүл» деп бастаушы едi. Араға ай салмай көз жазып отырмыз. Бақұл болыңыз, аға, жатқан жерiңiз жаннаттан болсын!
Алаш идеясын бүкiл әлемге танытқан, қазақтың азат ойлау тарихын бүкiл дүниежүзiне әйгiлеген Хасан Оралтай ағамен дидарлас болғанымның өзi мен үшiн бiр ғанибет.
Есенгүл Кәпқызы