Жаңалықтар

ӘУЕЗОВ ӘСПЕТТЕГЕН ӘЛIМЖАНОВ

ашық дереккөзі

ӘУЕЗОВ ӘСПЕТТЕГЕН ӘЛIМЖАНОВ

Жершарының бар құрылығында iзi қалған, көне Қазақ елi мен жерi, халқы хақында перзенттiк мақтанышпен, құштарлықпен сыр шерткен шарапатты сөзi қалған Әнуар Әлiмжановтың бүгiнгi бiздiң, ертеңгi толқын-толқын ұрпақтарымыздың алдындағы азаматтық аса бiр айтулы әрекетi — жазушы-сыншы-ғалымсымақтардың жалақор, пәлеқор тобынан екi жыл бойы "феодалшы", "буржуазияшыл", "кертартпа" дегендей былапыт сөздi бейкүнә көп естiген ұстазы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтi 1953 жылдың көкек айында КГБ-ның құрулы қақпанына түсiп қалудан сақтап, Мәскеудегi достарына жасырын аттандырып жiберген жанкештiлiк ерлiгi! Соның өзi-ақ, қазағының аузында аты қаларына бiр айғақ дер едiм. Алайда, әуелi басқалардан, содан кейiн айтпасына қоймай қолқалап өзiнен естiген сол оқиғаны қазiрде әлдекiмдердiң жоққа шығарғысы бар. "Әлiмжановтың өйте алуы мүмкiн емес!" деседi. Солардың қайсыбiрiне, мысалы, Мұхаңмен тонның iшкi бауындай болған жазушы-драматург Әлжекеңнiң — Әлжаппар Әбiшевтiң "Шерлi шежiре" кiтабынан:

"…Ол (Мұхтар Әуезов, – Ғ. Қ.) iштегi шерiн осылай ақтарып болғаннан кейiн барып аздап жадырап, дауысы да жайдары шықты:

– Мен үшiн басын балтаның астына тосқан Әнуардың азаматтығына — өлсем, топырағым разы!

– Ол не iстедi?

– Егер ол қашып кетудiң алуан түрлi айласын таппаса, мен қазiр Мәскеудiң мынандай төрiнде емес, Алматыдағы түрмелердiң бiреуiнiң түбiнде отыратын едiм, – дедi де, сағатына қарады…" – дегендi оқып бергенiмде қабақ шытып, қырыстанып кете барғанын көрдiм. Бiрақ олардың кешiргiсiз керенау қылықтарына таңдануға болмайтын да едi. Ұлтының ұлы ақыны хақында эпопея жазып, әлем әдебиетiнде кездеспеген үрдiстi бастаған академик жазушымыз, Сталиндiк сыйлықтың лауреаты Мұхаңды топтанып, бетпақтанып қуғындаған, Ғылым академиямыздағы және Мемлекеттiк университетiмiздегi қызметтерiнен босатып тастаған сонау қазекемдердiң мынау "iзбасарларынан" iзгiлiк күту әбестiк қой!..

Ұлағатты шәкiртi Ұлы ұстазын қорғай алғанындай, Ұстазы шәкiртiнiң жазушылық, азаматтық игi iстерiн қуана қолдап отырған. Әнуардiң "Күнге бет алған керуен" деп аталған тұңғыш хикаясын жорналдан оқып, алғысөз жазып, баспаға тапсырғаны – қамқорлығының алғашқы көрiнiсi. Риза пейiлдi Мұхаң кейiнiректе: "Бiрiншi Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлiмжанов – Азияға айқара ашты!" дептi. Ал егер Әнуардiң бүкiл Африканы аралап, олардың азаттық үшiн күрес жүргiзген, жеңiске жеткен жауынгерлерi сапындағы жас ақын-жазушылармен танысып, тiл табысып, достасып, ұлттық әдебиеттерiнiң қалыптасуына жәрдем жасағанын көрсе, шәкiртiнiң басшылығымен 1973-жылы Алматыда өткен Азия және Африка жазушыларының V конференциясы ғасырларға созылған отаршылдықтан азат Африка өмiрiндегi ең iрi тарихи оқиға болғанын көрсе, шәкiртiнiң Африканың оянуынан өз елiнiң қызыл империя шiдерiнен құтылуына куә болғысы келгенiн аңғарса, онда Ұстаздың: "…Әнуар Әлiмжанов – Азия мен Африкаға, Америкаға айқара ашты!" дерi сөзсiз едi-ау!

Қаламдас достары: «– Әлем картасынан Әнуар болған елдi iздегеннен гөрi ол болмаған елдi iздеу оңай», – деп әзiлдегендерiндей, дүниежүзiнiң алпыс шақты елiн аралаған Әнекең мақала, хикая, романдарын пойызда, ұшақта, кемеде, тiптi автокөлiкте отырып та жаза берген тәрiздi. Ол қалам тартпаған тақырып, мән-мәнiсiн ашып бермеген мәселе жоқ дерсiң. Үлкен-кiшi қаламдастарының қалайда алдында жүрiп, әлде өмiрге құштарлығынан ба, әлде халық, қоғам алдындағы жауапкершiлiгiн ерекше сергек сезiнуiнен бе, әлде одақтық "Литературная газета", "Правда" гәзеттерiнiң Қазақстандағы, Орта Азиядағы меншiктi тiлшiсi қызметiн пайдалана бiлуi ме, әйтеуiр, заманының небiр аса қажет, күрделi жәйттерiн о жақ пен бұ жақтағылардан бұрын және батыл жазып жүрдi. 1950 – 60-жылдардағы мақала, очерк, репортаждарын шолсаң: мектеп бiтiрушi қазақ жастарын әке-шешесiнше мал соңына салып қоюды көздеген сонау одақтық саяси астарлы "Кәмелеттiк аттестатпен – мал фермаларына!" дегендей үндеу-ұрандарды құптамай, жеткiншектерiмiздiң өздерi таңдаған жоғары оқу орындарына баруы, халық шаруашылығының барша саласында еңбек етуi ертеңгi күннiң талабы екенiн алғаш айтқан – Әнекең! Мәскеудiң жоғары оқу орындарындағы қазақ студенттерiнiң Болатхан Тайжанов, Аймұқан Таужанов, Мұрат Әуезов ұйымдастырған "Жас тұлпар" бiрлестiгi Алматыдағы әсiресаясатшылдардан қуғын көргенде ұлт мүддесiн көздеген ойлы жастарды бiрiншi болып қорғаған – Әнекең! Ол Абай жерiне басакөктеп орнатылған Семей полигонындағы атом бомбасы сынауларының халыққа, ауаға, жерге, суға бүгiндi қойып келешекте де өте зиянды боларын да ерте паш етiптi. Арал теңiзiнiң халiне де қатты алаңдаған. Қазақтың ғылым-бiлiмi, мәдениетi, экономикасы, iшкi-сыртқы саясаты, көне және жаңа тарихы, халқымыздың мiнез-құлқы, әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты туралы терең толғана тамаша пiкiрлер түйген. Қорқыт, Мұхаммед әл-Фараби, Абай, Шәкәрiм, Құрманғазы, Жамбыл, Махамбет, Шоқан, Мұстафа Шоқай, Ахмет, Жүсiп, Мiржақып, Мағжан, Сәкен, Iлияс, Бейiмбет, Мұхтар-сынды тұлғаларымыз туралы тұщымды ой түйген.

1967 жылы болар, шет елдерге кезектi бiр сапарында Қараши қаласына ат басын тiреген Әнуардi Пәкiстанның көрнектi суретшiсi Салых Айын Орталық банк ғимаратындағы сурет галереясына алып барыпты. Онда қазақы реңдi бiр кiсiнiң домбыра ұстап тұрған суретiн көре қалған Әнекеңнiң: "Бұл кiм?" дегенде Салых: "Бұл – Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Әбу Синадан бастап барлық ғұламаларымыздың екiншi ұстазы. Бiздiң осында орналасқан кiтапханамызда Аристотельдiң, Эвклидтiң, Птоломейдiң еңбектерiне жазған түсiнiктерi, өзiнiң көптеген жазбалары бар", дептi. Әнуардiң сол сәтте қандай сезiмге бөленгенiн ойлап байқаңызшы!.. Ол сол суреттi көкiрек көзiне көшiрiп алып, елге оралысымен қылқалам шеберiмiз Ыбыраев Бекке айтып отырып салғызып, бабамыздың бүгiнде бiзге қымбат бейнесiн алғаш жасатты! Туындыларының бiзге оралуына жолбасшы да болды!

Қазақстанының кешегiсi мен қазiргiсi жайында қайда, не жазылғанын үнемi қадағалап және ол жәйттердiң оң-терiсiне пiкiрiн дереу бiлдiрiп жүруге уақыт табу үшiн кiм болуың керек? Әлбетте, бүкiл болмысыңмен отансүйгiш болуың керек! Әнекеңнiң жаратылысында бұл асыл сезiмнiң мол да ыстық болғанын мына бiр мысалдар және анық дәлелдейдi. Югославтық жорналшы-жазушы Мариана Седмак 1968 жылы бiздiң республиканы бiрер апта аралап қайтқан едi. "Оның не жазарын назарымда ұстап жүрдiм, – дедi бiрде Әнекең. – 1969 жылы Югославияның жастар гәзетiнде ол мейманымыздың 7 очеркi шықты. Оқып байқасам, Қазақстан – мешеу ел; билiк басындағылар жоғары оқу орындарына шала сауатты қазақ балаларын күштеп алдырады; кiтап дүкендерiнде орыс кiтаптары жоқ, барының өзiн қазақтар алмайды, олардың, тiптi Достоевскийдi оқымақ тұрғай, естiмегендерiн кездестiрдiм”, – дептi. Өзге өрескелдiктерi де көп. Қаным қайнап жүрген бiр күндерi Седмактың Мәскеуде екенiн естiп, әдейi iздеп барып, жолықтырып: "Асымызды iшiп, дастарқанымызды тiлiп кеткенiңiз қалай? Соншама өсек-өтiрiктi жазғаныңыз не?!" десем, ол өзiнше аңырып: "Мен ештеңенi ойдан шығарған жоқпын. Сол сапарда менi алып жүрген жорналшы Геннадий Толмачевтiң айтып түсiндiруiмен жаздым" дейдi. Толмачев "Комсомольская правданың" Қазақстандағы меншiктi тiлшiсi едi. Оны тауып алып: "Әй, Гена, Мариана Седмакқа бiздi өлердей жамандағаның не? Қазақтардан қиянат көрген күнiң бар ма? Ұят қайда?!" десем, ол жылмақай бетпақ: "Бiлмеймiн… мен оншама дәнеңе айтқан жоқ сияқты едiм…" деп сайқалданды. "Әй, Ұятсыз неме!" – деп күйiне бас шайқадым".

Мәскеуде шығатын "Молодая гвардия" жорналында Н. Кузьмин дегеннiң "Соғыстан соғысқа дейiн. Түнгi әңгiме" жазбасы жарияланып, онда Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсiреповтен бастап бiрнеше ақын-жазушымызға күйе жағылғанда, намысқа қамшы басып, оған баспасөз бетiнде бiрiншi болып тойтарыс берген едi-ау, Әнекең!

Әнекеңнiң Совет Одағында, халықаралық деңгейде де зор беделдi қазақ болғанын бiлемiз. Оның қаламгерлiгiне, адамгершiлiгiне тәнтi болған замандастары жазбаша шерткен сыр қаншама?!. Бiрер мысал келтiрейiн:

"Құрметтi ӘНУАР! "Азия және Африка" жорналында әл-Фараби туралы зерттеу еңбегiңiз жарияланыпты. Мақалаңызды ол жорналға бергенiңiздi маған айта салмағаныңыз-ай! Алайда, оқасы жоқ, бәрiмiз оқып, қуанып қалдық. Әл-Фарабидей Ұлы Ұстазымыздың болғаны бiзге қаншалықты зор мәртебе десеңiзшi!.. "Ұстаздың оралуы" мақалаңызды орысшасынан араб тiлiне өзiм аударамын. Ирактың өкiмет басшылары да мағлұмат алып: "Әл-Фарабидiң Дамаскiде жерленгенiн бiлдiк, ендi, қабiрi табылған күнде, құлпытас орнатамыз!" деп құлшынып отырғанын естiдiм. Бұл – Сiздiң ғажап еңбегiңiздiң жемiсi!

Зухейри БАҒДАДИ.

Дамаск. 23. 02. 1976 ж."

(Әнекең 1975 жылдың соңында Араб елдерiн аралағанда сириялық жазушы Зухейри оған жолсерiк болған екен.)

Баршаға белгiлi ғұлама Лев Николаевич ГУМИЛЕВ 1980 жылдың 24-тамызындағы хатын былай аяқтапты: "Әнуар! Шақырғаныңа рахмет! Бiрақ, амал не, Алматыға әзiрше бара алмайтыныма өкiнiп отырмын. Денсаулық болыңқырамай тұр… Ал "Көне Русь және Ұлы дала" (VII-ХII ғасырлар) кiтабымды жазып бiтiрдiм. Сауыққан соң хабарласамын".

1988 жылғы желтоқсанның 5-iндегi хатында башқұрт ағайынымыз – Сайфи ҚҰДАШ ақсақал Әнуардың Уфадағы жүздесулерде қазақтың әдебиетi мен тарихы, Мағжан Жұмабаев жөнiндегi әңгiмелерiне, "Дружба народов" журналында шыққан мақаласына шексiз риза болғанын бiлдiрiп, "Мағжанды одақ оқырмандарына таныту арқылы оны ақтауға қадам жасадың", деп алғыс айтыпты.

Түркияда тұратын қандасымыз – шет елдегi әйгiлi "Азаттық" радиосы құрамында қазақ отауын тiккен жалынды қаламгер Хасан Оралтай совет өкiметiнiң тепкiсiнен шетке ерте кеткен, сүйегi сол шетте қалған қаһарман күрескер Мұстафа Шоқай ағамызды мұндағы қазағына алғаш танытқан еңбегi үшiн Әнуарға мол алғыс жолдапты.

Үндiстанның Джавахарлар Неру атындағы сыйлығын алған тұңғыш қазақ Әнуар бұл көне мәдениет елiне ерекше еңбек сiңiрдi. Ол қайраткерлiгiне мысал көп. Соның бiрi – "Иностранная литература" жорналының Бас редакторы Михаил КУРГАНЦЕВТIҢ Азия-Африка әдебиетшiлерiне қамқоршы Әнекеңе "Үндi поэзиясы", "Африка поэзиясы" антологияларын шығаруда баға жетпес көмек көрсеткенi үшiн шексiз ризашылық бiлдiрген хаты.

Әнекең шет елдерге барғанында бiр ғана қазақтың емес, Орта Азияның да елшiсi, жаршысы болғаны анық. Ол қырынан да бiр мысал деп түркмен ағамыз Бердi КЕРБАБАЕВТЫҢ 1970 жылғы қазанның 14-iнде жолдаған хатын алсақ, онда: "…Үндiстанда болғаныңызда түркмен әдебиетi, Махтымқұли туралы сүйiнiштi сөз айтқаныңызға рахмет!" делiнген.

Ал орыс әдебиетiнiң классигi Леонид ЛЕОНОВ 1961 жылы жазған хаттарының бiрiнде (мамыр айында) Әнекеңнiң орыс пен қазақ ақын-жазушыларының аға және жас буындарының өзара ынтымағын нығайтудағы еңбегiн жоғары бағалапты.

Әнекеңнiң мұрағатжай қорында сезiмiңдi толқытып жiберетiн хат жеткiлiктi. Сондай-ақ, менiң түсiнгiм, құптағым келмеген бiр жәйт те ұшырасты. Англияның Кембридж Халықаралық өмiрбаян орталығы "Әлемде қайда, кiмдер бар" жылнамасына қажет сауалнаманы толтырып қайтаруын өтiнiп, Әнекеңе бланкiлерiн жiберген екен, ал олар толтырылмаған қалпында мұрағатжайдағы қағаздарының арасында жатыр. "Қайран Әнеке-ай, қарапайымдылықтың да жөнi бар едi ғой?! Ол жылнамаға Сiздiң енгенiңiз ең алдымен Қазақстаныңызға, қазақ халқыңызға қажет едi ғой?!" деп ерiксiз налыдым…

Әдiлдiктi айту қажет кезде Әнекеңнiң жайшылықтағы қарапайым қалпы күрт өзгерiп, құдiреттенiп кететiнiне менiң сан рет куә болғаным бар. Бiрде, ақын Сырбай Мәуленов айтқандай, "Қазақ поэзиясының Құлагерi" Iлияс Жансүгiровтiң туғанына 80 жыл толу салтанаты белгiленген мерзiмiнен үш айға шегерiлiп және бастапқы айтылған М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында емес, М. Лермонтов атындағы театрдың кiшi залында өткiзiлгенде, Әнуар төртiншi болып сөзге шығып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң президиумда тiзiлiп отырған хатшыларына сұқ саусағын кезеп тұрып: "Сендер қазақ әдебиетiнiң классигi Iлекеңнiң мерейтойын жетiм қыздың тойындай етiп өткiзiп отырсыңдар! Бұларыңды бүгiнгi бiз қорыққанымыздан кешiрсек те, ертеңгi ұрпақ кешiрмейдi!" – дегенi ғой!..

…Тағдырдың құқайын көп көрген қазақтың кедей отбасында туып-өскен, Жетiсудың Талдықорған өңiрiндегi Қарлығаш ауылынан ұшып, арғы-бергi жұртқа қазақ атты көне халықтың барын, оның әдебиетi де, өнерi де, ғылымы да көне, тарихы тұнған тағлым екенiн перзенттiк ұлы сезiммен жеткiзiп айта бiлген, өзiнiң өкшесiн басқан жас ұрпаққа сөзiмен де, шығармаларымен де үлгi-өнеге болған Әнекеңнiң мемлекет, қоғам қайраткерi ретiнде атқарған және бiр тарихи iсi – 1991 жылғы желтоқсанның 26-сында КСРО-ның ыдырағаны жөнiндегi қаулыға қол қойғаны. Сол жылдың күзiнде КСРО халық депутаттарының бiрiншi құрылтайы шақырылды ғой. Сонда КСРО бойынша бүкiлодақтық дәрежедегi 8 (!) комитет Әнуар Әлiмжановты Жоғарғы Кеңес басшылығына ұсынды. Басқа бiрде-бiр депутатқа ондай сенiм көрсетiлген жоқ. Әнекең қазан айының 29-ындағы мәжiлiсте КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң Республика Кеңесi төрағалығына бiрауыздан сайланды. Шешушi дауысы бар 131 өкiлдiң 130-ы жақтады! Қалған бiреу дауыс бермептi. Азамат, Жазушы беделi сынға түскенде Әнекеңнiң мұншама абыройға бөленгенi оның кiм екенiн айтып бердi емес пе?! "Записки президента" деген кiтабында (1994 ж.) Борис Ельцин былай дептi: "26 декабря 1991 года в здании Кремля, над которым уже не развевался флаг СССР, Верхняя палата союзного парламента приняла декларацию, в которой объявила о прекращении существования СССР. Председатель палаты А. Алимжанов сказал, что они выполняли "свой депутатский и гражданский долг".

Ендi мына бiр үзiндiлерге назар аударыңыздар:

"…Әскери адамдарды мен де сыйлаймын. Десем де, жаңа алдымызда сөйлеген генералға қайран қалып тұрмын (“Семей полигонының ешқандай зардабы жоқ” деп сөз сапырған ол генерал – полигон бастығы А. Ильенко, – Ғ. Қ.). Оның не дегенiн бәрiңiз де естiдiңiздер. Сiз, генерал, халықтың алдына келдiңiз. Маршалдың бұйрығы – бiрбасқа, халықтың талабы – бiрбасқа. Халық полигонды жабуды, бұл жақтан әкетудi талап етiп отыр!..

Бүгiнгi жиында көптеген баяндама жасалды, бiрақ негiзгi сұрақ әлi естiлген жоқ. Ол не сұрақ? Ол: полигон орналасқан жер қабаттары мұқият тексерiлдi ме? Қырық жыл бойғы сынаудың зардабы қандай?..

Сынау басталған кезде бәрi де бұлыңғыр болды. Не екенiн түсiну мүмкiн емес-тi. Академик Сайым Балмұханов жаңа айтып өткендей, бұл жерде мыңдаған, миллиондаған тажал жасырын жатыр. Олар жер бетiне шыққанда не күй кешемiз? Бiздiң бала-немерелерiмiз, арғы ұрпақтарымыз ол тажалдан аман қала ала ма? Бiз оларға не қалдырмақпыз? Уланған ауа, уланған топырақ, уланған су. Таза қайнарларымызды ластадық, олардың маңын залалды батпақ пен шiлiкке айналдырдық. Төңiрегiмiз тажалға толы. Қазақстанның халi, мiне, осылайша қатерлi…

Ядролық қаруға тыйым салу жөнiндегi қозғалыс тек бүгiнгi, немесе сайлау алдандағы науқан емес. Оған жаңа жарнаманың қажетi шамалы. Бұл күрестiң басында Альберт Эйнштейн мен Андрей Сахаровтай ұлы ғалымдар, Николай Тихонов пен Александр Корнейчуктей кеңестiк көрнектi қоғам қайраткерлерi тұрды. Бiзден Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов шықты. Олар 1952-53 жылдары өз еңбектерiндегi, пiкiрлерiндегi "ұлтшылдық" үшiн ғана емес, жерiмiздегi ядролық қауiп туралы айтқан сөздерi үшiн де қуғындалды. Сәтбаев пен Әуезов Семей өңiрiндегi ядролық сынауларға қарсы ойларын Мәскеу университетiндегi кездесулерде, жазушылармен жүздескенде, Алматыда ғалымдар алдында сөйлегендерiнде айтып жүрдi. Ал бiз соны естен шығардық, бәрiн бiр өзiмiз бастағандаймыз. Бiз – басталған әңгiменi жалғастырушы ғанамыз. Атом бомбасы алғаш жарылған күндерi дүниеге келген ұрпақ мұны бiлгей, күрестi шарықтау шегiне жеткiзгей! Мына жиынның мақсаты сол, басқаша болуы мүмкiн емес!..

Егер әскери топтар мен әскери мамандар, Мәскеудегi Мемлекеттiк жоспарлау комитетi: “Бұл полигонға шексiз мол қаржы жұмсалғандықтан ендi оны басқа жаққа көшiру мүмкiн емес” десе, ол сөз дәлел бола алмайды!..

Қазақстан бұл жылдары әлденеше миллиард пұт астық бердi. Тұрба бойлап ағылған мұнай мен газ өз алдына. Өндiрiлген уран мен алтын және басқасы ше? Олардың пәлен миллион сом өтемi қайда?..

Әлбетте, ядролық жарылыстарға қарсы күрес толастамауға тиiс десек, күрестi нығайтуға тиiс қор ұйымдастыру, оның есеп-шотын ашу да дұрыс, тек ол қорға жиналатын ақшаны жұмсаудың жоспарын алдын ала жасау керек. Таза мақсатқа жиналған қаржы таза қолда болуға тиiс! Керiсiнше болса, денсаулығынан айрылған халықтың, бәрiнен жұрдай болған халықтың ендi қалтасын қағу адамгершiлiкке мүлде жатпайды!..

Мұның бәрiнiң тоқ етерi не дейсiздер ғой? Тоқ етерi: қалай болғанда да, қаншама қымбатқа түссе де, полигонды жабу керек, әкету керек! Полигонның құрбандықтарына бас иетiн уақыт болды. Олардың саны қазiрдiң өзiнде мыңдаған, ал келешекте қанша боларын кiм бiледi? Полигон қазiрдiң өзiнде адамзаттың алжасқанына ескерткiш болды, ажал апанына айналды. Жарияланар үндеуде, қабылданар шешiмде осы баса айтылсын!.."

Бұл үзiндiлер Әнуар Әлiмжановтың 1989-жылы, шiлденiң 17-19-ы күндерi, Семей қаласында өткiзiлген ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзiнен алынды. Конференцияның тақырыбы "Қазақ КСР-ның Семей қаласы мен Семей облысындағы экологиялық жағдай және тұрғындардың денсаулығы" болған. "Елiм! Жерiм! Халқым!" деп өткен Әнекеңiң мұрағатжайынан табылған, кезiнде ешқайда жарияланбаған бұл жанайқай сөзiн оның туғанына 80 жыл толуына орай (12-мамыр) жұртшылыққа жеткiзудi жөн көрдiм.

Әнекең: "Полигонды мен жаптым! Мен!.." деп даурыққандардың санын көбейтпедi, айтар сөзiн, iстер iсiн қарапайым қалпында атқарды.

Осы орайда Әнекеңнiң бiзге бұған дейiн беймәлiм болған екiншi мақаласынан бiр ғана үзiндi ұсынайын:

"…Кеңес Одағында жасалған жетi жүз он бес жарылыстың 467-сi Қазақстанның Дегелең деген жерiнде болды, оның 124-i – жер бетiнде, 343-i – жер астында… 467 жарылыстың әрқайсысы бiздiң жерiмiз бен суымызды улады, адамдарымызды қасiретке ұшыратты, тiптi ана құрсағындағы нәрестелердi мүгедек қылды. 467 жарылыстың әрқайсысы менiң халқымның мәдени бесiгiнде, аяулы өңiрiнде оның келiсiмiнсiз жасалып, намысын аяқасты еттi… Мен – қазақ, қазақтың ұлы ретiнде сiздерге мынаны айтуға тиiспiн: бұл жарылыстардың бәрi бiздiң жерiмiздiң қасиеттi өңiрiнде, бiздiң бүкiл көркем өнерiмiз бен әдебиетiмiз әспеттеп келе жатқан Қозы мен Баян махаббаты жайындағы көне дастан туған жерде жасалды. Ол өңiр – бiздiң халқымыз, мәдениетiмiз үшiн ең қасиеттi де киелi жер… Мұншама ашынып сөйлеп, көрген жәбiрiмiздi алдарыңызға жайып салып тұрғанда көкейiме мына сұрақтар оралды: Осыншама зұлмат-сұмдық Ресейде, Лев Толстойдың отанында, оның Ясная Полянасында болуы мүмкiн бе? Шекспир, немесе Диккенс, Бернс немесе Байрон туып-өскен жерлерде ше? Бұл сұраққа өзiм жауап берейiн: Жоқ! Мүмкiн емес! Ал қазақ мәдениетiнiң бесiгi болған жерде жарылыс жасау – жиырмасыншы ғасырда үш рет: 1904–1905 жылдарғы, 20-жылдарғы тауқыметке және отызыншы жылдарғы қасақана жасалған аштыққа ұшыратылған халықты ақыл-есiнен тағы бiр тандыру. Сол жылдардағы аса ауыр қайғы-қасiретiмiздi, қазақ халқына әдейi жасалған қырғынды "Зор қырғын" және "Қасiрет қырманы" кiтаптарында ақиқат тiлiмен баяндап берген британдық жазушы, тарихшы Роберт Конквест араларыңызда жүр. Ол мырзаға қазақ халқының атынан алғыс айтып, есен-саушылық тiлеймiн!.. Мырзалар, менi дұрыс түсiнгейсiздер! Мен ядролық қаруларды пәлен жерде сынауға болады, түглен жерде сынауға болмайды деп тұрған жоқпын. Ол қаруларды қай жерде болсын сынау – адамгершiлiкке жат, адамзатқа қарсы iс!.."

Ыстық жүректен шыққан бұл ұлағатты сөздер бiздiң де, келер ұрпақтың да жадынан өшпегей!

Мұрағатжайдан табылған бұл екiншi мақала – Әнекеңнiң Лондонда: Ядролық қарусыздану ұлттық комитетiнiң конференциясында (Си-эн-Ди. 10. 11. 1990) және Ұлыбритания парламентiнiң Қауымдар палатасында (13. 11. 1990) сөйлеген сөздерiнiң негiзi. Тарихи деректерге жүгiнсек, ағылшындар өздерiнiң Қауымдар палатасының мiнберiне шет елдерден екiнiң бiрiн шығармаған, ол орынды ашық та ақиқат ой-пiкiрлер тоғысатын мәртебелi жер деген ұғым қалыптасқан. Қазақ перзентi Әнекеңнiң сол биiк мiнберге шыққаны – ол Азаматымыздың халықаралық абырой-беделiнiң ерекше құрметтелгенi!

Мен Әнекеңмен 20 жыл аралас-құралас болдым, Жазушылар одағында 12 жыл бiрге қызмет iстедiк, бiрақ қашан, қай мiнберден сөйлегенi туралы тiс жарған емес… Ерекше қарапайым болған қайран Әнеке бүгiнгi кейбiр "ұлы" ақын-жазушыларымызша, оқымысты-саясатшылдарымызша: "Мен сөйттiм! Мен бүйттiм! Мен!.." деп ешқашан кеудесiн кермедi, кеңiрдегiн созбады. Адамгершiлiкпен әрленген қарапайымдылық – тектiлiк қасиет!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ