Жаңалықтар

АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

ашық дереккөзі

АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

Жуырда Ұлы Жеңiстiң 65 жылдық мерейтойы қарсаңында Елбасы Н.Назарбаев елiмiздегi ардагерлер қауымына әлеуметтiк көмек көрсетудi тапсырған болатын. Осы орайда Алмалы ауданы соғыста теңдессiз ерлiк көрсеткен ардагерлерге «65 жылдық мерейтой» медалiн табыстады. Марапаттау салтанатына аудандағы барлық ардагерлер қатысып, медальды ұсыну мәртебесi Алмалы ауданы әкiмiнiң орынбасары М.Қансейiтовке бұйырды.

Жеңiстiң 65 жылдығына орай мерекелiк шаралар ұйымдастырып отырған Алмалы ауданы әкiмшiлiгi бұдан өзге әлеуметтiк мәселелерге ден қойып отыр. Мәселен, ардагерлердiң үй алу және үйге жөндеу жұмыстарын жасауға арнайы есепшот ашылыпты. «Бүгiнгi таңда 10 пәтер күрделi жөндеуден өттi. Аудан әкiмшiлiгi кәсiпкерлердi қайырымдылыққа тарта отырып, баспаналы болу мәселесiн бiртiндеп шешiп келедi», — дейдi «Ардагерлер кеңесiнiң» төрағасы Зекен Әдiлбеков. Десе де аудан көлемiнде баспанасыз жүрген ардагерлер баршылық. Мәселен, 450 ардагердiң 37-сiнiң жеке басында үй жоқ.

Бүгiнде аудан көлемiнде 28419 зейнеткер бар болса, соның 450-i соғыс ардагерi, ал 3500-i соғыс тұсында тылда еңбек сiңiрген қариялар. Сондай-ақ, қаһармандық үлгiсiн танытқан қайсар жандарға биылғы жылы Жеңiстiң 65 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлерiне берiлетiн бiр реттiк жәрдемақы сәуiр айының соңына дейiн төленедi деп жоспарланған-ды. Отан соғысына қатысқан әрбiр азаматқа 65 мың теңгеден үлестiрiледi. Сонымен қатар, майданда опат болғандардың жұбайлары 25 мың теңгеден және тылдағы еңбеккерлер — 10 мың теңгеден өтемақы алуы керек. Мерекелiк шарада мәлiм болғандай, қаржылай көмек есепшотқа түсiрiлiп те қойыпты. Биыл бюджеттен ҰОС ардагерлерi мен тыл еңбеккерлерiне материалдық көмек үшiн — 5,8 млрд теңге бөлiндi.

Ардагер ақсақалдарға көрсетiлген құрмет ретiнде жақында «Ұрпақтар сабақтастығын сақтайық!» акциясы аясында Алмалы аудандық әкiмiшiлiгi мен ардагерлер кеңесi Ғабит Мүсiрепов атындағы жастар театры скверiнде шырша отырғызды. Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған акция барысында скверге 30 шырша отырғызылып, бұл саябақ «Ардагерлер аллаеясы» деп аталды.

Ерекше iлтипат мен марапатқа ие болған Күреңтай Әубәкiров, Мұқаш Әбжанов, Төлтай Балақаев және басқа да ақсақалдарымыз кеш соңында «Тәңсәрi» мюзикл-шоуының өнерiн тамашалады.

Ақниет ОСПАНБАЙ