ЖЕКЕ БАСТЫҢ ҚАМЫ МҰХТАР ӘБЛЯЗОВТЫ ЕСЕПТЕН ШАТАСТЫРДЫ
ЖЕКЕ БАСТЫҢ ҚАМЫ МҰХТАР ӘБЛЯЗОВТЫ ЕСЕПТЕН ШАТАСТЫРДЫ
Шетелдiк инвесторларға деген сенiмсiздiк Қазақстанда түрлi қауесеттердiң пайда болуына себеп. Мысалы, қазақстандық саясаткерлер елдiң табиғи байлығын шетелдiк делдалдар арқылы қытайлықтарға сатып жатыр деген өсек.
ҚЫТАЙ ТҰЗДЫҒЫ
Мұндай қауесет бұрын көк базардағы пыш-пыш әңгiмеден аспайтын. Ендi Мұхтар Әблязов сияқты iрi банкир, әрi энергетика министрi болған адам ел арасында iрiткi салып жүр. Мемлекеттiк қызметтен iрi кәсiпкерлiкке басыбүтiн ауыспай тұрып, бюджеттiң қаражатын жымқырғаны үшiн түрмеге де отырып шыққан шенеунiк, әрi қаржыгер ендi: «Табиғи байлық бұқара халықтың рұқсатынсыз қытайлықтарға берiле салды» деп жариялайды.
Әблязов мырзаның Қазақстан қоғамын үрейлендiру үшiн қытайлықтарды таңдап алуы бекер емес. Екi көршiнiң ара-қатынасы бұрын да мәз емес едi, ал ендi құжынаған халқы бар Қытай туралы сөз шыққанда, қазақстандықтар елең ете қалады.
Қытайлықтар елдегi «бесiншi колоннаның» көмегiмен қазақтың жерi мен байлығын сатып алып жатыр деген мәлiмдемелердi Әблязов жергiлiктi саяси жағдайды ушықтырып, Тимур Құлыбаевтан кегiн алу үшiн пайдаланып отыр.
Себебi, Тимур Құлыбаев президенттiң күйеу баласы ғана емес, Әблязовтың БТА банкiн өз қарамағына алған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қор басшыларының бiрi.
Әблязовтың айтуынша, Қазақстанның мұнай-газ саласындағы сыбайлас жемқорлыққа жол берiп отырған Құлыбаев. Алайда, Мұхтар Әблязовтың айыбы екi келiсiм-шартқа негiзделiп отыр. Ал, соңғы бес жылдың iшiнде мұндай ондаған келiсiм-шарт жасалған.
СӨЗ БЕН САННЫҢ АРАСЫ
Айыптаушының өкпесi қара қазандай екенi түсiнiктi. Бiрақ, оның айып тағуына негiз болып отырған есеп-қисаптары түсiнiксiз. Әблязовтың айтуынша, 2003 жылы «CNPC – Ақтөбемұнайгаз» компаниясының мемлекеттiң еншiсiндегi 25,12% акциясы CNPC International (Caspian) Ltd (CICL) қытай-оффшорлық кәсiпорнына $150 миллионға, яғни, нарықтағы құнынан арзан бағаға сатылды. CICL компаниясы Вирджиния аралдарында құрылған. Құрылтайшысы – қытайлық CNPC. Акцияларды сатып алудан бiраз бұрын ғана тiркелген CICL компаниясының серiгi – халықаралық инвесторлардың қарамағындағы Darley Investment Services Inc. (DISI).
Тағылған айыптардың бiрi – акциялардың тым арзанға сатылуы. Яғни, Әблязовтың айтуынша, 330 миллион АҚШ долларына пара-пар акциялар қасақана төмен бағаға сатылды. Бiрақ, «CNPC – Ақтөбемұнайгаз» компаниясының 2003 есебiне қарағанда, компания тек 245 миллион доллар пайда тапқан. Әдетте, кез келген компанияның нарықтық құны жылдық табысын үшке көбейту арқылы анықталады. Яғни, аталған компанияның құны – $735 миллион, ал оның 25% үлесi – шамамен $184 миллионға бағаланады.
Бұл акцияны сатып алу үшiн CICL несие алған. Ал несиенiң құжаттарын ретке келтiру үшiн қытайлықтар қосымша шығынға ұшырады және бұл шығынды өтеу үшiн сатушыдан акция құнын арзандатуды сұраған болуы керек. Оның үстiне, 2003 жылы, CICL акцияларды сатып алуға қызығушылық бiлдiрген жалғыз компания едi.
Мемлекет алғашында жоспарлағандай, 330 миллион АҚШ долларына акцияларды сатып алғысы келетiн ешкiм болмады. Бәлкiм, ресейдiң және батыстың компаниялары қытайлар билiк құрып отырған жобаға миноритарлық акционер болып кiргiсi келмеген болар.
КӨПТIҢ БIРI
«CNPC – Ақтөбемұнайгаз» компаниясының 25% акциясын сату – мұнай саласында қытайлық инвесторлармен жасалған жалғыз келiсiм емес. Қазiр Қазақстанда қытайлық компаниялардың үлесi бар 15 жоба жүзеге асып жатыр. Бiрақ, жыл өткен сайын қазақстандық мұнай қытайлықтар үшiн қымбаттап келедi.
Мысалы, 2005 жылы «ПетроҚазақстан» компаниясының мұнай қорларының 1 баррелi $11,6 сатылды. Келiсiмшарттың жалпы құны 4 миллиард доллардан асты. Бұл әлемдiк стандарттар бойынша да қымбат баға деп есептеледi.
Тағы бiр айта кететiн жәйт – Қазақстан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арқылы Қытай компанияларының еншiсiндегi 4 жобада өз үлесiн 33% -дан 50%-ға дейiн арттырып алды. Ал, Астанаға мұндай мүмкiндiктi басқа шетелдiк компаниялар берген емес.
Әблязов мұнай саласындағы Қытайдың үлесiн алға тартып, қазақстандықтарды үрейлендiруге тырысқанымен, жыл өткен сайын мұнай-газ нарығындағы ресми Бейжiннiң үлесi азайып бара жатыр.
2010 жылы Қытайдың қатысуымен жұмыс iстеп жатқан компаниялар 25,1 миллион тонна мұнай өндiредi. Бұл – бүкiл ел бойынша өндiрiлетiн мұнайдың 27%. Он жылдан кейiн қытайлықтардың үлесiмен өндiрiлетiн мұнай 20 миллион тонна болып азаяды да, жалпы өндiрiстiң 13%-15% тең болады.
Ал, батыс елдерiнiң үлесi керiсiнше, артады. Әсiресе, Қашаған жобасы iске қосылғаннан кейiн. Қазақстан Мұнай және Газ Министрлiгiнiң болжамы бойынша, 2013 жылы Қашаған кенiшiнен 11,4 миллион тонна сұйық көмiрсутек өндiрiлсе, 2020 жылы бұл көрсеткiш 45,5 миллион тоннаға жетпек.
Бұндай жағдайда, Әблязовтың «империалистiк батыс» жайлы ұрандатуы орынды болар едi. Бiрақ, ұраннан гөрi нақты факт сенiмдi: Қазақстанның мұнай-газ саласында Жапониядан АҚШ-қа дейiнгi оннан астам мемлекеттiң инвесторлары жұмыс iстейдi.
Қытайлар, америкалықтар, орыстар – бұлардың бәрi Қазақстанда қызмет ететiн көп шетелдiктiң бiрi. Олардың бiреуiн бөлiп-жарып, халықты қорқыту – инвестициялық тепе-теңдiктi қасақана бұзу, шындықты бұрмалау.
СҰРАНЫС СПЕКУЛЯЦИЯҒА ҚАРСЫ
Қазақстанның мұнай активтерiн саудалауға қатысты сөз туғызатын тағы бiр фактор – акциялардың қымбаттауы. Мысалы: «CNPC – Ақтөбемұнайгаз» компаниясының 25% акциясына қатысты Әблязовтың айтуынша, CICL арқылы CNPC-дiң серiгi болған DISI компаниясы акцияларды 49 долларға алып, нәтижесiнде 166 миллион доллар қылып қайтарып алған. Бiрақ, ол бiрнеше факторды ескермеген сияқты.
DISI компаниясы CICL –дiң акцияларының 49 пайызын, әрқайсысын 1 доллардан сатып алған. Ол кезде CICL компаниясының 100 доллар жарғылық капиталдан басқа түгi жоқ болатын. CICL акциялары бұдан қымбат тұрмас та едi. Компания ол кезде «CNPC – Ақтөбемұнайгаздың» 25% акциясын сатып алуға ендi ғана ниеттенiп отырған. Тiптi, компанияның несие алатын жағдайы жоқ болатын. Несие алуға CICL-ге CNPC көмектестi.
CICL мен DISI арасындағы келiсiмдi Әблязов сыбайлас жемқорлықтың дәлелi деп бiледi. Алайда, екi компанияның арасындағы келiсiмшарт басқа мәселелердi де қамтиды және «CNPC – Ақтөбемұнайгаз» акцияларын сатып алу екi компания жоспарлаған iстердiң бiр түрi ғана.
Ал, CICL акциялар пакетiн сатып алғаннан кейiн, әрине, бұл компанияның құны өсiп, қолындағы мұнай қорларының бағасына теңеледi.
Әрине, 2003 жылы CICL сатып алған «CNPC – Ақтөбемұнайгаз» компаниясының 25 пайыз акциясының құны өстi. Осылайша, 2005 жылы, DISI компаниясы CICL-дегi 49 пайыз үлесiн сатқанда, CICL-дiң акциялары әлдеқайда қымбатырақ болатын. Мысалы, CICL компаниясы «CNPC – Ақтөбемұнайгаздың» 25% акциясын 150 миллион долларға сатып алса, DISI өзiнiң CICL-дегi үлесiн 165,9 миллион долларға сатты. Себебi, екi жылдың iшiнде қара алтынның құны өсiп кеттi.
ОРТАҚ IСТЕН ГӨРI, ЖЕКЕ БАСТЫҢ УАЙЫМЫ КӨП
Шынына келгенде, DISI-дiң акцияларды алып-сату арқылы қанша ақша тапқаны сондай маңызды емес. Өйткенi, ол жекеменшiк компанияның өз iсi. Маңыздысы: 2003 жылы дүниежүзi бойынша 1 баррель мұнайдың орташа бағасы 18 доллар болды. Қара алтынның құнын болжау да мүмкiн емес едi. Ол уақытпен салыстырғанда, 2005 жылы мұнай екi жарым есе қымбат тұратын және қара алтынның одан әрi де қымбаттайтыны баршаға анық болды.
Тура осы қағида бойынша «ҚазМұнайГаз» 2005 жылдың мамыр айында «ҚазМұнайГаз-Тельф» Бiрлескен Кәсiпорнындағы (69%) үлесiн 20,9 миллион долларға және «Матин» ЖШС (50%) үлесiн 9 миллион долларға сатқан. Екi кәсiпорындағы «ҚазМұнайГаздың» үлесiн сатып алған – Вирджиния аралдарында тiркелген Eastview Investments Ltd компаниясы. Неге бұл компания? Себебi: екi кәсiпорында да «ҚазМұнайГаздың» серiгi осы – Eastview Investments Ltd болатын.
2006 жылдың қазан айында Eastview Investments Ltd «Матин» ЖШС 100% акциясын 90 миллион АҚШ долларына, ал «ҚазМұнайГаз-Тельф» компаниясының 100% акциясын 110 миллион долларға сатты. Бiр жылдың iшiнде екi компанияның да акциялары қымбаттағаны заңды. Бұл уақыт аралығында 1 баррель мұнайдың бағасы 49 доллардан 57 долларға өстi. Оның үстiне, кәсiпорындардың 100% акциясы саудаға салынғандықтан, нарықтық сыйақы да сатушының қалтасына түстi.
Соған қарағанда, кәсiпкер Әблязов сол кезде төлеген қаражатына iшi ашитын сияқты. Оның үстiне, 2009 жылы БТА банкпен қоса, Әблязов мұнай бизнесiнен де айырылды. Әрине, мұндай қаражаттан көз жазып қалған адам, ашуланып, өзiнiң басына түскен жағдайға кiнәлi азаматтарды iздейдi.
Бiрақ, бұл бизнес пен саясаттың емес, психологияның заңы. Мұхтар Әблязовтың Тимур Құлыбаевқа өкпесiнiң негiзiнде халықтың мүддесi емес, жеке мүдде жатыр.
Анар ДАУЫЛБАЙ