Жаңалықтар

«ЕЛ БIРЛIГI» ДОКТРИНАСЫ ЕЛБАСЫҒА ҰСЫНЫЛАДЫ

ашық дереккөзі

«ЕЛ БIРЛIГI» ДОКТРИНАСЫ ЕЛБАСЫҒА ҰСЫНЫЛАДЫ

Зиялы қауым мен түрлi қоғамдық ұйым мүшелерiнiң пiкiрталасын тудырған «Ел бiрлiгi» доктринасы жалпыұлттық талқылауға ұсынылған болатын. Қоғамда сан алуан пiкiрдi тоғыстырған «Ел бiрлiгi» доктринасының жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлiп, Қазақстан халқы ассамблеясының жабық кеңесiнде қабылданды.

Бұл туралы мәлiм еткен Мемлекеттiк хатшы, Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев доктрина ассамблеяның 15 жылдық мерейтойы қарсаңында қабылданатынын жеткiздi. «Ел бiрлiгi» доктринасының жобасын сiздермен тағы бiр мәрте пысықтап, Елбасына бекiтуге жiберсек деп ойлаймын. Бұл құжат ел арасында да аз талқыланған жоқ. Барлық қоғамдық-саяси талдаудан, үкiметтiк емес ұйымдардың сүзгiсiнен өттi», – дедi Мемлекеттiк хатшы, Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев. Жиында кеңес мүшелерi «Ел бiрлiгi» доктринасы жобасын пысықтау жөнiндегi қоғамдық комиссияның ұсыныстарын қарады. Қоғамдық комиссия мүшелерi Д.Нұр-Ахмет және Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiнiң ректоры Б.Әбдiрайымов аталған құжаттың жобасын толықтыру және талқылау нәтижелерi, осы жұмыстың ашық жүргiзiлгенi және азаматтар тарапынан асқан мүделiлiкпен талқыланғандығын айта келе, «Ел бiрлiгi» доктринасы жобасын мақұлдау туралы шешiм қабылдады. Қазақстан халқы ассамблеясының баспасөз хатшысы Нәзипа Ыдырысқызы журналистерге: «Кеңес осы бағытта ғана шешiм қабылдай алады, оны жүзеге асыру мәселесiн қарастырмайды», – дедi.

Сондай-ақ, аталмыш жиында Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов жойқын апаттан зардап шеккен Қызылағаш ауылының тұрғындарына Ассамблея мүшелерi, Астана, Алматы қалалары мен облыстық бөлiмшелерi бiр күндiк жалақысын аударып, 8,5 миллион теңгеге азық-түлiк жөнелтiп, қаржылай 8 миллион теңге көмек берiлгенiн тiлге тиек еттi. Республикалық ұйғыр мәдениет орталығының төрағасы, Ассамблея кеңесiнiң мүшесi Ахметжан Шардинов «Уйғыр авази» газетi арқылы қиындыққа тап болған қызылағаштықтарға көмектесу үшiн ұйғырларға үндеу жасаған. Бүгiнде қорға жиналған қаржының көлемi шамамен 81 мың АҚШ долларынан асыпты. «Уйғыр авази» газетiнiң бас редакторы Юлдаш Азаматовтың айтуынша, игi шара әлi жалғасын тауып жатқан көрiнедi. Бұл қаржыға сметалық жобасы 96 млн. теңге құрайтын ауыл жастарына спорт зал мен тұрғындарға монша кешенiн салу көзделген.

Сонымен, апақ-сапақта қоғамдық комиссия талқылап, зерделеген доктрина Елбасының қол қоюына жiберiлдi. Алайда, оған талас-тартысқа түскен соңғы ұсыныстар енгiзiлдi ме, жоқ па? Бiз бұл сұрақты қоғамдық комиссия мүшелерiне қойған едiк.

Амангелдi АЙТАЛЫ, қоғам қайраткерi:

– Жұмыс тобы М.Шаханов дайындаған тұжырымдаманы, доктринаның өзiн, басқа да көптеген ұсыныстарды бiр апта бойы саралады. Әрине, келiскендерi де, келiспегендерi де, әлi ойланатын тұстары да бар. Наурыз айының басында барлық тұжырымдаманы саралағаннан кейiн жұмыс тобының iшiнде бiр ортақ доктринаның жобасы жасалды. Өзiм осы жұмысқа араластым. Бiрақ доктринаның соңғы жобасын көргенiмде көптеген ұсыныстардың ескерусiз қалғанын байқадым. Құжатта Қазақстан халқының ұлттық бiрлiгi деген сөз жиi айтылады. Айналып келгенде, өзiмiз соған келiсiм бергендей болдық. Жұмыс тобында сегiз адам едiк, жетi адам қол қойды. Мен қойған жоқпын. Мәселен, «қазақстандық» дегендi «Қазақ республикасы» деп ауыстыру қажет, «Мемлекеттiк тiл туралы» заң жобасын қабылдау керек, сондай-ақ мемлекетқұраушы қазақ ұлты деген идея және қазақ ұлты отарланған ұлт және ұлттық саясат қазақ халқының өркендеуiне аса мән бергiм келедi деген идея өтпей қалды. Осы идея өтпегеннен кейiн қол қойған жоқпын. Бiлуiмше, Мұхтар Шаханов соңғы нұсқаны оқып, «таныстым, жаман емес» деп, мақұлдаған. Шахановтың қолына өзiмнiң келiспейтiнiмдi және не үшiн бас тартып отырғанымды жазып бердiм. Ендi сол доктрина қабылданып, Елбасына жiберiлдi. Әрине, азды-көптi айырмашылық бар. Бұрынғы мәтiннiң бiразы өзгердi. Бiрақ кейбiр пiкiрлер қабылданбады. Негiзi бұдан баяғы консервантты түрдегi социалистiк-интернационализмнiң иiсi аңқып тұр. Сөз жоқ, Президент әкiмшiлiгiнiң жанындағы сарапшылардың қолынан өтсе, қандай болып шығатынын айту қиын. Мұны ертең баспасөз бетiнде жарияланғаннан кейiн топшылауға болады. Өзiм «Ақ жол» партиясының ұлттық саясат тұжырымдамасын жасаушылардың бiрiмiн. Қалай болғанда да, бiз бұл тұжырымдаманы жетiлдiрдiк, өзгерттiк. Жаңа толықтырылған доктринаның шығар алдында, баламалы түрде бiздiң де тұжырымдамамыз жарияланады.

Дос КӨШIМ, саясатттанушы:

– Бiрiншiден, бұл жерде ешкiм жеңiске жеттi деп айта алмаймын. Менiңше, егер бұл жоба қоғамның көңiлiнен шығатын болса, сол қоғамның жеңiсi шығар. Екiншi мәселе, бұл алғаш рет бiр үстелдiң басында отырып жасалған мемлекеттiк маңызы бар құжат. Мұндай құжатты азаматтық қоғам мен билiктiң бiрiгiп жасап, жұмыс iстеуге болатынын дәлелдедi. Үшiншiден, доктрина төңiрегiнде түрлi сөз болған шығар, бiрақ бәрiмiз ойымыз, мақсатымыз үйлесетiн жерiн таптық. Бұл Ассамблея дайындаған доктринаға қарағанда, бұл жоба бiршама бiзге жақындау. Жұмысшы тобы қол қойып, комиссияға тапсырдық. Комиссия қуанып, дұрыс деп тапты. Бiрақ өзiм толық нұсқасын көрген жоқпын.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ