Жаңалықтар

ОРТА АЗИЯ БЛОГШЫЛАРЫ "BARCAMP"-та БАС ҚОСТЫ

ашық дереккөзі

ОРТА АЗИЯ БЛОГШЫЛАРЫ "BARCAMP"-та БАС ҚОСТЫ

Сенбi күнi KIMEP оқу орны өз қонақтарын қабылдап, меймандарына "Barcamp" атты жазбасы бар нұсқаушылар үлестiрдi. Алғаш қатысқан бiздер үшiн, бұл жиынның мақсаты мен мiндетi айқын емес едi. Алайда, ТМД елдерi мен басқа да мемлекеттерден жиналған IT журналистерiнiң түрлi интернет жобаларымен танысқан соң, "Barcamp"-тың қоғамдағы маңызын бағамдағандай болдық.

Ең алдымен, "BarСamp" еркiн пiкiр алаңы. Яғни, "Barcamp"-та бас қосқан блогшы журналистер бiр-бiрiмен жаңа медианың жаңа мүмкiндiктерi жайлы ой бөлiсiп, осыған байланысты өз жобаларын ұсынады. Бұл – бiр. Екiншiден, "BarСamp" қазақ блогшыларын тоғыстырып, басын бiрiктiретiн бiрден-бiр басқосу. Оның басқа жиындардан ерекшелiгi де сол – коммерциялық емес бiлiм конференциясы ретiнде ұйымдастырылуы. Үшiншiден, бұл жиынға қатысушылардың әрқайсысының өз жобасы барын ескерсек, оны қаржыландырып, жобаның дүниеге келуiне мүмкiндiк беретiн де – "BarСamp" басқосуы. Былтырғы жылы сәуiр айында тұңғыш ұйымдастырылған келелi жиын, биыл да өз жалғасын тауып, қатысушылар саны да 2009 жылмен салыстырғанда бiршама артқан. Мобильдi интернет пайдаланудан әлемде 50-орынды алатын Қазақстан үшiн мұндай отырыстардың өткiзiлуi заңды да. Себебi, бүгiнде, интернет айдынында 600-ге жуық қазақ блогы өмiр сүрсе, соның iшiнде 50-iн жиi қолданылатын блогтар санатына жатқызсақ, 20-сы "әйгiлi блогтар" қатарында. Қазақ блогшаларының соны идеяларының жүзеге асырылуына себеп болатын "BarСamp" бейресми конференциясының серiктестерi "Қазақтелеком" АҚ, "Мiнбер" журналистердi қолдау орталығы, Сорос-Қазақстан қоры, халықаралық IT компаниялар: Microsoft, Opera Software, Nokia, Notamedia, Epson, Cisko т.б. болды.

Қазақстанның интернет қауымдастығы iшiнде үлкен сiлкiнiс туғызған BarCamp Central Asia 2010 конференциясын ұйымдастырушы Елена Жетпiспаева жоба жайлы былай деп ой бөлiстi: ""BarСamp" Алматыда осымен екiншi мәрте өткiзiлiп отыр. Былтырғы жылдан бастау алатын бұл конференцияға биыл, Азия, ТМД, Шығыс және Батыс Еуропадан 400-ден астам үмiткерлер қатысуда. Қатысушылардың iшiнде журналистер, блогшылар, программистер, жаңа медиа мамандары және т.б. бар. Бiр қызығы, өткен жылы, "BarСamp" конференциясына қатыса алмаған үмiткерлер, биыл жобамен танысып, өз ұсыныстарын ортаға салуда. Еркiн пiкiр алмасу мүмкiндiгi туатын бұл сәтте әркiм әр қырынан танылуы хақ. Дегенмен, "жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар" озады дегендей, осы үш күнде конференция қорытындысы шығарылып, үздiк жобаларға қаржылай көмек көрсетiлiп, жеңiмпаздар "Қазақтелеком" АҚ тарапынан бiр жыл тегiн "Мegaline" қызметiн пайдалана алатын сертификаттармен марапатталады. Бiз бұл жобаны алғаш ұйымдастырғанда, жаңа медианың дамуына ықпал ететiн, қоғамдағы маңызы зор шараға ұласатынын бiлмеген едiк. Сондықтан, конференцияға қазақ жаңа медиа мамандарынан басқа, басқа да мемлекеттерден қатысушылардың көптеп келуi көңiл қуантарлық жағдай. Ал, бастысы, бұл жиын – қазақ интернет қауымдастығының дамуына өзiнше үлес қосары анық".

Конференцияның техникалық серiктесi болып саналатын "Қазақтелеком" АҚ "Ideas Market" секциясының жеңiмпаздары ретiнде Асхат Еркiмбай, Ольга Цепилова, Дарын Қайыпбаев танылды. Конференция жеңiмпазы Асхат Еркiмбай, жиын жайлы, былай деп ойын ортаға салды: "BarСamp"-тiң қоғамға берерi мол. Себебi ол – тек ашық пiкiралмасу ғана емес, зияткерлiк құқық пен тараптардың мүдделерiн қорғаушы ретiнде кеңес беретiн орын. Сондай-ақ, бұл жоба – жаңа идеялардың iске асуына, жаңа медиа мамандарымен тәжiрибе бөлiсiп, өз жобаларын жұртшылық назарына ұсынуына жол ашады. Осыдан үш жыл бұрын қазақ жаңа медиа мамандары ретiнде небәрi үш-төрт адам танылса, қазiр, жастардың жаңа медиа мүмкiндiктерiне қызығушылықтарының артуының нәтижесiнде, "BarСamp"жобасы – бүгiнде, осынша мейман күтiп алуда. Сондықтан, "BarСamp"-тың болашағы зор деген сенiмдемiн".

Үш күнге жалғасқан "BarСamp Central Asia 2010" бейресми конференциясы келер жылы да өткiзiледi деп жоспарлануда. Келесi жылы қазақ интернет қоғамы тағы да тың жоба, соны серпiлiстермен толығады деген сенiмдемiз.

Майнұр ЖАНАҚОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универсиетi, журналистика факультетiнiң III курс студентi