ЖҮЙКЕ ЖҰҚАРТАТЫН ЖАРНАМА
ЖҮЙКЕ ЖҰҚАРТАТЫН ЖАРНАМА
Қазiргi кезде Алматы қаласының көшелерiне iлiнген бильбордтар мен жарнамалардың қазақшасы қарын аштырады. Әуелi орысшасы қасқайып, сосын қазақшасы шалажансар күйде тұрған жазулар жүйкенi жұқартатыны сөзсiз.
Кез келген бильборд пен жарнама тақтайшасы екi, кейде үш тiлде жазылады. Басқа түсiнбесе қойсын, орыстiлдiлер мен шетелден келген қонақтар түсiнсiн дейтiн болу керек, үшiншi кезекке ысырылған қазақ тiлi "өгей" баланың күйiн кешкен. Ең сорақысы, ондағы қазақшаның өзi орысша мәтiннiң тiкелей аудармасы. Мәселен, "Буратино" сусынына сарапшы қыз: "Уж я то знаю настоящего!" десе, қазақшасында: "Мен нағызды бiлемiн ғой!" деп қасқайып тұр. Бұл кәдiмгi калька аударма емес пе?! Бәлкiм, жарнама жасаудың басы-қасында жүргендер қазақ тiлiнен шалағай шығар, ал оны тiкелей қадағалап отыратын қалалық Тiлдердi дамыту басқармасы бақылауды қойған ба? Турасын айтсақ, осы неге бiз орысшадан тiке аударып беремiз? Қазақта "Мен нағызды бiлемiн ғой!" деген сөз тiркесi бар ма? Бiз неге қатып қалған орысшасының айналасынан шыға алмаймыз?
Бiр-екi күндiкте Алматы қаласы Тiлдердi дамыту басқармасы мамандары қазақ тiлiнiң жәй-күйi туралы жиын өткiзiп, жауыр болған мәселенi тағы қаузай түскен. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов: "Қазақстан халқы ендi 10 жылда қазақ тiлiнде емiн-еркiн сөйлейдi" десе, Алматы қалалық Тiлдердi дамыту басқармасы қаладағы жарнамалардың тiлiн Қысқы Азия ойындарына дейiн жөнге келтiретiнiн айтып сендiрдi. Соған қарағанда, бiзде күйiп тұрған нақты мәселемен дәл бүгiн шұғылданбай, белгiлi бiр датада ғана қолға алыну керек сияқты. Алайда, "Күлтөбенiң басында күнде жиын" демекшi, бұдан қаладағы жарнаманың жағдайы оңалар емес.
Айтпақшы, "Мен нағызды бiлемiн ғой!" дейтiн "Буратино" сусынына бұртиып жүргенiмiзде, "Мигрант" операциясының барысында Алматы қаласы "Шаңырақ" ықшам ауданындағы үйдiң жертөлесiнен жасырын сусын түрлерiн жасап келген заңсыз цех әшкерелендi. Сауда нарығындағы "Коко-Кола", "Буратино" сияқты танымал сусын түрлерiн жасаумен айналысқан қылмыстық топ мүшелерi Қырғызстан мен Қарақалпақстан азаматтары екен. Аты да, заты белгiсiз қоспалармен жасалған сусындар дүкендер мен базарларға емiн-еркiн таратылған. Астыртын цех күнiне 200-дей бөтелкенi сауда-саттыққа жөнелтiп келген. Тiптi, олар қоқыстан жинап алған шөлмектiң сыртындағы қағазды өшiрiп алмас үшiн бөтелкенi жумай пайдаланыпты.
Жарнамадағы "Мен нағызды бiлемiн ғой!" деген қыздың сөзiнен кейiн бұл оқиғаны естiген жұрт не ойлар екен?!
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ