ИНФЛЯЦИЯ ДЕҢГЕЙI ТАҒЫ ДА ӨСТI
ИНФЛЯЦИЯ ДЕҢГЕЙI ТАҒЫ ДА ӨСТI
Сейсенбi күнi Министрлер Кабинетiнде 2010 жылдың 1-тоқсанына тиесiлi қорытындылар талқыға салынды. Үкiметтiң хабарлауынша, елiмiздiң халықаралық резервтерi мен ұлттық қор активтерi үстiмiздегi жылдың наурыз айында 25,5 млрд. долларға жеткен.
Аталған көрсеткiш былтырғы соңғы аймен салыстырғанда, 10,3 пайызға артық көрiнедi. Мысалы, ҚР Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанованың мәлiмдеуiнше, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында отандық ауыл шаруашылығына тиесiлi өсiм 2,4 пайызға тең болған. Негiзi өнеркәсiп өндiрiсi саласындағы өсiм 2010 жылдың қаңтарынан басталған. Былтырғы жылдың бiрiншi тоқсанымен салыстырғанда, 11,5 пайызға ұлғайған: "Бiрiншi тоқсандағы ең үлкен өсу қарқынын, яғни 18,7 пайызды отандық өңдеу өнеркәсiбi көрсеттi. Атап айтқанда, машина жасау өндiрiсiнiң көлемi – 1,8 есе, химия өнеркәсiбi – 1,5 есе, мұнайды қайта өңдеу өндiрiсi – 25 пайызға, азық-түлiк өнiмдерi – 11 пайызға, сондай-ақ металлургия өнеркәсiбiнiң көлемi 10,5 пайызға өстi.
Ал тау-кен өндiру мен карьерлердi өңдеу өнеркәсiбiндегi өсiм 7,8 пайызға тең. Темiр кенiн өндiру – 27,6 пайызға, өңделмеген мұнай – 8,4 пайызға және табиғи газды өндiру 8,2 пайызға артты". Өнеркәсiп өндiрiсiнiң өсiмiне қатысты жағымды жаңалық республиканың барлық облыстарына тән.
"Бiрiншi тоқсанда ауыл шаруашылығының өсуi 2,4 пайызға жоғарылады" деп мәлiмдеген министр ханым жыл басынан берi құрылыс жұмыстарының 8,7 пайызға азайғанын көлденең тартты. Осы жылдың бiрiншi тоқсанында 1,4 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берiлген.
Сондай-ақ Ж.Айтжанова сауда балансының оң сальдосы биылғы жылдың екi айының қорытындысы бойынша 5,4 млрд. долларға тең болғанын жеткiздi: "Бұл көрсеткiш әлемдiк нарықтағы қолайлы баға конюктурасымен қоса әлемдегi iскерлiк белсендiлiктiң артуына, Қазақстан тауарлары экспортының 60 пайызға өсуiне себеп болды. Ал шетелден келетiн тауарлардың импорты 17,7 пайызға қысқарды".
2010 жылдың бiрiншi тоқсанында инфляция деңгейi өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда, 2,9 пайызға жеткенiн айтқан министр: "Ағымдағы жылдың екiншi тоқсанында тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшiн келесi мiндеттемелердi iске асыру қажет. Бiрiншiден, биылғы жылға 6-8 пайыз арасында болжанған дәлiздегi инфляция деңгейiн қамтамасыз ету үшiн Үкiмет тарапынан инфляциялық үдерiстердi реттеуге арналған шараларды 2 жылға жоспарлау тәжiрибесiн қайта бастау қажет. Инфляцияның 2,9 пайызға жетуi табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметтерiне тарифтердiң өсуi есебiнен, сондай-ақ маусымдық фактордың және сыртқы конюктураның ықпалы себебiнен орын алып отыр".
Үкiмет отырысында Премьер-Министр Кәрiм Мәсiмов тиiстi министрлiктер мен облыс әкiмдерiне бiлiм туралы бағдарламаны және денсаулық сақтау туралы бағдарламаны өңiрлерде егжей-тегжейлi талқылауды тапсырды. Оның айтуынша, аталмыш мемлекеттiк бағдарламалар мұқият талқылаудан соң Үкiмет отырысына шығарылады, содан кейiн Мемлекет басшысының қарауына ұсынылады. Бұл екi бағдарлама iс жүзiнде бәрiмiзге және әрқайсымызға қатысты. Сондықтан да оларды өңiрлерде өте мұқият талқылау қажет.
"Түркiстан"-ақпарат