Жаңалықтар

Михаил ЛОМТАДЗЕ: БАНКТЕРДIҢ БЕЛСЕНДIЛIГI АРТАДЫ

ашық дереккөзі

Михаил ЛОМТАДЗЕ: БАНКТЕРДIҢ БЕЛСЕНДIЛIГI АРТАДЫ

Қаржылық және экономикалық дағдарыс отандық екiншi деңгейлi банктерге халықаралық нарықтан келетiн қаржы ағынын бәсеңдеттi. Кезiнде тәуекелдiк менеджментi сыр берген банктердiң бiрқатары бүгiнде қоржындағы қаражаты жеткiлiктi бола тұра, қарыз беруге аса құлшынбайды. Осы орайда, өз пiкiрiн бiлдiрген кaspi bank Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе мырзаның пайымынша, iшкi нарыққа қаржы салуға халықаралық инвесторлардың мүдделi болуы жергiлiктi инвесторлардың сенiмiн нығайтып, банктердiң белсендiлiгiн арттыруға ықпал етпек.

– Михаил, кейiнгi кездерi банктердегi құнды қағаздар үлесi мен олардың ҚР Ұлттық банкiне қояр талабы айтарлықтай өстi. Сiздiңше, жекеменшiк банктердiң несиелiк белсендiлiгiн арттыруға несиелiк қауiптердiң жоғары болуы мүмкiндiк бермей отыр ма, әлде басқа себебi бар ма?

– Мұның себебi сiрә, басқада болар. Қомақты көлемде ұзақмерзiмдiк қаражаттар тарту банктерге шын мәнiсiнде қиынға соғуда. Жергiлiктi инвесторлар ұзақмерзiмдiк облигацияларды сатып алуда және ұзақмерзiмдiк депозиттерге иек артуда аса сақ. Ал қаражатқа бай батыстық нарық банктерге есiгiн айқара ашуға әзiр құлықсыз. Қаржы саласына қатысты қиындықтардан кейiн кез келген "аузы күйген үрiп iшедiнiң" керiн келтiретiнi анық. Сондықтан қордағы басы артық ақшаға қысқамерзiмдiк тән. Ұзақмерзiмдiк жобаларға қаражат құюға ешкiм құлшынып отырған жоқ. Оның үстiне, несиелеу барысында банктер де "екi шоқып, бiр қарайтын" сақтық шараларына көштi.

– Бүгiнде банктер қоржынындағы қаражат жеткiлiктi, бiрақ оны пайдалануға лайықты құрылғылар аз деуге бола ма? Банктер мүмкiндiгiн барынша кеңiнен пайдалануға жағдай жасау үшiн не iстеу керек?

– Купондары арзан бағаланатын мемлекеттiк құнды қағаздардан басқа ондаған дефолттық бондтар мен құны қанша тұратыны беймәлiм қаражаты аз акцияларды есепке алмағанда нарықтағы құрылғылар саны шынында да аз. Облигацияларға (эмитенттiң емес) тән рейтинг талаптары құрылғының тәуекелдiк-кiрiстiк тұрғыда тиiмдi баламаларды табу мiндетiн одан сайын күрделендiре түседi. Бұл тығырықтан шығуға нақты салаға жататын компанияның батыстық commercial paper немесе вексель сияқты қысқа құнды қағаздар ыпқал ете алады.

– Бұл кезең қанша уақытқа созылады? Қиын кезең тезiрек аяқталу үшiн не iстеу қажет?

– Менiңше, iшкi нарықтан тегеурiндi күштi күтудiң әзiр керегi жоқ. Өйткенi, жеке кiрiстер деңгейi әлi өскен жоқ. Ал банктер белгiлi бiр уақытқа дейiн қоржындарын сүзгiден өткiзiп,тазалау жұмыстарын жүргiзуi тиiс. Сондықтан өсу қарқыны қайта жоғарылауы үшiн нарыққа шетелдiк инвесторлар белсендi түрде ықпал етуi қажет. Олар банктердiң ерекше құлшыныспен жұмыс iстеуiне жағдай жасап, жергiлiктi инвесторлардың жұмыс барысындағы сенiмiн нығайта түседi.

– Айналымдағы қаражаттың өсуi банктер үшiн тиiмдi ме, әлде тиiмсiз бе?

– Екiншi деңгейлi банктердiң активтер жиынтығы жыл басында (ұзақ уақыттан берi алғаш рет) сәл де болса өсу көрсеткiшiн байқатты. Активтердiң өсуi – жағымды динамика. Банктердiң несиелiк қоржынына қатысты көрсеткiштердiң де өскенi өте маңызды. Бұл банктердiң несиелеу iсiнде белсендiлiк таныта бастағанының көрiнiсi болып табылады. Бүгiнде банктердiң көпшiлiгiнде несиелеудi жүзеге асыратын қаражат жеткiлiктi және бiз биыл банктер тарапынан белсендi түрде несиелеу қолға алынады деген үмiттемiз. Қаржының көптiгi – сыртқы кредиторларға төтеп беру тұрғысынан алғанда, банк үшiн жалпы жақсы. Ақша капитал нарығында өтелмейтiн жоғары пайыздық құнға ие болып, керiсiнше, қысқа мерзiмге бағытталғанда ғана ауыр жүкке айналмақ.

Дайындаған Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ