"АЛАМАН" ҰҒЫМЫНА АҢДАТПА
"АЛАМАН" ҰҒЫМЫНА АҢДАТПА
Қазақтың "Аламан айтыс, аламан бәйге" дегенi құлағымызға тигелi бiраз заман болды. Бiрақ осы ұғымның қай кезде, қай жерде шыққанына мән бердiк пе?
Халел Досмұхамедұлы атамыз "Аламан" атты мақала жазған. Ол кiсi қазақта аламандықтың бағзы заманнан берi бар екенiн айтып, оны тұрмысқа, әдет-ғұрыпқа сiңген қазақтың жаман қасиетi дейдi. Яғни одан түсiнгенiмiз аламандық – күш қолдану, зорлау, бiреудiң мал-мүлкiн шабуыл жасап тартып алу. Қазақтың "барымта" дейтiн де сөзi бар екенi аян. Ол өрiсте жүрген малды көрiнбей келiп қуып кету. Турасын айтқанда, жартылай зорлық деп түсiнушi едiк. Ал қазiр айтылып жүрген "Аламан бәйге, аламан айтыс" атауын пайдаланғанмен, күш қолдану мен зорлық жасаудан ада, өнер мен жылдамдық жарысында озып жүлде алу екенi түсiнiктi. Халел атамыз аламандықты құптамайды. Оны әдiлетсiздiк, адамгершiлiкке жат құбылыс, қоғамға сыйымсыздық, мемлекеттiң iргесi нық болмауы, заңның халықтың әдет-ғұрпына сiңбеуi дейдi. Ал әйгiлi Махамбет жырау Баймағанбет сұлтанмен кездескенде "Аламанға жел бердiк, аса жұртты меңгердiк" деп, оған асқақ сөйлейдi. Бұл жердегi аламан – бұқара халық. Патша мен хан-сұлтандардың зорлық қиянатына шыдамаған халықтың көктемдегi арнаға сыймаған қарғын судай толқуы. Ал сол әупiрiм күшке жел беру қиянат пен зорлыққа қарсы күштi демдеу, бағыттау екенi сөзсiз. Махамбеттiң "аса жұрт" дегенi кiм? Менiңше, асқынған, ашуы асып-тасқан көп болу керек. Ашу-ыза өздiгiнен асып-таспайды. Қоғамдағы заңсыздықтан, әдiлетсiздiктен, қиянаттан қордаланып, қанасына сыймайды. Ендеше, Махамбеттiң "аламаны" қоғамды өзгертушi, ескi қиянаттарды күйретушi, әдiлеттi күш. Ал Халел атамыздың "Аламаны" мемлекетке, тәртiпке, заңға, елдiкке қарсы, тек қана жайпап өтушi күш. Бұл мақаланы ол кiсi жиырмасыншы ғасырдың бас кезiнде, жаңа үкiмет, большевиктер партиясының тәртiбi кезiнде жазды. Бұрын отарлық қанауда болған қазақтар жаңа әдiлеттi қоғам құрып, мемлекеттiң iргесiн нықтайтын кезде бұрынғы аламандығына барып, елдiң құтын қашырмауын тiлегеннен жазды. Сөйте тұра, Халел атамыз аламандықтың бастауы қай заман, ең әуелi шығарып қолданған кiмдер деген сауалға тоқтамайды. Әйтеуiр бағзы заманнан бермен бар, қазақтың қанына сiңген бiр жаман әдет деуден жазбайды. Тарихшы бұл әдеттi ұлтымыздың сауатсыздығы мен мәдениетсiздiгiнен, заңға, мемлекеттiк тәртiпке мойынсұнбауынан көрген. Әйтсе де аламандық әдетi қай патшалық, қай халықта да болған. Халел атамыз аламандықты тек қазақ ұлтына ғана таңып ренжiгенмен, бұл әдет адамзат баласымен бiрге жасасып келе жатқан сияқты. Бұл әдеттiң бiздiң ежелгi ата-бабаларымыз ғұндар мен сақтар заманынан бермен бар екендiгiн көршi елдерде жазып қалдырған. Сондай кiтаптардың бiрi – "Н.Морозов. История возникновения Апокалипсиса. Откровение в грозе и буре. Репринтное издание 1907 г." деп аталады. (Москва, Издательство АОН, 1991). Николай Морозов дiн адамы болған. Табиғаттың ерекше құбылысына, ғаламшар (планета) орналасуына орай әркез болжам айтып, жұртты болуы мүмкiн апатты құбылыстардан сақтандырып отыратын дiндарлардың iзбасары деу керек. Осы Морозов Иоан деген болжамшыл әулиенiң шамамен 350 жылдары жазып кеткен (жұлдыздар мен басқа да ғаламшарлардың орналасуына қарап) көрiпкелдiгiнiң дәл келгендiгiн тiлге тиек етедi. Аталған кiтаптың 166 бетiнде: "Кочующие гунны, хун-ну китайских летописей, двинулись за 20 лет до появления Апокалипсиса из внутренней Азии через реку Урал и перейдя через Дон, покорили в 375 г. живших к западу от него Вест-готов. Соседи живших и соплеменники вест-готы, обитавшие между Бугом и устьями Дуная, перепуганные этим нашествием перешли через Дунай во Фракию и отдались под покровительство византийско-римской империи" делiнсе, одан әрi сол басқыншылардың кiмдер екенiне тоқталған. Кiтаптың 167-бетiнде: "Полная дезорганизация царила и на других окраинах империи: аллеманы опустошали Галлию и Рецию; сарматы и квады – Паннонию: пикты, скотты, саксы, франки и фризы – Британию; мавританские народы – провинцию Африку" делiнедi. "Халықтардың жаппай қоныс аударуы" делiнетiн сол ұлы көшершiлiкте шығыстан батысқа қарай жөңкiлу IV және V ғасырларда тоқтаған емес делiнедi. Осының бәрi одан бұрын әлгi сөз етiлген "Апокалипсис" атты кiтапта болжанған едi дейдi. Осындағы "аллеман" қазақтың "аламаны"! Халел атамыз жазған тәртiпсiздiк, заңға, мемлекетке бойұрмаушылық. Әйтсе де осы төртiншi ғасырдағы аламандық гун, сақ, одан берiде қыпшақ, түрiк тарихында әркез қайталанып отырғандығын көне тарихтан әркез оқимыз. Әлгiндегi "аллеман" сөз жоқ бiздiң алаш, алшын, алашы ұғымдарының бiр түрi. Қазiргi "аламан" деп жүргенiмiз де "ал", "алашы", сөзiмен бiр ұғымды бiлдiретiн сөз. "Алшы" сөзi бiзде асық ойыны кезiнде жиi қайталанады. Ол кәдiмгi қой асығының қырынан түскендiгi шұңқыры бар жағы. Ал шұңқыры жоқ, қыры бар жағын "тәйкi", "тайқы" деймiз. Ұтыстың өзi сол алшы түскен кезiнде. Ендеше, әлгi сөздердiң бәрi тек "ал" деген ұғымды бiлдiредi екен. Олай болса, жоғарыдағы "аллеман" ұғымымен Батыс Еуропаға қоныс аударғандардың көбiсi ғұн немесе сақтардың "алшын" тайпасының рулары деуге болатын сияқты. Осы жерде "сақ" деген ұғым қытай елiнен сескенгеннен ғұндардың өзiн-өзi, бала-шаға, зәузатын "көршiлердiң қырып салуынан сақ болуы керек" дегенiнен қалыптасқан ұғым деу керек. Л.Н.Гумилев "Хунну" деген кiтабында қытай басшыларының ғұндардың қоңқақ мұрынды болуы себептi сөздерiнiң де адамдарын арада жүрген "жансызсың" деп қырып тастағанын жазады. Батыс Еуропаға қоныс аударған ғұн ұрпақтары өздерiн әуелi "сақ" деп атаса, келе-келе "қос сақ" дей бастады. "Қос – қостанып жүру, қарулы топқа айналу. "Қорыққанға – қос көрiнедi" деген мақал мiне, содан шыққан. Байғанин ауданының "Алтай" кеңшарына жақын жерде "Қоссағыр" аталатын екi ежелгi мола тұр. Қара бұжыр тастан салынған. Екi құлпытасында екiден таңба бар. Бiзге бейтаныс. Осындағы "қос" әскер, қол. Сақтың ыр деген ру-тайпасынан деген сөз. Осы жерде Сағыз өзенi басын алады. Бұл не сөз? Сақ гуз деген сөз. Ырғыз сөзi де сол. Әлгiндегi "ыр" деген ру-тайпа атына "гуз" сөзi жалғанған. Орта ғасырларда гуздардың бұлардан басқа да ру-тайпалары батыс өлкенi жайлаған. Гуздарды кейiн алшындар ығыстырған. Ғұндардың ең жауынгер ұрпағы алшындар бiздiң заманымыздан бұрын Кiшi Азияға, одан әрмен Египетке, Эллин жерiне баса-көктей кiрiп, Кипр аралын, атақты Троя қаласын жаулап алғаны белгiлi. Ол оқиғаның белгiсi "Иллиада", "Одиссея" дастандарында ап-айқын. Осы кiтаптың бiрнеше жерiнде гректердiң кете руының ("кетейцы") жауынгерлерiнен көрген зәбiрiн оқимыз. Гомер заманындағыларға айтуға, есте сақтауға жеңiл сөздер ғана бiзге оңай жеткен. Әйтпесе, ғұн ұрпақтарының бiрi алшын, арғындардың талай руы шайқастарға қатысқан болу керек. Бiрақ айтуға жеңiл болғандықтан кетелер ұмытылмаған. Осы кiтаптың соңғы беттерiне берiлген түсiнiктерде: "Евр (Эвр) – восточный ветер" делiнсе, ол қазақтардың "Ебiнiң желi" дегенi емес пе? "Еврипил – последний союзник троянцев, сын царя кетейцев Телефа и сестры Приама Астиохи, которая была подкуплена братом и поэтому послала сына под Трою, хотя и знала тот погибнет там". Осындағы "Телеф" Тiлеп сияқты. Сол замандағы ғұндар Кипр аралын жаулап алған соң "Алашия", яғни түрiкше Алашие атағаны белгiлi. Кейiн бүкiл ғұндар ұрпағына "Дештi кыпшақ" атауымен даңқты болған ұланғайыр империя құрған ру-тайпадан бiзге қазiр жетiп отырғаны қыпшақ тайпасы. Бiр заманда ғұн ұрпақтарының ең құдыреттiсi болғандықтан бүкiл ғұн, сақ сол тайпаның атын мемлекет есiмi еткенi рас. Ал "қып-шақ" әрiде куп-сақ екенi айдан анық. "Куп" не мағынада? Арыстан, жолбарыс, қабылан, барыс сияқты аса азулы аңдардың терiсi сақ билеушiлерiнiң (патшаларының) сарайында аяқ астына төселгендiгiнен туған сөз деген тарихи болжам бар. "Куп-сақ" сөзi айтыла келе "қыпшаққа" айналған. Ғұндардың бiздiң жыл санауымыздан бұрын жасаған "аламандығы" бүгiнгi еуразия жұртына мағынасы жағынан жұмбаққа айналған талай сөз, ұғымдарды қалдырған. Ал жоғарыда айтылған Н.Морозовтың "Апокалипсисiндегi" 375 жылдардағы аламандыққа қатысқан бабаларымыздың рулары әрқилы. Көбiсi бүгiнгi шежiреде айтылмайды. Сол замандағы атау мағыналары өзгерген немесе ұмытылған. Бiрақ олар қалай дегенде де ғұндар тарихының тылсымға айналған беттерi. Халықтардың жөңкiле қоныс аударуы әрбiр 500-600 жыл шамасында болып отырғанын Л.Н.Гумилев дәлелдеп жазды. Оның басты себебi ауа райының өзгеруi, жер-судың құнар-құтынан айырылуы. Н.Морозовтың еске алатыны да сол дауыл мен күн күркiреуiне қарап болжау делiнедi. Шыңғыс хан шапқыншылығын әлi күнге дейiн оның қанқұмарлығынан деу қате сияқты. Ол да әлгiндей мәжбүрлiктен туған. Еуразияның ара жiгiн халықтарды бағындыру арқылы бiрiктiру, сөйтiп құнарсыз, құрғақшылық дала жұртын құнарлы жайылысқа орналастыру негiзгi мақсат болуы мүмкiн. Шыңғыс ханның қала бiткенге өш болуы соның айғағы сияқты. Ғұндардың батыс елдерiне шапқыншылығы Францияда, Британияда, Алманияда көптеген жер-су атауларын қалдырды. Әуесқой тарихшы Шаһмұрат Қуанғанов "Ғұн немесе арғұн тарихы туралы" деген еңбегiнде бiраз бiзге белгiлi-белгiсiз мәселелердi қамтыған. Егер осы тақырыпқа кәсiби маман тарихшылар араласқанда тiптi абзал болар едi. Сонымен бабаларымыздың "аламандығынан" басталған сөздi әзiрге тұйықтай тұрғанды жөн көремiн… Құрал ТОҚМЫРЗИН, жазушы