ПАРИЖДЕ ЮНЕСКО НАУРЫЗДЫ ТОЙЛАДЫ
ПАРИЖДЕ ЮНЕСКО НАУРЫЗДЫ ТОЙЛАДЫ
Менiң Францияға ғылыми iс-сапармен келгенiме бiр ай болды, әлi осында жарты жылдай жұмыс iстемекшiмiн. Париж қаласында түркiтiлдес мемлекеттер мен халықтардың мәдениетi мен өнерiн дамыту жөнiндегi халықаралық ұйым (ТҮРКСОЙ) ұйымдастырған "Халықаралық Наурыз күнiне" арналған үлкен концертке қатысып, қуанышқа ие болдым. Бұл Қазақстанның және басқа республикалардың тәуелсiздiгi арқасында болып отырғанын сезiнiп отырдым.
Жаңа жыл, көктем мерекесi – Наруыз биыл әлемде ерекше атап өтiлдi. Бiрiкен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 4-ақпан 2010 жылы 21-наурыз күнiн "Халықаралық Наурыз күнi" деп белгiлеп қаулы қабылдаған. Осы қаулыны шығаруға Орталық Азияның 11 мемлекетi, соның iшiнде Қазақстан да ұсыныс жасады.
Осыған байланысты наурыз айының соңында әлемдiк мәдениет, өнер орталығы – Париж ЮНЕСКО-ның бас залында түркiтiлдес мемлекеттер мен халықтардың мәдениетi мен өнерiн дамыту жөнiндегi халықаралық ұйым (ТҮРКСОЙ) "Халықаралық Наурыз күнiне" арнап үлкен концерт ұйымдастырды. Француз жұртшылығына түркi мәдениетiн көрсетуге Қазақстан, Әзiрбайжан, Қырғызстан, Түркия мемлекеттерiнен әртiстер, Молдова Республикасынан гагауыз, Ресей Федерациясынан татар, башқұрт, тува, Украинадан түрiк мәдени орталығынан өнер шеберлерi қатысты. Француздар мен сонда тұратын түркiтiлдес диаспора өкiлдерiнен келгендер 3 мың орындық залға сыймай қалды. Бiрқатар француз газеттерiнiң ақпараттарына қарағанда, түркi халықтарының мәдениетi мен өнерiн көруге келген жұртшылық өте риза болып қайтты. Бұрын бұл үлкен концерттiк зал көрермендерге сирек толады екен. Себебi Парижде күнде жүзге жуық концерт, спектакль, балет, ойын-сауық, көрмелер болып жатады.
Мерекенi Анкарадан арнайы келген ТҮРКСОЙ-дың Бас директоры Дүйсен Қасейнов ашып, Наурыздың тек Орталық Азия елдерi емес, барлық халықтарға ортақ екенiн айтты. Жұртшылықты ЮНЕСКО-ның Бас директорының орынбасары шын жүректен құттықтап, бұдан былай Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекiткендей "Халықаралық Наурыз күнiн" жылда азиялықтармен бiрге еуропалықтар да тойлайтынын мәлiмдедi. Ол Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының шешiмi бойынша 2010 жыл – «Халықаралық мәдениеттердiң жақындасу жылы» екенiн еске салды.
Айта кету керек, Д. Қасейнов ТҮРКСОЙ-дың басшысы ғана емес, ол әр елдерден келген әртiстердiң басын қосып, өзi қоюшы режиссер және дирижер мiндетiн атқарып нағыз өнер адам екенiнде көрсете бiлдi. Бұл мерекеге Париждегi шетелдердiң дипломатиялық корпустарының адамдары да қатысты. Оның iшiнде Қазақстан елшiсi Н. Даненов те болды. Екiншi күнi түркiтiлдес халықтардың бiрлескен концертi Францияның Страсбург қаласында үлкен табыспен өттi. Өкiнiшке қарай, бұл ортақ салтанатты концертке Өзбекстан, Түркменстан әртiстерi қатыса алған жоқ.
Ертеңiне Париждегi ЮНЕСКО жанындағы Иран Ислам Республикасының тұрақты өкiлдiгi концерт залында Наурыз мерекесiнiң шаралары жалғасты.
Баса айтатын бiр жай, биылғы жылы Қазақстан үшiн Наурыз мерекесi аса айрықша болып отыр. Оның басты себебi осыған дейiн қазақтар мерекенi 22-наурызда басқа көршi елдерден бiр күн кеш тойлап жүрдi. Орталық Азия, Таяу Шығыс мемлекеттерi, түркi, парсы нәсiлдi ұлттар мен ұлыстар Наурыз мерекесiн тойлауды 21-i күнi бастайды. Өзбек, қырғыз, түркмен, қарақалпақ, әзiрбайжан, тәжiк, татар, қарашай, иран тағы басқа бауырларымыз тойлап болғанда бiз той қамына ендi кiрiсiп жаттық. Соның салдарынан дәстүрлi мереке бiр күнге кешiгiп қалды. Көршiлес және бауырлас елдер Наурыз мерекесiн баяғыда демалыс күнi деп анықтап алғанда, бiз үш жыл кешiгiп барып жарияладық.
Наурыз мерекесiн наурыз айының 22-i күнi деп жариялағанда бұның шын мәнiн өзгертiп, Жаңа жыл басы, көктем келуi емес "халықтар достығы, татулық мейрамы" деп өңiн айландырып жiбердi. Тарихи, әдет-ғұрып, табиғат және дiн жағынан қарағанда бiраз шетелдерде Жаңа жылды әрқалай уақытта қарсы алады. Мәселен, Қытайда, Вьетнам, кейбiр араб, Африка елдерiнде. Ендiгi мәселе, бiзде де Наурызды "достық мерекесi" емес, өзiнiң табиғатына, тарихына сай Жаңа жыл деу керек сияқты.
Наурыз (Ноу – жаңа, руз – күн) деген сөз бiзге парсы тiлiнен енген. Орта Азия халықтары оны үш мың жыл шамасында Жаңа жыл басы, көктем келуi ретiнде тойлап келедi. Кейiннен Ислам дiнiде халықтардың бұрыннан келе жатқан Наурыз мерекесiн қолдап, мейрам ретiнде қабылдады.
Тарихқа үңiлсек, әлемдегi әртүрлi халықтар Жаңа жылдың басын әр уақытта атап өткен. Мәселен, Европадағы христиан мемлекеттерi Жаңа жылды 1-шi қаңтардан бастайды. Америка континентiндегi мемлекеттер де осылай. Сондай-ақ, қазiргi Ресейде, Жаңа жылды 1-шi қаңтардан бастап есептейдi. Мұны орыс патшасы Бiрiншi Петр кiргiзген. Ал Орта Азия, Шығыс елдерi Жаңа жылда табиғаттың жаңарған, қыс маусымының көктемге ауысқан мезгiлiнде, яғни наурыз айында атап өтетiн.
Орта Азия халықтары, көне Парсы ғалымдары Күн мен Түннiң теңелетiн уақытын, күнiн, сағатын минутына дейiн тура астрономиялық дәлдiкпен есептеп шығарған. Күн мен Түннiң теңесуi тура 21-шi наурызға сәйкес келедi. Бұл туралы қолымызда Алматы астрофизика институтынан алынған анықтама бар. Сондықтан да, Орталық Азия, Таяу Шығыс мемлекеттерiнiң Жыл басын 21-шi наурыз деп белгiлегенi дұрыс.
Мұндай мереке белгiлеудегi қателiктi бiз бiрнеше рет бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрi Е. Ертiсбаевқа, Үкiмет басшысына да хабарлағанбыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар да жазылды. Жоғары лауазымды шенеунiктер ұсынысымызға құлақ аспай отырған соң, Республика Президентi Н. Назарбаевқа хатпен шығуға тұра келдi. Президент мiне, 2008 жылы Елбасы бұл қателiктi түзеп, Наурыз мерекесiн 21-шi наурыздан бастап тойлау туралы Жарлық шығарды. Оның үстiне бұл мерекеге үлкен мән берiп, Иран, Тәжiкстан, Ауғанстан және басқа елдер секiлдi бiр күн емес үш күн тойлайтын болдық.
Мiне, ендi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 21-наурыз күнiн "Халықаралық Наурыз күнi" деп белгiлеп, Еуропаның төрiнде жайғасқан Францияда, басқа мемлекеттер де атап өтуiн қолға алуда. Бұл бiз үшiнде үлкен мақтаныш.
Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, Қазақстан Республикасының
дипломатия қызметiне еңбегi
сiңiрген қайраткерi, профессор.
Париж қаласы