ОҚУШЫЛАР ЖЫЛ БАСЫН ҚАРСЫ АЛДЫ
ОҚУШЫЛАР ЖЫЛ БАСЫН ҚАРСЫ АЛДЫ
Жақында Жыл басы – әз Наурыз Оқушылар сарайында тойланды. Қазақстандағы мектеп оқушылары үшiн Дiнмұхамед Қонаевтың тапсырмасы бойынша салынған сарай елiмiзде жалғыз-ақ. Тiптен, Орта Азия елдерiнде де бiр жерге топтасқан үйiрмелер ғимараты жоқ екен. Сәуiрдiң 10-жұлдызында өнерлi жастардың қатысуымен Наурыз мерекесi аталып өтiп, жиылған қауымның мерейiн бiр көтерiп тастады.
Алматыдағы Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен тiгiлген ақшаңқан киiз үйлер мен ұлттық дәстүрдi дәрiптейтiн көрме бұйымдары мереке көркiн кiргiзе түстi. Ал киiз үйлерде үлестiрiлген жаңа жыл дәмi – наурыз көже "ұлыс оң болсын, ақ мол болсын" дегiзiп баршаның көңiлiнен шықты. Ақ түйенiң қарны жарылған күнi жас өнерпаздар аянып қалған жоқ. Оқушылар сарайының түрлi үйiрмелерiне қатысатын оқушылар үлкен алаңқайда арқан тартысып, кiлем үстiнде күресiп, алтыбақан тебiстi. Наурыз думанды тамашалауға қала тұрғындары көптеп келiптi. Көп балалы ана Гүлжан апай да балаларын ертiп келiптi. "Бүгiн үлкен балам осы жерде шығыс жекпе-жегiн көрсетедi. Наурызда балаларымды ұлттық дәстүрдi, өнердi, ойындарды көрiп бiлсiн деп әдейi ертiп келдiм. Оқушыларға арнайы ұйымдастырылған Наурыз тойы жыл сайын осы қалпын жоғалтпасын демекпiн" дейдi Гүлжан апай. Расында, тас жол мен тас қабырғаның арасында өскен қала балалары үшiн ұлттық мереке мен дәстүрдi өрнектейтiн Наурыз мейрамы жыл сайын өткiзiлiп тұрса игi. Осы орайда Оқушылар сарайының директоры Қуатбек Тұрсынбеков мерекелiк концерттiң ашылу барысында келген қонақтарға ризашылығын бiлдiре отырып, күн мен түн теңелетiн жаңарудың, өсудiң, түлеудiң басы Наурызда жас ұрпаққа жарқын болашақ тiледi.
Әдемi би мен әсем ән өрнектеген думанға бiрқатар ардагерлер қатысты. Соғыс ардагерлерi атынан сөйлеген Ким Серiкбайұлы жұртшылықты қазақ халқының төл мерекесi жыл басының келуiмен құттықтады. Мерекелiк кеш әсем ән, би, өлең-жырмен жалғасты.
Мектеп оқушыларының тегiн үйiрмеге қатысу мүмкiндiгi әзiрге тек Алматы қаласында ғана қарастырылған. Жиырма жылға жуық тарихы бар сарайдың жастар тәрбиесiне сiңiрер еңбегi мол.
Ақниет ОСПАНБАЙ