ТӨРАҒА ТАҒЫ ДА СҮРIНДI
ТӨРАҒА ТАҒЫ ДА СҮРIНДI
Оралмандар шынымен бiлiмсiз бе?
Өткен аптада Астанада Парламент палаталарының бiрлескен отырысында «Халықтың көшi-қоны туралы» заң жобасын таныстыруға келген Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Қабылсаят Әбiшев мырза тағы да сүрiндi.
Әңгiме «Нұрлы көш» бағдарламасына қарай ойысқанда, Қабылсаят Әзiмбайұлы «Нұрлы көш» бағдарламасына бiлiктi, бiлiмдi адамдардың қажет екендiгiн айта отырып: «Моңғолиядан келетiн қазақтардың 98%-ы бiлiмсiз. Бiлiмдiлерi келiп болған» деп қойып қалды. Бұл бойында ұлттық намысы бар депутаттардың шамына тиiп, Мәжiлiс депутаты Нұрлан Өнербай: «Шетелде тұратын қазақтың бәрiн сорлы қып көрсетудiң қажетi жоқ. Олардың бiлiм, мамандығы жоқ деп айта бермеңiзшi. Жарай ма? Бiлiмi жоқ болса да айтпаңыз» деп тыйып тастады.
Содан берi комитет төрағасының осы бiр сөзi жұртшылық талқысына түсуде. Ойланбай айтылған оспадар пiкiрi үшiн төрағаны сотқа беруге де дайын адамдар табылып жатыр. Осы аптаның сейсенбiсiнде Астанада баспасөз-мәслихатын өткiзген бiр топ қоғамдық ұйым өкiлдерi осындай мәлiмдеме жасады.
Қабылсаят Әзiмбайұлы осыдан бiр жыл бұрын Алматыда «Нұрлы көш» бағдарламасын талқылау барысында «Квотаға зиялы адамды енгiзуiмiз керек. Кезiнде байқамай еңбек ресурсы деп елiмiзге зиян келтiретiн түрлi көзқарастағы адамдарды квотаға кiргiзiп жiбердiк. Бiзге Моңғолияның мамандарының түкке керегi жоқ» («Түркiстан» газетi «Әбiшевтiң сюрпризi», №17, 30 сәуiр, 2009 ж.) деген ойларға жол берген болатын. Алайда, Әбiшев мырза осы ойларға қатысты жазған мақала жарық көрiсiмен, халық алдында «Хабар» телеарнасының «Бетпе-бет» бағдарламасы арқылы кешiрiм сұрап, «жаздым жаңылдым, бұл жерде айтқан ойларымды бұрмалаған тiлшiнiң де қателiгi бар» деп көптiң шеңгелiнен құтылып кеткен едi.
«Abai.kz» сайтында осы мәлiмдеге орай жарияланған ақпараттағы пiкiрлердiң арасында Асылбек Байтанұлы атты оқырманның «Моңғолия қазағы шынымен сауатсыз ба?» мақаласы берiлген. Онда Асылбек Байтанұлы БҰҰ-ның соңғы жылдары жүргiзген зерттеуiн ұсынады. БҰҰ-ның «2009 жылғы адамзат дамуы туралы баяндамасында әлем елдерiндегi бiлiм деңгейiн 25 және одан жоғары жастағы адамдардың 100 пайызға шаққандағы бiлiм деңгейiмен салыстырылған. Әлем елдерiнiң барлығын қамтыған бұл кестеде 25 жастағы және одан жоғары тұрғындардың сауаттылығы (2000-2007 жылдар аралығындағы мәлiметтер) бойынша түзiлген.
Бiлiм деңгейi төмен немесе аяқталмаған орта бiлiмдiлердiң үлесi Қазақстанда 29,5, Моңғолияда 46, Украинада 25,6, Францияда 42,6, Қырғызстанда 23,00, Гватемалада 84 пайызды құраған.
Орта немесе арнаулы орта бiлiмi барлардың үлесi Қазақстанда 56,1, Моңғолияда 41,1, Украинада 36, Францияда 35,9, Қырғызстанда 62,1, Гватемалада 11,2 пайыз.
Ал жоғары бiлiмдiлердiң үлесi Қазақстанда 14,4, Моңғолияда 12,2, Украинада 38,8, Францияда 19,8, Қырғызстанда 14,9, Гватемалада 3,7 пайыз көрсеткiштi құраған.
Жоғарыдағы БҰҰ-ның ресми құжатына қарағанда, Моңғолиядағы бiлiм берудiң соншалықты ақсап тұрмағандығы, тiптi әлемнiң жетекшi елдерiнiң бiрi Францияның көрсеткiшiмен қарайлас екендiгiн, жоғарғы бiлiм алғандардың пайыздық үлесi Қазақстанмен қарайлас екендiгiн көруге болады. Бұл – Моңғолиядағы қазақтарға қатысты. Ал, шынына келетiн болсақ. Баян-Өлгийдiң бiлiм алу деңгейi Моңғолиядағы моңғол ұлтынан анағұрлым жоғары екенi еш күмән келтiрмейдi. Оның үстiне, Қабылсаят Әбiшев мырзаның пiкiрi жеке адамның емес, ресми мiнбердiң, Қазақстан үкiметiнiң пiкiрi болып есептелiнедi. Сол себептi де, биiк мiнберден айтылған мұндай оспадар пiкiрдi жылы жауып қоюға болмайды. Әрине, шенеунiктердiң шеттен келген қазаққа деген дұрыс пиғыл, оң көзқарас танытпауының салдарынан мемлекеттiк қызметте немесе лауазымды орындарда оралмандар кресло құшақтап отырмаған шығар. Бiрақ, елiмiздiң әлеуметтiк-рухани саласында қызмет етiп, елдiң дамуына өлшеусiз үлес қосып отырғандардың арасында Моңғолиядан қоныс аударған 150 мыңға жуық қазақтың өкiлi жүр. Егер, пайыздық өлшемге салатын болсақ, өнер-бiлiм саласында тер төгiп жүрген 2000-нан астам, бұқаралық ақпарат құралдарында 50-ге жуық, ғылыми жұмыспен айналысып жүрген 1000-нан астам қазақ бар екен. Ал, шағын және орта бизнестi дамытуда өз үлесiн қосып жатқандардың санын нақты бiлетiн адам жоқ. Өзгенi былай қойғанда, Қазақстанда тұңғыш рет айналымға енiп, жұрттың көз қуанышына айналған «Massagan.com» интернет порталын жасаушылар Үндiстан, Жапония және Кореяда бiлiм алып жатқан моңғолиялық қазақ жастары екенi әмбеге аян. Қазақтiлдi интернет сайттардың көбеюiне мұрындық болған осы «Massagan.com» сайты едi. Бүгiнде Жапония мен Кореяда және АҚШ-та тәжiрибе жинақтап жүрген бұл балалар осы еңбегiнiң өтеуiне ешкiмнен ештеңе сұраған жоқ. Тек перзенттiк борышын өтеудi басты мұрат еттi. Үшеуi де 30-ға толмаған өрiмдей жастар. Ертеңiн Қазақстанмен болжайды. Айталық, АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасымен бiлiмiн жетiлдiрiп жатқан Жанарбек Матайұлы Қазақстанға оралып, азаматтығын алып та үлгерген. Бiлiмiнiң арқасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-қа жолдама алды. Кореядағы «Самсунг-электроник» фирмасында қызмет ететiн Бақытнұр Байтел өздерi секiлдi баян-өлгейлiк қазақ жастарының Жапония мен Кореяда, АҚШ пен Ұлыбританияда, Түркияда, Сауд Арабиясында, тағысын тағы әлемнiң жетекшi оқу орындарында бiлiм алып жатқанын айтады. Ал, олардың көбiнiң арманы бiлiмiн Қазақстанда жүзеге асыру. Бiз бiлiмдi де бiлiктi жастарды Қазақстанға тартып, олардың интеллектуальдық қуатын пайдалануға құлшынғанның орнына жалған ақпарат таратумен айналысудамыз. Қабылсаят мырзаның бұл мәлiмдемесi оның қазақтың көшiн көгертудi емес, керi шегертудi мақсат тұтатындығын дәлелдесе керек.
Бiз осы мақаланы жазу барысында Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Қабылсаят Әбiшев мырзаға хабарласып, бұндай деректi қандай ақпарат негiздерiне сүйенiп айтқандығын сұрадық. Төраға мырза мәселе жалпы Моңғолиядағы қазақтар немесе бұған дейiн келiп орнығып алған зиялы қауым тұрғысынан айтылып отырған жоқ дейдi. «Мен тек Көқшетау қаласының Қызылжар ауылына келген оралмандар туралы айтып отырмын. Онда 275 отбасы қоныстануы керек едi. Қазiр 159 отбасы қоныстанды. «Нұрлы көш» бағдарламасының негiзi бойынша ол отбасылар айына 30 мың теңге төлеп тұруы қажет. Алайда, олардың арасында бұл қаржыны төлейтiндей мүмкiндiгi барлары жоқ. Тек 3 отбасы ғана бiзбен келiсiмшартқа қол қойды. Қалғандары биылғы жылы Қызылжарды қыстап шықты. Ал, оларды жұмысқа орналастырайық десек, бiлiктiлiгi жоқ болып отыр. Соның салдарынан оларға лайықты жұмыс таппадық. Осы 159 отбасының iшiнде 27 моңғолиялық қазақ бар. Олардың 98%-ында арнайы бiлiм жоқ. Олардың арасында инженерлер де, дәрiгерлер де жоқ. Бiзге 40 дәрiгер керек. Сол себептi де, қалған 116 үйге орналасуға ниет еткендердi қабылдай алмай отырмыз. Қызылжардағы үйлердiң ақысын төлей алмай отырғандарды не шығару керек, не үкiмет оларға «бұл үйлер тегiн берiлсiн» деген Қаулы қабылдауы тиiс. Онсыз жағдай қиын. Жалпы, «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге аспайтын түрi бар. Орындалғаны Қызылжардағы жоба едi, оның жағдайы мынау. Менiң бiлуiмше, жалпы келген оралмандардың жоғары бiлiмдiлерi 5-ақ пайыз» дедi ол телефон арқылы берген жауабында.
Есенгүл Кәпқызы