ГҮЛГЕ ҒАШЫҚ ЖАН БОЛАТЫН

ГҮЛГЕ ҒАШЫҚ ЖАН БОЛАТЫН

ГҮЛГЕ ҒАШЫҚ ЖАН БОЛАТЫН
ашық дереккөзі

Анасын жоқтаған өлеңiмдi Алматыдан поштамен жiбердiм. Телефонмен алғысын айтты. Өлеңiм көп қағаздың арасында жатқан шығар.

— «Жылы суда» шипажай аштым. Келiп суға түсiңiз. Туған жердiң топырағы ем болар, – дедi ол. — Қалта жұқа, қол келте ғой,— деп едiм. — Келiңiзшi, келе берiңiз. Туған жердiң суы, топырағы жараңызды жазып жiбередi,— дедi. Соңғы сөзiмiз «туған жердiң топырағы» болды. Жұмысты тез бiтiрушi едi. Ол «Түркiстан» газетiнiң шын жанашыры болатын. Бұл жолы да асығыс екен. Көз көрмес, құлақ естiмес жаққа асығыс кетiп қалдың ғой, досым. Көзi тiрiсiнде Әбдiғаппар Серiкбаевпен достығын әркiм мақтан ететiн. Өйткенi, ол достыққа берiк, гүлге ғашық жан едi… Жетiсай тарихы — Қапаш бар кездегi және Қапаш кеткеннен кейiнгi тарих болып қалады. Себебi, бiр өзi бiр ғылыми институттың жұмысын атқарған М.Әуезов сияқты, Қапаш та тұтас ауданды көркейттi. Және әшейiн «там салғыш» емес, әсемдеп, әрлеп кiлемге қондыратын кестегердей еуразиялық архитектура үлгiлерiн шөлге гүл етiп орнатқан маман. Сондай шеберлiктiң бiрегейi, арпа iшiнде бiр бидайы — «Жетiсай» шипажайы. Үндiстандағы Тәж-Махалды сүйгенiне арнап салған Акбар Жаһаншах — «Алла жұмағының жердегi көшiрмесiн жасаймын» деген екен. Мырзашөлдiң қара қарғаның миы қайнайтын шiлдесiнде гүлбақты шөлге орнатып, асты тақтай, үстi тақтай, ортасы шылдырмақтай салулы төсек салқын үйлер, қазiргi тiлiмiзде санаторий салған ердiң еңбегiн қалай бағаламассың. Үндiлер пiлдi жақсы көрсе, Қапаш қабырғаға да, ыдыстарға да тұқымың өскiр түйенiң суретiн салыпты. Төс табаны тiлiнсе де, шөлден жаны көзiне көрiнсе де жұмысын бiтiрмей ас iшпейтiн, белi былқ етпейтiн, сiрi сексеуiлдей төзiмдi түйедей шыдамды едi ғой Қапаштың өзi де! Бiрақ, әлемге мәлiм дәрiгер Әбу-Әли Ибн-Сина өлгелi жатқанда шәкiртi: — Сiз кеткен соң, бiз қайтемiз, кiм бiзге жәрдем бередi, адамдарды қайтiп емдеймiз? — десе керек. Сонда ғалым: — Бiз кетсек түйе бар ғой,— дептi. Еңбегi, сүтi, етi – мың да бiр ауруға ем екендiгiн айтқан екен. Өзi де көп оқитын, кiтап жазған Қапаш түйе суретiне қызыққанда – халыққа мың да бiр ем болсын деп шипажайын салғанда, ырымдап, тұмар етiп тақты ма екен?! Оны ендi өзiнен басқа ешкiм бiлмейдi! Жетiсайдан таксиге мiнерде: «Жылы суға» — десең «Қапаштың «Жылы суына» ма?» дейдi. Өкiмет қаулы шығармаса да, күндiз-түнi еңбек етiп, мақта өсiрiп жүрген бейнеткеш жұрт — Қапаштан мың қайырым көрген адамдар: «Қапаштың «Жылы суы», шипажайы» деп айтып жүр. Оған да шүкiр! Халықта бiр сөз бар ғой: «Қой асығы демеңiз, қолыңа жақса сақа қой, Жасы кiшi демеңiз, ақылы асса аға қой» деген. Басқада жұмысым жоқ, өз басым Қапаштан кiшi болса да көп үйрендiм. Ненi? Бүгiнгi iстi ертеңге қалдырмауды. Бизнесте сөзде тұруды. Адамына қарап жағдайласпай, жағдайына қарап адам тануды, тағы басқаларды. Анасының қолынан дәм таттым. Қыздарына аға болып, батамды бердiм. Мен ол туралы мақалаға «Арманы ат басындай жiгiт» деп ат қойдым. Қапаш күлiп: — Мәке, ат басындай алтыны бар — деп, ел шулап жүрмей ме? – дедi. Мен әдейi үндемедiм. Бұл сөздi мен Д.Қонаевтан естiп едiм. Қазақта екi сөз бар екен. Бұл: «Әйелдiң iшiнде ерттеулi ат бар». «Арманы ат басындай жiгiт», деген. Iшiнде ерттеулi ат бар деп — ұл табатын әйелдi, арманы ат басындай деп — ұлы жоқ жiгiттi айтады. Арада жылдар өттi. Айдай сұлу Айнаш елдi қуантты. Бiрiншi өзiм қуандым. Жiгiттiң қос қанаты қос ұлы, ел тiлеуiнен жаралған қос Сұлтаны құдайға шүкiр, көз қуантып өсiп келедi. Қапаш артында iзi бар, ұлы мен қызы бар, немерелерi қалың қара орман, елi ұмыта қоймайтын қазақ қой! Шипажай алдындағы роза гүлдер суға қанған түннен соң қып-қызыл болып бой жетiп қалыпты. Құтылардағы ақ-сары, көкшiл гүлдер де құдашалардай әдемiленген. Шипажай гүлдерiне де, ағаштарына да, тас ескерткiштерiне де, орындықтарына да «көз тимесiн» деп тiледiм. Шiлдеде жанның рахатына бөленiп демалып жатқан қарағандылық Қызбала Алпысқызы, жетiсайлық Ысқақова Арапкүл, ел ардақтысы Төлеген Амановтың жұбайы Алтын Жақсылыққызы шипажайды аралап, естелiк суреттердi көрiп жүр екен. Ендi Қапаштың ел үшiн жасаған еңбегiн шипажай сипатынан көрiп, «Игiлiк» ауылының тұрғыны Алтын жеңешем айтқан сөз ананың ақ алғысындай естiлдi. – Ең болмаса, Қапаштай алтын азаматқа Алла тағы он жыл өмiр бергенде халық үшiн қанша игi iстер орындалған болар едi-ау. Әр ауылдан осындай жiгiттер шығып, елге етене тiрлiк iстесе ел гүлденер едi ғой. Бұрын да аты шыққан Мақтарал атағы бұрынғыдан да асқақтар едi. Әттең, өмiрi қысқа болды да! – Ағаштың алуан тұқымдарын әкеп өсiрген екен,— деп сөз қосты қарағандылық Қызбала құдағи…
Мылтықбай Ерiмбетов