Жаңалықтар

КЕРЕКУДI КӨРКЕЙТСЕМ ДЕП...

ашық дереккөзі

КЕРЕКУДI КӨРКЕЙТСЕМ ДЕП...

Ел арасында асыл адамгершiлiк қасиеттi жоғары бағалап, жұрт үшiн жан сала қызмет атқарып жүрген арқалы азаматтарымыз аз емес. Сондай жанның бiрi – Қазақстан электролиз зауытының вице-президентi, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Жұмабек Жөкенұлы Камзин. «Кiсiнi танымақ болсаң, iсiне қара» — деп ғұлама ойшыл Жүсiп Баласағұн айтқандай, ата-баба сенiмiн ақтау үшiн тер төгiп жүрген тарлан азаматтың толағай iстерi осы өңiр жұртшылығының әрқашан назарында. Кезiнде өзi қазығын қаққан электролиз зауытының заманауи талаптарға сай өркендеуiне, Кереку өңiрiнiң қарқынды дамып, өнеркәсiп саласын жоғарғы сатыда индустрияландыруға да аз еңбек сiңiрген жоқ. Жаңа заманға сай инновациялық технологияларды жоғарғы дәрежеде қолдану арқылы сапалы өнiм өндiре бiлген зауыт бұл күнi әлемдi мойындатты десек артық айтпаған болар едiк.

Жұмабек Жөкенұлы аудандық комсомол ұйымының басшысы қызметiн атқарып жүрген кезiнде елiмiз егемендiгiн алып, Кеңес өкiметi кезiндегi ұйымдар ыдырай бастайды. Тәуелсiздiктiң алғашқы кезеңiнде ә дегеннен аяқтан тұрып кету өте қиын болды. Бойында «ұлтым» деп бүлкiлдеген қаны бар ағамыз туған халқының тарихына өзiндiк қолтаңбасын қалдырсам деген ниетпен мешiт салу қамына кiрiстi. Ертеректе Мәшһүр Жүсiп Көпейұлының ұстазы болған Исабек Ишан деген хазiрет өмiр сүрген. Ол жөнiнде Мәшекеңнiң жырларында жиi кездеседi. Арғы аталары Назар, Мұрат Ишан деген әулиелер өткен. Осы әулиелердiң бертiнгi ұрпағы Жандарбек ата iзiн жалғастырған. Аталы сөздiң астарына терең үңiлгендiктен болар, осы кiсiлердiң атын да, хатын да өлтiрмей, кейiнгi ұрпаққа насихаттасам деген арманмен Ақтоғай өңiрiне екi мешiт тұрғызды. Мешiттерге Жандарбек ата мен Бекбау атаның есiмi берiлген. Ағайын үшiн Алланың үйiн аспандатқан ағамыз: «Өзiм құрылысшы да, сәулетшi де емеспiн. Түсiмде қасиеттi бабаларым аян берiп, осы мешiттердiң үлгi-жобасын суреттеп айтып отырды», – дейдi. 2003 жылы әулие аталар тарихын жасап, ғимараттар салу жөнiнде «Әулие ата шапағаты» деген кiтабы жарық көрдi.

Қайсар қыздарымыз бен жiгерлi ұлдарымыздың қадiр-қасиетiн түсiнiп, аттарын өлтiрмей сақтап, сол жолды өмiрлiк ұстанымға айналдыру адал ердiң ғана қолынан келетiн iс. Осы орайда «Батырлар жолымен» атты халықаралық ENRC корпорация жобасы айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Жобаның авторы Жұмабек Жөкенұлының ғибратты iсi келешек ұрпаққа үлгi, ертеңгi күнi ел тiзгiнiн қолына алар жастарға өнеге болары айдан анық. Бұл жобаның мақсаты – Ресей Федерациясының Псков облысында қаза болған қазақстандық жауынгерлерiмiз һәм батырларымыздың басына ескерткiш орнату, ескiрген ғимараттарды қалпына келтiру. Невель қаласын азат етуде асқан ерлiкпен қаза болған Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова, аты аңызға айналған ержүрек барлаушы Әбiлқайыр Баймулдин қайсарлықпен көз жұмған мыңдаған қазақстандықтардың Псков жерiндегi ескерткiштерiн жаңартып, қалпына келтiрiп, бейiттерiне бюст орнату қолға алынуда. ENRC жобасының Ұлы жеңiстiң 65 жылдығы қарсаңында қолға алған iстерi тек бұл ғана емес. 2005 жылы жеңiстiң 60 жылдығына орай Псков облысындағы Бородино биiктiгiнде 28-гвардия панфиловшылардың ерлiгiн қайталаған павлодарлық Павел Дубовойдың жерленген жерiне ескерткiш орнатылды. Сонымен қатар Новосольконикода Әлия Молдағұлованың ескерткiшiн асқақтатып, Нарва мектебiнiң алдындағы Әлияның бюстын жаңарту жөнiнде келiсiм қолға алынды. «2008 жылы Украинада жерленген жерлес батырымыз Серiкбай Мүткеновтiң де атына өз қалтамнан ақша бөлiп анамның айтуымен ескерткiш орнатқыздым», –дейдi Жұмекең. «Қарапайымдылық дегенiмiз – өзiнiң адамдық қадiр-қасиетiн түсiну» – деп П.Буаст айтып кеткен. Адамдық қадiр-қасиетiн көрегендi iсiмен танытып жүрген ұлтжанды азаматтың қайырымды iстерiн санамалап тауысу мүмкiн емес.

Ертеңгi күнiн ел тәуелсiздiгiмен сабақтастырып, саналы ғұмырын сан-қилы салаларға сарп етiп жүрген Жұмабек Жөкенұлының өмiрде өз орнын тауып, еңбегiнiң жануына қолұшын берiп, қиналғанда қасынан табылған Алюминий Қазақстан акционерлiк қоғамының президентi Алмаз Ибрагимовтың достық iлтипаты ерекше. “Әуелде бiрiгiп жұмыс атқаруға шақырған Алмаз ағамен электролиз зауытының iргетасын бiрге қаладық. Бүгiнгi күнi бiрлiкпен өнген iстiң нәтижесi жоғары деңгейге көтерiлiп, Елбасы арнайы марапаттап, омырауыма алқа тақты. Құдайға шүкiр, еңбегiмiз өз жемiсiн беруде. Павлодар зауытында өндiрiлген алюминийге шет елден де сұраныс көп. Жоғары сапалы халықаралық Еуропалық стандартқа сай деген сертификатпен марапатталдық. Ел экономикасының тасын өрге домалату үшiн құлшыныспен жасалып жатқан жұмыс бүгiнде қайнап тұр. Облыстық мәслихат депутаты, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттiк университетiнiң ректоры, көптеген кемелдi iстердiң жанында жүрген Ерлан Арынмен де бiрге талай iстердiң басын ақылдасып шештiк. Жақсылармен жолдас болып, жанында жүру де жаңа iстердi құлшыныспен атқаруға өз септiгiн тигiзедi”, дейдi Жұмабек Камзин.

«Аллаға сенген құстай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады» – деп қазақ халқы бекер айтпаған. «Бүгiнгi күнге жетуiм ең алдымен Алланың, және әулие аталар аруағының шапағатының арқасында» деген ағамыздың тұла бойындағы имандылық қасиетi мен дiни сенiмi қолға алған iсiнiң iлгерi басуына ықпал етiп келедi. Әулиелердi аузынан тастамай, ел-жұртының қамын ойлаған, рухани салада құнды мұрағаттар салғызып, батыр да ержүрек ата-бабаларымыздың атын жаңғыртып, онымен қоса өнеркәсiп саласының дамуында да табанды ерлiк көрсетiп жүрген Қазақстан электролиз зауытының вице–президентi Жұмабек Жөкенұлының еңбек жолы жалпы қауымға өнеге, үлгi болса құба-құп.

Еркебұлан АЛДАБЕРГЕНОВ