ҚЫСҚЫ СПОРТЫМЫЗДЫҢ ХАЛI МҮШКIЛ
ҚЫСҚЫ СПОРТЫМЫЗДЫҢ ХАЛI МҮШКIЛ
Отандық саңлақтарға неге салқын қараймыз?
Ванкувер қысқы Олимпиадасынан соң тарихтағы ең төменгi нәтижемен оралған ресейлiк спорттағы айғай-шудың Қазақстанда да қайталанған сыңайы байқалады. Олимпиададан соң-ақ Мәскеудегi спорт басшылығы алмасты. Ресейдiң жәйi белгiлi, осыған дейiнгi қысқы олимпиадалар барысында екiншi, үшiншi орындардан төмендеп көрмеген көршiмiздiң биыл алғашқы ондыққа әзер iлiккен жағдайы бар. Қазақстан үшiн армандай көрiнетiн осы алғашқы ондық спорттық держава үшiн, әлбетте – қорлық.
1998 жылғы Владимир Смирновтың алтынынан соң биыл Хрусталеваның күмiс жүлдесiн алтынға пара-пар деңгейде әспеттеп отырмыз. Көршi ресейлiктердiң қысқы олимпиада нәтижелерiне орай, елдегi спорт басшылығын алмастыруының қазақстандық спорт шенеунiктерiне де әсер етуi заңды.
Олимпиададан соң Мәскеу спорт басшылығын алмастырып жатқанда Астанадағы кейбiр шенеунiктердiң де ұйқысы қашты деп болжау қисынға келетiндей.
Ванкувер Олимпиадасы аяқталар-аяқталмастан Астанадағы үкiмет отырысында Спорт және туризм министрi Темiрхан Досмұхамбетов дәл осындай әрекет жасады. Осыдан он екi жыл бұрынғы Владимир Смирновтың алтынынан соң әр қысқы Олимпиададан әйтеуiр жүлде, онан бетер бас жүлде күтетiнiмiз рас. Бiрақ Қазақстанға ол бақыт жылда бұйырмайды. Ең басты себеп есебiнде отандық қысқы спорт түрлерiнде жергiлiктi кадрлардың тапшылығын, мүлдем жоқ екенiн айтар едiк. Рас, ұлты орыс Владимир Смирнов пен олимпиаданың қола жүлдегерi Владимир Сахнов – өзiмiздiң Бурабайдың түлектерi. Екеуiнiң де «жеген нанын» ақтағаны белгiлi. Самат Мусин деген үшiншi бiр бурабайлық түлектiң де бiраз дүркiреп барып олимпиада босағасына жетiп жығылғанын да бiлемiз.
Қазақстанның солтүстiк өңiрiнде қысқы спорт түрлерi бiршама дамыған. Әрi оның өзiндiк дәстүрi де бар. Өз заманында Бурабай мен Зерендiнiң қақ ортасында Қарашiлiк орта мектебi деген iргелi оқу ошағы болды. Осы мектептегi дене тәрбиесi әскери штурман Көкi Әбутәлiпов деген азаматтың қолына тиюiмен қазақ балалары арасында да спорттық қысқы түрлерiнiң өрiстегенi өтiрiк емес. Тiптi, осы мектептiң бiр түлегi Ажақай Абдрахмановтың алыс қашықтыққа шаңғымен жарысуда одақтық ЦСКА-ның чемпионы болған кезi де өткен. Темiрбек Рамазанов, Базар Қасымов сияқты жiгiттермен қоса Әлия Сұңғатова деген қыздың спорт шеберлiгiнiң нормативiн орындап, айды аспаннан шығарған кезi де болған. Алайда қазақтың ұлттық қысқы спортының бастауы болған сол шаруа қолдаудың жоқтығынан, ақыры, аяқсыз қалды. Әйтпесе, Владимир Смирнов пен Владимир Сахнов сол Қарашiлiктен отыз шақырым жерде жаттығып өскен жiгiттер едi, шiркiн!
Ал қазiргi Қазақстан қысқы спорт түрлерiнiң шетелдiктерге телмiрген жағдайы бар. Осыдан бiрнеше жыл бұрын бiр ғана Астананың өзiнен Невзоров, Однодворцев сияқты шаңғышылардың, Гаврилова сияқты конькишiлердiң шыққаны да белгiлi. Олардың бәрi де қазақстандықтар болатын. Ванкувер Олимпиадасына қатысушылар арасында Любовь Филимоновадан басқа бiрде-бiр астаналық атлет болмады. Оның өзiнде Филимонованың нәтижесi 67-шi орынмен тұйықталды. Осының өзi-ақ отандық қысқы спорт түрлерiнiң мүшкiл халiнен хабар беретiндей.
Олимпиададан соңғы үкiмет отырысында Темiрхан Досмұхамбетовтiң «Халықаралық олимпиадалық комитет пен мамандар бiздiң команданы олимпиадалық қозғалыстағы перспективалы командалардың бiр есебiнде атап өттi» деген сөзi де онша көңiл тыншыта қойған жоқ.
1998 жылғы қысқы Олимпиададан соң қазақстандық хоккей командалары да осынау айтулы бәсекеде бақ сынай алмады. Оның есесiне бес-алты жыл бұрын бiздiң хоккейшi қыздарымыздың деңгейiнен көп төмен болған Словакия қыздары Олимпиаданың басты үмiткерлердiң бiрiне айналды.
Ванкувер Олимпиадасында трамплиннен секiруде Қазақстанға екi-ақ жолдама бұйырды. Бұл 1994 жылғы нәтижеден де төмен. Ал соның алдында қазақстандықтардан көп төмен нәтиже көрсеткен украиндар үш бiрдей жүлдеге ие болды.
Өз заманында петропавлдық Вадим Шақшақбаев деген қазақ жiгiтiнiң олимпиадалық деңгейде өнер көрсетiп, бiршама жетiстiктерге жеткенiн де бiлемiз. Алайда қысқы спорт түрлерiнiң қазаққа жон арқасын көрсетiп тұрғаны өтiрiк емес. Әжептәуiр үмiт артқан Вадим Шацкий айтарлықтай нәтиже көрсете алмады. Керiсiнше, мүмкiндiгi қазақстандықтардан жоғары емес деп есептелетiн чехтар мен корейлерде әжептәуiр iлгерiлеу байқалды. Бiр ғана Чехияның өзi бiр қола, екi алтын медаль иелендi. Ал корейлер үлесiнде үш алтын мен екi қола бар. Қазақстанның биылғы нәтижесi 15 орынмен шектелiп тұр!
Рас, мәнерлеп сырғанаудағы екi жолдаманы иемденген қазақстандық Денис Теннiң жетiстiгiн айта кету керек. Бiрақ оның да алты жыл бойы мәскеулiк мамандар қарамағында жаттыққанын ұмытпауымыз керек.
1998 жылы қазақстандықтарға алтын сыйлаған алыс қашықтықтағы шаңғы жарысында бiрден-бiр жақсы көрсеткiш Алексей Полтараниннiң үлесiнде. Алайда бесiншi орын Полтараниннiң мүмкiндiгiне де сәйкеспейдi.
Күнi кеше өткен Ванкувер олимпиадасының бiр ақиқаты бар. Онда биатлонист Елена Хрусталева күмiс жүлде алды. Алайда оны да таза қазақстандық спорттың жетiстiгi деу ақиқатқа келмейдi. Спорт және туризм министрiнiң үкiмет басшысына он екi жылдан соң қол жеткiзген олимпиада жүлдесi туралы қуана отырып хабарлауы онша қисынға келмейтiндей. Ақиқатында, Елена Хрусталева – қазақстандық спортқа сырттан қосылған ресейлiк легионер. Ол Қазақстан құрама командасына 2006 жылғы Турин олимпиадасынан кейiн ғана келедi.
Жалпы, қазақстандық спортшылар есебiнде ел намысын қорғап жүргендердiң қатарының күн санап өсiп бара жатқаны ащы шындық. Әрi ол тек қысқы спорт түрлерiнде емес, басқа да спорт түрлерiнен анық байқалады. «Астана» велокомандасын бұл күнде бүкiл әлем бiлiп отыр. Оның да тiзгiнi испандық легионер Контадордың қолында. Ал қазақстандық теннистiң ерлер және әйелдер жұптарының ресейлiк тегiн де ел тұтас бiледi.
Мұндай жағдай, әсiресе, қазаққа жон арқасын берiп отырған қысқы спорт түрлерiнен айқын байқалады.
Жоғарыда Владимир Смирнов пен Владимир Сахновты берген отандық спорттың өрiстеген тұсы Бурабай мен Зерендi аймағындағы қазақ ауылындағы қысқы спорттың өз заманында қатты өрiстегенiн атап өттiк. Алайда сол үрдiстiң аяқсыз қалғаны өкiнiштi. Әйтпесе ол өңiрде табиғи шаңғы жолдары мен трамплиндер, қысқы спорт түрлерiнiң бәрiне ыңғайлы жағдай әлi де бар. Тек соны қолға алатын басшы мен қамқорлық жетiспейдi.
Жергiлiктi қазақ спортшыларын тәрбиелеп, қазақтың қысқы спорт түрлерiн қалыптастырғанша мемлекеттiң ақшасына сүйенiп, шеттен спортшы жалдаудың толастар түрi байқалмайды. Барлық мемлекеттер отандық спортшыларын көтерiп, тәрбиелеу үшiн ақша аяп отырған жоқ. Ал Қазақстанда қысқы спорт түрлерiне келгенде ұлттық кадрлар дайындау мәселесiнiң қамқорлықтан ада екенiн ел тегiс бiледi.
Елена Хрусталеваның Ванкувердегi күмiс жүлдесi мен испандық Контадордың веложарыстағы нәтижелерi патриоттық мүдденi қанағаттандыра ала ма? Қанағаттандыра алмайды! Отандық спортқа келгенде ел арасында осындай да дүдәмал сауалдар көп…
Өмiрзақ МҰҚАЙ