Жаңалықтар

ТЕЛЕДИДАРҒА ЖАН-ЖYРЕГIМДI БЕРДIМ, – дейдi белгiлi тележурналист Гүлмәрия Барманбекова

ашық дереккөзі

ТЕЛЕДИДАРҒА ЖАН-ЖYРЕГIМДI БЕРДIМ, – дейдi белгiлi тележурналист Гүлмәрия Барманбекова

ОЛ – мергендiк спортымен айналысқан тұңғыш қазақ қыздарының бiрi.

ОЛ– қазақ тiлiнде спорт тақырыбында эфирге шыққан тұңғыш қазақ қызы. ОЛ– тұтынушы тақырыбын тұңғыш қозғаған республикадағы "САПА" телебағдарламасының авторы әрi жүргiзушiсi. ОЛ – ең алдымен шығармашылықты қоса алып, тыңдарман мен көрермен көңiлiнде жүрген журналист қана емес, әдемi әже, аяулы жар, АНА… Иә, бiз әңгiме еткелi отырған Гүлмәрия осындай жан. Осы бiр шынашақтай ғана жанның сөйлеу мәдениетi мен кербез жүрiс-тұрысына қарап iштей қызықтық. Қызығы мен шыжығы қатар жүретiн шығармашылық топтағы кез келген әйел-журналистердiң қолынан қаламы мен ожауы түспей жүрiп-ақ қыруар шаруа тындырумен бiрге өз болмысын да салауатты өмiр салтына бейiмдеп сақтай алатынына өз басым, шынымды айтсам, қуандым, құптадым да. Сырттай тiлектес болып жүрген онымен әңгiменi қызмет хикаяларынан бастағанды жөн көрдiм. Өйткенi, ғұмырының саналы жылдарын қазақ тележурналистикасына арнап келе жатқан замандасымыздың бұл тақырыпта айтары да мол екенiн iшiмiз сезедi. Сондықтан да көптен көңiлде жүрген кейiпкер-әрiптеспен әңгiме оның шығармашылығынан басталып кеттi. – Әңгiменi өзiңiз ұзақ жылдар қызмет атқарған "Қазақстан" телеарнасы жайлы, жалпы журналистика жайынан бастасақ? – Алпысыншы жылдардың аяғында Жамбылдағы педагогикалық училищенi үздiк бiтiрiп, Қазақ университетiнiң журналистика факультетiне жолдамамен келiп түстiм. Белгiлi телекоментатор Совет Мазғұтов бiрiншi курстан бастап-ақ, қабiлетiмдi байқады ма, жүргiзушiлiкке бейiмдедi. Университет бiтiрген соң, бiр жылдай Қазақ радиосында жүрдiм де, 1980 жылдан бастап Қазақ теледидарының спорт редакциясына спорт жүргiзушiсi болып қызметке орналастым. Спорт комментаторы бола жүрiп, талай бүкiлодақтық чемпионаттардан тiкелей репортаждар дайындап, гимнастшылар Сәуле Барлыбаева, Қарлығаш Қалиева, альпинист Зәуреш Айтмұқанова сияқты қазақтың спортшы қыздары жайлы "Жарыс жолында" атты очерктер жинағымды жарыққа шығардым. – Әсiресе, өзiңiз жүргiзген авторлық "Сапа" телебағдарламасы әлi күнге ел аузында… – Қазақ теледидарында қызмет ете жүрiп, денсаулық, қоғамдық-саяси, әлеуметтiк тақырыптарға қомақты хабарлар әзiрледiм. 1995 жылы тұтынушы тақырыбын қозғаған республикадағы тұңғыш "Сапа" авторлық бағдарлама дүниеге келдi. Тұтынушы деген ұғымның өзi ел санасына ендi-ендi сiңе бастаған кез. Теледидар үшiн мүлдем тың тақырып едi. Телеэкрандағы "Тамаша", "Айтыс", "Қымызхана" бағдарламалары сияқты "Сапаның" да ғұмыры ұзақ болды. Он жыл бойына көрерменнiң көзайымына айналды. Бағдарламаның дүниеге келуiнiң өзi бiр қызық. Сол жылы (1995 ж) Стамбулда өткен "Әлем және нарықтық экономика" деген тақырыптағы семинарға iссапармен бардым. Телеоператор екеумiз түрiк базарының көрiнiстерiн түсiрiп келе жатқанбыз. Кенет бiр сөздердi тоқтаусыз қайталаған жас баланың шырылдаған даусы естiлдi. Құжынаған халықтан көрiнбейдi. Бiрақ даусы құлақ жаратындай. Солай қарай ұмтылдық. Шамамен 6-7 жасар ер бала екi көзiн тарс жұмып алған, қолында ерлердiң iш киiмi… "Мынандай iшкиiм жалғанда жоқ. Киген де арманда, кимеген де арманда. Бағасы су тегiн" деп отыр деп аударды тiлмаш. Мен жағамды ұстадым. Ол кезде бiздiң елде бiрен-саран "жанынан түңiлгендер" болмаса, сауда дегеннiң не екенi қалың көпшiлiктiң қаперiне кiрiп шықпайтын. "Спекуляция" деп намыс көретiн. – Түк таппағандай балаға дамбал сатқызғаны несi екен? – дедiм тiлмашқа. – "Ходовой" тауар! Пайдалы, күнiне кем дегенде 50 доллар табады,– дедi ол орысша-қазақша араластырып. Мен дереу есептей қойдым, он күнде 500, ал отыз күнде 1500 доллар! Елге оралғаннан кейiн де әлгi баланың даусы көпке дейiн құлағымнан кетпей қойды. Көп кешiкпей маған да ел аузына iлiге қоймаған, "қаны жерге тимейтiн" өзектi әрi көрермендерге "ходовой", бәсекелестердi жер қаптыратындай, тақырып өзгешелiгiмен "шыңғыра айқайлап тұрған" хабар ойлап табуға тура келдi. Жаңа келген басшылар редакторларды "арқаларынан басып" iрiктеп, циклды хабарларға тендер жариялап жатқан. Әрiптестерiмнiң арасынан менiң идеямды түсiнiп, қолдау көрсететiн редактор таппай, бiраз бұрын зейнетке шыққан, маман ретiнде өзiм пiр тұтатын Фируза Перзадаеваға барып ақылдастым. Ол ризашылығын бiлдiрiп, жиған-терген мол тәжiрибесiн ортаға салып, бағыт-бағдар бердi. Нарықты да, бәсекелестiктi де қалыптастыратын, экономиканы қозғалысқа түсiретiн күш тұтынушы екендiгiн қоғамның өзi мойындап үлгермеген шақ. Ал, "тұтынушы құқы" деген атымен жат құбылыс болатын. Аталмыш тақырып басқа бұқаралық ақпарат құралдарының бiрiнiң қаперiне кiрiп-шыққан емес. Мiне, осы тақырыпқа жоба жасап, тендерге тапсырдым. Есiмде, 12 адамнан құралған комиссия бiр ауыз сұрақ қоймастан, жобаны қабылдап, қала бердi, бiр аптадан соң, 1995 жылдың 19 қарашасы күнi жаңа жоба эфирге шықты. Алты жылдан кейiн "САПА" менiмен бiрге "Алматы" телеарнасына ауысты. Өкiнiшке қарай, он жыл эфирден түспей келген хабар жаңа басшылар келiп, оның форматының өзгертiлуiне байланысты тоқтатылды. Құрылым жаңарып, арна концепциясы түбегейлi өзгергесiн, iрi көлемдi хабарлардың бәрi жаңа стандартқа сай болмай қалған едi. Ал, тақырып өзектiлiгiн әлi жоғалтқан жоқ. Мысалы, осы күнi "Қазақстан" телеарнасында дайындалатын "Халық бақылауы" хабары "САПА" -ның заңды жалғасы деп айтуға әбден болады. Мазмұны сол қалпы да формасы ғана аздап өзгертiлген. Әттең, дәп бүгiнгiдей техника сол кездерi қолымызға түссе ғой… Тау төңкерер ме едiк… Көп идеялар басқа келедi… "Алматы" телеарнасында бес жылдай қызмет iстедiм. Сол жерде жүргенiмде елiмiздегi iскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсенбаева "Businesswomen.kz" деген журналдың қазақша нұсқасына редактор болуға ұсыныс жасап, телеарнамен қоштасуға тура келдi. Сосын "Сұлтан" деген журнал шығардық та, сол жерден зейнеткерлiкке шықтым. Қазiр үйде, немерелерiме бас-көз болып, арасында жеке шығармашылығыммен айналысып дегендей, демалу дегеннiң не екенiн жаныммен сезiнiп, тiрлiк кешiп жатқан жайым бар. Шүкiршiлiк, ( тiл-аузым тасқа, ғұмырлы болсын) жалғыз ұлым бар, жағдайымды жасап отырған сол. Қызымыз – Рауанамыздың ғұмыры қысқа болды, Алла тағалам өзi бердi өзi алды. Бiрақ бiр өкiнiштiсi, артында тұяқ қалмады. Екi бiрдей немерем анасымен бiрге жол апатынан қаза тапты… Ауыр қасiреттi көтере алмай иiлiп кетер жағдайымды сезген ұлым: " Өмiрбақи қызмет iстедiңiз, зейнетке шыққан күннен бастап әкем екеуiңнiң жағдайыңды өзiм жасаймын, демал, сергi, жазмышқа амал жоқ" деп жұбатты. Содан барып еңсе көтерiлгендей. – Өмiрден ерте озған танымал тележурналист Бейбiт Құсанбековтiң Сiздi "Қазақ теледидарының Еңлiкгүлi" деп бағалағанын өзiңiздi танитындар жақсы бiледi… – Қазақ теледидарының өзi 1958 жылы өмiрге келдi ғой. Соның алғашқы 30-40 жылдық дәуiрiнде тележурналистердiң тұрақты толқыны қалыптасып келдi. Осы күнгiдей бiрi келiп, бiрi кетiп сапырылысып жатқан емес. Мысалы, бiздер өзiмiздiң алдымыздағы Сұлтан Оразалин, Қажы Қорғанов, Ғұсман Игiсiнов сынды шешен де шебер телекомментаторларды пiр тұтып өстiк. Ләскер Сейiтов пен Мәриям Айымбетова экранға шыққанда аузымызды ашып, көзiмiздi жұмып тыңдайтынбыз. Солардан үлгi алуға тырысатынбыз. Ал, Бейбiт мен қатарлы толқынға қарап түзелдi, шыңдалды. Содан болар осындай баға бергенi. Бiздiң заманымызда бағаны көрерменнiң өзi қалыптастыратын. – 30 жылға тарта уақыт теледидар саласында қызмет еттiңiз. Теледидар сiзге не бердi, сiз оған не бердiңiз? – Мен теледидарға жан-жүрегiмдi бердiм. Риясыз сүйдiм. Ал оның маған бергенi одан да мол. Биiк мiнберден парасатты ой толғауға үйреттi. Қоғамға иненiң жасуындай болса да пайдасын тигiзетiн, елiн, жерiн, ұлтын, тiлiн, дiлiн құрметтейтiн тұлға қатарына тәрбиеледi. Өмiр сүру мәдениетiне баулыды. Қоғамның қай саласында, қандай тiрлiк атқарып жүрсек те, әйел-қайраткерлердiң отбасы, ошақ қасындағы, бала тәрбиесiндегi мiндетi ұшан-теңiз екенiн тағы бiр еске түсiре отырып, әңгiме әуенiн де осы жаққа бұрдық. – Жолдасыңыз, отбасыңыз жайлы айтсаңыз… – Кенжебек те шығармашылық жолда жүрген елге танымал суретшi. Өнер адамы, бiр-бiрiмiздiң алғашқы сыншымыз да өзiмiз… Менiң жазғанымды ол, оның салғанын мен жаратпай жататынбыз. Ұл мен келiн жеке кәсiпкерлiкпен айналысады. Алуа деген немерем өсiп келедi. Сенбi, жексенбi күндерi атасы екеумiздiң құзырымызда болады. Тақпақ жаттап, ән саламыз, ертегi айтамыз, әйтеуiр демалыс күндерiмiздiң қызығына айналады. – Ал, қалған бес күнде ше? – Қалған уақытта белгiлi бiр күн тәртiбi қалыптасқан. Әр сағатымды жүйелеу – ата қанымен, ана сүтiмен дарыған қасиет. Теледидарда өткен жылдарым көркем дүниелерден алшақтатып жiбердi десем, өкпе артқандық емес шығар. Бұл сала жылдамдықты, жедел ұйымдастырушылықты талап ететiн орын ғой. Көркем шығарма жазуға уақыт болмайды. Өткенде белгiлi жазушы Мағира Қожахметова бiр жазған дүниелерiмдi оқып көрiп, "Сенiң iшiңде бiлдей бiр жазушы тұншығып жатыр. Өзiңе-өзiң обал жасама, ендi сен прозамен айналыс" деп нұсқау бергенде ойланып қалғаным бар. Өмiрде жан сарайыңды риясыз шарлап, жол сiлтейтiн адамның бар болғаны қандай бақыт десеңiзшi! Таңертең мiндеттi түрде жетi-сегiз шақырым жаяу жүру – бұрыннан қалыптасқан әдетiм. Достық даңғылымен қатарласа таудан құлап ағатын кiшi Алматы өзенiнiң бойымен Айнабұлаққа дейiн барып қайтамын. Менi әсем Алатаудың қарлы шыңдары қатты қызықтырады. Мергендiктен гөрi альпинистiк спортты таңдауым керек едi. Ауылда өскен қыз ол кезде альпинизм дегеннiң не екенiн бiлдi ғой деймiсiз. Соның есесiн осы күнi қайтарғандаймын. Өзiм секiлдi "горамандармен" бiрге тау кезiп, сонау Көкжайлауға дейiн серуендеп қайтатын да әдетiмiз бар. Мұндай демалыстың рахатын ешбiр сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн емес. Бiр жасап қаласың. Кенжекең шығармашылық адамы болғандықтан ба, жаны тым нәзiк. Бабын табу керек. Отбасының жанға жайлы аураға бөленгенiн қалаймын. Сәл босасам компьютерге отырып, ойға келген жақсы бiр дүниелердi терiп қоямын. Одан қала берсе, қазiр ақсақалдық жасқа да келiп қалдық, той-томалақ, туған-туыс, дос-жарандардың арасында жиi болуға тырысамыз. Әнге құмармын. Керемет талантым болмаса да, өзiмше жақын-жуықтың тойларында ән шырқайтын да әдетiм бар. – Мергендiк спортты таңдадым деп қалдыңыз… – Иә, спортқа кiшкентайымнан жақын болдым. Он бес жасымнан бастап түпкiлiктi айналыстым. Мылтық атудан СССР спорт шеберлiгiне кандидаттыққа дейiн жеттiм. Тұрмысқа шыққан соң қалды ғой. – Сiзге қарап отырып, белгiлi бiр ақын ағамыздың әдемi бiр келiншекке ұзақ қарап отырып: "Осы сұлу келiншектер неге баланы аз табады екен" деп өкiнгенiне куә болғаным есiме түсiп отырғаны… – Ойыңды түсiндiм. Заман солай болды ма, әйтеуiр, менiң тұстастарымның басым көпшiлiгiнде бiр ұл, бiр қыз туып қоя салу стандартқа айналып едi ғой. Жұмысбасты болдық, пәтерде жүрдiк дегендей. Осының өзi жай сылтау ма деп те ойлаймын кейде. 70-80 жылдардың басты "сыздауығы" басқада болған сияқты. Кеңес дәуiрiнiң жымысқы саясатының салқыны ма екен, сол кездегi естияр деген үлкендерiмiздiң өзi "үйсiз-күйсiз жүрiп, жылда бала туу неңдi алған" дегендей әңгiмелер айтып жататын. Үлкен қаладағы күнкөрiстiң азабынан өз балаларын жеңiлдеткен түрi болса керек… Жас болдық, қызметтiң қызығы болды, бала тәрбиелеуден гөрi, қызу тiрлiктiң буы жеңдi, кейiн өкiнетiнiмiздi ойлап та жатпадық. Жалпы, баланы көп табудың денсаулыққа да пайдалы екенi ол кезде бүгiнгiдей ашық-жарқын айтылмайтын-ды. Тiптi көп бала түгiлi, полигамия мәселесi де жоғары жақтағылардың пiкiр таласын тудырған жоқ па? Қырғызстанда көп әйел алу туралы заң қабылданып кете жаздап барып, бiр дауыс жетпей тоқтап қалды. Бiзде де әңгiме қозғалып, "онда бiз де көп күйеуге шығатын боламыз" деп әйел жолдастар өре түрегелгесiн, ер-азаматтарымыз тырп ете алмай қалды. Алайда әңгiме бұл мәселеге қай қырынан келуде болып тұрған жоқ па. Әйел мен еркектiң о бастағы жаратылысы қайсысына қандай мiндет жүктейдi, соны жете ұғынсақ қой. Африкада әлi күнге дейiн бiр жабайы тайпа бар көрiнедi, бес-алты ағайынды еркек бiр әйел алады. Осы жайды бiзге көшiрiңiз де, не боларын көзiңiзге елестетiп көрiңiзшi… Мұндағыларды Африка тайпасымен салыстыруға болмайды. Қай баласын қай күйеуiнен туғанын бiле алмай анасы дал, тегi белгiсiз балалардың да берекесi бес бидай болмасына кепiлдiк жоқ. Отбасынан береке кеткесiн, қоғам қай оңып жариды. – Әңгiмемiз ендi қызып келе жатқан сияқты?! – Көп әйел алу туралы сөз болса, Мұхаммед (ғ.а.с.) Пайғамбарымыз жайлы айтылып жатады. Тоғыз, ендi бiр деректерде алты әйел алған деседi. Ол, ендi әйелқұмарлықтан емес екенiн түйсiгi бар пендеңiз жақсы бiлуi керек. Мысалы, Айшаны ғана қыздай алған, қалғандарын жесiрлiктен, ауыртпашылықтан құтқару үшiн, асыраушысы ниетiнде ғана алған. Өзiнiң махаббатын осылай бөлiсу арқылы iзгiлiктiң, қамқорлықтың, мейрiмдiлiктiң қандай болатынын ұқтырған. Қазiргi заман азаматтарының бұған ой-өрiсi, сана-сезiмi, пайым-парасаты дайын емес. Әлеуметтiк тұрмыстық жағдайы да көтермейдi. "Бiр тоқты жаратсам, бiр тал жусанды артық жаратамын" деген Алла Тағаланың бұйрығына кiм сенедi дерсiз. Әрi-берiден кейiн миығынан мырс етедi. – Өзiңiз бұл мәселенi журналист ретiнде көтерiп көргенiңiз бар ма? – Осыдан бiрнеше күн бұрын Сұлтан Сартаев ағамызбен кездесiп қалдым. Амандық-саулықтан соң ол кiсi бiрден: "Гүлмәрия, үйдегi iнiшекке ұрпақ өрбiтуге рұқсат бердiң бе?" деп сұрады. Алғашында сұрақтың мәнiн түсiнiңкiремей сасыңқырап қалдым да, лезде осыдан үш-төрт жыл бұрын болған әңгiме-сұхбатым есiме түстi. Сонда мен: "Аға, ұрпақ өрбiту мәселесiне келгенде бей-берекет өмiр сүрiп жатқан азаматтар мен азаматшалар баршылық. Қоғамның осы дертiн көрсек те көрмегендей болып отырғаннан гөрi, осы бiр мәселенi неге заңдастырмасқа. Мәселен өзiңiз секiлдi асыл ағаларымыздан неге көптеп ұрпақ өрбiтпеске?" деп сұрақ қойғанмын. "Айналайын, мына сөзiңдi бiздiң үйдегi жеңгең естiмесiн. Оған мен де, ол да, қоғам да дайын емес. Маған жеңгеңнен басқа ешкiмнiң керегi де жоқ" дедi де ағамыз: " Өзiң қалай, үйдегi iнiшекке рұқсат етер ме едiң" деп қарсы сұрақ қойған. Ендi мiне, заманымыздың өресi биiк заңгерi арада бiраз уақыт өткенiне қарамай, осы бiр әңгiменi еске салып тұр. Кезiнде мәселенi қысқа қайырып қана тоқтатып тастағанымен, жанды жараның бетiн тырнаған дәп сол сауалдың бiрнеше жыл өтсе де, көкейiнен кетпей жүргенi ғой. Кейiпкерiн ұзақ уақыт толғандырып жүретiндей сұрақтар қоя бiлу де журналистiк шеберлiктiң бiр қыры болар-ау. Сонда мен заңгер ағамыздың жауабынан құдай қосқан қосағына деген махаббатын ешкiммен бөлiскiсi келмейтiндiгiн, сезiмге, қарым-қатынасқа адалдығын аңғарғам. Бұл ендi бүгiнгi күннiң заңдылығы! Шынайы махаббаты мен пәк сезiмiн iзгiлiкке, парасаттылыққа жеңдiрiп бәрiне бiрдей қарау, бәрiне бiрдей қамқор болу тек пайғамбарымыздың ғана қолынан келетiнiн ұғынғандай болғам. Ал елдiң бәрi пайғамбар емес қой. – Көп әкеден туған балалар тегiн ажырата алмай әлекке түседi деп өзiңiз айтып отырсыз. Ал бәйбiше мен тоқалдан туған балалардың балдай тәттi өмiр сүрерiне кепiлдiгiңiз бар ма? Әлде тәрбиеге аса көңiл бөлiнген жағдайда бұл мәселенi реттеуге бола ма? – Әрине. Ол үшiн әу бастағы тәрбие ер балалар ұрпақ өрбiту, ал қыздарымыздың тiкелей мiндетi бала туу, оны тәрбиелеу екенiн кiшкентайынан құлақтарына құйып, сiңiру керек. Тегi бiр балалардың қарым-қатынасын табиғаттың өзi реттейдi. Бұл ендi әйелдiң сана-сезiмiне, ер азаматтың парасатына да байланысты. Менiң Сырғатай деген жеңгем перзент көтере алмайтынына көзi жеткеннен кейiн балалар үйiнен он үш жастағы қызды тәрбиелеп, кәмелеттiк жасқа жеткен соң күйеуiне қосқан. Күлтаннан дүниеге келген 7-8 балалардың бәрi үлкен шешенiң тәрбиесiнде болды да, сол кiсiнi "ана" деп өстi. Соғыстан кейiнгi жылдар елдiң бiрде тоқ, бiрде аш заманы. Соның өзiнде менiкi-сенiкi деп бөлмей, қанағатшылдықпен қарын тойғызып, кеңпейiлдiлiк танытып, ұрпақ қамын бәрiнен де биiк қоя бiлген ақылман аналарымыз баршылық. Ер-азаматтың әлеуметтiк жағдайы көтермесе де, «Жаманнан жарты қасық ас қалғанша, жақсыдан тұқым қалсын» деген халықтық сананы қастерлеп, пендешiлiктен жоғары тұрған. Қызғаншақтық, iштарлық, күншiлдiкке жол бермеуге тырысқан. Артында қалар саналы ұрпақ үшiн "Кең болсаң, кем болмайсың" деген даналықты ғұмырлық ұстанымына ұран еткен. – Сонымен, Сұлтан Сартаев ағамыздың кейiнгi кездесуiнде өзiңiзге қойған сауалына не деп жауап бергенiңiздi айтпадыңыз ғой. – Не дейiн. Қоғамдағы шындықты бүкпесiз жеткiзiп әдеттенген мiнезiме басып: "Iнiшегiңiзге баяғыда рұқсатымды бергенмiн. Бiрақ өзi менi сенен басқа ешкiм асырай алмайды деп жүр ғой" дедiм. Осы айтқандарымның дәп бiздiң үйдегi iнiшегiне қатысы болмаса да, ағамыз менiң ненi меңзеп тұрғанымды түсiндi, ләм-мим деп аузын ашқан жоқ. Бiраз уақытқа созылған әңгiме-сұхбаттың соңында Гүлекеңе Қазақ теледидары қайтадан қызметке шақырса, не дер едiңiз деген сұрақты қойдық. – Жо-о-қ,– дедi Гүлмәрия басын шайқап. – Бармас едiм. Бiрiншiден, мүмкiн болса, демалғанға ештеңе жетпейдi екен. Екiншiден, креативтiк көзқарастағы жас мамандар жаңа технологияны жақсы меңгергенiмен, тәжiрибелi ұрпақтың өмiрден жиған-тергенiн ұтымды пайдалана алу даналығын меңгере алған жоқ. Үлкендi сыйлап қастерлеу дегеннiң не екенiн өздерi қартайғанда бiр-ақ сезiнерi өкiнiштi-ақ. Теолог ғалымдардың айтуынша, космостық өлшеммен алғанда адамның ғұмыры көбелектiң ғұмырындай өте қысқа көрiнедi. "Масатыдай құлпырған қайран жастық, қазан ұрмай, қар жаумай солады екен" деп жырлаған халқымыз не деген ақылды едi десеңiзшi. Жалғанды жалпағынан басып, төрткүл дүниенiң түгел түңдiгiн түруге тырысқанымен, осы бiр адами пәлсапаның тереңiне бойлауды мiндет санамайтындарға қарап отырып қарның ашады. Бұл тенденция тек тележурналистикаға ғана емес, қоғамның кез келген саласына тән. "Қарнымның ашқанына емес, қадiрiмнiң қашқанына қиналамын" демей ме. Жастарға өкпе артайын деп отырған жоқпын. Жалпы бүгiнгi қоғамда менменшiлдiк, бойкөкiректiк, өзiмшiлдiк көбiрек көрiнiс тауып бара жатқанынан сескенемiн. Үлкеннiң ақыл-кеңесiн керек етпеген жерде, қадiрiңдi қашырмай ғана жөнiңдi тапқаның әлдеқайда абыройлы тiрлiк дер едiм. Оның үстiне, сүрiнiп-қабынып тiршiлiк кешетiндей, бiр күндiк нәпақа үшiн бiр жылдық ғұмырыңды сарп етiп, жастармен жағаласып-жармасатындай менде қажеттiлiк те жоқ. Құдайға шүкiр, көйлек көк, қарын тоқ. Ұлым айтпақшы, ендiгi жерде тек өзiм үшiн, өзiмнiң жан рахатым үшiн ғана өмiр сүруiм керек деп шештiм. – Әңгiмеңiзге рахмет! Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ