Жаңалықтар

“17 ЖЫЛДЫҚ ҮЗIЛIС” БАЯНЫ

ашық дереккөзі

“17 ЖЫЛДЫҚ ҮЗIЛIС” БАЯНЫ

Сыншы Мұхаметжан Қаратаевтың соңғы аманат-сыры

Кешегi қазақ-совет әдебиетiнiң iргетасын қалаушылардың бiрi, көрнектi әдебиет сыншысы Мұхаметжан Қаратаевтың бұрын еш жерде жарияланбаған, өмiрiнiң соңына қарай келер ұрпаққа аманат ретiнде қалдырып кеткен бұл материалды оның отбасылық архив қорынан тауып, журналист Мұхит Салқынбаевқа тапсырған – әйгiлi қаламгердiң келiнi Жәмила Қаратаева екен. Материал басына ол мынадай қысқаша анықтама берiптi.

«Ата (М.Қаратаев – ред.) өзiнiң ата-анасы, туған жерi, қыс-қыстауы, жаз-жайлаудан тұратын көшпелi ауылы, балалық шағы, алтын ұя – мектебi, арман-мақсаты, зиялы ортасы туралы «Көргенiм мен көңiлдегiм» деген еңбегiнде және де басқа еңбектерiнде жазғаны көпшiлiкке белгiлi.

Ата-енемнiң өнегелi өмiрiнен Тәжiбаев Әбдiлда атаның «Мархума» поэмасы мен «Сөздер» циклынан «Мұхаметжан Қаратаев» атты атақты өлеңi, Елеукенов Шерияздан ағаның «Мұхаметжан-Мархума хикаясы», Бейсенова Шәрбанудың «Бiр махаббат баяны» хикаяттары, Мәзен әжемiз бен енемнiң (деректеуiмен) баяндауынан туындағанын ескерте кеткiм келедi.

Бүгiнгi мақала ғалымның жеке мұрағатынан алынып, жарияланып отыр. Ата сөзге сараң, ойлы кiсi едi. Мақалаға арқау болып отырған кезеңдегi өткен өмiрi туралы сөз болған жағдайда «үзiлiс болды» деп отыратын. Айтуға оңай 17 жылдық «үзiлiс»-тiң қиямет-қайымын ата 12 параққа сыйғызып, аманат қалдырғанына бүгiнгi күнi куәгер болып отырмыз».

Байқап отырсаңыздар, қаламгер материалына ат қоймаған. Оны ешбiр жерге ұсынбағанына қарағанда, тiптi газет-журналдарға жариялайын деп ойламаған да сияқты. Ал бiз материалды (М.Салқынбаев тапсырған) газетiмiзге дайындаған кезде атасынан Жәмила естiген бiр сөздi («үзiлiс болды» деген) тақырып негiзiне алуды жөн көрдiк.

Қалай десек те, бұл материалдың талай шындықтың бетiн ашары сөзсiз.

1934-1936 жылдары Ленинградтың мемлекеттiк Тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасында оқып, С.М.Кировтың қайғылы қазасын бастан кешiп, ендi «Пушкин және Абай» дейтiн тақырыпқа кандидаттық диссертация жазуға кiрiскелi жүргенiмде, Алматыдан телеграмма келдi. Бұл 1936 жылдың қазан айы едi. Телеграммаға қол қойған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Сәбит Мұқанов. Онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң ұйғаруы бойынша менiң Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшылығына белгiленгенiм және осыған орай тез Алматыға жетуiм керек екенi айтылыпты.

Шаттықта шек жоқ. Шақырған соң, сағынған Алматыма жөнеп бердiм. Мұны мен бақытымның алғашқы шырағы деп бiлдiм. Астанаға келiсiмен, өзенге күмп берiп түскендей, әдеби ортаның жұмысына кiрiсiп кеттiм. Қазақстан Жазушылар одағының сол тұста құшырлана iстеп жатқан әрекетi – Александр Пушкиннiң қайтыс болуының жүзжылдығына қызу әзiрлiк едi. Жүзжылдық өттi, жақсы өттi. Ұлы ақынның көп дүниесi қазақ тiлiне аударылды.

Бұл 1937 жылдың жаз айы болатын. Сол-сол екен, содан кейiн сорақы жылдың сұрапыл сұмдығы басталды. Троцкийшiлдер мен бухариншiлдердiң жазалануына байланысты бүкiл Одақ көлемiнде сұмдық дүрбелең соқты. “Сынды, өзара сынды күшейту керек, қырағылықты өршiту керек, троцкийшiл, бухариншiл жауларды құрту керек, герман-жапон бұзақыларын, ұлтшыл-фашист сұмырайларды жою керек” деген сияқты былапыт сөздер жиындарда, баспасөз бетiнде үдеп те өршiп кеттi. Осы науқан жойқын борандай жыл ортасында Қазақстанға жеттi. Маусым айында Қазақстан Компартиясының 1-съезi өттi. Мұнда қырғын репрессияның оты тұтанып жанды да, өртi тез-ақ лаулап кеттi.

Сәл ғана қас қаққандай жеңiл жағдай әлгi сорақы өрттiң қарсаңында, май айында өткен Қазақстан Жазушылар одағының 1-пленумы едi. Онда Қазақ әдебиетiнiң хал-жайы туралы негiзгi баяндаманы Одақтың басшысы Сәбит Мұқанов жасады.

Драматургия туралы – Мұхтар Әуезов, сын туралы баяндаманы – өзiм жасадым. Менiң баяндамам «Қазақ әдебиетi» газетiнiң 16,23,30 мамыр күндерiндегi номерлерiнде жарияланды. Кейiн ол 1959 жылы шыққан «Туған әдебиет туралы ойлар» дейтiн кiтабыма ендi.

Қазақстан Компартиясы пленумынан кейiн, жаз ортасында Iлияс Жансүгiров пен Ғаббас Тоғжанов ұсталыпты. Ол кезде бұлардың не кiнәсi бар екенiн ешкiм бiлмейдi, ұсталса болғаны – “жау” атанады. Солай аталып жатты…

ҚКП-ның маусым айында өткен съезi жұртты халық жауларымен күреске шақырып, соның iшiнде жазушылар ортасын жаулармен күрес жоқ деген желеумен зәбiр сынға алды. Қазақстан Жазушылар одағының партия ұйымы бәрiмiздi жиылыста қырағылыққа шақырып, жаулармен күресуде белсендiлiк жасауға мiндеттеп, тапсырма бердi. Сол тапсырма бойынша мен Жазушылар одағының жауапты хатшысы ретiнде «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң 1937 жылғы 29/VIII номерiне мақала жазуға мәжбүр болдым. Мақаланың аты: «Қазақ әдебиетiндегi авербаховшылдық қалдығын толық жою керек». Авербах деген сөздiң қазақ жағдайына қатысы жоқ. Ол – Москвада қатты сынға ұшыраған РАПП ұйымының жау санаған басшысы. Өзiмше ол кезде партияға үн қостым деп бiлген бұл мақала, шындық тұрғысынан алып қарағанда, шiп-шикi қате екен. Бiрақ кiм бiлген оның сол кезде сорақы қате екенiн?! Кiм бiлген, кеше ғана пiр тұтып, сиынып жүрген жанашыр Iлияс аға Жансүгiров пен сыншы Тоғжановтың ендi аяқастынан жау атанатынын?! 1956 жылғы КПСС XX съезiнен кейiн ғана бiлдiк қой олардың мүлтiксiз ақ, адал екенiн ашық та батыл айта алатынымызды.

1937 жылдың күз айында С.Сейфуллин мен Б.Майлин ұсталды. Сталинизмнiң зобалаңы қазақ даласын, әсiресе әдебиет ортасын қаптай түстi. Сол жылы декабрь айында Жамбыл бастаған делегация құрамында Кенен Әзiрбаев, Тайыр Жароков, Павел Кузнецов және мен Тбилисиге бардық. Мақсатымыз – Шота Руставелидiң «Жолбарыс терiсiн жамылған батыр» дейтiн поэмасының 750 жылдық мерекесiне қатысу. Мерекенiң барлық шарасына қатысып, Алматыға 1938 жылдың январында қайттық. Қайтарда Москваға соғып, КСРО Iшкi iстер министрi Н. Ежовтың қабылдауында болдық. Соның нәтижесiнде осы жылы май айында Жамбыл ақындығының 75 жылдығын тойлау жөнiнде шешiм қабылданды. Алматыға қайтып келген соң Жамбыл юбилейiнiң дайындығына шұғыл кiрiсiп кеттiк. Сол тұста, март, апрель айларында Х.Есенжанов, З.Шашкин, С.Камалов, т.б. жас жазушылар ұсталып жатты. Соның қарсаңында «Казахстанская правда» газетiнде менiң «Джамбул у Ежова» деген мақалам шыққан.

Бiр күнi менi Хамидуллин деген НКВД қызметкерi шақырды. Бардым. Сұрағаны: «Байшыл-ұлтшыл ұйымға қашан кiрдiң?», «Ежовқа неге кiрдiң?», т.т. осындай мылжың сұрақтар. Мен ешқандай ұйымды бiлмейтiнiмдi, ешқандай ұйымға кiрмегенiмдi айттым. Ежовқа кiруде басқа ниет болған жоқ, Жамбылмен бiрге қабылданғанымды түсiндiрдiм. Бiрақ түсiнбептi, тағы да әлденеше шақырып, бiрде Катков, бiрде Павлов деген НКВД қызметкерлерiне апарды. Бәрiнiң ежiктеп қайталап сұрайтыны – бiр-ақ бәле, бiр-ақ жала. Айтатындары: “мойындасаң, саған тимеймiз” деп уәде бередi. Бiрақ, мен бiрде-бiрiн бойыма жуытпадым. Сөйтiп жүрiп, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы рөлiнде Жамбыл мерейтойын мамыр айында, әуелi Жамбылдың туған жерi – Қаракәстекте, кейiн Алматыда өткiздiк. Той өтiсiмен маусымның басында, бiр күнi Ғабит Мүсiрепов екеумiздi партиядан шығарды. Таққан айыбы: Жазушылар одағында отырып “халық жауларын” көрмедi, әшкерелемедi. Партиялығымызды қуынып, Ғ.Мүсiрепов екеумiз бiрге аупарткомға бардық, қалкомға бардық. Аукомда екеумiздiң де партиядан шығарылған протоколымызды бекiттi, ал қалком бюросында Ғ.Мүсiреповтiң шығуын бекiттi де, менi партияға қайтып алды. Бұл 5 тамыз күнi болатын. Осыдан бес күн өтiсiмен, 11-тамыз күнi түнде НКВД-ның екi адамы келiп, үйдi тiнтiп, менi ұстап әкеттi. Олар: Катков пен М.Оспанов. Сағат 1-де машинамен жеткiзiп, менi НКВД үйiнiң 3-этажындағы Марков дегенге тапсырды. Ол түн ортасына дейiн құйтырқы сұрақтар қойып, тергеуге алды. Бiрақ әзiр қысымға алған жоқ. Әйткенмен, мойындатпай қоймайтынын қатты ескерттi. Содан былай күнi-түнi кезекпен бiрде Марков, бiрде Оспанов, бiрде Хамидуллин, бiрде Катков, бiрде Сыдықов, бiрде Павлов барлығы қосарланып, маған көрсетпеген қысымы мен қорлығы жоқ. Бұл жөнiнде 22 жыл өткен соң, 1960 жылы ақталып, есiмдi жиған соң, әлгi озбырлар тобырын жазалауды талап етiп, Қазақстан Компартиясының басшылығына бастан кешкен қияметтiң бәрiн баяндап, орыс тiлiнде арыз да жаздым. Арыздың бiр данасы әлi қолымда. Онда ұйқы көрмегенiм, таяқ жегенiм, карцерде тұрғаным, сонда аяғымның астына түнi бойы суық су жiбергенi, он саусағыма қаламұш шаншып, тырнағымды ушықтырғаны, анамды балағаттағаны – бәрi жазылған.

Осынау азапта өткен бiрнеше айдан кейiн әскери трибуналға түстiм. Менiмен бiрге түскендер: Бәймен Алманов (КазПИ-дiң бұрынғы директоры), Хамза Есенжанов (Ленинградта, аспирантурада бiрге болған жолдас), Өтебай Тұрманжанов (КазПИ-де сабақ берген, Жазушылар одағында бiрге iстеген жолдас). “Халық жауы” деген айыпты ешкiм мойындаған жоқ. Сырттан келiп, бұларда ұлтшылдық қылықтар болған деп куәлiк еткен жазушы «жолдастар» бой көрсеттi. Олар: Әлжаппар Әбiшев, Дихан Әбiлев, Жұмабай Есбатыров. Бұлардың “халық жауы” деп дәлелдейтiн түгi де болған жоқ. Бос байбалам!..

Әскери трибунал Алмановқа 5 жыл, басқаларымызға 8 жылдан бердi. Сөйтiп 1939 жылдың жаз айларында бiздi Алматының жалпы түрмесiнде ұстап, военный трибуналдың өкiмi бұзылған соң, Семейдiң түрмесiне айдады. Онда бiрнеше ай отырған соң, 1940 жылдың басында бұзылған әскери трибунал үкiмiнiң орнына «Особое совещание» деген тройканың ұйғаруымен 8 жылды өтеу үшiн Красноярск лагерiне айдалдық. Краслагтың Жедорба деген пунктiне «орналастық», орналастық емес-ау, омалдық. Ондағы азапты айтып жеткiзу үшiн тiл де жетпейдi, дым да жетпейдi.

Семей түрмесiнен Новосибирьскiге, одан Канскiге созылған қиян-кескi жолда Хамза Есенжановтан көз жазып қалдық. Канскiде профессор Әлмұқан (Әлiмхан – ред.) Ермековпен ұшырастық. Жылы сөйлестiк, аз уақыт шүйiркелесiп едiк, ажыратып жiбердi. Ертеңiне Өтебай екеумiздi тайганың түкпiрiндегi Жедорба лагпунктiнен бiр-ақ шығарды. Барак толы тобырдың ортасына қалай топ ете түскенiмдi аңғармай да қалдым… Астын-үстiн салған тақтай. Тұтқындар тақтайды сықырлатып, өзара сығылысып жатамыз. Лагерьдiң кәсiбi тоғай қирату, ағаш дайындау, бөрене бiткендi суға айдау екен. Мен де жұрт қатарлы таң сәрiден жұмысқа шықтым. Үш күндей сынған ағаштардың бұтағын жинаумен айналыстым да, ауырып ауруханаға түстiм. Түрме ауруханасының жағдайы қанша ауыр болғанмен, онда да адам жанының адалдығы ауру тұтқынға айрықша жылылық берiп, шипа болатынын өз көзiммен көрдiм, өз жүрегiммен сезiндiм. Оның дәрiгерi Мария Михайловна алабөтен ақжарқын жан едi. “Халық жауы” атанған күйеуi үшiн күйiп келген жiбек мiнездi, бiлiмдi, ары таза әйел менi әлпештеп емдегенiн естен шығара алмаймын. Жақсы адам қайда да жақсы адам екен ғой – туған анамдай көрдiм Мария Михайловнаны. Ол ол ма?! Ауруханада жатқанда Мария Михайловна менi профессор Герцманға таныстырды. Лазарь Ильич Герцман Москвада бүкiл Орта Азияға бекiтiлген маман-экономист екен. Бұл да осы лагерьге “халық жауы” деген үйреншiктi айыппен былтыр он жылға алып келiптi. Қазiр Жедорба лагерiнiң бас бухгалтер-экономисi болып шықты. Мендей дала баласының жастай талпынып, Ленинградқа барғанын естiп, ендi 27 жаста мынадай дозаққа тап болғанын аяп, өзiнiң қамқорлығына алды, арагiдiк өз мамандығынан азын-аулақ бiлiм берiп, көп ұзамай жұмысына көмекшi етiп орналастырды. Мiне, бiр жан сақтаған жерiм осы… Екiншi жан сақтаған жерiм – қайыңның жапырағына бiр актiлi екi пьеса жаздым. Бiрi – «Патриоты», екiншiсi – «Элексир молодости». Бұл тұста мен ауыр қара жұмыстан босатылдым да, соғыс жылдары лагерьдiң мыңдаған тұтқындары күн шықпай жұмысқа жөнелерде мiнбеден сөз сөйлеуге маған ұлықсат етiлдi де, күн сайын көп алдында үгiт сөз сөйлейтiн болдым. Отан үшiн, жеңiс үшiн жақсы iстеуге үгiттедiм жұртты. Бiрақ бұл жағдай жаз айлары өтiп, күз келгенде өзгерiске ұшырады. Өзен ортасында ақпай, тау-тау болып үйiлiп қалған бөрене ағаштарды мұзды суға түсiп жылжыту қажет болды. Бұл ең ауыр, ең сұмдық жағдай едi. Амал жоқ, көндiк, ауырдық. Көп адам қырылып кеттi. Мен бiлетiн бiр топ қазақ жiгiттерi бар едi – бiразы аштан өлдi, бiразы мұзға батып үсiп өлдi.

Мен өстiп, әрқилы жағдайда жүргенде, «Құдай иiп» тыныш отырған тек Өтебай Тұрманжанов болды. Ол – етiкшi, менiң сенген де, сүйенген де жансерiгiм едi. Жұмыстан қайтқан бетте алдымен табатыным Өтебай болатын. Не iшiп, не жесек те, бiрге отырып, бiрге тататынбыз. Сондағы бөле тататын тамағымыз – бiр суткiге беретiн қара ұн мен картопты қосып илеген 400 грамм қара нан мен қатықсыз қара «баланда». Басқа түк те жоқ.

Лагерьде Өтебай екеумiздiң жанымыз жадырайтын жалғыз ғана жай – екеумiзге қысы-жазы келетiн хат-хабар. Сол тұста тұлабойымызды тұнжыратып басқан тұңғиық тұманнан бiр сейiлiп қаламыз. Менiң өз басымның орасан уайымым бала-шағамның тағдыры едi. Олай дейтiнiм, оқып жүрген бес жылдың iшiнде үстi-үстiне пайда болған үш ұлымның үлкенi бесте, ортаншым үште, үшiншiсi жаңа туған нәрестем Мирлан мен үш бөпесiнiң ортасында зар шегiп қалған жұбайым Мархума едi. Мен ұсталғаннан кейiн жанұямды бала-шағасымен үйден қуып, Алматыдан 100 шақырым аулақ тұруға бұйырды. Үйсiз қаңғып қалған олар шұбырып, Жамбыл облысында свеклосовхозға тұрақтаған. Мұны мен үш жылдан кейiн лагерьде хат арқылы естiп, қайғыдан сәл сергiп қалдым. Шиеттей жас балаларымның, әйтеуiр қалайда тiрi қалғанына шүкiрлiк еттiм. Өйткенi, өз басым көрген азап қана емес, жанұямның көрген қиямет-қиянаты едi жанға батқан.

Ақыры, «соғыс бiттi, бiз жеңдiк!» деген қуанышты хабар лагерьге де жеттi. Мәз-мейрам болдық. “Халық жауы” деп қамалғандар жабыла жыластық қуанғаннан. Фашизм құрыды, ендi босаймыз, жарық дүниеге қайтамыз деген үмiт оянды. Сөйтiп осы үмiттi сүйретiп, 1946 жылға да жеттiм-ау. 1946 жылдың 11-тамыз күнi менiң 8 жылдық срогiм бiткен күнi лагерь бастығы шақырып алды да: «Босандың, ендi қайта бер. Қайда барасың? – деп сұрады. «Жамбыл қаласына!» – дедiм. Сол күнi баяғы Канскiге әкелiп, «500 вшивый» дейтiн поезға отырғызды да Новосибирьскiге жөнелттi. Новосибирьскiден төрт суткi жүрiп Жамбылға жеттiм. Қарсы алған ешкiм жоқ. Өйткенi, ешкiмге хабарлап үлгiрмегенмiн.

Қолымдағы қоқтық-соқтық салған қоржынымды камерахранениеге өткiздiм де, “қызылша совхозы қайдасың?” деп, солтүстiк шығысқа қарай жаяу тарттым. Шаршап-шалдығып, үш сағаттай уақыт жүрiп, совхоздың жүгерi жинап жатқан алаңына жеттiм-ау, әйтеуiр, «уһ» дегенде. Алаңда жұмыс iстеп жатқан ылғи қатын-қалаш екен. «Қаратаева Мархума деген әйелдi қайдан табуға болады?» деп сұрап едiм, бiреулерi: «Қашан оның бұл жерден кеткенi» – деп жауап қайырды. Тағы бiреуi: «Менiң естуiмше, «Болат қосшы колхозына» – дедi. «Оны қайдан iздеймiн?» – деп тұтығып тұрғанымда, сақылдап сөйлейтiн бiр кексе әйел: «Оны таба алмайсың, шырағым. Анау бiр төбешiктiң арғы жағында Мейiрман дейтiн стахановшы шал тұрады. Соған барыңыз. Ол бiледi, жөн сiлтер» – дедi. Митыңдап жүрiп Мейiрманды таптым. Аты-жөнiмдi айтып едiм, бiле қойды – сырттай қанық екен: «Қазiр, қазiр! – деп дедектедi де, мына келiнiм ертiп барады» – деп жақсы шырай танытты. Емшекте нәрестесi бар Күмiсай дейтiн жас келiншек екен, баласын иығына салып алып, алдыма түстi. «Болат қосшы» қаланың оңтүстiгiнде 10 шақырым жерде боп шықты. Туған iнiм Кәрiм Қожаспаев сол калхоздың мектеп директоры боп орналасқан соң, Мархума үш баласымен сонда ауысыпты. Мектептiң iшiнде қалай қауышқанымызды айтуға тiл жетпейдi. Құшақтасқанда көзден жас та шықпай сiресiп қалыппыз.

Сонымен, тәубе, тiрi қалдық, қуандық. Бiрақ, жұмыс жоқ, жататын жай жоқ, әйтеуiр Кәрiмнiң көмегiмен мектептiң бiр бүйiр бөлмесiне тығылдық. Ес жидық, ендi не iстеу керек? Тапқаным – Алматыға аттану болды. Бардым. 1946 жыл. «Ұлы көсем» әлi тiрi. Соғыс бiткелi бiр-ақ жыл болған. Аңсап барған астанамда да үй-жай жоқ, прописка жоқ, жұмыс жоқ. Алай жүрдiм, бұлай жүрдiм. Нәтиже жоқ. Бiр күнi жол түсiп, Қазақстан Ағарту министрлiгiне барсам, қабылдап жатқан өзiмнiң ҚазПИ-де бiрге оқыған, комсомолда бiрге жүрген жолдасым Әди Шәрiпов боп шықты. Ол менi жарқын жүзбен қабылдады, партизандық батылдығымен Жамбылдың педучилищесiне жолдама бердi. Әдидiң мейiрiмiне ризалығымды бiлдiрдiм де, сенiмiн ақтауға уәде бердiм.

Жамбыл педучилищесiнiң директоры Жұмаш Кадиәлиев жылы қарсы алды. Үй бердi. Барлық курста қазақ әдебиетiнен лекция оқитын болдым. Бұл 1947 жылдың сентябрi едi. Маған деген жаңғырған сенiм, директордың iзеттi, iңкәр көзқарасы тез-ақ сергiттi де сейiлттi. Сондықтан оқушыларға әдебиеттен қалайда қанағаттанарлық бiлiм беруге қайрат жасап бақтым. Алғашқы қадамның қарымы байқала бастады.

Өстiп жүргенде бiр күнi Ленин атындағы орта орыс мектебiнiң директоры Юрченко училищеге келiп: «Бiзде қазақ тiлi сабағы жөнге қойылмай жатыр. Уақыт тауып бiзге де қазақ тiлiнен сабақ жүргiзуiңiздi қалар едiк» деген соң, iздегенге сұраған дегендей, ойланбастан: «Әбден болады!» – деп қалдым. Айтқаннан қайту жоқ, келiстiм де сабақ кестесiн сәйкестендiрiп, ендi қазақ тiлiнен сабақ беруге мәжбүр болдым. Мұның үлкен қиындығын бастан өткеруге тура келдi. Ол-ол ма, тағы бiр күнi, 1950 жылдың басы едi, менi облоноға (облыстық оқу бөлiмi – ред.) шақырды. Барсам, облононың бастығы Задиннiң кабинетiнде екi-үш адам отыр. Алматыдан, Оқу министрлiгiнен келген бригада көрiнедi. Айтуларынша, бұл бригада Жамбыл атындағы қазақ орта мектебiнде болыпты. Таныса келе олар 9-10 кластың оқушылары шығарма жазуды бiлмейдi деген шешiмге келiптi. Ендеше не iстеу керек дегенге келгенде, қалған 3-4 айдың iшiнде қайткен күнде де үйрету керек, ол үшiн кiмдi тартамыз бұл iске дей келiп, менi атапты. Шақырған себебi сол екен. Тапсырмаға келiссем де, ойлана келе, үш жерде сабақ беру мүмкiн емес екенiн айтқан соң, орыс мектебiнен босатты. Сөйтiп 3-4 айдың iшiнде шығарма жазуға үйрету үшiн сабақтан тыс жұмыстар жүргiзу және сол жазылған шығармаларды түнi бойы қарап шығу қажет болды. Осының бәрiне көнiп жүрдiм, төзiп жүрдiм.

1951 жылы 8-февраль күнi таңертеңгi дәрiстi педучилищенiң 4-курсында оқи сала мұғалiмдер бөлмесiне кiргенiм сол едi, екi кiсi менiмен қабат кiрдi де, жұрттың көзiнше тұтқындау ордерiн ұсынды. Сөзге келгенiм жоқ. «Көрiскенше қош болыңдар, жолдастар!» – деп жөней бердiм. Ере шыққан екеу ентелеп келiп: «Үйiңiзге қарай жүрiңiз» дегенi бар. Екеуi де қазақ. Машиналары жоқ. Шеттеу жердегi бiздiң үйге жаяу жеттiк. Әйелiм, үш балам заматта үрпиiсiп қалды. Ол жерде бұл жердiң бәрiн тiнтiп болған соң, «ал кеттiк ендi!» – дегенде, балалар еңiреп қоя бердi. Соған шыдамады-ау деймiн, тұтқындаушы екi қазақтың үлкенiнiң көзiне жас ұялағанын көрiп қалдым. Он жетi жасар үлкен балам Наркес, шешесi буып берген бiр қап киiм-кешектi көтерiп, түрмеге дейiн бiзге ерiп отырды. Түрмеге тақай бергенде, алдымыздан бiр әскери адам шыға келдi. Менi айдап келе жатқан екеу әлгiнiң алдында қолдарын ербитiп тiк тұра қалды. Қарасам, кәдiмгi М.Оспанов – менi Алматыда алғаш ұстаған екеудiң бiрi. Маған ала көзiмен қарады да, жүрiп кеттi. Кейiн бiлсем, осы Жамбылға жыл бұрын облыстық КГБ-ның бастығы боп келген көрiнедi.

Менi бес адам отырған камераға апарып тықты. Отырғандар – соғыс кезiнде жау жағында болғаны үшiн әуелi атылуға, кейiн 25 жылға кесiлгендер екен. Солардың қатарында бiрнеше ай отырған соң, күзге қарай Сiбiр жаққа жер айдады. Айдаған жерi – Краснояр өлкесiнiң Сухобузим ауданындағы Абакшино деген село болып шықты. Онда менiң мамандығым бойынша ешқандай жұмыс жоқ. Сондықтан сәтi түсiп тигенi – колхоздың бухгалтер-экономисiнiң көмекшiсi. Тұрғын үй жоқ. Тiленiп-сұранып жүрiп, әрең дегенде Семенищева дейтiн жетпiстегi жесiр кемпiрдiң хатасына килiктiм. Кеңседен қолым босағанда, сиырына қараймын, қорасын тазартамын, отынын жарамын. Кемпiр қарапайым болса да, адал, ақ көңiл адам екен, көп ұзамай, мiнез-құлқымыз жарасып кеттi.

Тамыз айының бiр күнi түс қайта, кеңсеге қарай келе жатыр едiм, кеңсенiң алдында жүк машина тұр, үстiнде еркек, әйел аралас бiр шоғыр адам бар. Таяй бергенiмде: «Мұха!» деген әйел даусы шар ете қалды. Қарасам – өз әйелiм Мархума. Жұпыны киiнген. «Вот молодчина! Нашла любимого» – дедi, қол алысып түсiп жатқан егде жастағы аңқылдақ орыс әйелi. Сәлден кейiн машинадағылар «Счастья вам» деп бiзбен қош айтысып жүрiп кеттi. Бiздi көрiп кеңседен Овчаренко жүгiрiп келдi. Ол менiң бухгалтер-экономист жетекшiм. Құшақтасып, көз шайысқаннан кейiн жөн сұрассақ, Мархума көрмеген, бiлмеген сапарға тек пошта адресi бойынша көз жұмып жүре бергенiн, жолда Сухобудизмге келе жатқан поез үстiндегi орган адамының тергеуiне түскенiн, сол күдiктен әрең босағаннан кейiн жалғыз өзi жаяу тайгада келе жатып, аюлардың ортасына түскенiн әңгiмеледi. Сол азаптан кездейсоқ келiп құтқарған әлгi машинадағы iзгi сiбiрлiктер екен.

Сонымен Мархума қолымда екi жетi болып, елге қайтты, колхоз бастығы Карловтың ат арбасымен Енисей бойындағы Атамановаға, одан әрi Красноярскiге жеткiзетiн кемеге отырғызып, шығарып салдым. Мархума кеменiң үстiнде, мен өзеннiң жағасында, бiр-бiрiмiзге қол бұлғап, ол кете бердi, мен қала бердiм. Ендi қайтып көрiсемiз бе, көрiспеймiз бе – ол жағы белгiсiз. Су қараңғы дүние!…

Абакшино сельсоветiнiң төрағасы Г.Пузырев дейтiн қарт комунист кiсi болатын. Бiр күнi менi шақырып алып: «Жолдас Қаратаев, алда үлкен сайлау келе жатыр. Москвадағы академик Б. Митинге дауыс беремiз. Сiз сол сайлау учаскесiнiң төрағасы боласыз» – дедi. Мен бұған iштей таң қалдым да: «Бұл қалай? Мен айдаудағы кiсi емеспiн бе!» – деп қалып едiм, «Жоқ, ол сiздiң жұмысыңыз емес, тез iске кiрiсiңiз» – деп сөздi үзiп жiбердi. «Жазған құлда жату бар ма?» дегендей басымды шұлғыдым да, дайындық жұмысқа жедел кiрiсiп кеттiм. Күтпеген сенiм бiр жағынан рух бердi ме, қайдам, әйтеуiр, ұйымдастыру, үгiт-насихат жұмысына жан сала жүгiрдiм. Сол «жүгiрiстiң» нәтижесi болу керек, депутаттыққа кандидат академик Митин бiздiң участоктан 100% дауыс алғаны бар.

Әйелiм тайгадан Жамбыл қаласына қиналып жеткенi жөнiнде хабарлап жазған. Сирек те болса хат алысып тұрамыз. Елге қайтарда Мархума: «Ендi қалайда көшiп келем, балаларыңды аманында табыс етем» деген болатын. «Ойбай, қалай күн көресiңдер? Жағдай жоқ қой!..» дегенiмде: «Ой, жағдай құрсын, маңдайымызға не жазғанын көрмедiк, көп болса әлi де көре берермiз» – деп жұлқынған болатын. Мен ол сөзге бәлендей мән бермей, iшiмнен: «Әйелдiң әшейiн ашынғанда айтқан сөзi ғой» деп қойғанмын. Ақыры тамыз айының бiр күнi әйелiмнен телеграмма келдi. Бала-шағасымен бәлендей күнi пойызға отырып жолға шығатынын хабарлапты. Семьям келетiнiне әрi қуанамын, әрi қайда жатамыз, қалай күн көремiз деп қиналамын. Не дерiмдi бiлмей, амалым құрып, салым суға кетiп жүргенiмде, жүк машинасымен артынып-тартынып, семьям келiп тұр. Мархуманың қасында – үлкен балам Қайсар 19 жасқа ендi шыққан, кенжем Мирлан 15-те, ортаншым Мирас Новосибирьскiде Темiржол институтында оқиды. Мына келгендерi ол-пұл жүгiмен мен жатқан Елена Андреевна Семенищеваның хатасына тығыла орналасты. Тығыз болса да ақ көңiл Елена Андреевнаның жылы қарсы алуы көңiлге демеу болды. Екi-үш күннен кейiн Қайсар Алматыға, Мирлан Астраханьға кеттi. “Ендi қайтемiз, қалай күн көремiз?” деген уайыммен әйелiмiз екеумiз, бiр айдай селода жүрiп жаттық. Село тұрғындары бiзге жаппай жанашырлық байқатты. Сөйтiп жүргенде сельсовет төрағасы Г.Пузыревтiң ұсынысы бойынша, 1952 жылдың күзiнде, «Таежный» совхозының көршi бөлiмiне экономист-нормировщик қызметiне шақырылдым. Мұның өзi маған деген айрықша сенiм, құрмет секiлдi көрiндi де, қызметтi жан салып iстедiм: күндiз де отырам кеңседе, бастықтарға көз жаздырмау үшiн кешке де отырам жұмыстан қайтқандармен еңбек нормасын анықтау үшiн. Кеңсенiң түпкi бөлмесiне койка қойып алғанмын. Сонда жатам, тамақты жалпы қауыммен қатар асханадан iшемiн. Григорий Пузыревтiң маған деген жанашырлығы совхозға экономист-нормировщик етiп орналастыруының үстiне, совхозда семьяма үй-жай қарастыруға жағдай жасады. Совхоз директоры Дементьевпен кеңесiп, поселкенiң Енисей жағындағы шеткi шекараға балкадан үйшiк салғызуға ұйғарысты. Сонымен, не керек, бiр айдың iшiнде үйшiк түгелдей салынып бiттi де, селодағы әйелiмдi жаныма көшiрiп алдым. Бiздiң үйшiк пен Енисейдiң аралығында үй жоқ, ашық алаң. Осының өзi 16 жыл қуғын, қысымнан кейiнгi азаттық алаңының алғашқы лебi секiлдi сезiлдi.

Сонымен не керек, басымызды ендi құрап, арқамызды сәл-пәл жазып жүргенде көршi Атаманово затонынан телефон соғады бiр орыс әйелi. Не екен деп бiлсем, Красноярскiден кемемен ортаншы балам Мирас келiптi. Қуанғаннан есiм шығып кеттi. Дедектеп барып, атқора күзетшiсiнен жалынып, жалбарынып алған ат-арбаға мiне сала, затонға шаптым. Барсам, арқасында таңған жүгi, қолында сумкасы жымиып тұр екен балам. Баламның iшiндегi бойшаңы осы Мирас едi, үстiндегi, қолындағы жүгiн сыпырып тастап, әкесiн қатты құшақтаған кезде, арадағы телефоншы әйел күлiп: «Әй, әкеңдi өлтiрерсiң!» дедi. Көптен берi көрмеген әкесi мен шешесiн көрген, мүмкiн, көрмеспiн деп те түңiлiп, сағынған Мирас еңкiлдеп, есiркеген күйде бiздiң жаңа мекен-жайымызға жетiп, «уһ!» деп демiн алғаны бар. Арқадағы жүгiн ашып қарасақ, керемет үлкен радио тыңдатқыш аппарат. Студенттiк стипендиясына қосымша жүк тиеп алған жалақысына алған аппарат екен. Әрi баламызды көрiп, әрi халқымыздың сүйiктi әндерiн тыңдап, әбден мәз-мейрам болып қалдық, әйтеуiр. Бiрақ көп болмады, екi-үш күннен кейiн асығып, Новосибирскiге Мирас та кеттi. Одан әрi күнiмiз бен күйiмiз не болмақ деп, үш баладан бiрдей көз жазып, жылап-сықтап мамасы қалды, “болғанға болаттай берiк бол” деп, өзiме-өзiм дем берiп мен қалдым.

Осы күйде 1953 жылдың 3 (5 наурыз – ред.) наурызына жеттiк. «Ұлы көсем Сталин» қайтыс болған қаралы хабар сол күнi-ақ Сiбiрдi де дүр сiлкiндiрдi. Жұрт жапатармағай жылап, еңiреп далада дабыл қақты. Қатардан қалмай күңiренген далаға мен де жүгiрдiм, неге екенiн бiлмеймiн, өзiм де жыладым. Сәлден кейiн ойланып қарасам, бұл да пенделiк екен ғой… “Қылтадай кiнәм, қылмысым жоқ, қыршын жас менi 15 жыл қырғын қияметке душар қылған қанiшердiң өлiмiне неге қуанбаймын, неге құрышым қанбайды? Оның орнына мен байғұс жылаймын… Ой, сормаңдайым-ай!» – деп өзiме-өзiм кiжiнемiн. Содан былай да күн артынан күн, ай артынан ай өтiп жатты. Ешқандай өзгерiс жоқ. Әрбiр күн бейне бiр ай сияқты, әрбiр ай бейне бiр жыл сияқты баяу өтедi. “Дүниеде күткен жаман, қуған жаман” деп халық бекер айтпаған екен дейсiң. Орысша мынандай мәтел бар көрiнедi: «Кто ждет, тот дождется». Дұрыс айтылған. Бiз де күттiк. Ұзақ күттiк. Әйтсе де жеттiк, әйтеуiр.

1954 жылдың тамыз айы едi. Г. Пузырев шақырады деген соң бардым. Орнынан тұрып, қолымды қысты да: «Ну, вот, от души поздравляю тебя, дорогой! Ты свободен теперь, навсегда… Я знал, кто ты есть, когда доверял тебе избирательный участок» – дедi. Маған бұдан қымбат ақтау да, мадақтау да жоқ көрiндi. Көз жасыма ие бола алмай қалдым.

Алдымызда Алматы. Аңсаған, арман еткен астанам. Асығып келемiз. Бiрақ кiм қарсы алар? Қайда түсемiз? Ол жағы мәлiмсiз. Алайда көңiлiмiз көтерiңкi. Не көрмеген басымыз, далада қалмаспыз деп өзiмiзге өзiмiз рух берген боламыз. Бiрi болмаса, бiрi қарсы алар деген үмiтпен бiрең-саран таныс кiсiлерге телеграмма берген едiк, «Үмiтсiз шайтан болсын» дегендей, Алматы вокзалында есек жеккен арбамен бiздi Шектiбай қарсы алды. Ол бiзбен ағайындық қана қарым-қатынасы бар жақын кiсi болатын. Әйелi Жамал, жақын балдызы Роза – үшеуi Седов көшесiндегi бiр бөлмеде тұрады екен. Сол бөлмеге Мархума екеумiз келiп орналастық. Тар болса да Шектiбай мен Жамалдың жарқын көңiлiнен жанымыз жай тапқандай жайғастық. Десек те, тардың аты тар ғой. Жатпай-тұрмай қаланы шарлап, үй- жай iздестiрдiк. Әрi iздеп, берi iздеп ақыры тапқанымыз Ленин көшесiнде тұратын жесiр кемпiрдiң бүйiр бөлмесi, одан кейiн Тянь-Шань көшесiнде тұратын жамбылдық қарттың сенек бөлмесi, сонан соң жеңiл өндiрiс министрлiгiнiң Панфилов көшесiндегi үйдiң бөлек бөлмесi, ақыры, Ботанический бульварда айдаудан қайтқандар үшiн арнайы салынған үйден бiр жарым бөлме тидi. Бұл – 1954-1960 жылдар аралығында жөңкiлiп көшкен мекен-жайымыздың сыйқы. Одан әрi үш жерге көшкенiмiз өз алдына. Ботанический бульвар көшесiнде тұрған айдаудан қайтқандар: Хамза Есенжанов, Зейiн Шашкин, Өтебай Тұрманжанов, Темiрғали Нұртазин, Шәрiп Өтепов, Бекболат Мұстафин, Еркеғали Нығметов, Николай Кузич.

Тағдыры бiр, қонысы бiр көршiлер үй-жай iздеумен қатар күн көретiн жұмыс қарастырумен тыным таппадық. Үйден-үйге көше жүрiп, Хамза екеумiздiң аударғанымыз Михаил Шолоховтың «Тынық Дон» романының бiр-бiр томы болды. Одан әрi әрқайсымыз өз мамандығымызбен, әдеби творчествода өз жанрымызбен болып кеттiк. Қиямет үзiлiстен кейiнгi қиындықтың жайы айтпаса да аян.

Алайда, оянған үмiт пен жаңғырған сенiм қиындық қамалынан қаймықтырмай, қайта қайрап салғандай серпiн бердi.

«Тынық Донның» III томын бiтiрген соң, 1955-1957 жылдар арасында Қазақстанның “Мемлекеттiк көркем әдебиет” баспасында әуелi редактор, кейiннен аға редактор болып iстедiм. 1957 жылы жаз айында менi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң секретары Ф.Кәрiбжанов шақырды. Есiк алдында қарсы алған ЦК-ның инструкторы Р.Тоқпанов болды. Ендi неге шақырды екен деген күдiкпен сескенiп барғанымда, менiң өмiрбаяныммен таныса отырып, Кәрiбжановтың қойған сұрағы:

– Неше жасыңызда Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметiне тағайындалдыңыз? – деу болды. Менiң қысқаша жауабым:

– 26 жастан 27 жасқа қарағанда!

– Қазiр ондай жұмысқа қояр жас бар ма?

– Болу керек. Iздесе неге табылмасын.

Сол күнi Орталық Комитет менi Қазақстан “Мемлекеттiк көркем әдебиет” баспасының директоры етiп бекiттi.

Қызықтың да, қиындықтың да ендi жаңа белесi басталды. Қызығы кеше ғана «Халық жауы» деген қара жаулық жамылған сорлы жанға ендi жаңа үлкен сенiм көрсетiлуi. Сенiм маған күш, қайрат бергенiн сезiндiм. Жұмысқа жан-тәнiммен берiлдiм. Бiзге үлкен сынақ болған 1958 жылы Москвада өтетiн қазақ әдебиетi мен өнерiнiң декадасы едi. Бұл – СОКП ХХ съезiнен кейiн С.Сейфуллин, Б.Майлин, I.Жансүгiров сықылды қазақ совет әдебиетiнiң классиктерiнiң ақталған кезi. Олардың бай мұрасын декадаға дейiнгi қысқа мерзiмде қазақша да орысша да бастырып үлгеру қажет болды. Ол үшiн сол деңгейде аударма жасайтын атақты орыс жазушыларын Алматыға шақырып, сапалы жұмыс iстеулерiне жедел жағдай жасауға кiрiстiк. Я. Смеляков, М.Луконин, С.Наровчатов, К.Ваншенкин, М.Львов, Ю.Казаков, К.Скворцов, Ю.Друнина, т.б. жазушылар Алматыда, демалыс үйлерiнде жатып, аударма жөнiнде құнарлы еңбек сiңiрдi. Ақыры, Москвада өткен декада әлгi қауырт дайындықтың көрнектi нәтижесi боп табылды. Бұл тұстағы менiң ерекше еңбегiм жоғары бағаланып, 1958 жылы өмiрiмде бiрiншi рет «Құрмет белгiсi» орденiмен наградталдым.

Сонымен қатар Мәлiк Ғабдуллин мен Қажым Жұмалиевтiң шақыруы бойынша ҚазПИ-де қосымша лекция оқитын болдым.

Әзiрлеген Жәмила ҚАРАТАЕВА