Жаңалықтар

ҚАЙТА ӨҢДЕУ КӘСIПОРЫНДАРЫ КӨБЕЙДI

ашық дереккөзі

ҚАЙТА ӨҢДЕУ КӘСIПОРЫНДАРЫ КӨБЕЙДI

Қолда бар шикiзатты ұқсатып, жарата бiлу ауылшаруашылығын алға сүйреудiң негiзгi тетiгi. Ауылшаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу, жаңа құрал-жабдықтар мен жаңа технологияларды кiрiстiру — басты мақсат. Осынау түйiндi шешуде қолға алынған бiрқатар нақты iстерге тоқталып өтелiк.

Оңтүстiк Қазақстан облысында 2009 жылы 649 мың тонна көкөнiс өндiрiлген. Көкөнiстi өндiру және экспорттау бойынша маманданған облыста қазiргi уақытта жалпы қуаттылығы 171 мың тонна көкөнiс өңдей алатын 30 кәсiпорын және қуаттылығы 43 мың тонна көкөнiстi өңдейтiн қосымша 6 кәсiпорында үздiксiз жұмыс iстеуде. Облыс жемiс-жидек пен көкөнiс өңдеуден республика көлемiнде алдыңғы орынды иеленедi. Өткен жылы 92,3 мың тонна көкөнiс толық өңделген. Алайда, бұл көрсеткiшпен шектелмек емес. Келер жылы өнiм көлемiн 30 пайызға арттыру мақсатында қуаттылығы 24 мың тонна көкөнiс өңдейтiн 6 жобаның құрылысы жоспарланып отыр.

Облыста ағымдағы жылы ауылшаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдейтiн бiрнеше кәсiпорын жоспарланған болатын. Соңғы уақытта 14 ет өңдейтiн, 7 сүт өңдейтiн және 6 көкөнiс өңдейтiн кәсiпорын жұмысқа кiрiсiп, аудандар мен қалаларда 745 қосымша жұмыс орны ашылды. Ал ет өңдеуден тапсырма – 155 пайызға, сүттен – 54 пайызға, көкөнiстен – 100 пайызға орындалған. Қайта өңдеу кәсiпорындарының басым бөлiгi «ҚазАгро» АҚ-ы несиесi арқылы ашылып отыр.

Ауылшаруашылығы мен АӨК салаларының тұрақты дамуы үшiн жалпы өнiм көлемiн 2014 жылы 30 пайызға көтеру көзделiп отыр. Сондықтан да оңтүстiк өңiрдегi қайта өңдеу және тамақ өнеркәсiбiн дамытуда «ҚазАгро» және «Максимум» АИО арқылы қаржыландырылмақшы.

Сондай-ақ, көкөнiс-жемiс сақтау қоймаларын тоңазытқыш құралдарымен жабдықтау және «Қазығұрт», «Сарыағаш» кәсiпорындарын жаңа технологиялармен және терминалдық қондырғылармен қамтамасыз ету жұмыстары күн тәртiбiне қойылып отыр.

«Түркiстан-ақпарат»