Жаңалықтар

ЖАЛДЫҚ ПӘТЕРЛЕР ЖАҒДАЙДЫ ТҮЗЕСЕ ИГI

ашық дереккөзі

ЖАЛДЫҚ ПӘТЕРЛЕР ЖАҒДАЙДЫ ТҮЗЕСЕ ИГI

Қазақстанда 100 мың азамат баспанасыз жүр

Қаржылық кеңiстiкте "жабық жүйе" тәсiлiн қолдана отырып, баспаналы болудың оңай жолын сiлтейтiн "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкiнiң" үй тұрғызу, жер сатып алу, пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргiзуге арналған бағдарламаларының тәжiрибедегi кейбiр нәтижесi көңiлден шықса да, жекелеген бағдарламалары амалсыз таңдай қақтырады. Бастапқыда жалға алған пәтер ретiнде қаржы құю керек. Жеке есепшот ашу керек. Тек содан кейiн, яғни 5 жылды араға салған соң ғана өз үйiңдi сатып алуға мүмкiндiк туады. Ендеше банк ұсынып отырған талаптарды үйсiз-күйсiз қазақтың қалтасы көтере ме?

Бұндай жолмен баспаналы болудың қыр-сыры көп-ақ. Баспана ендi "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкiнiң" салымшыларының қаржысына тұрғызылады. Тарқатып айтар болсақ, жер бөлу, коммуналдық желiлердi жеткiзу құзырлы органның мiндетiне кiрсе, үй құрылысына банк салымшылары жинаған қаржы аударылып, салымшылар жеке пәтердiң қожайыны болады. Иә, "қожайыны болады" деуге әлi ертерек. Бұл кездегi ең маңыздысы — шатыры жабылып, шаңырағы бекiтiлген баспана қандай қаржыға салынбақшы? Әлбетте, банк өзi тұрғызып бере салмас. Жаңадан кiрпiшi қаланатын, болмаса құрылысы аяқталмаған үйдi тұрғызу үшiн есепшотында пәтер құнының 50 пайызы жиналған салымшы таңдалады. Мiне, осылайша жергiлiктi атқарушы органдарға ұсыныс берiледi. Республикалық бюджеттен түскен қаржыға тұрғын үй салынып бiткен соң, салымшылармен келiсiм шартқа тұрады. Келiсiм шартқа сәйкес банк салымшылардың қаржысын толық аударады. Осылайша ол қаржыны республикалық бюджеттен алған қарызына құяды. Бiр қарағанда, пирамида үлгiсiн еске түсiретiн механизмнiң кiмге тиiмдi екенi белгiсiз. Банк басшылығы баспанасы жоқ, жеке пәтерге мұқтаж жандарды алдымен қолға аламыз деп бой бермейдi. Бiрақ тұрғын үй саласына ғана маманданған банк есепшоты екi елi азаматтарға ғана қол ұшын созуда.

Жаңа жүйенi жүзеге асыру үшiн Алматы, Астана және Ақтөбе қалалары таңдалып отыр. Бұл жоба бойынша 2011 жылға дейiн 745 пәтер қолданысқа берiлуi тиiс. Әйткенмен, әзiрге ынта бiлдiрiп отырған халықтың саны азын-аулақ.

Алғашқыда аталмыш банк елiмiздегi тұрғын үй құрылыс жинағын енгiзу мақсатында қарастырылған 2000 жылғы 7 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақтау" Заңы негiзiнде дүниеге келген. Бертiн келе тұрғын үймен қамтамасыз етудiң германдық жүйесiне ыңғайланған банк елiмiздегi Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық iстерi жөнiндегi агенттiкпен бiрлесе жұмыс iстеп келедi. Таяуда "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының төрағасы Қайрат Келiмбетов пен Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов өзара келiсiмге қол қойды. Алдымен 236 үй берiлмекшi. 2010 жылдың iшiнде 1300-дей үй жалға берiледi. Бағдарлама аясында берiлетiн үйлер 3-санатты болмақ. Бүгiнде үйдiң ай сайынғы жалақысы Алматыда — 140 мың, Астанада — 98 мың, ал Ақтөбеде — 90 мың теңге көлемiнде болады деп жоспарланып отыр. Жаңа пәтер жалдаудың мемлекет құны бiр шаршы метрге — 1 мың теңгенiң сомасында болады.

Сондай-ақ, жалдау арқылы сатып алу кезiнде "Ақжайық" тұрғынүй кешенiндегi ауданы 82 шаршы метр екi бөлмелi пәтер үшiн ай сайынғы жалдау ақысы 112,3 мың теңгенi құрамақ. Ал "Әл Арқа" ТК-дегi ауданы 78 шаршы метр екi бөлмелi пәтердi жалдау арқылы сатып алу үшiн айына 80,7 мың теңгеден төлеу қажет болады. Әлбетте, бұл бағдарламаға төлеу қабiлетi жоғары адамдар қатыстырылады. Ал төлеу қабiлетi жоғары адамдар дегiнiмiз кiмдер? Айлығы өте жоғары, лауазымды қызметтегi азамат. Ендеше халықтың 10 пайызы ғана бұл санатқа жатады. Қарапайым мұғалiмнiң, дәрiгердiң айына қанша жалақы алатыны белгiлi емес пе? Халықтың басым бөлiгiнiң төлеу қабiлетi төмен, жалақысы да мардымсыз. Сонда бұл бағдарлама кiмге тиiмдi? Әрине, 10 пайызды құрайтын қалталы азаматтарға. "Нарықта мемлекет көмегiн ала алмаған, салынып бiтпеген нысандар көп, сондықтан келешекте тұрғындарға жалға берiлетiн нысандарды сатып алу мәселесi қарастырылуда", — дедi Келiмбетов. Өз үйiн даулаған үлескерлердiң баспанасы былай тұрсын, халықтың қамы үшiн берiлуге тиiс пәтерлер тағы да кiмнiң қанжығасына артылмақ? "Келiсiмнiң ең басты мақсаты — бұл халықтың қол жетiмдi баспанамен қамтамасыз етуiне жағдай жасау", — дедi Иманғали Тасмағамбетов Астанада өткен брифингте.

Банктiң қойып отырған талабы да сол — жалдау және жалдау арқылы сатып алу. Жалдау арқылы сатып алу 13 жыл iшiнде жүзеге асырылуы тиiс. Алғашқы 5 жыл iшiнде жалдаушы үйдiң ақшасын толық төлемейдi, шамасы жетсе 50 пайызын өтеуге мұрша берiледi. "Алматыда жалдама пәтер жетiспеушiлiгi бұрын да болған. Сондықтан бiз коммерциялы тиiмдi және әлеуметтi бағдарламаны ұсынып отырмыз", — дедi Алматы әкiмшiлiгiнде өткен арнайы әлеуметтiк жиналысында "Самрұқ Қазына" ҰДҚ-ның төрағасы Қайрат Келiмбетов. Бiрақ пәтердi нағыз мұқтаж жан ала алмайды.

Бүгiнде жалпы есеп бойынша Қазақстанда тұрғын үй бiр адамға 18 шаршы метр баспанадан келедi екен. Сонымен қатар, сарапшылардың санақтарына сенер болсақ, 100 мың қазақстандық баспанасыз жүр. Олай болса, жалдау арқылы баспаналы болатын тiзiмге 100 мың қазақ қалай тартсаң да кiре алмасы анық. Европа мен АҚШ бұл мәселенi жалдамалы баспана арқылы шешiп отыр. Сондай-ақ, Швецияда жалдама баспана секторы — 57 пайызды, Нидерландыда — 55 пайыз, ал Германияда — 60 пайызды құрайды. Бiрақ, ескеретiн бiр жайт, Батыста халықтың басым бөлiгiнiң төлеу қабiлетi жоғары. Қазақстанмен салыстырғанда, халықтың тұрмысы әлдеқайда жақсы екендiгi бесенеден белгiлi. Ал, қарыз алып, жалданып, жұмыс iстеп баспана алмақшы болған жүз мыңдаған қазақтың үй мәселесiн жалдау арқылы шеше аламыз ба? Жалдамалы пәтердiң арзанын iздеп, қала iргесiндегi ауылдарда жөңкiлiп көшiп жүретiн халық 1 шаршы метрi — 1000 теңге тұратын үйлерге жуық арада қолы жетпей ме деген алаң бар.

Ақниет ОСПАНБАЙ