ЖАСТАРДЫҢ ТIЛ ТУРАЛЫ ЖАНАЙҚАЙЫ
ЖАСТАРДЫҢ ТIЛ ТУРАЛЫ ЖАНАЙҚАЙЫ
Мемлекеттiк мәртебеге ие болған 116 тiлдiң бiрi — қазақ тiлi
Өткен аптада қала әкiмдiгiнде, қалалық Тiлдердi дамуту басқармасының ұйытқы болуымен «Жастар және мемлекеттiк тiл саясаты» тақырыбымен дөңгелек үстел өттi. Жиынға бiрқатар зиялы қауым өкiлдерi, қоғамдық ұйымдар және жастар ұйымдарының өкiлдерi қатысып, мемлекеттiк тiл мәселесiндегi қордаланған жәйттердi талқыға салды.
«Бүгiнгi таңда БҰҰ-ның арнайы жүргiзген зерттеуi бойынша жер бетiнде әр түрлi санаттағы 2700 бен 8000 аралығында тiл бар деп есептеледi. Бұл туралы ғалымдардың ойы да әр тарапта. Мәселен, олардың бiрқатары 2700 тiл бар, ал, қалғандары диалектi ретiнде ғана қолданылады деп тұжырымдаса, басқалары ғаламда 8 мың тiл бар дейдi. Сол тiлдердiң iшiнде жер бетiнде 116 тiл мемлекеттiк мәртебеге ие болған екен. Мемлекеттiк мәртебесi заңмен, конституциямен бекiтiлген, маңдайына үлкен бақыт жазылған осы 116 тiлдiң iшiнде қазақ тiлi де бар. Яғни, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Тiлдiң мемлекеттiк тiл болуы үлкен жетiстiк болғанымен, оның жауапкершiлiгi де өте үлкен. Күллi мемлекеттiң iшiндегi барлық салада мемлекеттiк тiл өзiнiң функциясын, қызметiн атқаруы тиiс», – деп бастады Алматы қалалық Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахетов.
Дөңгелек үстөлде қатып қалған белгiлi бiр қағидаға сүйенген әңгiмелер сөз болған жоқ. Еркiн пiкiрталас өткендiктен бе, жиынға қатысушылар сөз тiзгiнiн еркiн ағытты. Әрi мемлекеттiк тiл мәселесiнiң кiбiртiктеп, әлi де қоғам өмiрiнен лайықты сыбағасына ие болмай отырғасын ба, аталған дөңгелек үстелде ашық ой-пiкiрлер, салмақтар ұсыныстар көбiрек айтылды.
«Мемлекеттiк тiл туралы» Заңымызды қабылдағанымызға 20 жыл болса да, қазақ тiлi әлi өз тұғырын ала алмауда. Оған себеп – мұқтаждықтың жоқтығында», – дедi жиында сөз алған Халықаралық «Абай» қорының төрағасы Жұмабек Ашуұлы. Оның айтуынша, мемлекеттiк тiлге мұқтаждықты Заң арқылы енгiзу керек. «Мәселен, тiл туралы заңнамаға мемлекеттiк қызметке, басшылық орындарда жұмыс iстеу үшiн мемлекеттiк тiлдi бiлу керек деген толықтыру енгiзiлер болса, азаматтардың мұқтаждығы оянады», – дейдi Жұмабек Ашуұлы.
Келесi сөз тiзгiнiн қолына алған «Сардар» жастар қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Нұраддин Садықов: «Бiз ресми iс-қағаздарының мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуiне байланысты балама түрде сауалнама жүргiзген едiк. Мұнда жоғары оқу орындарының 73 пайызы iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге толықтай қосылатындығын байқатты. Бұдан өзге жастар арасында мемлекеттiк тiлде жұмыс жүргiзбеуге немесе бiлiм алмауға ең басты себептiң бiрi – оқулық мәселесi екендiгi анықталды. Яғни, қазiргi таңда ЖОО-ында қазақ топтарында оқитын студенттердiң басым бөлiгiнiң басты проблемасы орыс тiлiндегi оқулықтар болып отыр. Әсiресе, техникалық мамандықтарды былай қойғанда, гуманитарлық мамандықтардағы аударылған немесе құрастырылған қазақ тiлiндегi оқулықтардың сын көтермейтiндiгi болып отыр», – дегендi алға тартты.
Белгiлi жазушы Смағұл Елубай қаладағы жастарымыздың көбiнiң ауылдан келгендiгiн айтады. «Тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары, үлкен қалаларда, әсiресе, Алматы мен Астана қаласында жастар көбiрек шоғырланды. Бұл үлкен әлеуметтiк құбылысқа айналды. Бiр ғана Алматының өзiнде жүздеген мың ауылдан келген жұмысшы жастар шоғырланды. Олардың бiр жақсы жерi, қалаға ауылдан мемлекеттiк тiлдi алып келдi», – дейдi қаламгер.
Бүгiнгi таңда, Алматы қаласы тұрғындарының 30 пайызын жастар құрайды екен. Жоғары оқу орындарында мемлекеттiк тiлде бiлiм алып жатқан студенттердiң де үлесi 70 пайызға жеткен. Демек, қаламгердiң айтқан сөзiнiң де жаны бар. Қалалық жерлерде тiлдi дамыту да осы жастардың еншiсiндегi дүние.
Еркiн пiкiрталас алаңына айналған дөңгелек үстөлде ұсыныстар да көбiрек айтылды. Жиынды қорытындылаған Мамай Ахетов: «Ұлы Мұхтар Әуезовтiң айтқан мынадай сөзi бар: «Ел тiршiлiгiнiң ауыр күндерiн туғызған екi абылан атаның бiрi – қол батыры болса, екiншiсi – ой батыры» деген. Сiздердi жинап отырғанымыз, осындай тiл майданында шайқаста жүрген ой батыры деп шақырдық», – дедi.
Жиында айтылған ұсыныстардың барлығы дерлiк, арнайы хаттамаға түсiрiлдi. Бұл ұсыныстардың бәрi келешекте, Тiл комитетiне жеткiзiлетiндiгiн де айта кеттi Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы.
Гүлзина Бектасова