Жаңалықтар

ТУРИЗМНIҢ ОСЫНДАЙ ДА ТYРI БАР

ашық дереккөзі

ТУРИЗМНIҢ ОСЫНДАЙ ДА ТYРI БАР

Түрiктер денсаулық туризмiн дамытуды ұсынады

Өткен аптада Алматыда денсаулық туризмi мәселелерiне арналған екi күндiк басқосу болып өттi. Осы жиынға арнайы ат сабылтып келген отыз шақты түрiк ауруханаларының өкiлдерi өз қызметтерi туралы жан-жақты айта келiп, осы салада қазақстандық мамандармен тәжiрибе бөлiсуге ынталы екендерiн де байқатты. Бұл жиын Қазақстанның денсаулық сақтау саласы басшыларына отандық медицина туризмiн дамытудың мүкiндiктерi мол екендiгi жөнiнде ой салса, қанекей.

Жалпы, медициналық туризмнiң жалпыға түсiнiктi қарапайым анықтамасы "өз елiнен тыс жерде ем-дом алуға жағдай жасау" дегендi бiлдiредi. Шетелде демалыс күндерiн өткiзумен қатар, ем-дом шараларын алып, тәндi сауықтырудың жолы бұл. Ал мұндай қызметтi негiзiнен әлемдегi маңдайалды медицина орталықтары ғана жасай алатыны түсiнiктi жайт. Сондықтан да медицина туризмiн дамытудың өзiндiк ерекшелiктерi бар.

Негiзiнен, қазiргi таңда медициналық туризм қызметiн АҚШ, Канада, Батыс Еуропа азаматтары көп пайдаланады екен. Американың 50 миллионнан астам азаматы медициналық сақтандыру жүйесiнде тiркелмеген, сондықтан да олар шетелдiк сауықтыру орталықтарының қызметiне жүгiнуге мәжбүр. Ал созылмалы ауыр сырқатқа ұшыраған 110 миллоннан астам американдықтың ем-домын толықтай төлеуге медициналық сақтандыру жүйесi қауқарсыз болып отыр. Бәлкiм, Барак Обама қол қойған жаңа реформа бұл мәселенi оңтайлы шешудiң жолын табар. Әзiрше, американдықтар Таиланд, Үндiстан елдерiне барып, әлдеқайда арзан бағаға ем алғанды тәуiр көредi.

Ал ТМД елдерiнiң азаматтары Германия мен Израиль мемлекеттерiне барып, ем алғанды жөн көредi екен. Дегенмен, соңғы жылдары Түркия, Сингапур, Швейцария, Франция мемлекеттерiнiң сондай-ақ Шығыс Еуропа елдерiнiң медицина орталықтары қызметтерiн кеңiнен пайдалана бастаған.

Жалпы, соңғы жылдары ТМД елдерiнде денсаулық туризмi кеңiнен қанат жайып келедi. Мамандар алдағы екi-үш жылда бұл саланың қарыштап даму мүмкiндiгi бар екенiн айтады.

Осы орайда, түрiк медицина орталықтары өкiлдерiнiң айтуынша, бұл елде ем алудың басты артықшылығы, Америка, Еуропа елдерiндегi сауықтыру шараларынан әлдеқайда арзан. Оның үстiне, түрiк медицина орталықтарындағы қызмет көрсету сапасы бес жұлдызды қонақ үйлерi көрсететiн қызметтен артық болмаса, кем болмайды деседi. "Бiздiң медицинаның бiр ерекшелiгi – адам көңiлiне қарау. Табалдырықтан аттағаннан бастап, сiз шынайы адами қамқор ортаға түскенiңiздi сезiнесiз" дейдi түрiк медицина орталықтарының өкiлдерi. Бұл орайда, арнайы жолдамамен келген азаматтарды әуежайдан күтiп алуға даяр екенi де айтылды.

Алматыдағы жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркияның Алматыдағы бас консулы Ешим Кебапшыоғлы "Халықты емдеу саласында Түркия соңғы жылдары үлкен жетiстiктерге жеттi. Мұның арқасында емдiк туризм де қарыштап дамып жатыр" деп атап көрсеттi.

Жақын арада Алматыда Түркияның алдыңғы қатарлы емдеу орталықтарының өкiлдiктерi ашылмақ. Оның бiрi – осы күзде ашылуы тиiс "Симак" атты элиталық емханаларының бөлiмшесi.

Түркияның сауда-саттық жөнiндегi елшiсiнiң кеңесшiсi Бiләл Есилташтың айтуынша, Түркияда жылына 20-22 миллионнан астам турист демалады. "Бiзде емделу мүмкiндiктерi зор. Денсаулық туризмiне байланысты Түркиядағы шипажайлар мен ауруханалардың, емханалардың қызмет көрсету сапасы артып келедi. Еуропалықтардың айтуынша, түрiк жерiнде емделу Еуропадан 3-4 есе арзан" дейдi кеңесшi.

Түркия курорттарына жыл сайын демалуға келетiн әр адам орта есеппен осы елде 850 долларға шығындалатын көрiнедi. Ал медицина туризмiне арқа сүйеп келген азаматтар түрiк емханалары мен шипажайларындағы ем-дом шаралары үшiн орта есеппен 4500 доллар жұмсайды екен.

Мемлекет үшiн медициналық туризмнiң кәдiмгi туризмнен үлкен артықшылығы осында емес пе?

ХХI ғасыр медицинасының ендiгi ұраны "Емделушiлерге ешқандай шекара бөгет емес!" болуы әбден мүмкiн.

Шетелдерде ем алу қызметiн үйлестiру үшiн әлемде медициналық менеджмент компаниялары құрылды. Олар құжаттарды ем алатын елдiң тiлiне аудару, ем алатын аурухананы таңдау, виза рәсiмдеу, ақша аударымын реттеу, т.б. сапардың барлық қажеттi дайындығымен айналысады. Бiр ғажабы, бүкiләлемдiк дағдарыс әлемдiк медициналық туризмнiң дамуына керi әсерiн тигiзе алмаған сияқты. Керiсiнше, адамдар тәндi сауықтыру мен демалыс, көңiл көтеру шараларын бiрiктiрiп, "екi оқпен бiр қоянды" атудың тиiмдiлiгiн түсiнгендей. Көптеген ел медициналық туризмнiң орасан зор мүмкiндiктерiн ескере отырып, осы саланы дамытуға ден қойған. Мысалы, туристер онсыз да ағылып жатқан Таиланд мемлекетiнiң өзi жақында 2010 жылдан бастап медицина туризмiн дамытуға барынша күш салатынын мәлiмдедi. Қазiрдiң өзiнде бұл елге медициналық туризм аясында жыл сайын 1,2 миллион адам келедi екен. Ендiгi бес жылда бұл көрсеткiштi 10 миллионға дейiн көбейту мүмкiндiгi бар. Осы саланың бар мүмкiндiгiн сарқа пайдалану үшiн Таиланд туризм министрлiгi алдағы уақытта түрлi шоу, көрмелер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Малайзия туризм министрi Энг Йен Йен де "Сауықтыру саласы ұлттық туризмнiң айтулы нысанасына айналуы керек" деп мәлiмдедi.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда да медициналық туризмдi дамытуға мүмкiндiктер бар. Тәндi сауықтырып, жан сарайды ашатын түрлi табиғи қайнар көздер де баршылық. Бiрақ қолда бардың қадiрiн кiм бiлер?

Гүлбиғаш Омарова