ЖАПОНИЯ ҚАЗАҚТЫҢ СИРЕК МЕТАЛДАРЫНА КӨЗ ТIГУДЕ
ЖАПОНИЯ ҚАЗАҚТЫҢ СИРЕК МЕТАЛДАРЫНА КӨЗ ТIГУДЕ
Жақында елiмiздiң Сыртқы iстер министрi, Мемлекеттiк хатшы әрi ЕҚЫҰ-ның қазiргi төрағасы Қанат Саудабаев күн шығыс елiне жұмыс сапарымен барып қайтты. Азияның азулы мемлекетiне айналған Жапония – заманауи технологиялық құрал-жабдықтарды шығаруда әлемдi аузына қаратқан мемлекет екенi белгiлi.
Алайда Жапонияда қазба байлықтары жоқтың қасы. Энергия тапшылығы да әжептәуiр сезiлуде. Еселеп өскен жұмыс орындары мен қарыштап дамыған өндiрiс мекемелерi энергия көзiн айтарлықтай қажет ететiнi айтпаса да түсiнiктi. Осы орайда, уран өндiретiн Қазақстанның Жапонияға жеткiзетiн өз өнiм көлемiн жақын арада 10 есеге арттыруына мүмкiндiк мол.
Қанат Саудабаевтың Жапонияға жасаған ресми сапары барысында "Қазатомөнеркәсiп" ҰАК" АҚ Басқарма Төрағасы Владимир Школьник бастаған компания өкiлдерi жапондық жетекшi компаниялардың, сондай-ақ ғылыми ортаның өкiлдерiмен бiрқатар кездесулер өткiздi. Онда өзара ынтымақтастық, уран және сирек металдар саласындағы бiрлескен жобаларды жүзеге асыруға, сонымен қатар ғылыми-техникалық ықпалдастықты дамытуды одан әрi тереңдете түсуге қатысты мәселелер талқыға салынды.
Жапонияның Экономика, сауда және индустрия министрi Масаюки Наошима: "Қазақстанның мол табиғи байлыққа ие болуы Жапония тарапынан оны игеруге инвестиция салуға зор қызығушылық туғызуда. Қос мемлекеттiң наурыздың екiсi күнi атомды бейбiт мақсатта пайдалану жөнiндегi әрiптестiкке қол қоюының өзi бiрiгiп жұмыс бастау жолындағы үлкен бастама. Оны iске асыруды тiкелей өз бақылауымда ұстайтын боламын" деуi тектен-тек емес. Кездесу қорытындысы бойынша, "Қазатомпром" ҰАК мен Жапонияның "Сумитомо" корпорациясы Қазақстан аумағында сирек кездесетiн металдарды өңдеу жобасына сәйкес, өзара түсiнiстiк және әрiптестiк туралы меморандумға қол қойды. Бұның негiзiнде 51 пайыз еншiсi "Қазатомпромға", 41 пайызы "Сумитомо" корпорациясына тиеселi "SARECО" атты бiрлескен жаңа компания құрылмақ. Оның бас ғимараты Өскеменде орналасады. Сәтiн салса, компания биылғы жылдың маусым айында жұмысын бастауға әзiр.
Сонымен қатар, TEPCO және Marubeni компанияларының басшылары қатысуымен өткен кездесулерде электр энергиясын тұтынудағы Жапонияның ерекше сұранысына және жапон тарапының Қазақстан аумағындағы уран өндiретiн бiрлескен жобаларды кеңейтуге мүдделi екендiгi жан-жақты сөз болды. Атом энергиясын бейбiт мақсатта қолдану бойынша Қазақстан мен Жапония арасындағы үкiметаралық келiсiмдi тездетiп ратификациялаудың маңызы орасан зор болмақ. Мұнан басқа, уран өндiрiсiндегi Байкен-U және Қызылқұм сияқты бiрлескен жобаларды жүзеге асырудың, сондай-ақ оларды дамытудың болашағына қатысты мәселелер бойынша да уағдаластыққа қол жеткiзiлдi.
Тағы бiр айта кетерлiгi, Токио технологиялық университетiнiң профессоры Фуджи мырзамен кездесу тұтастай ядролық технологиялар мен жоғары технологиялық ынтымақтастықтар саласында бiрлескен зерттеулер жүргiзудегi жапон-қазақ қарым-қатынастарын дамыту және тереңдету мәселелерiне арналды. Екi жақты тараптар алдыңғы қатарлы жапон технологиясын қазақстандық мамандармен бiрлесе сынақтан өткiзу жайын да келiсiп алды.
Токиодағы кездесулер барысында балама қуат көздерiн (күн батареялары мен жел электр стансалары) дамыту саласындағы ынтымақтастық жағдайына баса назар аударылды. "Тошиба" корпорациясының президентi Норио Сасаки мырзамен болған кездесу кезiнде уран өндiру мен сирек және сирек-жер металдар салаларындағы жұмыс iстеп тұрған және болашақтағы бiрлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ 2008 жылы Астана мен Алматы қалаларында Сакура көшеттерiн отырғызу сияқты әлеуметтiк жобаны одан әрi дамыту мәселелерi ортақ әңгiмеге арқау болды.
Елiмiздiң уран өндiрiсi мен сирек металдар саласына деген жапондық iскерлiк ортаның мұндай қызығушылығы және бiрлескен ынтымақтастық бойынша iскерлiк кездесулердiң жоғары деңгейде өткiзiлуi екi ел арасындағы өзара қарым-қатынастың тереңдей түскенiнiң жарқын дәлелi iспеттес.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ