Жаңалықтар

Ричард ХОУГЛАНД: ҚАЗАҚСТАН – АҚШ-тың СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРIПТЕСI

ашық дереккөзі

Ричард ХОУГЛАНД: ҚАЗАҚСТАН – АҚШ-тың СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРIПТЕСI

Өткен аптада АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Ричард Хоугланд журналистермен кездесу өткiздi. Елшi бұл кездесуде журналистердiң көкейiнде жүрген сауалдарға жан-жақты жауап бердi. Әрине, Американың Орта Азия, соның iшiнде Қазақстанға баса көз тiгiп отырғаны мәлiм. Сондықтан да АҚШ-тың ресми өкiлiнiң Қазақстан туралы ойлары бiз үшiн қашан да маңызды болмақ. Елшi қай сауалға болмасын, асы сақтықпен және ептiлiкпен жауап қайтаруға тырысты. Сөйтiп, өзiнiң кәнiгi дипломат екендiгiн таныта бiлдi.

АҚШ ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫН ҚУАНА ҚОЛДАЙДЫ

Журналистердiң басым көпшiлiгi Қазақстанның Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы және оған АҚШ-тың көзқарасы жайында көбiрек сауал тастады. Елшi Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қос қолдап қолдайтындығын айта отырып, бұл жолда бiршама жетiстiктерге жеткендiгiн де сөз еттi:

– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қатысты айтылып жатқан пiкiрлердiң бәрi бiрдей жағымды емес. Дегенмен, бұл iстi кешендi түрде айтатын болсақ, сiздiң елдiң бұл жолда жеткен жетiстiктерi бiршама. Мәселен, Қазақстан осы бiр мәртебелi ұйымға төрағалыққа кiрiсерден бұрын, Қазақстан ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сәйкес сайлауларға жасалатын мониторингiнi басқарып кете ала ма деген күдiк басым болғаны рас. Алғашқы сынақ Украинадағы президенттiк сайлау кезiнде болды. Қазақстан өзiне жүктелген мiндеттi абыроймен атқарды. Демек, Қазақстан биыл өзiне жүктелген мiндеттердi атқарып шығады дегенге сенiмдiмiн, – дедi ол.

Ричард Хоугланд ЕҚЫҰ саммитiн Астанада өткiзу туралы идеяға қарсы емес.

– Өткен жылдың желтоқсан айында Афиныда болған министрлер конференциясында бұл саммиттi өткiзу идеясын қызықты деп атап өттiк. Егер оның мазмұны бiздiң көңiлiмiзден шығатын болса, онда бiз оған қатысамыз. 2010 жылдың шiлде айының ортасына қарай ЕҚЫҰ-ға мүше елдердiң министрлерiнiң конференциясы болады, онда ЕҚЫҰ саммитiнiң қайда өтетiнi шешiлмек. Ал, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы табысты аяқталуына бiз тiлектеспiз. Бұл – тарихи оқиға ғой.

КЕДЕНДIК ОДАҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ IШКI МӘСЕЛЕСI. КЕДЕН ОДАҒЫ ДСҰ-ҒА МҮШЕ БОЛА АЛМАЙДЫ

Елшi мырза Қазақстанның АҚШ-тың Орталық Азиядағы стратегиялық әрiптесi екендiгiн баса айтты. "Клинтон әкiмшiлiгi кезiнде бiз "стратегиялық әрiптес" деген терминдi жиi қолдандық. Ал АҚШ президенттiгiне кiшi Буш сайланғаннан соң, ол бұл терминдi жаратпайтындығын бiлдiрдi. Сөйтiп, оны қолданбайтын болдық. Обама сайланғаннан берi өзара тығыз қарым-қатынастағы елдердi "стратегиялық әрiптес" деп атауды жөн көрдiк" деген ол журналистердiң Кедендiк одақ жайындағы сауалын да жауапсыз қалдырмады:

– АҚШ-ты жаңа геосаяси ойыншының пайда болғаны қорқытатыны рас. Дегенмен, Кедендiк одақты АҚШ Кеңес одағының қайта жандануы деп есептемейдi. Аймақтық кедендiк одақтар бүкiл әлемде бар. Әр ел өзiнiң экономикалық әрiптестерiн таңдауға ерiктi. Бiздiң түсiнiгiмiзше, Кедендiк одақтың жұмысы жолға қойылды, бiрақ, әлi күнге дейiн жетiлдiре түсудi қажет ететiн детальдар жеткiлiктi. Егер мемлекет және бизнес өкiлдерi бұл келiсiмге тағы да өзгертулер енгiземiз десе, оған ешкiм бөгет болмайды деп ойлаймын. Өйткенi, бұл тұрақты және үзiлiссiз процесс қой, – деген оған залдағылар Қазақстанның Дүниежүзi сауда ұйымына мүше болу мүмкiндiгi жайында сауал қойды. Өйткенi, ДСҰ-ның жарғысы бойынша бұл ұйымға одақпен емес, жеке-жеке мүше болу қажет.

– Соңғы алты айда Қазақстан ДСҰ ұйымына жеке ел ретiнде ене ме, жоқ Кеден одағының құрамында ене ме деген мәселе төңiрегiнде талқылау болды. Соңғы кезде бұл одаққа мүше үш мемлекет те ДСҰ-мен одақ мүшесi ретiнде де, жеке мемлекет тұрғысынан да келiссөздер жүргiзiп келедi.

ҚАЗАҚСТАН – ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТЫ ТОҚТАТҚАН БIРIНШI ТМД МЕМЛЕКЕТI

Ричард Хоугланд АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты да жоғары бағалады. Ол Қазақстанның ядролық сынақты ТМД мемлекеттерi арасында бiрiншi болып тоқтатқаны бейбiтшiлiк жолындағы баға жетпес iсi екендiгiн айтты. Сондай-ақ, Ауғанстанда өткiзiлiп жатқан операциялардың оңды болуына Қазақстанның жақсы жағдай жасап отырғанын да сөз еттi.

– Қазақстан Ауғанстанға тек қана жауынгерлер таситын ұшақтарға жол ашып қана қойған жоқ, сондай-ақ, былтырдан берi "солтүстiк бөлу желiсi" жұмысына да атсалысып келедi. Бұл жоба бойынша құрлық жолдары арқылы бейбiт мақсаттағы жүктер тасымалданады. Әрине, бұл коммерциялық негiзде жүзеге асады. Сондай-ақ, Қазақстаннан бiраз материалдар сатып алынды. Жақында Ауғанстандағы құрылыс жұмыстары үшiн 6 миллион долларға ағаш сатып алу жөнiнде келiсiм шартқа қол қойылды. Қазақстан үкiметi ауғанстандық студенттердi Қазақстан жоғары оқу орындарына оқуға шақырып отыр. Бұның барлығы Қазақстанның АҚШ-тың стратегиялық әрiптесi екендiгiнiң белгiсi, – дедi ол.

Есенгүл Кәпқызы