«АРМАН ДЕЙТIН АРҒЫМАҚ»
«АРМАН ДЕЙТIН АРҒЫМАҚ»
Тамараның арманын бiлгiңiз келсе, концертке барыңыз!
«Арман дейтiн арғымақ» атты ән кешi Тамара Асардың екiншi жобасы. Фашизмге қарсы соғыстың 65 жылдығы қарсаңына орай өткiзiлгелi отырған концерттiң өзiндiк ерекшелiгi де бар. Қазақ эстрадасына өзiндiк өрнегiн сала келген әншi «Арман дейтiн арғымақта» да өзгеше сүрлеу салмақ. Серiк Сариев деген жiгiттiң «Жорға» би тобымен бiрге сахнаның көркiн қыздырғалы жатқан әншiмен Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында жүздесудiң жолы түстi.
Талдырмаш ғана бойына қазақтың ұлттық киiмi өзгеше сән берген Тамараны сахнаның сыртында жолықтырдық. Әншi Нұрғиса Тiлендиевтiң 85 жылдығына орай өтiп жатқан кеште ұлы композитордың бiр шығармасын орындау үшiн, арнайы келген екен. Басындағы сәукелесi де әншiнiң көркiне ерекше көрiк берiп тұр.
– Бiздiң мiндетiмiз, тек ән айтып қана қоймай, халықтың бiр керегiне жарау, – дейдi Тамара өзiнiң өткелi жатқан ән кешi туралы. – Өзiмнiң шығармашылығыммен байланыстыра отырып, ескi әндердi қайта жаңғыртқым келедi. Олардың арасында соғыс туралы шығарылған әндер бар, бейбiтшiлiк туралы әндер бар. Тек, бұл кештi Ұлы Отан соғысы туралы әндерден құрылған кеш деп айтуға болмас. Адамның жан-дүниесiнде де, тағдырында да, өмiрiнде де соғыс болып жатады. Театрландырылған, композицияға құрылған өзгеше қойылымды тамашалайтын болады көрермен. Әр әннiң өз тарихы бар. Ән мен бидiң байланысы болады. Басқа концерттерден менiң кешiм өзгеше болады деп мақтана алмаймын. Бiрақ, менiң көрерменiм мен тыңдарманымның талғамы өте жоғары. Сол талғамына сай кеш өткiзгiм келедi. Құрамында 500-ден астам бишiсi бар «Жорға» би тобымен бiрге өтетiн болады. Бұл топпен жұмыс iстеп келе жатқаныма он бес жылдай уақыт болыпты. Кешiм сондай керемет өтедi деп тағы айта алмаймын. Концерттiң қалай өтетiнiне көрерменiм өзi баға беретiн болады. Жан-дүниеммен, жүрегiммен үлкен дайындық үстiндемiн, – дейдi.
Тамара қазiр Алматы мен Ақтаудың арасын жол қылып, екi қаланың ортасында шапқылап жүр. Өйтуiнiң де өзiндiк сыры бар. Концертке дайындықты Ақтауда жасап жүр. Концертке қатысатын бишiлерi де сонда. «Алматыдан бишi таппадыңыз ба?» дегендей әңгiмелер де айтылып жатады. Шынымды айтсам, iздегем де жоқ. Өзiмнiң көңiлiмнен шығып тұрса, өнерiме өзiндiк сән қосып тұрса, «Жорға» би тобын неге шығармасқа?!» дейдi әншi. Екi қаланың арасында жүрген әншiден қай қаланың жақындығын сұрап едiк. «Екеуi де маған жақын. Көшпендi қазақ сияқты көшiп жүрем. Негiзi, балам қай жақта, сол жақ маған жақын деп айтуыма болады. Ұлым Алматыда, сондықтан, жүрегiм Алматыда» деп жауап бердi. «Бiрақ, бес күн ұлымның қасында болсам, төрт күн Ақтаудамын. Сол жақтан табасыз менi», – дейдi әншi.
Тамара Асардың болмыс-бiтiмi қалай ерекше болса, оның орындап жүрген әндерi де әншiнiң табиғатына келетiн сияқты көрiнедi бiзге. Оның сырын сұрағанымызда:
– Әндi әртүрлi себеппен iздеймiн. Бiрде көңiлiм құлағанда, соған лайық әндi iздеп табам. Кейде шалқып, өзiңнен басқа адам жоқ болып тұрған сәттердегi айтар әнiм басқаша болып шығады. Концерттiң атының өзiнде үлкен философия жатыр. «Арман дейтiн арғымақ» деп аталады. Әбiш Кекiлбаевтың сөзi.
Арман дейтiн арғымақ,
Шындық дейтiн шабан ат.
Үстiне жатсын жар құлап,
Шабатын әлiн шамалап, – дейдi. Алғаш рет әнге қосып отырмыз. Шындықпен бетпе-бет кездескен кезде арманның қайда қалғанын қанаттары жұлынып, қауырсындары қаңғып кетедi. Арманыңның не екенiн шындықпен бетпе-бет келгенде, қиындықпен кездескен кезде ұмытып кетуiңiз мүмкiн. Әндi де тапсырыспен жаздым. Әнiн жазған Арман Дүйсенов. Соның iшiнде, «сезiм дейтiн сел нөсер, төзiм дейтiн қара жер» дейтiн жерi бар. Сондықтан, барлық адам баласына сезiмдi төзiммен ұштастырып, өмiр сүрсiн дегiм келедi. Сондай iшкi жан-дүниемнiң жақсы көрiп шығарған әнi. Соғыста да, бейбiтшiлiкте де төзiм керек. Соғыстағы арман – бейбiтшiлiк. Ал, бейбiтшiлiктегi арман не? Бейбiтшiлiктiң арманы – бейбiтшiлiктi жалғастыру. Соны келiп естiп, көру керек. Барлығы бiрдей ойға салатын, мұңға батыратын философиялық әндер деп тағы айта алмаймын. Көңiл көтерiп, бiресе жылатып, бiресе күлдiрiп, бiресе билетiп, әртүрлi сезiмге қалдырғым келедi, – дейдi әншi.
Тамараның өн-бойынан ежелгi қазақтың батыр қызына тән қайсарлықты байқаймыз. «Бұл қайсарлық маған қанмен келген шығар деп ойлаймын. Қиналған сәттерiмде жылаймын, кейде әзiлге айналдырам», – деп ағынан жарылады әншi. – Қиналғанымды бiреуге айтып, бiреумен бөлiсуге тырыспаймын. Құдайға қатты сенем, сосын ырымға қатты сенем. Алғашқы қиналған сәтiмде жанымда әке-шешем, туған-туысым болды. Ал, кейiнгi күйбiң тiршiлiкте кездесетiн кейбiр қиындықтарға iштей төзем. Бәрiнен тек қана шыдам күтем. Өзiмнiң iштей қайталайтын «кәлимам» бар. Соны айтам». Әншiнiң сырын ақтаратын тағы бiр досы – қағазы мен қаламы. «Мұны психология тiлiмен айтқанда, самаответ дейдi. Өзiңе өзiң жауап беру. Өзiңе өзiң жауап беру арқылы, көп анализдi дұрыс жасайсыз. Ойыңызды таразыға саласыз. Өз-өзiңдi түсiнудiң екi жолы бар екен. Оның бiрi – дыбыспен, екiншiсi – жазба түрде шығу керек. Дыбыспен көп шығармауға тырысам. Себебi, «отыз тiстен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» дейдi Сондықтан, қағазға жазған ыңғайлы», – дейдi Тамара.
Әншiнiң ақтарар жүрекжарды әңгiмесi әлi де көп сияқты. Бiрақ, концерттiң алдындағы шабылулар көп болып тұрғандықтан, бiзде әншiнiң мазасын алғымыз келмедi. Ендiгi әңгiме, 14-сәуiр Алматыдағы республика сарайында болатын концертiнде әнмен, бимен айтылатын болар.
Гүлзина Бектасова