Жаңалықтар

ЖАСТАРДЫҢ ШАБЫТЫН ШЫҢДАЙТЫН КИНОФЕСТИВАЛЬ

ашық дереккөзі

ЖАСТАРДЫҢ ШАБЫТЫН ШЫҢДАЙТЫН КИНОФЕСТИВАЛЬ

«Дидар» кинофестивалiнiң басталуына бiр жұмадай уақыт қалды. Жыл сайын студент жастардың шығармашылығын бағалауда өзiндiк роль атқарып келе жатқан «Дидар» биыл да өзiнiң үздiктерiн анықтайтын болады. Дәстүрлi фестиваль жас дарындардың шығармашылығын шыңдап, жолын ашуға мүмкiндiк берiп келедi. Жас киногерлердiң кинофестивалiнiң қарсаңында, осы жобаның авторы, Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттiк қорының директоры Дәурен Мұхамеджановқа бiрер сауал тастаған едiк.

– «DIDAR» кинофестивалiнiң жылдағыдан ерекшелiгi қандай болмақ?

– Бiр жаңалық, осы кинофестивальдiң арнайы мүсiншелерi (статуэтка) болмағандықтан, бұған дейiн «Менiң Қазақстаным!» мүсiншесiн қашап, жазу жаздырып, кәдесый ретiнде ұсынып келсек, биыл бұйыртса, әдейiлеп тапсырыспен дайындатып жатырмыз. Марапаттау кезiнде ол естелiк сыйлықтар кiмдерге бұйыратынын 16-17 сәуiр күндерi «Родина» кинотеатрында сiздер мен бiздер бiрге куә болатын боламыз. Бұл жоба әлеуметтiк болғандықтан, барлық көрсетiлiмдер тегiн болады. Көремiн дегендерге есiк ашық. 14-сәуiр күнi, сағат 12:00-де «Интерфакс» ақпарат агенттiгiнiң Баспасөз клубында БАҚ-қа арналған баспасөз мәслихатын ұйымдастырмақпыз.

Кинофестиваль аясында Елбасымыздың жүргiзiп отырған саясатын да насихаттап келемiз. Мысалы, осы шара алғашқы жылдары «Менiң Қазақстаным!» деген ұранмен өткiзiлсе, былтырғы жылы «Дағдарыстан – жаңару мен дамуға!» деп ұрандатсақ, биылғы жылы «Жаңа онжылдық – Қазақстан жастарының жаңаша серпiлiсi!» деп Елбасының биылғы Жолдауының тақырыбымен үндестiрiп отырмыз. Сондықтан да шығармашыл жастар үшiн шынымен де жаңаша серпiлетiн, шабыттанатын кезi келдi деп бiлемiн.

– Биылғы жылы студент жастарымызға қандай талаптар қойылып отыр?

– Жалпы Ережеге сәйкес талаптар айтарлықтай өзгерген жоқ, тек биылғы жылы Кинофестиваль Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құрметiне орай және VII қысқы Азия ойындарын насихаттауға байланысты өтетiндiктен, «Үздiк спорттық тақырыптағы жұмысы үшiн» атты арнайы аталым (номинация) тағайындалып отыр. Сондықтан да келешекте осы спорт тақырыбындағы салауатты өмiр салтын насихаттайтын жұмыстар көбiрек жарыққа шықса деген ниет бар. Алматы жастардың қаласы болғандықтан, Өнер академиясынан өзге де жоғары оқу орындарынан үмiткерлер ниеттенiп қатысып отыр.

– «DIDAR» кинофестивалiнде үздiк атанған жас режиссерлерiмiздiң кейiнгi тағдыры қалай болып жатыр? Олардың арасында қазақ киносына үлес қосып жүргендерi бар ма?

– Ең әуелi, жақында ғана басшылыққа келiп, осы жобаның ары қарай жалғасын табуына себепкер болып отырған Алматы қаласы Жастар саясаты жөнiндегi басқармасының бастығы Бақтияр Мәкен мырзаға да ризашылығымды бiлдiргiм келедi.

«Жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар» дегендей, осы артта қалған төрт жылда көптiң iшiнен суырылып шыққан Мақсат Оспанов, Талғат Бектұрсынов, Эмир Байғазин, Әдiлхан Ержанов сынды дарынды жас киногерлердi халыққа танытуы жобаның басты жетiстiктерiнiң бiрi десек те болады. Иә, әрине, олар мүмкiндiгiнше осы салада еңбек етiп жүр, нақтырақ айтсам, «DIDAR» Республикалық жастар кинофестивалiнiң жеңiмпаздары:

Мақсат Оспанов – «DIDAR» кинофестивалiнiң 2006 жылғы Гран-при жүлдесiнiң иегерi (2006 жыл). Қазiргi таңда Мақсат Оспанов «Хабар» республикалық телеарнасында режиссер болып қызмет атқаруда және «Мент» атты толықметражды фильмнiң сценарийi бойынша түсiру жұмыстарын жүргiзуде.

Талғат Бектұрсынов – «DIDAR-2» кинофестивалiнiң Гран-при жүлдесiнiң иегерi (2007 жыл). Талғат қазiр «Қазақфильм» киностудиясында «Горсть земли» және «Ради тебя» атты толықметражды фильмдердiң сценарийiн жазып бiтiрiп, өндiрiске дайындауда.

Эмир Байғазин – «DIDAR-3» кинофестивалi Гран-при жүлдесiнiң иегерi (2008 жыл). Эмирдiң қолтаңбасымен түсiрiлген бiрнеше фильмдерi бар. Олардың қатарында: «Веселые и обиженные» – фильмi 2007 жылы (қысқаметражды фильм) «DIDAR» кинофестивалiнiң «Үздiк режиссурасы үшiн» жүлдесiн алды. «Степь» – фильмi 2007 жылы (қысқаметражды фильм) Берлин Жас таланттар лагерiнде көрсетiлдi; Азиялық Кино Академияның фестивалiне шақырылды. «Весогонщик» – фильмi 2008 жылы (қысқаметражды фильм) «DIDAR» кинофестивалiнiң Гран-при жүлдесiн, «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивалiнiң арнайы жүлдесiн, «Евразия» халықаралық кинофестивалiнiң Жас сыншылар қазылар алқасының жүлдесiн, Милан кинофестивалiнiң арнайы жүлдесiн, «Киностан» Бiшкек халықаралық кинофестивалiнiң арнайы жүлдесiн алды.

Қазiргi таңда Эмир Байғазин «Қазақфильм» киностудиясында коммерциялық кино бағытындағы гангстерлiк комедия жанрында түсiрiлуге тиiстi «Убойная кухня» және авторлық кино бағытындағы фильмдердiң сценарийiн жазып бiтiрдi. Әдiлхан Ержанов – «DIDAR-4» кинофестивалi Гран-при жүлдесiнiң иегерi. (2009 жыл). Әдiлханның да бiрнеше фильмдерi бар. «Автопортрет», «Про Дарика», «Братья Шорты», «Қаратас» фильмi үздiктер қатарынан көрiнiп жүр. Қазiргi таңда «Қазақфильм» киностудиясында «Реелторы» атты фильмнiң сценарийiн жазып бiтiрдi.

– Кинофестивальге елiмiзден өзге аймақтардан қатысуға ниет бiлдiрген студент-жастарымыз бар ма?

– Бұл кинобайқаудың бiр ерекшелiгi – өзiмiздiң жастардың арасынан дарындыларын тауып, соларға қолдау көрсету және елге танылуына жағдай туғызу ғой. Яғни бұл байқауда тек жасы 35-тен аспаған қазақстандық жастар ғана сынға түсе алатын болғандықтан, биылғы жылы кинофестивальдың байқауына Алматыдан өзге Астанадан, Семейден, Оралдан, Қызылордадан, Шымкенттен келген жұмыстар сынға түсетiн болса, қонақ ретiнде, ақпараттық көрсетiлiм негiзiнде Қазақстаннан өзге, Кореядан, Қырғызстаннан жұмыстар келiп түстi, алдағы күндерде Өзбекстаннан, Түркиядан да жұмыстар келедi деп күтiлуде.

– Үздiктерге берiлетiн сыйақы жөнiнде атап өтсеңiз…

– 17 аталым бойынша жүлделер сарапқа салынатын болады. Өзiңiз бiлетiндей, бұл байқауда студенттермен қатар, 35-ке дейiнгi жастардың да сынға түсетiнiн ескерсек, бұл көптiк етпейдi. Бас Жүлде, және негiзгi төрт жанр бойынша: көркем, деректi, анимациялық фильмдер және музыкалық бейнеклиптерге екi-екiден және өзге де атаулы сый-сияпаттар жетерлiк. Айтпақшы, биыл екiншi жыл осы жобаның ғаламторда қазақ және орыс тiлдерiнде www.didar-com.kz атты арнайы ақпараттық-танымдық сайты бар. Қалған мағлұматтарды сол жерден толық алуға болады.

Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА