Жаңалықтар

КЕЛIМСЕКТЕР КЕРДЕҢI НЕМЕСЕ ЕЛ ФУТБОЛЫНДАҒЫ ҚИЫН ТҮЙIН

ашық дереккөзі

КЕЛIМСЕКТЕР КЕРДЕҢI НЕМЕСЕ ЕЛ ФУТБОЛЫНДАҒЫ ҚИЫН ТҮЙIН

Ел футболындағы даулы мәселелердiң бiрi – легионерлер жағдайы. Кейбiр мамандар бұлардың санын азайту керек және сапасына аса ден қою қажет деп жатады. Тағы бiр пiкiр олардың орнына қазақ жастарын неге ойнатпасқа дегенге саяды. Жалпы осы легионерлер бiзге керек пе? Осындай күрмеуi көп сұраққа жан-жақты жауап iздеп көрсек.

Ең алдымен әлем футболындағы легионерлердiң маңызы туралы айтпай болмайды. Еуропалық кез келген бiрiншiлiктi алсақ, онда мiндеттi түрде келiмсектер жағдайы қарастырылған. Мысалы, ағылшын бiрiншiлiгiнде шеттен келген шеберлерге ешқандай шектеу жоқ. Бiрақ қойылатын басты талап – олар өз елiнiң ұлттық құрамаларында өнер көрсеткен немесе өнер көрсетiп жүрген болуы тиiс. Сондықтан ағылшын бiрiншiлiгi әлемдегi ең үздiк лига болып саналады. Өйткенi, құрамы мықты ойыншылардан жан-жақты жасақталған командалар шын дәрежелерiне сай футбол көрсетедi. Бұл үрдiс өткен ғасырдан бастау алған. Ел бiрiншiлiгiнде осындай жағдай орын алған соң жергiлiктi футболшылар да бәсекелестiк жасап, негiзгi құрамға iлiгу үшiн тырысып бағады. Қазiр ағылшын футболы осындай реформаның жемiсiн көруде. Ел бiрiншiлiгiнде қаптаған көп ағылшыннан гөрi әлемдiк деңгейде өнер көрсететiн 22 ағылшын футболшысы шыққаны дұрыс деп санады олар. Баллак, Эсьен, Ван Персилермен терезесi тең Джеррард, Лэмпард, Рунидiң бой көрсетуi де осыдан болса керек. Ал бiздiң бiрiншiлiкке мұндай талап қою үшiн әлi ертерек. Өйткенi, Қазақстан бiрiншiлiгiнде өнер көрсеткен ұлттық құраманың ойыншылары ТМД көлемiнен әрi аса алған жоқ. Олардың өзi саусақпен санарлық едi. Мысалы, Беларусь қақпашысы Шанталосов, Армения сұрмергенi Васканян, Литва шабуылшысы Мижигурскис секiлдi ортаңқол футболшылар. Демек бiзге бұл әдiске көшуге ерте болғанымен, түбiнде тiрелетiнiмiз осы болмақ. Ал әзiрге басқа да нұсқаларды тәптiштеп көруге болады.

Екiншi бiр үлгi – клубтардағы келiмсектер санын белгiлi бiр мөлшерде шектеу. Мәселен, 3 немесе 5 футболшыдан аспайтын меже. Мұндай жағдайда олардың сапасы жергiлiктi футболшылардан жоғары болары сөзсiз. Себебi, команда басшылары оларды iрiктеу барысында өте мұқият болатыны белгiлi. Мұндай үрдiс батыс Еуропаның бiрқатар чемпионаттарында және Қазақстан премьер-лигасында орын алған. Өкiнiшке қарай, Қазақстанға келiп жатқан легионерлер деңгейi жергiлiктi футбол шеберлерiнен ары аса алмай тұр. Оның себептерiнiң бiрi – бiздiң командалардағы селекциялық жұмыстардың әлсiздiгi. Және мемлекеттiң қаржысын аямай жұмсайтындықтан кейбiр пысақайлар осыдан нәпақа тауып қалуды да терiс көрмейдi. Соның салдарынан арзан бағадағы ТМД көлемiндегi немесе тiптi тегiн түсетiн Африка құрлығының футболшылары елiмiз бiрiншiлiгiнде саңырауқұлақтай қаптап жүр. Олардың деңгейiн, Қазақстан футболына қаншалықты ыңғайланып, үйренiсiп кететiнiн ешкiм де қадағалап отырмайтын сияқты. Клуб басшыларын олардың бiр маусым ойнап кеткенi және оларға сонша мерзiм қомақты ақша табу жолы ғана ойландыратындай. Мiне, осылай бiрiн-бiрi ғана қанағаттандырып жатқан футбол селекциясы Қазақстанда мықтап орын алған. Және бұның тамыры тереңге кеткен.

Осы арада тағы бiр гәптiң бетiн аша кеткен жөн. Еуропа футбол одағына мүше болғалы берi ғана Қазақстандағы жағдай кiшкене болса да алға жылжыды. Бұрындары бағасы да төмен, футбол мәнерi де өзiмiзге жақындау болатын өзбек футболшылары көп келсе, қазiр олардың қатары сиредi. Ол кездерде премьер-лиганың әр клубында кем дегенде екi-үш өзбек аяқдопшысы болатын. Бүгiндерi елiмiздiң «Ақтөбе», «Локомотив», «Тобыл» секiлдi бай клубтары сол берiлген бес мүмкiндiктi барынша оңтайлы шешудi ойлап жүр. Олардың қатарына кiрген легионерлер бiздiң жiгiттерден деңгейлерi анағұрлым жоғары. Бiрақ ондай шеберлердiң саны бүкiл бiрiншiлiкте бiр-екеу-ақ.

Тағы бiр кемшiн тұс – мықты деген легионерлердiң Қазақстанға ат басын бұрғысы келмейтiндiгi. Өйткенi, шетелдерде Қазақстан футболы туралы мәлiмет аз. Бiздiң чемпионаттың деңгейi мен мұндағы футболдың қандай екенiнен ақпар алу әлi күнге дейiн қиынға соғады. Сондықтан бiздiң ел шетелдiк футболшыларға көбiнесе жұмбақ күйiнде қалады. Бұл мәселенiң шешiмi бiреу-ақ. Ел чемпионатынан елiмiздiң телеарналарынан жиi-жиi көрсетiлiмдер жасау және осы матчтардың үздiк дегендерiн спутниктiк арна – «Каспионетке» шығару қажет. Жалпы бiр сөзбен айтқанда, ел футболын барынша насихаттау керек.

Қазiргi премьер-лигамыздағы қалыптасқан үрдiске сай ол әр клубта 5 легионер ғана бар және оның үшеуi ғана бiр мезгiлде алаңға шыға алады. Ал ендi жоғарыда айтып өткен жағдайларды ескере отырып, елiмiздiң клубтарындағы келiмсектер санын үшеуге дейiн қысқартып, олардың барлығы да бiр мезетте алаңға шыға алатындай ету қажет. Тәжiрибе көрсеткендей, 5 легионердiң өзi бiздiң чемпионат үшiн көбiрек. Оның үстiне сан көп болғанмен сапа онша болып тұрған жоқ. Премьер-лига клубтары бiр маусымға сырттан үш қана футболшы тарта алатын болса, онда таңдау да, бәсеке де жоғарғы деңгейге көтерiлетiнi айтпаса да белгiлi.

Ермұхамед МӘУЛЕН