КҮН АСТЫНДАҒЫ КҮНIКЕЙ ҚЫЗ

(ақын Баян Бекетова жырлары хақында)
 

«Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады», — деген Мағжан жырында өмiр мен шығармашылықтың терең пәлсафасы жатыр.

80-шi жылдары өлеңге келгендер – алдыңғы толқын ағалардың жырларын жата-жастана оқып өскен, әдебиетке деген құштарлық отының әлi де суымай тұрғанында келген, уызы бұзылмаған буын.

Бәрi де күнi бүгiнгiдей көз алдымызда. Өлеңнiң көрiгi әсiресе КазГУ қалашығында қайнап жататын. Күн сайын әдеби кеш, әдеби бiрлестiктерiнде жаңа өлеңдердi талқылау, аға буын қаламгерлермен дүрiлдеп өтетiн кездесулер, көпшiлiк студенттердiң басын қосып өткiзiлетiн өлең кештерi… Әрқайсысы естен кетпестей ғажайып өтетiн. Ол кезде өзi санаулы республикалық газет-журналдарда өлеңдерiң жарияланса, одан асқан мәртебе жоқ. Ал кiтабың шықса, онда бүкiл жастар қауымы саған «классикке» қарағандай қарайтын. Бiз үшiн жеке кiтап шығарудың ауылы алыс. Бiрде «Темiрқанат» деген атпен студент ақындардың ұжымдық жинағы шықты. Ол да үлкен сенсацияға айналды. Сол кiтапқа өлеңдерi енген Ертай Ашықбаев, Самат Асқаров, Бақытжан Абызов, Қайролла Аманов, Гүлнәр Шәмшиева ерекше беделге ие болды. Соның артын ала 1984 жылы «Аудитория» (студенттер жырлайды) деген атпен «Жалын» баспасынан ерекше безендiрiлген ұжымдық жинақ жарқ ете қалды. Құрастырған сыншы, «Лениншiл жас» газетiнiң әдебиет және өнер бөлiмiнiң меңгерушiсi Қамбар Керейқұлов. Өлеңдерi сол кiтапқа шыққан бiздiң қуанышымызда шек болмады. Бiр-ақ күннiң iшiнде кiтабы жарық көрген ақын аталып шыға келдiк. Бiзге деген құрмет те, iлтипат та ерекше. Оқытушылардың да, студенттердiң де алдында абыройымыз асқақтап шыға келдiк.

…Менiң қолымда сол кiтап отыр. Осыдан 26 жыл бұрын шыққан «Аудитория» жинағы көзге оттай басылды. 3000 таралыммен шыққан сол кiтап пышақ үстiнде тез сатылып кеттi. Бүкiл жастардың үстел үстiндегi кiтабына айналды. Бұл кезде «Бастау» сериясымен жұқа болса да жеке шыққан кiтаптары бар Есенғали Раушанов, Әубәкiр Қайранов, Шәмшия Жұбатова, Қасымхан Бегманов өлеңдерiн ерекше ықыласпен қолдан қолға өткiзiп оқушы едiк. Елде жүрген ақындардан Тыныштықбек Әбдiкәкiмов, Ғалым Жайлыбай, Шәһизада Әбдiкәрiмов жырларын баспасөз бетiнен көрiп қуанатынбыз. Мен үшiн «Аудиторияда» аталған есiмдердiң әрқайсысы ерекше жақын, соншалықты ыстық. Өйткенi 80-шi жылдардағы қазақ өлеңiнiң көшiн солар жалғады және жыр керуенiне тамаша шумақтарымен жарқырап қосылды.

Қазiрге дейiн қаламы қолынан түспей, өзiн қаламгер ретiнде қалыптастыра бiлген, қалың оқырманға кең танылған ақын қыздарымыздың бiрi – Баян Бекетова шығармашылығы осы жылдардан бастау алған-ды.

Баян ерте танылды. Студент кезiнде-ақ өлеңдерi Республикалық мерзiмдi басылымдарда жиi жарияланып жүрдi. Әдеби кештерге сирек қатысады. Бiрақ көпшiлiктi өзiне ынтызар етiп, ерекше паң, тәкаппар көрiнетiн. Онысы өзiнiң әдемi келбетiне жарасып та тұратын. Әсiресе жиi оқитын өлеңiнiң соңғы жолдары былай болып келетiн:

“…Кездесу бар, өмiрде, қоштасу бар,

Бiрақ та қиын екен қоштасулар”, – деп қиыла үзiлдiретiн. Ендi бiрде:

“Бақытты бол сонда да деп келемiн,

Наздарым ғой әшейiн өкпем менiң.

Ойламаймын десем де мүлде ұмытып,

Соншама жақсы көрем!

Соншалық жек көремiн!” – деп назданатын. Оның алғашқы тырнақалды өлеңдерiнiң көбiсi махаббат лирикасымен сезiм тербейтiн.

Өзгеше қылықты, көңiл түкпiрiндегi нәзiк иiрiмдерiн жасыра алмайтын сүйкiмдi кейпi көп жiгiттiң жүрегiн бiр аунатып, астаң-кестеңiн шығарып кететiн. Күнделiктi газет жұмысының ауырлығы да шығар, оның алғашқы жеке жыр кiтабы «Үмiтiм менiң» деген атпен тек 1992 жылы ғана жарық көрдi. Кейiн Алматы қаласы әкiмдiгiнiң Тiл басқармасында қызмет атқара жүрiп, қаламын қолынан тастамады. Өлеңдерi топтама түрiнде басылымдар беттерiнде жиi жариялана бастады.

1994 жылы «Жалғыздық», 2001 жылы «Сәмбi тал», «Көлбастау», 2005 жылы « Мен сенi сағынғанда» жыр жинақтары бiрiнен соң бiрi жарық көрiп, ақын ретiнде кеңiнен танылды.

Әсiресе, оның 1993 жылы Халықаралық Түркi поэзиясы мүшайрасының жүлдегерi, 2008 жылы Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атануы ақын қыздың мәртебесiн бұрынғыдан да асқақтата түстi. Ал, 2007 жылы «Мадонны Турана» атты орыс тiлiнде жарық көрген поэзия антологиясында М.Хакiмжанова, Т.Әбдiрахманова, Ф.Оңғарсынова М.Айтхожина, Қ. Бұғыбаева, А. Бақтыгереева, К. Ахметова, Х. Есенғараева, Ж. Дәрiбаева, Т. Оразбаева, Қ.Жәленова т.б. сияқты апаларымен бiрге Баянның да Надежда Чернова, Любовь Шашкова тәржiмалаған жырларының жарық көруi көп жайтты аңғартқандай. Бұл Баян Бекетованың өлең көшiнде өз орнын тапқандығының айқын дәлелi. Антологияға өлеңдерi енгiзiлген ең жас ақын да Баян.

Баян – ең алдымен сезiмнiң ақыны. Ол көңiл пернелерiн дөп баса отырып, ғашықтық жырларын соншалықты табиғи қалпында төгiп-төгiп тастайды. Оның махаббат тақырыбына жазған көп-көп жырлары кейде күзгi сарғайған жапырақтар болып сөйлейдi, ендi бiрде қар үстiндегi қызғалдақтар болып тiл қатады, тағы бiрде ақ нөсерге айналып үздiксiз төгiледi және бiрде өзенге иiлiп барып жапырақ ернiмен мөлдiрлiктi сүйетiн сәмбi тал болып балдай тәттi мұң сiмiредi. Кейде туған жердiң мақпал түнiне айналады, жұлдыздарды уыстап алып көкзеңгiрге шашады, сұлулықтың құдiретiн жазатын қыз-қайың болып назданады, ақ таңмен бiрге арайлап атып, терезедегi ай болып қарайды, тағы бiрде гүл болып шықтан сырға тағады, құс болып бақыт жырын төгiлдiредi.

“Сенi сүймеу – жалаңаяқ шоқ басу,

Сенi сүймеу — өз-өзiммен соттасу,

Сенi сүймеу – төпеп тұрған жауынды алақанмен тоқтату.

Сенi сүймеу – қараңғыға қамалу,

Көрмеу, сезбеу аймаласа таң ару.

Сенi сүймеу – қара тасқа айналу,

Сенi сүймеу – жан беру мен жан алу.

Сенi сүю – жаңғыру мен жаңару,

Жырға айналу, болу және ән-ару.

Сенi сүю – қайта туу сәби боп,

Сенi сүю – мөлдiр судай тазару…”

Ақын қыз «Сүю мен сүймеу» өлеңiнде осылайша ақтарылады. Кiршiксiз мөлдiр сезiмнен туған тұнық жырлар.

“Мүлгiп тұр жалғыз қайың да,

Бұлыңғыр қала сай тұман…

Екеумiз ғана жайында

Тырналар өттi айтып ән.

…Айналам қарға қыста мен,

Ақ қарға сырың айтарсың.

Ұшып ең күзде құстармен,

Қаздармен бiрге қайтарсың,” –

Баянның баянды махаббат лирикасы кiмдi болсын бей-жай қалдырмайды. Ол жазған ғашықтық жырлар, жастық барда, махаббат сезiмi барда ұзақ жасайтын өмiршең сөз.

Баян Бекетова – жастайынан халық ауыз әдебиетiнiң уызынан қанып iшкен, мол сусындаған. Дәл осы қасиетi оның өлеңдерiнен айқын сезiледi.

“Жердiң үстi сыз ба едi,

Судың үстi мұз ба едi.

Жаздан кейiн күз бе едi,

Жеген балың тұз ба едi.

Күнiкейдiң көздерi

Алтын шапақ, зер ме едi.

Тiстен шыққан сөздерi –

Ақыл ма едi зерделi.

Күнiкейдiң кеудесi,

Шүпiлдеген шер ме едi?

Шүпiлдеген шерiнен

Бер деп едiм бермедi.

Көн деп едiм көнбедi…” –

деп ағылып-төгiлiп түсетiн жыр жолдарынан кешегi қазақ ертегiлерiнiң өшпес сарыны, сонау жыраулық поэзияның жауһар жаңғырығы сезiлiп тұр емес пе?! Оның «Алматым – тағдырым», “Махамбетке арнау”, “Махамбетше”, “Тiрлiк пен бiрлiк ордасы”, “Балбалдар” сияқты ақпа поэзия үлгiлерiнен қазақ жырының көне мақамдары, ескi сарындары түрленiп, түлеп, құстай ұшқан ақын жүрегiне қанат бiтiредi, жаңаша серпiледi.

Баян – Оңтүстiк Қазақстан облысының Бәйдiбек ауданында туып-өскен. Ақын – ең алдымен туған жер, өскен өлкенiң перзентi. Кезiнде ұлы Әуезов айтқан: “Шаянға барсаң, әншiмiн деме”, – деген қанатты сөз ойға оралады. Тербелген, тебiренткен әндi өлкеде өскен қыз жүрегi ерекше бiр әуенге толы нәзiк лиризммен атамекенiн жырлайды.

Ақын қыздың тағы бiр өзгешелiгi – табиғат суреттерiн сөзбен өрнектей бiлетiн қасиетi. “Ақ нөсер”, “Өзен жағасындағы ой”, “Көктем күнгi сағыныш”, “Тырналар тiзбегi”, “Дегелек”, “Сәмбi тал”, “Қарашада қар жауып тұр”, т.б. жырларында табиғаттың сан алуан суреттерiмен лирикалық “меннiң” көңiл-күйiн астастыра қиюластырып, психологиялық параллелизмге, пейзажға батыл қалам тербейдi.

“Желдiң өзi тарап бердi шашымды,

Кемпiрқосақ керiп бердi қасымды.

Жауын өзi жуып бердi жейдемдi,

Самал өзi сипап бердi басымды…

Өзi билеп, өзi салып өз әнiн,

Тал-теректер қолын көкке созады.

Шабыт қысып, найзағайлар шатырлап,

Мұңға батып, жаңбыр өлең жазады.”

Осы келтiрiлген аз үзiндiлердiң өзiнен-ақ Баянның табиғаттың өзегiнен өрiлiп түскен ақындық қуатын аңғарасың.

Баян Бекетова қазiргi қазақ поэзиясында өзiндiк үнi бар, өз қолтаңбасы қалыптасқан ақын екендiгiне бiз де ел назарын аударғымыз келедi. Оның өлеңдерiндегi әйелдiң жан-дүниесiн, психологиялық өзгешелiктерiн көрсететiн қасиетiнiң өзi – басты ерекшелiктерiнiң бiрi. Кейiнгi кездерi оның сөзiне жазылған әндер де жиi орындалып жүр. Мәселен, әншi, сазгер Заттыбек Көпбосыновтың орындауындағы:

“Бар асылым – қимасым, жанашырым,

Дара сырың – тұп-тұнық қарашығың.

Сенiң сырлы сәтiңдi аңсадым ғой,

Тағынғанда ақ маржан дала шығын”, –

деп келетiн “Ақ маржан” әнi қалың көпшiлiктiң жансерiгiне айналған жақсы әуеннiң бiрi болғалы қашан. Соның сөзiн Баян Бекетова жазғандығын да көпшiлiк бiле бермейдi.

Өзiнiң кейiнгi кезде хатқа түсiрген бiр өлеңiнде:

“Күн түбiнде күлiм қалды,

Ай түбiнде сырым қалды…

Түн түбiнде ұятым бар,

Көл түбiнде нұрым бар-ды…

…Жаздарыңда – наздарым бар,

Ойым — құдық, қазғаным бар.

Қайтқан құста – қаздарым бар,

Қанатында жазғаным бар,” –

деп төгiлдiрiптi ақын қыз. Қайтқан құстың қанатына жыр жазған Күн астындағы Күнiкей қызға шығармашылық ләззатын тiлеймiз бiз де! Шығар белес, алар асу көп болсын!

Бауыржан ЖАҚЫП, филология ғылымдарының

докторы, профессор

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button