Жаңалықтар

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТ ТАЛАПКЕРЛЕРДI ҚАБЫЛДАЙДЫ

ашық дереккөзі

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТ ТАЛАПКЕРЛЕРДI ҚАБЫЛДАЙДЫ

Өткен дүйсенбiде Астана қаласында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған бiрiншi халықаралық университеттiң бастапқы дайындығына арналған баспасөз мәслихаты өттi. Шiлде айынан бастап халықаралық университет 2010-2011 оқу жылына алғашқы талапкерлердi қабылдауды бастайды.

Бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға түсу үшiн Қазақстанның барлық облыстарында iрiктеу жұмыстары бүгiнде жүргiзiлiп жатыр. Ол үшiн талапкерлердiң орта бiлiм туралы аттестаты және жоғары бiлiмдi бiтiру туралы дипломы немесе IB (International Baccalaureate) дипломның болуы шарт. Екiншiден, ағылшын тiлiнен бiлiмiн растайтын халықаралық тесттердiң нәтижелерiмен ресми сертификаттары болуы мiндеттi. Мұндай құжаттары бар талапкерлер iрiктеудiң 3-шi кезеңiне өте алады.

Үшiншi кезеңде әртүрлi пәндер бойынша тестi шетелдiк серiктестер өткiзедi. Алғашқы жылы 500 студенттi қабылдауды жоспарлап отырған жаңа университет басшылары: «Студенттердiң 75-80 пайызы мемлекеттiк грантта оқитын болады», – деп шамалауда «Астананың жаңа университетi» АҚ-ның вице-президентi Қ.Даирова. Ақылы бөлiмге түскен студенттiң бiржылдық оқу ақысының iшiнде жатын орны мен бiржылдық тамақ өнiмi қоса қарастырылған. Негiзi ағылшын тiлiнде бiлiм беретiн бұл университетте қазақ тiлi мен Қазақстан тарихы пәндерi де екiншi курстан бастап оқу жоспарына енгiзiлмек. Бұл үшiн аталмыш университетке әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен ең үздiк мамандар тартылуда.

Университеттiң даму стратегиясы әлемнiң үздiк бiлiм беру мекемелерiмен серiктестiк құру, жаңа ғылыми инфрақұрылыммен қамтамасыз етiлген зерттеу қызметiн өткiзу және жоғары оқу орнын басқару мен қаржыландыру ұстанымдарына негiзделген. Осы мақсатта Foundation бағдарламасы бойынша серiктес ретiнде Ұлыбританияның үздiк жоғары оқу орындарының бiрi – Лондонның Университеттiк колледжi танылып отыр.

«Астананың жаңа университетi» болашақта әлемнiң 30 үздiк университеттерiнiң қатарына кiрiп, инженерия, жаратылыстану, гуманитарлық ғылым, медицина, бизнес және мемлекеттiк саясат факультеттерiнiң құрылуы жоспарлануда. Сонымен қатар 2012 жылдан бастап магистратура одан әрi докторантурада оқыту да жоспарда бар.

Баспасөз мәслихатына «Астананың жаңа университетi» АҚ-ның вице-президентi Қадиша Даирова, «Ұлттық медициналық холдингiнiң» Басқарма төрағасы Алмаз Шарман, сондай-ақ, АЖУ-дың серiктестерi – Партнерс Гарвард Медикал Интернешнэлдiң вице-президентi, Фукуа Бизнес Мектебi Дьюк Университетi деканының орынбасары және Питтсбург Университетi Медициналық орталығының директоры қатысты. Бұлардың барлығын АҚШ-тың үздiк университеттерiнiң сарапшылары қатарынан көруге болады.

Олжас СӘНДIБЕКҰЛЫ