Жаңалықтар

ЗЕЛИНСКИЙ ЖӘНЕ ОНЫҢ «ҚАЗАҚ», «ДАЛАСЫ»

ашық дереккөзі

ЗЕЛИНСКИЙ ЖӘНЕ ОНЫҢ «ҚАЗАҚ», «ДАЛАСЫ»

Поляк ақыны Густав Зелинскийдiң туғанына 200 жыл 

Кейiнгi жылдарға дейiн поляк пен қазақтың әдеби байланысы жайында қалың оқушы қауым жартымды дерек бiлмей келген едi. Сырттай қарағанда шынында Европаның қақ ортасында жатқан Польша елiмен Қазақстанның тiкелей мәдени байланыс жасауына мүмкiндiктер аз сияқты. Алайда, тарихтың ашылмаған, ұғылмаған құпиялары қашанда көп қой.

Бұл ретте қазақ елiмен Батыс Европа елдерiнiң әдеби қарым-қатынас тарихында қазақ жерiне айдалып келген поляк ұлт-азаттық қозғалысы өкiлдерiнiң, прогресшiл, демократияшыл көзқарастағы поляк революционерлерiнiң орны ерекше. ХIХ ғасырда қазақ даласында Т.Зан, Я.Виткевич, А.Сузин, Л.Турно, А.Янушкевич, Г.Зелинский, Б.Залесский, С.Гросс сынды поляк азаматтары ұзақ мерзiмдi айдауда болған. Жiктеп айтсақ, поляктiң белгiлi революционерi, демократ-публицист Адольф Янушкевич (1803-1857) сол кездегi халқымыздың өмiрi туралы "Қазақ даласындағы сапар жазбалары" атты тарихи танымы барынша басым кiтап жазып кеттi (Париж, 1861 ж.). Ал поляктың дарынды суретшiсi Бронислав Залесский (1820-1880) Қазақстанның батысында тоғыз жыл айдауда болған кезеңiнiң баянды белгiсiндей "Қазақ даласының тiршiлiгi" атты суреттi альбом жасауға мүмкiндiк тапты (Париж, 1865 ж.). Кезiнде Семей қаласында айдау мерзiмiнiң бiрталайын басынан кешiрген, право ғылымдарының кандидаты, ұлы ақын Абайдың рухани серiктерiнiң бiрi бола бiлген. Северин Гросс (1852-1889) "Қазақтардың байырғы әдет-ғұрыптары" деген ғылми еңбек бастыртып шығартты (Петербург, 1886 ж.). Бiз бұл мақаламызда поляк халқының парасатты перзенттерiнiң бiрi – революционер-демократ ақын, қазақ даласында айдау мен сүргiннiң алуан азабын көрген Густав Зелинскийдiң (1809-1881) туғанына 200 жыл толуына орай, оның қаламынан туған тамаша шығармалары – "Қазақ" және "Дала" дастандары туралы бiраз сөз қозғамақпыз. Зелинский Варшава университетiн бiтiрiп, ендi ғана қоғамдық өмiрге араласа бастаған кезде Ресейге тәуелдi, бағынышты Польшада ұлт-азаттық қозғалысы басталғанда, ол мұның белсендi ұйымдастырушыларының бiрi болды. Елде "Халық кегi" атты құпия патриоттық ұйыммен байланысқаны үшiн ол 1834 жылы сотталып, сол заманның сөзiмен айтқанда, "қырғыз даласына" жер аударылды. Сегiзжылдық айдау кезiнде ол Есiл бойындағы қазақ ауылдарында, Аягөз, Балқаш, Жетiсу жерлерiнде де айдауда жүрдi. Зелинский қазақ жерiнде айдауда болғанда олардың тұрмыс халi, әдет-ғұрпын, және салт-санасымен жете танысады. Өз халқының тәуелсiздiгi үшiн күрескен ақын қазақ елiнiң де Польшадағыдай екiжақты езудегi қайғылы тағдырын жанымен сезiп, түсiне бiлдi. Қазақ даласының сұлу табиғаты, дала өмiрiндегi әлеуметтiк қайшылықтар, жай халықтың ауыр тұрмысы, шер-мұңы, үмiт-арманы, олардың ақжарқын адалдығы, адамгершiлiк қасиеттерi поляк ақынын барынша қызықтырады. Ол осынау өлкенiң табиғатына ғашық болып, көшпендiлермен достасып, олардың өмiрiнен шабыт алып, оған өлең жолдарын арнайды. Шығыс елдерi туралы экзотиканы көбiрек қалайтын дағдымен жүрмей, поляк ақыны алдымен сол дәуiрдегi Қазақстанның салт-тұрмысын нақты суреттеуге ниеттенген. Г.Зелинский өзiнiң шығармашылық өмiрiнде көптеген көлемдi дүниелер жазған. Солардың iшiнде оның арқалы ақын атағын шығарған "Қазақ" және "Дала" дастандары. Бұл жерде бiр еске ұстар жай, Густав Зелинский қаламынан алдымен "Қазақ" (түпнұсқада "Киргиз") дастаны туып, ол 1842 жылы Варшава қаласында басылып шыққан. Ал "Дала" дастаны болса, 1846 жылы Вильно қаласында жеке кiтапша болып басылған. Ақынның бұл екi дастаны сол кездiң өзiнде-ақ тез әйгiленiп, Европа халықтарының көптеген тiлдерiне аударылып үлгерiлген. Мысалы, бiр ғана "Қазақ" дастаны немiс тiлiнде 4 рет (1851-1855, 1858 және 1888 ж.ж.) чех тiлiнде 1863 жылы, ал француз және ағылшын тiлдерiнде 1870 жылы қатар басылып шығыпты. Шығысқазақстандық орыс жазушысы Г.Д.Гребенщиков (1883жылы туып, 1964 Америкада өлген) оны француз тiлiндегi нұсқасынан орыс тiлiне тәржiмалап, 1910 жылы Томск қаласындағы "Бытовая Сибирь" серiктестiк баспасынан жеке кiтап етiп бастыртып шығартқан екен. Қазiрде осы кiтаптың бiр данасы Семей қаласындағы Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайында сақтаулы тұр. ХIХ ғасырдың соңғы жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында "Қазақ" дастанының Европада ғана 22 рет басылып шығуының өзi-ақ оның жоғары бағаланғанын анық аңғартса керек. Зелинскийдiң "Қазақ" дастанын ақын Әбдiкәрiм Ахметов, "Дала" дастанын ақын Тайыр Жароков қазақ тiлiне аударуда мейлiнше көп еңбек сiңiрдi. Бұл екi дастанның басы бiрiктiрiлiп, 1964 жылы ғана төл тiлiмiзде "Қазақ" деген атпен жеке кiтап болып жарық көрдi. Алайда, содан берi 45 жыл өтсе де бұл дастандар Қазақстанда қайта басылым көрген емес. Ендеше жазылғандарына бiр жарым ғасырдан асып кеткен бұл екi дастан жайында бiраз сөз қозғағанның ешбiр сөкеттiгi жоқ сияқты. "Қазақ" дастаны ХIХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақстан өмiрiнiң кейбiр маңызды мәселелерiн елестетедi. Сәби кезiнде әке-шешесiнен амалсыз ажырап, бiр бай орысқа сатылып кеткен қазақ баласының ер жеткенде елiн сағынып, тұтқыннан қашып шыққаны, жолында бiр бай ауылға кездесiп, қонақ болғаны әңгiмеленедi. Әкесiн барымта кезiнде өлтiрiп, жiгiттi бала күнiнде сатып жiберген адам қонып отырған үйдiң иесi болып шығады. Бұл құпияны әңгiме арасында, қартайған, бүгiнде би болған адамның өзi байқаусызда айтып қалады. Өзiне қатты қиянат жасаған зорлықшының кiм екенiн жаңа таныған жiгiт көп толқиды. Қонып отырған үйдiң қызы – Жәмилаға деген құштарлығы мен қыз әкесiне деген өшпендiлiк жiгiттi қатар қинайды. Мына келген жiгiттiң кек алуға беттегенiн сол ауылдың әулие бақсысы түс көрiп, биге ескерту жасайды. Би мен бақсы ақылдасып, абайсызда жiгiттiң көзiн жоюды көздейдi. Бұл арам пиғылды сезген жiгiт сүйген Жәмиласымен қашып құтылмақ болады. Бидiң өзi бастаған қуғыншылар қыз бен жiгiтке жете алмайтын болған соң, далаға үш жақтан өрт қояды. Ақырында жас ғашықтар алаулаған от жалынның ортасында күйiп өледi. Дастанның қысқаша мазмұны осындай. Кейбiр жерлерiнде романтикалық поэзияға тән шарттылықтар сақталғанымен, дастанның өн бойынан қазақ даласының сол кездегi шындығы анық аңғарылады. Дастанның шартты түрдегi басты кейiпкерi – Жiгiт. Ол құлдық торынан қашып шыққан, азат өмiрге ұмтылған асқақ арманның, iзгi сезiмнiң адамы. Бұл туралы дастанның алғашқы шумақтарында-ақ: “Құтылмаған қанды тырнақ тезiнен, Бала бүркiт бейнелi жас кезiнен. Жүрегiне ұялаған iзгi арман, Бiр шынығып, бiр түлеген өзiмен. Аңсағаны – еркiн өмiр, бостандық. Құлдық торын тас-талқан ғып тастарлық. Ұшу едi жас жiгерiн қанат қып, Түссе жолы туған елге бастарлық”, – деп құлдықтан қашып шыққан жiгiттiң жүйрiк атын, шетсiз, шексiз кең даламен өзi туған жерiне қарай қыран құстай ұшып келе жатқандығын, сезiм сапырылыстарын ақын шебер суреттейдi. Бұл суреттер тегiнде алыста жүрiп, айдау көрген сүйiктi елiн сағынған ақын жүрегiнiң де тынымсыз дүбiрiмен үндес. Азаттықты аңсап, еркiндiкке ұмтылған жiгiт пен ақын жүрегi бiрге соғып тұрғандай. Дастанның оқиға желiсiн ақын драмалық шиеленiске құрып, шиыршықтай өрiп, негiзгi кейiпкерлерiнiң бейнесiн биiктетер әр қырынан табиғатын аша жырлайды. Сағынған ауылында сый-құрметке бөленген жiгiт жаутаң көздi сұлу Жәмилаға ғашық болады. Жәмила дастанда былайша суреттелген: “Қанша кезсең қазақтың кең даласын, Сырдария, Аягөздiң арасын, Жетiсу мен Үргенiштi шарласаң, Бұған теңдi қайдан iздеп табасың. Көрген адам қарап қалар сүйсiнiп, Күлгенiнде бетке шұңқыр жиылып. Ауызында ақық тiсi тiзiлiп, Ерiнi пәк, көрмеген бiр сүйiлiп”. Ақын суреттеуiнде әдiлетсiздiк пен зұлымдық араны ақ махаббаттың да жолын тосады. Өктем озбыр өлiм тұзағына түсiредi. Өлiм құшағына түскен қорғансыз қос мұңлықты ақын күйiнiп: “О, дүлей күш, көзсiз едi бұл неден, Жалын анау қыз бұрымын өрлеген. Соңғы демiн ғашық жарлар бiрге алды, Жас жандары зарлап шықты кеудеден,” – деп суреттеуi де қазақ даласындағы жүгенсiз үстемдiк пен әдiлетсiздiктiң нышаны белгiсiндей көрiнедi. Зелинский қазақ халқының таланттылығын, өнерпаздығын жете танып,жоғары бағалағанын оның қазақ әндерiн мына бiр суреттеуiнен көруге болады. “Шiркiн, қазақ әндерiн-ай, әндерiн, Жұлып кетер жүректiң әр, нәрлерiн. Кейде ызғарлы, күз даладай көңiлсiз, Кейде аспандай, неткен шексiз нәрлi едiң! Кейде әндетсе еркiн дала ұлдары, Кетсе шырқап, кеуде кере бiр бәрi. Бар табиғат тына қалып мүлгидi, Сахара әнi – қазақ әнi тыңдары.” Ал Г.Зелинскийдiң "Дала" дастанында белгiлi бiр сюжет желiсi жоқ. Дастан ұзақ толғаудан "Дала", "Таулар", "Бәйге", "Жыр" атты төрт бөлiмнен құралады. Дастанның алғашқы бөлiмiнде автор қазақ даласының жыл мезгiлдерi – қыс, көктем, жаз және күз кездерiндегi көрiнiстерiн ел өмiрiне ұштастыра, байланыстыра шебер жырлайды. Қазақстанның көп жерлерiн көрiп, мол әсер алған поляк ақыны табиғат тамашаларын, ғаламат құбылыстарын сүйсiне де, тебiрене де жырлағанда, олардың дәл суреттерiн бiрер бояулар нақышын келiстiрiп қолданады. Дастанда Тарбағатай, Алатау тауларының, Лепсi, Аягөз өзендерiнiң, Балқаш көлiнiң аттары аталады. Қодар атты батырдың да жақсы iстерi келтiрiледi. Ақын Қодарды ата-бабасының даңқымен әйтеуiр ел билеп отырған ақсүйектiң бiрi демей, оның өз күшiмен, өз iсiмен аты шыққанын баса баяндайды. Қодардың қайраттылығы сонша, қарсы шаппақ болған жолбарысты жалғыз өзi ғана жайратады. "Дала" дастанын оқу үстiнде қазақ жерiндегi әр құбылысқа ақынның айрықша мән берiп, үлкен ой түйiндеуге ұмтылатындығына және соның өзiн жалаң баяндамай, сезiмге орап, көзге көрiнерлiктей суреттеп отыратынына риза боласың. Ақын айтатынын да, ойлайтынын да әрқашан кесек турап, еркiн жеткiзедi. Айталық, дастанның "Дала" атты бөлiмiндегi алғашқы шумақтарында: “Алдыңды орап тұтқын қып, Ауын құрар ақ боран. Тұрар жер жоқ оқтық қып, Ұйтқып құйын қаптаған. Тiрiдей молаң қаланып, Тұрар қорған ақ қардан,” – деп қазақ даласындағы боран сұрапылдығын батыл бейнелесе: “Көрдiң бе сен көктемнiң, Соққан жiбек самалын. Қыста ұйықтаған шөптердiң, Майда оянып қалғанын,” – деп әз көктемдi әдемiлеп өлең өрнегiмен кестелейдi. Тiптi, бұл жолдар ойлы оқырман түгiл талантты суретшiнiң қылқаламына сұрапыл тұратыны айтпаса да түсiнiктi. Дастанда жанды сүйсiнтер шымыр шумақтар жеткiлiктi-ақ. Тамаша ақынымыз Тайыр Жароковтың аудармасын оқыған адам "Дала" дастанынан эстетикалық ләззат алады, құйылып тұрған өлең өрнектерiн көрiп парасатты поляк ақынына, оны ажарландарып аударған қазақ ақынына алғыс сөзiн қосарлап арнайды. “Жасыл Балқаш көлi көздей мөлдiреп, Жаға талы кiрпiгiндей селдiреп Жарқырап тұр құм жастанып қолтығы, Әлсiн-әлсiн бетiн самал үргiлеп. Көкжиекпенен көл тоғысын уылжып, Жiбек жел де күбiрлемей күмiлжiп. Тұп-тұңғиық тыныштықтың төрiнен, Отты жолмен келе жатыр күн жылжып”. Мiне, Тайырдың осындай тамаша тәржiмасында поляк ақынының өрелi өлең кестесi айшықты өрнек тауып оқушысын риза етедi. Поляк ақынының қазақ халқына деген бауырмалдығы, аяныш сезiмi дастанның өн-бойынан анық аңғарылып тұрады. Зелинский шығармаларының бағалы жерi осында деп бiлемiз. Сыршыл, романтик ақын өзiнiң жан дүниесiн айналысында болып жатқан болмыстармен байланыстыра жырлағанда, олар жаңаша жарқырайды. Жалқылықты жалпылыққа айналдырып жiберу немесе тұтас көрсету, ара-жiгiн байқатпау жағына келгенде қарадүрсiндiкке ұрынбай әр ойы орнықты шығады. Әр шымыр шумақтан тарам-тарам жол шығып, ой алғырлығы, сезiм пәктiлiгi тұтасып қорғаушы күшке айналып кете бередi. "Дала" дастанында қазақ елiнiң аса кәделi тамашасы – бәйге жарысы көркем кестеленген. Бiздiң поэзиямызда бәйге I.Жансүгiровтың "Құлагер" дастанында және басқа бiрен-саран шығармаларда ғана көсiлте жырланған ғой. Бақсақ, бұдан бiр жарым ғасырдан бұрын поляк ақыны бәйгенi үлкен шеберлiкпен, поэзия тiлiмен өрнектеп үлгерген. Тiптi, қазақ халқының өмiрiнде жылқының орны бөлек екендiгiн төмендегiше түйiндегенiне қалайша таңқалмассыз. Ендеше, тағы да зерделi Зелинскийдi тыңдалық. “Ат үстiнде туып қазақ сәбиi, Ат үстiнде айтылады әлдиi. Жөрге тәй-тәй баспас бұрын сол бөбек, Атқа шауып алуды ойлайды бәйгенi! Апыл-тапыл баспас бұрын алдымен, Атқа мiнiп үйренедi жай күнi. Ат – қазақтың ауасы да даласы, Атсыз бiр күн тұра алмайды баласы. Онсыз оның ашылмайды аясы. Қайғысын да, қуанышын бөлiскен, Ат көзiнiң бейне ағы мен қарасы. Кiсiнесе тiлдескендей иесiмен, Аттан артық сықылды оған бағасы.” Ие, "Далада" халықтың түрлi әдет-ғұрпының көңiлге тез ұялар көрiнiстерi көп-ақ. Күндiз бәйгенiң қызығын көрген ел адамдары кешкi намаздан кейiн үлкен үйге жиналып атағына, жасына қарай отырысып, "таудай болып үйiлген" еттi әп-сәтте тауысқанын да қағыс қалдырмай қалтқысыз суреттейдi. “Кей жiгiттер мұжып жамбас, жауырын, Сүйек ұстап шегiнiстi аулаққа. Қолы шапшаң мұжығанда жiлiктi, Флейтаны отырғандай ойнап та.” Айтқан сөзiн, тартқан күйiн жұрт сiлтiдей тынып тыңдайтын қазақ жырауын Зелинский шын ақындықтың, ерекше өнерпаздықтың үлгiсi ретiнде көрсетедi. Өзiнiң туған елi – Польша ақындарына сонау сахарадан көрген қазақ жыршысын өнеге етiп алға тартады. Мiне, поляк ақынының дастандарынан осы секiлдi шындықтың бетi ашылады. Екi дастанның да құндылығы осында. Бұл орайда, "Дала" дастаны ең соңғы шумақтарының өзi де оқырмандарын жалықтырмайды. Қайта ертеңгi өршiл өмiрге ұмтыла беруге меңзейдi. Егер мұны ақынның өз ойымен аяқтасақ, онда бұл төмендегiдей жыр кестесiмен зерленедi. “Жолаушылап жолымнан мен адасып, Сiзге мейман болып келдiм тау асып. Соққан салқын самалына даланың, Кеуде кере көкiрегiмдi кең ашып. Кездестiрсем Сiздердей көп ұрпақты, Тату-тәттi тұрған егер жарасып. Риза болып өзiме-өзiм айтар ем, Тұр, – деп мұнда ата рухына жол ашып. Батыр Қодар алда бағың ашылсын, Құрыш халық қайыспасын, ашынсын. Жыршыдағы үзбей үмiт арманын, Ән мен күйiн асулардан асырсын. Бәлкiм, алда алуандаған сан жылдан, Домбырадан күй төгер ол жаңғырған.” Әрине, шығармалары мұндай баянды, баталы сөз қозғаған поляк ақыны Густав Зелинский мұрасын шаң баспақ, ұмытылмақ емес. Ғабит ЗҰЛХАРОВ, бұрынғы мұрағат қызметкерi, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi