YШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТYЙIН
YШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТYЙIН
Бiз осы ұлттық патриотизм туралы көп айтамыз. Бiрақ соның нәтижесi байқала бермейдi. Өз құқығын қорғауда халықтың оянуы баяу секiлдi.
Жуырда сандық телеарнаның «History» бағдарламасынан Оңтүстiк Африка Республикасы халқының көсемi Нельсон Мандела жайында деректi фильм көрсеттi. Сан ғасырлар бойына ағылшындардың отары болып келген олар тәуелсiздiкке оңай жеткен жоқ. Талай адам шығынына апарған нәсiлшiлдiкпен күрес жолдарынан өттi. Күрес тәсiлдерi әрқалай. Елдегi Кейптаун және Йоханнесбург секiлдi iрi қалаларында жат жұрттық капитал иелерiнiң iрi супермаркет сауда орталықтары жұмыс iстеген. Солардың әлеуетiн түсiру үшiн Нельсонның Африкалық ұлттық конгресс партиясы мүшелерi қара нәсiлдiлердi сол супермаркеттерге кiрiп, сауда жасамауға үгiттейдi. Тағдыр талайы бiр халық өз партиясын бiр кiсiдей қолдап, тек тауарлары жұтаң өздерiнiң шағын дүкендерiне бас сұғады. Сауданың күрт төмендеуiнен iрi супермаркеттер банкротқа ұшырайды да, есесiне қара түстiлердiң шағын дүкендерi еңселерiн көтерген. Дүкен иелерi саудамыз жүрдi деп тауар бағасын бiздегiдей үстемелеудiң орнына қайта қандастарының тұрмыс жағдайларын жақсарта түсу үшiн ауық-ауық арзандатып отырса керек. Патриотизмнiң асқан үлгiсi осы емес пе?
Дағдарысқа ұшыраған қалталылар Республика Президентi Фредерик Виллем де Клеркке жаппай қысым жасап, Нельсон Манделаны түрмеден босатуды талап етедi. Олар: «Нельсон түрмеден шықпай, негрлер бiздiң супермаркеттерден сауда жасамайды», – десе, Виллем де Клерк: «Жарайды, бүгiн оны босатайық, ертең қайта қамауға тура келедi ғой», – деп бiраз уақытқа дейiн құлақ аспаса да ақырында көнуге тура келген. Нельсон бостандыққа шығысымен-ақ нәсiлшiлдiкпен күресiн қайта жалғастырады. Саяси күрес барысында оның партиясы қара түстiлердiң сайлауға құқығын жеңiп алады. 1994 жылы Нельсон Республика Президенттiгiне кандидат етiп ұсынылып, сол жылдың 10 мамырында көпшiлiк дауыспен таққа отырған.
Ол алғашқы күннен қара нәсiлдiлердiң балаларының сауатын ашуды қолға алып, тегiн оқытуға жарлық шығарды. Ел байлығының игiлiгiн сырттан келген ақ нәсiлдiлер ғана емес, жергiлiктi халық та көре бастаған. Ұлт президентi ұлтының қамын ойлады деген осы. Нельсонды олар «Ұлт әкесi» деп атайды.
АҚШ-тың бұрынғы президентi Билл Клинтон оны Кейптаундағы құттықтау жиынында: «Дүниежүзiнде билiкке таза күрес жолымен жеткен екi адам бар. Оның бiрi – Махатма Ганди де, екiншi – Нельсон Мандела». Бұл үлкен баға, үлкен құрмет.
Ұлттық тұтастық пен бiрлiк қашанда жеңiске жеткiзедi. Оған Оңтүстiк Африка Республикасындағы осы жағдай дәлел. Ал бiзде ше? Үлкен мiнберден: «Жүзге бөлiнгеннiң жүзi күйсiн» деймiз де, сырт айнала бере ру-рудың мүддесiн күйттеп кетемiз. Дәлел керек пе? Оңтүстiк Қазақстанның Қошқар ата ауылындағы ру-ру тартысын жуырда телеарнадан көрдiңiздер. Дәл сондай келеңсiз жәйттер өзге де облыстарда орын алып отырғаны жасырын емес.
«Бөлiнгендi бөрi жейдi», ағайын. Бұл аталардан қалған ұлағат. Өз арамызда бiрлiк болмаса, патриотизм қайдан болсын. Бөтендерге жем боларымыз оп-оңай. Осыны түсiнетiн, сезiнетiн уақыт жеттi емес пе?!
* * *
«Елдiң атын ер шығарады». Сырт көздердiң тұлғаларыңды мойындағаны, елiңе деген құрметi. Батыр Бауыржан Момышұлы исi қазақ үшiн өзгелерден орны бөлек. Қазақта ел қорғаған батырлар көп. Алайда әлем таныған батыр бiреу. Ол – Бауыржан Момышұлы.
Алдағыны Алла бiледi. Ал өткендi ұрпақ бiлуге тиiс. Баукеңнiң өмiр жолын, ерлiк iстерiн, биiк парасатын ұрпаққа үлгi ететiнiмiз сондықтан.
Иә, профессор Мекемтас Мырзахметовтiң жетекшiлiк етуiмен оның отыз томдығы жарық көрiп жатыр. Астанаға, Таразға, Шымкентке ескерткiштерi қойылған. Ал Алматыға орнату қашаннан бергi әңгiме. Нақты iс жоқ. Қазақтың “әне болады, мiне боладысымен” сиырдың аусылындай созылып келедi. Үкiметтiң ләмiне көңiл қойсақ, Баукеңнiң 100 жылдық мерейтойы кәдуелгi тойлардың санатында өтпек. Мектептерде, жоғары оқу орындарында еске алу жиындары, туған жерi Жуалыда ас берiп, ақындар айтысымен шектелетiн секiлдi. Бар болғаны сол.
Баукең – әлемдiк тұлға. Оның 100 жылдық мерейтойын соған лайық қарсы алсақ, қанеки. Кеңес өкiметi кезiнде Фрунзе мен Фурмановтың ескерткiштерi қай қалаға қойылмады? Төл батырымыз Баукеңнiң еңселi ескерткiшiн барлық облыс орталықтарынан неге орнатпасқа. Оның тас тұлғасы айбынымыз емес пе?! Қазiр бiзге соны iстеуге кiм қой дейдi? Кiмге жалтақтаймыз? Үкiметтiң солай iстеуге неге құлқы жоқ? Өзiмiздi өзiмiз сыйлап, құрметтей алмасақ, басқаларға қадiрiмiз қайдан болсын. «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» демекшi, осы 100 жылдық мерейтойда Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Қызылжар, Кереку, Өскемен, Қарағандыда қойылмаған ескерткiш бұдан соң қай кезде ашылады? Сондай-ақ, оның жарқын бейнесiн почта маркiлерiне салып, халықаралық деңгейде насихаттаған жөн болар едi. Бұл Баукең үшiн емес, ұрпақ үшiн қажет! Ұлттың рухын көтеру үшiн керек!
Иә, оның Жуалыда мұражайы бар. Оған аудан тұрғындарынан басқа кiм барып жатыр дейсiз. Сондай мұражай Алматыдан ашылса ше. Өмiрiнiң көп бөлiгi осы саяси әрi мәдени ортаның ордасында өттi ғой. Панфиловшылар паркiнен жеке мұражай үйiн салдырып, қала халқы мен қонақтары баратын мәдени орынға айналдырса жараспай ма? Баукен сондай құрметке лайық тұлға ғой.
Менiкi жаңалық емес. Талайдан берi айтылып жүрген мәселе. Қала бердi халықтық, қоғамдық пiкiр. Қайталап жатқанымызға Үкiмет құлақ асса деймiз. Әй, бiрақ…
* * *
Биыл табиғат тосын мiнез танытты. Қыс ұзап, қар қалың түсiп, жер-жердi тасқын су басты. Шығыны шаш етектен. Әсiресе адам шығынын айтсайшы.
Кiмнiң кiм екенi ел басына күн туғанда, апатты жағдайлар орын алғанда көрiнедi. Қызылағаштағы орасан зор апат солардың бiрi. Қарапайым халық олардың қасiретiн жанашырлықпен бөлiстi. Бiр айлық еңбекақыларын арнайы ашылған есеп-шотқа аударып, басы артық киiм-кешектерiн қабылдау пункттерiне өткiздi. Тiптен мектеп оқушылары да балмұздаққа жинаған азғантай ақшаларын ортақ қорға салды. Парламент депутаттары да қалыс қалған жоқ. Нұртай Сабильянов секiлдi шын жанашырлар бiр айлық жалақысынан бөлек 100 мың теңгеден аударған.
Ал олигархтар ше? Ибрагимов, Шодиев, Машкевич, Ким бұл апаттан бейхабар дейсiз бе? Олардың естiмеуi мүмкiн емес. Жеп отырған батпан құйрығымыз қазақтардiкi деп әрқайсысының миллион емес, жүз мың доллар аударды деген ақпаратты бiз естiгенiмiз жоқ. Қазақтың өзiнен гөрi малын артық көргенi ғой. Сол байлықтың бiр тұтамын да қиғысы келмегендерден не үмiт, не қайыр. Оларға: «Халық барымен көмектесiп жатыр, сендер қайтесiңдер?», – дейтiн Үкiмет қайда? Негiзi айтатын жерде үн-түнсiз тартынып қалмай, айтқандары, талап еткендерi жөн болар едi. Олигархтардың байлыққа бөгiп отырғандары да осы халықтың арқасында емес пе?!
«BN-Мұнай» компаниясы кеше телеарнадан қызылағаштықтарға қора-жайымен он тұрғын үй салып беретiндiгiн жария еттi. Басқа қалталылар ше? «Forbes» журналы арқылы аттары жер жарған миллиардерлердi айтамыз. Олар неге үнсiз? «Жұмыла көтерген жүк жеңiл» демекшi, қызылағаштықтардың, шығыс қазақстандықтардың қиыншылықтарын ауқымды қаражаттарымен бөлiсiп, жанашырлық танытса, қазандары ортайып қалмас.
P.S. Капитализмнiң ең күштi жерi ақша болса, ең осал жерi де ақша екен. Ал бiрлiктiң қашанда жеңетiнiн Оңтүстiк Африка Республикасындағы жағдай тағы да дәлелдеп бердi. Соған қарағанда патриотизмнiң негiзi бiрлiкте жатыр-ау.
Батыр Баукеңдi тек қазақ халқы ғана емес, фашизммен күрескен әлем жұртшылығы жақсы бiледi әрi құрмет тұтады. Оның 100 жылдық мерейтойын мәндi әрi маңызды етiп қарсы алмаса, Үкiметке сын.
Қиын сәтте барлық шонжарларымыз халықты қолдап жатса құба-құп. Ондай iзгi қадамдары жақсы аттарын шығарары хақ. Әй бiрақ, қашпаған сиырдың уызынан не пайда!?
Көлбай Адырбекұлы