АУЫЛ КIШКЕНТАЙ, ТАРТЫС ҮЛКЕН
АУЫЛ КIШКЕНТАЙ, ТАРТЫС ҮЛКЕН
Жамбыл облысы заңсыз жекешелендiрудiң зардабын шегiп отыр
Соңғы жылдары елiмiзде кәсiптiк бiлiм беретiн орта оқу орындарына ерекше ықылас танытылып, айтарлықтай көңiл бөлiне бастағаны даусыз. Мұның өзi өмiрдiң нақты талаптарынан туып отырған маңызды жайт. Кәсiптiк бiлiм беру мен ерте бастан мамандық алу мәселесi нарықтық қатынастардың ең негiзгi талаптарының бiрi. Сөйте тұра, өкiнiшке қарай, бұл салада қол жеткен табыстарымыз толағай деп айтуға ауыз бармайды. Ресми мәлiметтерге қарағанда, елiмiзде жыл сайын 130 мыңдай жасөспiрiм ешқандай бiлiм алмастан еңбек майданына араласып кетедi. Араласады деу әшейiн айтыла салған сөз-дағы, әйтпесе, бiлiмсiздiң күнi әрқашан қараң. Ақыл тоқтатпаған, арнаулы бiлiмi мен бiлiгi жоқ бозымдар төмен ақылы ауыр жұмыстарды ғана еншiлеп, базарларда қол арба сүйретпесе не етсiн?!. Бiразы қылмысқа ұрынбаса қайтсiн?..
Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе елдi мекенiндегi таусылмауға айналған тартыс та осы мәселеден – жасөспiрiмдерге кәсiптiк бiлiм беру төңiрегiнен өрбуде. Кiшкентай ауылдың қарапайым тұрғындары бұл тартысқа бiлек сыбана кiрiсiп кеткен сияқты. Бiр сөзбен айтсақ, кiшкентай ауылдың адамдары екiге бөлiнiп, қырғиқабақ күй кешiп отыр.
Даудың бiр ұшығы 1957 жылы алғаш рет МТС болып құрылған, кейiнiрек атын бiрнеше рет өзгертiп, түрлi атауларға ие болған бұрынғы кәсiптiк-техникалық училищенiң жай-күйiнен басталған. 2000 жылы басынан бағы тайып, тұралауға жеткен кәсiптiк-техникалық мектеп тағы да атын өзгертiп, бұдан былай өндiрiстiк комбинат болып қана қалды.
Ақыртөбе – Алматыдан Таразға, одан әрi Шымкент, Ташкентке баратын күре жолдың бойындағы ерекше бекет iспеттi. Ұлы жолдың бойында болғанмен әрлi-берлi ағылған көлiктердегi жолаушылар көбiне бұл ауылды 40-50 ғана үйi бар шағын, бұйығы ауыл санайды. Ал турасында құпиялы Ақыртөбе үш мыңнан астам тұрғыны бар, атағы алысқа жайылған ерекше елдi мекен.
Ал осы ауылдағы және маңайдағы 12 ауылдан келiп, осындағы «№18 кәсiптiк лицейi» мемлекеттiк коммуналдық қазыналық кәсiп орынында бiлiм алатын балалардың болашағы таусылмайтын тартысқа бой алдырған ересектердi онша қынжылтпайтын сияқты.
Шын мәнiнде, кәсiптiк лицей ғана емес, болашаққа қадам басқалы отырған жазықсыз балалардың тағдыры тартысқа салынып отыр. Арлы азаматтарды нақ осы жайт қынжылтады. Ақыртөбе №18 кәсiптiк лицейi директорының орынбасары Қайынбердиев Әбiлқасым мырза:
– Барлық ғұмырым осында өттi. Осында тудым, осында өстiм. Ауылдық жерде жағдай төмен ғой. Бiздiң Ақыртөбе мен төңiректегi 12 ауылдың балаларының талайы осында бiлiм алып, еңбек майданына араласуда. Ауылшаруашылығында кәсiби мамандар мүлдем жетiспей отыр. Маусымдық жұмыстарға тракторшы, комбайыншы, басқа да керектi мамандарды анау Қырғызстаннан арнайы әкелiп жүрмiз. Нағыз масқара емес пе?! Осындағы бес ауылда Сейдiбаев Ералы деген жалғыз жiгiт токарь болып жүр. Оның да жасы бiразға келдi. Бiздiң лицейдiң төңiрегiнде дау туғаны, кейбiр газеттердiң iстiң жайын түсiнбей, бұрмалап жазуы жаны ашымастық. Кезiнде Әлен Сейтбеков бiлiм мекемесiн заңсыз жекешелендiрiп алған. Ендi қолымыз қайта жетпей отыр. Ол аудандық мәслихаттың депутаты, көзi ашық азамат. Бiрақ, бiздi есiгiнен сығалатпайды. Жер-жерде жеке азаматтардың бұрынғы балабақша, түрлi әлеуметтiк ғимараттарды мемлекетке тегiн қайтарып жатқанын естимiз. Үлгi алса, кәнеки деймiз… Бiрақ 18 млн.теңгенi қалтаға басқан азаматымыз бүлк етер емес. Ал мемлекеттiк мекемелер елiмiз үшiн толыққанды жұмыс iстеуге тиiс емес пе?!.
Бұл кiсiнiң осыншалық таусыла сөйлетiн жөнi де бар. Өйткенi, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 24-қазандағы №1587 «Жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттiк мүлiк нысандары тiзiмi жөнiндегi» Қаулысына сәйкес елiмiздiң территориясындағы жалпы орта бiлiм беру, орта кәсiби бiлiм беру мемлекеттiк мекемелерiнiң ешбiрi ешқандай жағдайда жекешелендiруге жатпайтындығына қарамастан, бұрынғы №18 кәсiптiк-техникалық мектеп ғимараттарын осы бiлiм ордасының бұрынғы директоры Әлен Сейтбеков мырза түрлi амалдармен бауырына басып алған. Ең таңданарлығы, бұл мекеменiң зор ғимараттары мен сансыз техникалары 2003 жылы небары 1 млн.250 мың теңгеге, сутегiнге бағаланыпты. Мәселен, сандаған балаға арналған жатақхана 30430 теңгеге, асхана 43250 теңге, зор қойма 29931 теңгеге ғана сатылған. Осындай iрi 8 түрлi ғимаратты Әлен Сейтбеков мырза небары 118 мың 480 теңгеге ғана алса, ал, 1990-1991 жылдары ғана шыққан ДТ-75 тракторларын 58 мың немесе 79 мың теңгеге ғана сатып алған. Бiр ғажабы, бұл тракторлар құжаттарда жарамсыз деп көрсетiлiптi. Бiрақ… мүлдем жарамсыз техниканы сатып алып не iстемек?!. Оқушы үстелдерiн 162 теңгеге немесе 2 теңге 24 тиынға сатып алуы да мүлдем ақылға сыймайтын iс секiлдi… Ал бұл жылдарда елiмiздегi жылжымайтын мүлiктер бағасы аспандап тұрған едi. Жамбыл облысындағы осындай кәсiптiк-техникалық училищелердiң бiрде-бiр әлi күнге жекешелендiрiлмегенiн ескеретiн болсақ, №18 училищенiң төтенше жағдайда жекешелендiрiлiп кетуi әлдеқандай сезiк тудырады. Сiрә, бұл iстiң тасасында сырт көзге бiлiнбейтiн түрлi құпия бар секiлдi. Мейлi, өткен күндер өттi, бiрақ қалай болғанда да Әлен Сейтбеков мырзаның есебi түгел болып шыққан сияқты. Депутат мырза алты жылдан кейiн – 2009 жылы тамызда әлгi ғимараттар мен мүлiктердi сол жылы Жамбыл облысы әкiмдiгi бiлiм басқармасына қарасты мүлдем жаңадан құрылған «№18 кәсiптiк лицейi» МКҚК-нiң меншiгiне 18 миллион теңгеге қайта сатқан. Мұны екiжақты жасалған құжаттардың барлығы толығымен растайды. Тiптi, Қазақстан Республикасының «Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн өзi басқару туралы» Заңының 35-бабына, елiмiздiң «Жер Кодексiнiң» 19-бабының 1-тармағына, Т.Рысқұлов ауданы әкiмдiгiнiң қаржы бөлiмiнiң 2009 жылғы 10-тамыздағы №64 бұйрығына, түрлi келiсiм шарттар мен жер телiмiн зерттеу комиссиясының хаттамаларына сәйкес ауыл әкiмi Бауыржан Сәкенұлы Ақүрпеков мырза «18-кәсiптiк лицейiне» тиесiлi жер телiмiне байланысты арнайы шешiм қабылдаған едi. Бар мәселе осымен тәмам болуға тиiс болатын. Өкiнiшке қарай, бiтпес дау осыдан былай басталды. Сейтбеков Әлен мырза өзi бұрынғы училищенiң жылжымайтын мүлiктерiн жекешелендiру кезiнде келiсiм шартқа кiргiзiлмеген оқу шеберханасы, клуб, су құбыры мен башня, газэлектр дәнекерлеу цехын қайтарудан бас тартып отыр. Оның үстiне, ол әу баста бәрiне келiскенмен, бүгiнде баяғы мектепаралық оқу-тәжiрибе комбинаты заңсыз жабылды, оған ешқандай заңдық негiз жоқ деп мүлдем басқа даудың ұшығын өрбiтуде. Iстiң шынтуайтына келгенде, бүгiнгi №18 кәсiптiк-техникалық лицейге тиесiлi жерлер бiр кездерi Әлен Сейтбеков мырзаға 10 жылға жалға берiлген болып қана табылады. Оның үстiне «Оңтүстiк» өңiраралық мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру департаментiнiң Жамбыл облысы бойынша филиалының бастығы Ш.Шарденов және Жамбыл облысы әкiмдiгiнiң Қаржы басқармасының бастығы Н.С.Календеров мырзалардың ресми хаттары бойынша №18 кәсiптiк лицейге тиесiлi ғимараттар мен мүлiктер ешқашан жекешелендiрiлмеген. Құрылғанына бiр жыл бола қоймаған лицей үлкен әлеуметтiк жүк арқалап отырғанын ұмытпауымыз керек. Мұнда 200-ден астам бала кәсiптiк бiлiм алуда. Қосымша 40 бала былтыр мемлекетiмiз үшiн аса маңызды «Жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсiби бiлiм алуға тартылса, биыл тағы да 75 бала осы бағдарлама бойынша оқытылмақшы. 9-11 сынып оқушыларына жалпы бiлiм берiп қана қоймай, лицейде 2 топ ауылшаруашылық мамандары, 2 топ құрылыс ауылшаруашылық мамандары, 2 топ газодәнекерлеу, 1 топ токарь, 1 топ автожөндеу, 2 топ құрылыс мамандарын (әктеу, сылау, әрлеу) дайындап шығаруды қолға алып отыр. Ал алдағы оқу жылында экономикамыздың түрлi салаларына аса қажеттi мамандарды даярлайтын басқа да топтар құрылмақшы. Мұнда 40-тан астам ұстаздар мен шеберлер жастарды бiлiммен сусындатуда. Бiрақ… өздерiне тиесiлi оқу шеберханасы, клуб, газэлектр дәнекерлеу цехына бас сұға алмай отырған шәкiрттер бұл ойларынан бас тартуға мәжбүр. Ал №18 кәсiптiк-техникалық лицейдiң еш шарасыз ұстаздары лицейдiң болашағын ойлап қамығуда. Әзiрге олар түсiнiксiз әрi төзгiсiз жағдайды бiраз құзырлы мекемеге айтып, талап-тiлектерiн бiлдiрумен шектелiп отыр. Тiптi, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы мен Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Қайрат Мами мырзадан да жағдайларына түсiнiстiк танытуын сұрауда.
Ал ауыл тұрғындарының айтуынша, депутат болып сайланар алдында жұртты таза ауызсумен жарылқауға уәде еткен Әлен Сейтбеков мырза осы училище аумағындағы су насосы iстен шыққанда двигательдi орнына қою үшiн қажеттi кранға 14 мың теңге сұрап табандап тұрып алған. «Аштықта жеген құйқаның дәмi ауыздан кетпейдi» демекшi, аңызақ ыстықта есiгiнiң алдындағы азын-аулақ бақша өнiмдерi бiржолата қурап қалған қарапайым жұрт қазiр ешкiмге сенбейтiн күйге түскен.
…Бiз даулы ауылдан аттанарда алыс терiскейден суық жел үңги соғып, бiр сәтте аспанға қара сұр бұлттар үйiрiле бастады. Көп ұзамай-ақ қатқақ жерге тамған суық тамшылар шарасыз әлдекiмдердiң амалсыз көз жасындай көрiндi…
Жаңабек ШАҒАТАЙ, «Түркiстан» газетiнiң
арнаулы тiлшiсi