Жаңалықтар

ТӘЖIРИБЕЛI МАМАННЫҢ ТIС ҚАЙРАУЫ

ашық дереккөзі

ТӘЖIРИБЕЛI МАМАННЫҢ ТIС ҚАЙРАУЫ

Өткен жексенбiде болған екiншi тур ойындары командалардың шама-шарқын анықтап бердi. Былтыр ғана өзiнiң жақсы ойынымен көзге түскен "Шахтер" маусымаралық үзiлiсте бiршама тәжiрибелi аяқдопшыларынан айырылса да, әлi де қауқарының бар екендiгiн көрсеттi. Темiртауда ел чемпионы "Ақтөбеге" қарсы кездесуде қарағандылықтар 2:0 есебiмен жеңiске жеттi.

Бiлiктi бапкер Владимир Чебурин қолда бардың өзiмен нәтиже шығара алатынын көрсеттi. Қарсыласы "Ақтөбе" секiлдi аяқдопшыларға миллиондаған ақша жұмсамаса да, табысты тактика және үздiк ойын мәнерiмен мықтының аяғын тұсаулай бiлдi. Соңғы жылдары Футбол одағының саясаты бойынша, елiмiздiң батыс өңiрiндегi клубтардың жағдайын жақсарту қолға алынуда. Өйткенi, УЕФА басшыларының қонаққа келгендегi берген нұсқаулары осындай болған. Еуропаға кiретiн территориямыздың 15 пайызы дәл осы батыс облыстардың еншiсiнде екендiгiн ескерген Одақ басшылығы да өздерiнiң қолынан келетiн көмектерiн аямауда. Өткен жылы "Атыраудың" кубоктың иегерi атануы да осыдан шыққан болатын. Ендi турнир кестесiндегi жағдайға қарасаңыз, көш соңындағы үш орынға дәл сол батыстың ұжымдары жайғасыпты. Тараздағы маусымашар кездесудi 7 мың көрермен тамашалады. Дәл сол күнi республикамыздың барлық аймақтарында күн райының қолайсыз болғанына қарамастан, қала тұрғындары өте көп жиналыпты. "Тараздың" бұрынғы бапкерi Владимир Фомичевтiң қызметiнен кетуiне де аз себептер болған жоқ. Ал, жаңадан тағайындалған Ойрат Садуовтың кешегi ойында жасыл алаңға бiрден 8 қазақ футболшыны шығаруы да жаңалық болды.

Алматыдағы "Қайраттың" ойынына футбол мамандары арнайы келдi. Осы клубқа еңбегi сiңген бапкерлер жiгiттердiң қарқындарын байқайын деп стадионға жиылыпты. Экономикалық университеттiң жасанды алаңында алматылықтар қарсыласы "Жетiсуға" жеткiлiктi деңгейде қарсылық көрсете алмады. Ойын соңынан өз пiкiрiн бiлдiрген Владимир Гульямхайдаров ел бiрiншiлiгiнiң деңгейiне көңiлi толмағанын жеткiздi. Бiрқатар клубтардың бапкерлерiн де бiраз жерге апарып тастады. Бұл жолғы бiрiншiлiкте көңiлден шығар команданың ойыны болмағанын да айта кеттi. Барлығы да бәз қалпында. Алға жылжу, тактикалық жаңашылдық, жылдамдық секiлдi керектi қасиеттердiң бiрi де көзге iлiкпептi. Тәжiрибелi жаттықтырушының бұл сөзiнiң жаны бар сияқты.