БIЗДIҢ БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ ЖЕРҰЙЫҒЫ

БIЗДIҢ БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ ЖЕРҰЙЫҒЫ

БIЗДIҢ БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ ЖЕРҰЙЫҒЫ
ашық дереккөзі

Бiз тарихи кеңiстiктi тарихи уақыттың өзгертiп отыратындығын ескермей келемiз. Дәлiрек айтқанда негiзгi шыққан аумағы, отаны қазiргi қазақ жерi болған елдер мен мемлекеттердiң тарихи дамудың белгiлi бiр кезеңдерiнде жоғары дәрежеге ие бола отырып, тарихи кеңiстiгiн кеңейтуге мүмкiндiк алғандығын, тiптен жаңа жерлер мен елдерге ие болып, жаңаша саяси, экономикалық, әлеуметтiк және мәдени дамуға көшкендiгiн ашық жазатын уақыт келдi. Елiмiздiң тарихын бұлайша жазу тек қазақ халқын ғана дәрiптеу деп түсiнсек қателесемiз. Бұл ең алдымен дүниежүзi халықтарының көпшiлiгiнiң тарихи дамуында сабақтастық бар екендiгiн, тiптi шығу тегiнiң ортақтығын, дүниежүзiлiк дамудың iшкi бiрлiгi мен тарихилығын көрсету болып шығады.

Қазақ тарихының ежелгi тарихи кеңiстiгiн кеңейтудi қажет ететiн бiр мәселе сақтар тарихына қатысты. Мәселен, Қазақстан тарихында сақтар тарихы накширустамдағы ахеменидтiк жазу негiзiнде тиграхауда, хаомоварга және парадария аталған үш тобы түрiнде ғана атап өтiлiп, оларды негiзiнен елiмiздiң оңтүстiк, оңтүстiк-шығысында өмiр сүргендiгiн көрсетумен шектеледi. Сөйте отырып оларды көшпелiлер ретiнде сипаттайды. Менiңше, бұл тарихи шындықты толық көрсете алмайды. Себебi, бiрiншiден, Геродот Қара теңiздiң солтүстiгiндегi сақ-скифтер мен басқа да халықтар туралы мәлiметтердi Аристейдiң "Аримаспылар туралы дастаны" негiзiнде шаруашылығы мен әлеуметтiк жағдайы бойынша бiрнеше топқа бөле отырып сипаттайды және скифтердi Азиядан келгендер деп есептейдi. Екiншiден, бiздiң парсы деректерi бойынша сақтар деп жүргендерiмiз осы гректiктер жазған Азиялық скифтер екенi белгiлi. Ендеше бiздiң неге Алтайдан Дунайдың батысына дейiн мекендеген бұл халықты сақтар мен скифтер деп екiге бөлуiмiз керек? Бұның евроцентристiк, панрусизмдiк бағыттардың ықпалы екендiгiн неге түсiнiп, ашық айта алмаймыз? Олар бiртұтас сақ өркениетiнiң, сақ империясының болғандығын мойындағысы, айтқысы келмейдi. Олай iстеген күнде бұл алтынға оранған алып империя олардың тарихын көмескiлендiре түсер едi. Сондықтан да аталған бағытты ұстанушылар бiртұтас сақ тарихын барынша бөлшектеуге мүдделi. Осыны бiле отыра бұдан ары үндемеуiмiз болашақ ұрпақ алдында үлкен күнә болар деп ойлаймын. Ең алдымен, Алтай мен Дунайға дейiнгi бiрыңғай "аңдық стильмен", бiрыңғай шаруашылық тәсiлiмен, бiрыңғай мәдениетiмен, бiрыңғай алтын бұйымдарымен ерекшеленетiн сақтар мен скифтер бiр-ақ халық екендiгiн ашық, анық жазуымыз қажет. Ендеше ол кездегi Қазақстанның тарихи кеңiстiгi елiмiздiң оңтүстiк, оңтүстiк-шығысы ғана емес, бүкiл Алтай мен Шыңжаннан Дунайдың арғы жағына, Фракияға дейiнгi орасан зор аумақ екендiгiн де естен шығармай, сол замандардағы Қазақстан тарихын да осы шекара көлемiнде жазуымыз, оқытып-үйретуiмiз керек. Оған қажеттi мәлiметтер Ресей, Украина, Болгария және Қытай зерттеушiлерi еңбектерiнде баршылық. Скифтер тарихын әсiресе 1970 жылдардың соңы мен 80 жылдардың басында Ресей және Украина археологтары едәуiр еңсерiп тастады десек те болады. Нақты айтатын болсақ, осы кезеңде екi докторлық, он екi кандидаттық диссертациялар қорғалды. Бiздiң скифтер туралы зерттеулерге баса көңiл бөлiп отырғанымыздың себебi – Алтай мен Енесайдан бастап Дунайға дейiнгi аралықта өктемдiк еткен скифтер, жоғарыда айтылғанындай, өз заманында iрi өркениет құрған, бiртұтас саяси-әлеуметтiк және мәдени мұраның иесi. Бiздер қазақстандық археологиялық деректер бойынша сақтардiкi деп атап жүрген бай өркениет ескерткiштерi сол Ресей және Украина зерттеушiлерi скифтiк деп жүрген, берiсi Еуроазиялық, арысы дүниежүзiлiк дамуда ерекше орын алған өркениеттiң құрамдас бөлiгi. Бiздер, бүкiл түркi ұрпақтары, сол орасан бай өркениеттiң мұрагерлерiмiз. Иә, бұл мақтануға тұратын салмағы ауыр ұғым. Ол әсiресе тарихшыларға көп жүк артады. Өйткенi бiз әлi күнге дейiн жалпы сақтар өркениетiнiң тарихын жаза алмай келемiз. Оған басты кедергi келтiрiп отырған жағдайдың бiрi тарихымызды бес томдық академиялық басылымнан бастап, жоғары оқу орындарынан орта мектепке дейiнгi Қазақстан тарихы оқулықтарын тек қазiргi Қазақстан аумағы көлемiнде ғана сипаттауымызда. Орыс және украин зерттеушiлерi қанша зерттегенмен оларды өздерiнiң тарихына қоса алмайтындығын түсiнгеннен болар, бүгiнгi таңда скифтердi оңтүстiк орманды даланың халықтары деп атап өтумен шектелiп жүр. Олардiкi дұрыс, ежелгi скифтер – өзiнiң ата тегi мен негiзi емес екендiгiн мойындау. Ал бiздерге, қазақтарға не болды? Скифтер туралы мардымды ешнәрсе айта алмай отырғанымыз қалай? Барлығы айқын тұрған, басқалар өзiмсiнуге батылы бармай отырған кездiң өзiнде үнсiз қалып, сақтардың тек Қазақстандағы ғана тамаша ескерткiштерiн тапқанымызға мәз болып отыра беремiз бе? Турасын айтсақ, қазақстандық археологтардың бүгiнгi таңда Ресей мен Украинаға барып қазба жүргiзуi күрделi мәселе. Сондықтан да бiз әзiрге олардың зерттеу жұмыстарын пайдалана отырып, салыстырмалы талдау арқылы болса да жалпы сақ державасы тарихын жазуымыз қажет. Сақтар тарихын зерттегенде ойланатын үлкен жайттың бiрi олардың өмiр сүрген уақыты туралы мәселе. Бәрiмiзге белгiлi кеңестiк кезеңде бүкiл далалы аймақта бiрыңғай сақ-скиф мәдениетiнiң қалыптасуы б.з.д. VII ғ. деп көрсетiлген едi. Мiне, содан берi бұл датадан арыға бармау қабылданған тәртiп сияқты болып келедi. Ал Қытайдың белгiлi археологы Таң Шиәнчун 1993 жылы "Әдебиет-тарихи бiлiмi" журналының 7 санындағы "Жыужы" атты мақаласында: "1980 жылы Лоб-нұрдың батыс жағындағы Лыулән ежелгi жұртынан бiр әйелдiң сүйегi табылды. Зерттеуге қарағанда, ол осыдан 4000 жылдың алдында жасаған адам", – дей келе оның сақ екендiгi күдiк тудырмайтынын жазады. Ал екiншi бiр қытай зерттеушiсi Ваң Минжы "Iле өзенi алқабындағы сақтар" атты 1985 жылы жарияланған мақаласында: "Нылқы ауданындағы Нұрасайдан табылған мыс кенiнiң орны мен Iле өзенi алқабынан табылған көптеген мыс бұйымдарынан бiз мынадай ой түйiндеймiз. Iле өзенi алқабында бiздiң жыл санауымызға дейiнгi 1000 жыл шамасында Соғыс мемлекеттерi дәуiрiне дейiн өмiр сүрген сақтарда мыс мәдениетi едәуiр дамыған", – деген едi. Бұл екi тұжырым да сақтар тарихының хронологиясын қайта қарауды қажет етедi. Бұл жазылғандарға қарап, сақтар мыс дәуiрiнде болмаса да, қола дәуiрiнде, демек б.з.б. II мыңжылдықтарда өмiр сүргендiгi көп күмән келтiре қоймайтын сияқты. Бұл да қазақстандық археологтар мен тарихшылардың зерттеуiн, анықтауын қажет ететiн мәселенiң бiрi. Ал еуропалық сақтар – скифтер қашан өмiр сүргенiн Геродот нақты көрсетiп кеткен едi. Ол “скифтер өздерiнiң бiрiншi патшасы Тарғытай уақытынан Дарийдiң скифтер жерiне басып кiруiне дейiн 1000 жыл өттi деп есептейдi”, – деп көрсетедi. Ал Дарий скифтерге қарсы жорықты Вавилонды жаулап алғаннан соң, б.з.б. 514 жылы жасаған. Сонда Тарғытай б.з.б. 1514 жылы патшалық құрған болып шығады. Демек, скифтер б.з.б. II мыңжылдықтың ортасында-ақ мемлекеттiк құрылым негiзiнде өмiр сүрген. Ал арийлiк дорий тайпалары Грекиенiң солтүстiгiне б.з.б. 1300 жылдары, ал орталығы мен Пелопоннеске б.з.б. 1200-1100 басып кiредi. Ендеше сақтар мен дорилiктердiң байланысы, дәлiрек айтқанда географиялық және генетикалық негiздерiнiң ұқсастығы мен айырмашылығы мәселелерi назар аударуға тұрарлық деп ойлаймын. Балқан түбегiне солтүстiктен басып кiрген дорилiк гректердiң арийлiк тегi туралы мәселе дүниежүзiлiк әдебиетте жазылып, мойындалған. Бiздiң назар аударғымыз келетiнi сол арийлiктер мен сақ-скифтердiң ортақ негiзi, тегi жөнiндегi мәселе. Өйткенi, олардың арғы отаны, шыққан аймағы бiр, қазiргi қазақ жерi ғой. Геродот сақ-скифтердiң шығуы жөнiнде негiзiнен төмендегi үш көзқарасты олардың өздерiнiң айтуы бойынша жазады. Бiрiншiсi бойынша, Тарғытайдың ата-анасы Зевс пен Борисфен өзенiнiң қызы болды. Сақ-скифтер Тарғытайдың үш ұлы Липоксай, Арпаксай мен Колаксайдан таралады. Екiншiсi бойынша, Гераклдың үш ұлы Агафирс, Гелон және Скифтiң соңғысынан сақ-скифтер таралады. Үшiншiсi бойынша сақ-скиф көшпелi тайпалары Азияда мекен еткен. Оларды массагеттер ығыстырған соң сақ-скифтер Аракске, киммерилiктер жерiне келген. Геродот осы үшiншi бағытқа көбiрек сенетiнiн атап өтедi. Бiздiңше сақ-скифтердiң Азиядан барғаны туралы пiкiр талас тудырмайды. Бiрақ сонымен қатар, алғашқы екi көзқарастың да шындыққа жақын болуы әбден мүмкiн. Арийлiк гректер мен сақ-скифтердiң шыққан жерi бiр болса, олардың шыққан тегiнiң де бiр болуы заңды емес пе? Бұл олардың ата-бабасының ортақтығы, бiр атадан таралғандығы жөнiнде әңгiмелер айтуына негiз болған деп есептеуiмiзге итермелейдi. Скифтердiң өздерiнiң арғы бабаларын Зевс, немесе Геракл деп көрсетуi гректер мен сақ-скифтердiң шыққан тегiнiң ортақ екендiгi тағы бiр айқындай түседi деп есептеуге негiз болып отыр. Геродот гректер мен сақ-скифтердiң құдайларының да ұқсастығын айта отырып: "Скиф тiлiнде Гестийдi – Табити, Зевстi – Папей, Геяны – Апи, Аполонды – Гойтосир, Аспандық Афродитаны – Аргимпас, Посейдонды – Фагимасад деп аталады. Скифтерде Арестан басқаға сиынатын орын, алтар, храм салу дәстүрi жоқ", – дейдi. Бұл жерде бiз сақ-скифтердiң дүниетанымы емес, тiлi туралы мәселеге назар аударайық. Сақтар айтыпты деген сөздердiң, атаулардың бiзге келiп жеткендерi аз. Ал мына құдайлардың Геродот жазып кеткен аттарынан, бiз сақ-скифтер тiлiнiң басқа халықтардың тiлiмен салыстырғанда, кейiнгi түрiк тiлiне негiз болғанын байқаймыз. Жоғарыда байқағанымыздай Зевстi сақ-скифтер өздерiнiң арғы бабасы деп айтады және оны Баба, оның әйелiн Апи, Аполлонды Қойтасыр, Аспандық Афродитаны Арғымпас деп атауы, Арысты аса кұрметтеулерi бекер емес. Баба, Апа сөздерi қазiргi қазақтар үшiн де талас тудырмас. Ал Аполлонды неге Қойтасыр деген? Н.А.Кун өзiнiң әйгiлi "Ежелгi Грекие мифтерi мен аңыздары" атты көлемдi еңбегiндегi Аполлонға арналған бөлiмдi бастардағы түсiнiктемесiнде былай дейдi: "Аполлон – Грецияның мейлiнше қастерленген құдайларының бiрi. Аполлонға табынуды ахейлiктер бiлмеген. Сiрә, ол гректерге кiшi Азияның батыс жағалауын мекендеген соң ғана белгiлi болса керек… Европалық Грецияда Аполлонға табыну бiрқатар жергiлiктi құдайларға табынумен қосылып кеткен, Аркадияда (Пелопоннестiң орталық бөлiгi) Аполлон мал табындарының қорғаушысы ретiнде құрметтелiп, қошқар түрiнде бейнеленген. Уақыт өткен сайын Аполлон жарық сәуле мен күн құдайына, ал кейiнiрек екiншi қатардағы әйел құдайлардың музаларының бiр тобын басқарған бiлiм құдайына, ғылым мен өнердiң қамқоршысына айналған". Сонымен Аполлонның гректерде қошқар түрiнде бейнеленуi, оны сақ-скифтердiң Қойтасыр атауы арасында бiр сабақтастық бар екендiгiнде күмән жоқ. Қойтасыр ұғымы сақ-скифтер үшiн қойды тасушы емес, қойдың, жалпы малдың санын көбейтушi ретiнде де айтылуы мүмкiн ғой. Негiзгi шаруашылығының бiр саласы мал бағу болған сақ-скифтерде малдың қамқоршы құдайының болуы да заңды. Қалай болғанда да ежелгi гректiк Аполлон мен сақ-скифтiк Гойтосир құдайлардың мiндетi мен құрметтелу орны бiр мағынада болғаны айқын. Ал ендi Геродот жазып отырған аспандық Афродитаның алғаш жауын-шашын жiберiп тұратын аспан құдайы болғандығы да белгiлi. Ол махаббат пен сұлулық құдайына кейiнiрек айналады. Геродот оны бұл жерде аспан құдайы ретiнде ерекшелеп отыр. Ал сақ дәуiрiнде арғымақты қанатты етiп бейнелеудiң орын алып отырғанын бiлемiз. Көшпендiлердiң жылқыны желден жаралған деп түсiнгендiгiн де кезiнде белгiлi этнограф Х.Арғынбаев жазып кеткен. Ендеше аспан құдайын сақ-скифтердiң өздерiнiң шаруашылықтық түсiнiктерiне қарай бейiмдей отырып киелi де қасиеттi жануар – арғымаққа теңеуi түсiнiктi болса керек. Бiздiңше Арестiң гректiк және сақ-скифтiк атаулары да, құдай ретiндегi орны да бiрдей. Ол екеуiнде де Арес – қасиеттi семсерi бар соғыс құдайы, ержүрек жауынгер идеалы. Айырмашылығы: гректер Арестi өте қастерлемесе, сақ-скифтер басқа құдайларға қарағанда, Геродоттың жазғанындай, оған арнайы сиыну орнын жасап, оны жыл сайын жөндеп, басқа құдайларға қарағанда көбiрек құрбандық шалып отырған. Тағы бiр назар аударуға тұрарлық мәселе Арес атының арыс ұғымымен жақындығы. Арыс, арысым ұғымы қастерлi де, қасиеттi, халқына еңбегi сiңген, тұлғалы да тұғырлы ер азаматтар үшiн қолданылып келедi. Ер демекшi, Геродот: "амозонкаларды сақ-скифтер "эорпата" деп атайды, бұл эллиндiктерше күйеуiн өлтiрушiлер дегендi бiлдiредi; "эор" яғни ерi, күйеуi, ал "пата" – өлтiру", – дейдi. Сонда сақ-скифше "эор" мен қазiргi "ер" сөздерiнде тiкелей байланыс тұр. Сонымен, Геродот жазған сақ-скиф тiлi кейiнгi ұрпақтары түркiлердiң тiлiнiң негiзi деген тұжырым жасауға болады. Ендеше түрiк тiлi мен мәдениетiнiң негiзi тереңде жатыр. Өйткенi, сақ-скифтердiң сол замандарда-ақ теңдесi жоқ мәдени мұраларды жасағандығы дәлелденген. Скифтердiң жебесiн урартулықтар мен ассириялықтардың үлгi етiп алғандығы да белгiлi. Д. Авдусин: "Антикалық авторлардың хабарлаған мәлiметтерiн салыстыра келiп, киммерилiктер мен сақтар арасында айырмашылықтың болмағанын байқауға болады", – дей отырып оны дәлелдей көрсетедi. Ал киммерилiктер – Урартуды, Ассирияны, басып өтiп, Лидияны бағындырып, Египетке дейiн барғандар. Жалпы жоғарыда айтылғандар сақ-скифтердiң тарихын, мәдениетiн бөлшектемей бiртұтас қарастыруды және олардың дүниежүзiлiк тарихтағы орны туралы мәселенi зерттеудi күн тәртiбiне қоятын уақыт келгендiгiн байқатады. Бүгiнгi таңдағы бүкiл түркi халықтарының ғалымдары арғы ата-бабаларымыздың Қиыр Шығыстан Батыс Европаға, Сiбiрден Үндiстанға дейiнгi аумақты қамтитын тарихын әрқайсысымыз жеке-жеке және бiрлесе отырып зерттеп, оқып-үйренуiмiз, басқа елдермен, мемлекеттермен байланыстың терең тамырларын да айқындай түсуiмiз қажет.
Тұрғанжан ТӨЛЕБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы