Жаңалықтар

БАУКЕҢ ҚАТЫСА АЛМАҒАН ТОЙ НЕМЕСЕ БАТЫРДЫҢ БАТАСЫ

ашық дереккөзі

БАУКЕҢ ҚАТЫСА АЛМАҒАН ТОЙ НЕМЕСЕ БАТЫРДЫҢ БАТАСЫ

Мен ол кезде бозбала жiгiт едiм. Жамбыл облысының Жуалы ауданының прокуроры Ақатай Рсалдин деген кiсiнiң қызы Кларамен өзара сөз байласып, үйленетiн болып шешкенбiз. Қазақтың дәстүрiне сай, қызын қолдан ұзатып бермекшi болды. Ол кiсi аудан орталығы – Бурное селосында тұратын едi.

Қызды алып кетуге немере ағам, Ұлы Отан соғысының ардагерi Бейсен ерiп барды. Бiз ол кезде Шымкент облысының Түркiстан ауданында тұратынбыз. Болашақ қайын атам тойына атақты қазақтың батыры Бауыржан Момышұлын шақыруды жоспарлапты. Баукеңмен бұрыннан қарым-қатынасы бар екен. Шақыру қағазын өзi апарып берiп, жауабын өз құлағыммен естимiн деп жолға шықты. Бейсен ағам екеумiздi қасына ертiп алды. Аты аңызға айналған Баукеңдi көретiн болғаныма қатты қуандым. Үйден екi жүз қадамдай шыға бергенiмiзде алдымыздан аудандық партия комитетiнң хатшысы ұшырасты. Қателеспесем, аты-жөнi Ашықбай Ақбозов болуы керек. Амандық-саулықтан кейiн, қайда бара жатқанымызды, мақсатымызды айтты қайын атам. Әлгi кiсi сәл ойланып тұрды да: "Әй, Ақатай, егер менiң тiлiмдi алсаң Баукеңдi тойыңа шақырма. Әрине, ондай беделдi, абыройлы адамның қызықшылығына ортақтасқаны жақсы ғой, бiрақ Баукеңнiң мiнезiн өзiң де бiлесiң. Ол кiсi отырған жерде әскери тәртiп орнығады. Тiптi, шыбынның да ызыңы естiлмеуi керек. Әзiл-қалжыңға да жол берiлмейдi, келген қонақтарың билемесе, ән салмаса, әзiл-қалжың айтпаса, оның несi той. Той қызықты өтсiн десең, Баукеңдi бүгiн шақырмай-ақ қой. Кейiн бiр ретi келгенде сый-құрметiңдi жасап, сыбағасын берерсiң" – дедi. Қайын атам әрi ойланып, берi ойланып ақыры шақырмайтын болып шештi. Менiң батыр Бауыржанды көремiн деген үмiтiм үзiлдi. Өрекпiген көңiлiм су сепкендей басылды. Сонымен той өттi. Бiрақ, ән айтылып, би биленiп қонақтар емiн-еркiн отырды. Бәрi де көңiлдегiдей болды. Қыз ұзатқан кiсiлер бiздi шығарып салып, Бурныйдағы Әшiрбек деген кiсiнiң үйiнде тамақ iшiп, қызықшылықты одан әрi жалғастырып отырады. Осы кезде бұлардың үстiне ойламаған жерден Баукең кiрiп келедi. Өзiнiң "Волгасымен" келген екен. Зайыбын машинада қалдырыпты. Баукеңдi көрген соң үйдегi кiсiлер өре түрегеледi. Бәрi ауданның атқамiнер басшылары. Iшiнде аудандық партия комитетiнiң хатшылары мен атқару комитетiнiң төрағасы да болса керек. Олар ұсынған орынға отырмай, Баукең түрегеп тұрған қалпы: "Әй, Ақатай, қалған арақтарың бар ма? Құйыңдар маған стаканды толтырып", — деп шүпiлдеп тұрған стаканды қолына ұстап тұрып былай дептi: "Ақатай, саған өкпем жоқ. Мына қасыңдағылар ғой менi шақыртпаған тойыңа. Балалар бақытты, үбiрлi-шүбiрлi болсын. Заманымызға лайық азаматтар болсын. Ауылдың парторгы оңбай ел оңбайды (немере iнiсiне тигiзiп айтқан болса керек), бiрақ ол райкомға, райком обкомға, обком крайкомға бағынады. Ал, мен Құдайкомға ғана бағынамын. Ел ерiн сыйлаған. Ерiн сыйламаған елдiң аты шықпайды. Тағы да қайталап айтамын, Ақатай iнiм, тойың құтты болсын, екi жас бақытты өмiр сүрсiн" дейдi де қолындағы арақты сiмiрiп салып, артынан ештеңе жеместен, жеңiн иiскеген күйi үйден шығып жүре берiптi.

Бұл жағдайды кейiн қайын атамның аузынан естiдiм. Баукеңнiң айтқаны келiп, елмен бiрге еңбек етiп, үбiрлi-шүбiрлi болдық. Дуалы ауыз, елдiң еркесi, халық батыры Баукеңдi бiр көрiп, тiлдесудiң сәтi түспедi. Алайда Баукеңнiң сырттай берген батасын қабылдап, әрi ырымдап, үлкен ұлымыздың атын Бауыржан деп қойдық. Ол қазiр үлкен азамат болды. Үйлi-баранды, ұрпақ өсiрiп отыр. Елiмiзге танымал кәсiпкерлердiң бiрi.

Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ