Жаңалықтар

“ӘМIРБЕКТIҢ ӘУЛИЕ БАЛАСЫ”

ашық дереккөзі

“ӘМIРБЕКТIҢ ӘУЛИЕ БАЛАСЫ”

Көпен Әмiрбектi бiлмейтiн қазақ кемде-кем шығар. Атақсыз-ақ атақты деп, осындай жандарды айтатын болар, бәлкiм! Оның сыры неде? Әлде Көпен ағаның елдi баурап алатын өзгеше қасиетi бар ма? Бар болса, қандай? Әйтеуiр, ол кiсiмен кездесiп, "ә" десiп, әңгiмелескен сәттен-ақ, ерiксiз езуiңiзге күлкi ұялай бастайды. Мүмкiн, сөйлеген әрбiр сөзiнiң өзi күлкiмен көмкерiлген сатирик ағаны көпшiлiкке танымал еткен де осы бiр қасиетi шығар.

"Қымызхана", "Тамаша" ойын-сауық отауының белсендi авторы болды, "Көпен келе жатыр!.." атты сатиралық театры да көрерменге жақсы танымал. "Аты жоқ кiтап", "Алып", "Тiлiм қышып барады", "Қысыр әңгiме", "Мың бiр мысал", "Ауызбастырық", "Өзiңдi танисың ба?", "Көпен келе жатыр!..", "Хамза қажы", "Көкемнiң көзi", "Па, шiркiн, пародия!" атты әзiл-сықақ, сын мақалалар кiтаптары да қалың оқырманға кең танылған.

Көпен ағаның сатиралық шығармалары бiр төбе де, аға туралы ел аузында айтылып жүрген әңгiмелер бiр төбе.

ШӨПЕН ДЕГЕН КIМ?

Көпен ағаның атын азан шақырып, әжесi қойса керек. Мәселе, ағаның атын кiм қойғандығында емес, әңгiме басқада. Жалпы, сiз "Көпен" деген сөздiң не мағына беретiнiн бiлесiз бе?

Атам қазақ жал-жал боп орылған шөптi "көпен" деп атаған екен. Ал, он шақты көпендi жинаса — ол көпене болады. Он шақты көпененi жинаса — шөмеле, он шақты шөмеленi жинаса, оны мая деп атаған екен.

— Шешем Жұлқар – он құрсақ көтерген ардақты Ана. Мен – тұла бойы тұңғышымын. Яғни, алғашқы орылған шөппiн. Көпенмiн. Ойпырмай, үйдiң сүт кенжесi болғанымда атымды "Мая" деп қояр ма едi, қайтер едi? — деп қалжыңдайды Көпен аға.

Мұхтар Шахановтың Көпен ағаны "Шөпен" деп атауында да бiр гәп бар-ау?! Ал, аға өзiнiң атын орыстарға "Копенгаген" деп таныстырады екен. Неге?! Түсiнiктi болсын дейтiн шығар. Орыстарда "о" деген әрiп бар да, "ө" жоқ қой, сол себептi болса керек.

ӘЖЕ ӘЛДИI

Көпен ағаның бала кезiндегi тағы бiр лақап аты — Шарабас екен. Өйткенi, басының үлкен болғандығы сонша арқасына құс жастық, үш жағына үш жастық қоймаса, өздiгiнен отыра алмапты. Басы қалай қарай қисайса, солай қарай ауып құлай берiптi. Сонда әжесi еркелетiп былайша әлдилейдi екен:

Алпыс қойдың терiсi,

Ау шықпаған, Шарабас.

Жетпiс қойдың терiсi,

Жең шықпаған, Шарабас.

Тоқсан қойдың терiсi,

Тон шықпаған, Шарабас.

— Әжемнiң әлдиi әлемнiң ән-күйiнен артық!— дейдi Көпен аға.

МАҢДАЙДАҒЫ ЖАЗУ

— Аға, әңгiмеңiздiң нобайына қарағанда, "осылай жасайыншы" деп ұмтылған алғашқы iс-әрекеттерiңiздiң бәрi де сәтсiз аяқталып, жолыңыз үнемi екiншi рет қайта кiрiскенiңiзде жүзеге асады екен. Оның сыры неде?

— Менiң әке-шешем қойшы болған. Мен дүниеге келгенде бiр қойшының әйелi қыз туыпты. Қазақта "бел құда, бесiк құда, қарсы құда" деген дәстүр бар ғой. Әжем сол қызбен менi атастырып, бесiк құда болыпты. Сырдың сағасында, сексеуiлдiң арасында көшiп-қонып жүрген әжем менi мектепке берудi ұмытып кетсе керек. Бiр қойшының киiз үйiндегi жиын тойда әлгi менi атастырған қыздың әжесiмен менiң әжем кездесiп қалмай ма? Сонда менiң "қалыңдығымның" әжесi:

— Менiң қызым биыл бiрiншi класты бiтiрiп жатыр. Жақсы оқиды! — деп мақтанады. Сол кезде менiң әжем санын сарт еткiзiп бiр соғады да, есек арбаға екi ешкiнi салып алып, әлгi қыз оқитын төрт жылдық мектептiң директорына барады.

— Менiң баламды 2 кластан бастап оқытыңыз! – дейдi.

— Неге?

— Баламның атастырған қызы биыл бiрiншiнi бiтiрiптi. Келiннен қалып қоймасын! – дептi.

Сөйтiп, мен "алғашқы махаббаттың" арқасында екiншi класқа бiр-ақ бардым.

Мектептi бiтiрген жылы оқуға түсе алмай, келесi жылы КазГУ-ге түстiм. Университеттi бiтiргесiн де ел қатарлы журналист боп iстемей, екi жыл әскерге кеттiм. Саяси сатиралық "Ара" журналына алғаш рет алмай қойып, екi жылдан соң екiншi ретiнде қабылдандым. Қырғыштың қырындай ғана "Аты жоқ кiтап" деген алғашқы әзiл-сықақ жинағым жоспар бойынша 1976 шығу керек едi. Жоғарғы жақтағы ЦК-ның қызметкерлерi баспадан шығатын қыруар кiтаптардың орысша тiзiмiн қарап отырып, "Книга без названия" дегендi көредi де, "Әй, бұ жiгiттер де қызық. Кiтаптың атын неге қоймаған?" деп сызып тастапты. Келесi жылы шықты.

Ылғи да екiншi реттен жолым болатын. Себебi, мен әкемнiң екiншi әйелiнен туғам. Бiрiншi қосағымен тоғыз жылдай отасып, құрсақ көтермеген соң, ажырасса керек. Бiрақ, ол анамыз басқа бiреуге күйеуге тиiп, төрт бала сүйген.

Бiр ауылда туып, бiр құдықтан су iшiп өскен Шәмшi Қалдаяқов ағамыз: "Алғашқы махаббат туралы ән бар, алғашқы махаббат туралы да қаншама өлең жазылды Ал, екiншi махаббат, үшiншi махаббат, төртiншi махаббат деген ән естiген емеспiн. Сондықтан да алғашқы махаббаттың аты — алғашқы махаббат. Ал одан кейiнгi махаббаттың бәрi де алғашқы махаббатты қайталау. Повтор, повтор…" деген екен. Сол айтпақшы, мен "повтордан" туған еркекпiн.

Әшейiн әзiл ғой. Маңдайыңа не жазса, соны көресiң?!

БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ ҰРЛЫҒЫ

— Қазақта "балалы үйдiң ұрлығы жатпайды" деген сөз бар. Бала кезiңiзде бiрнәрсеге қызығып, ұрлап алған дүниелерiңiз болды ма?

— Болды. Әкем екеумiз бiр қойшының үйiне қыдырып бардық. Алғаш рет сиямен жазылатын "авторучканы" көрiп, қатты қызықтым. Сұрасам бермейтiн сияқты. Не iстеймiн? Ұрладым. Ертесiне әлгi үйдiң иесi артымнан атпен келiп: "Әй, бала, әкел үрiшкемдi!" дедi. "Алдың ба, алмадың ба?" деп сұраған жоқ. Бiрден мойындадым. "Әкеме айтпаңызшы" деп, қаламсабын қайтардым. Сол әрекетiм көпке дейiн көңiлiмнен кетпей қойды. Кейiнiрек Максим Горькийдiң "Кiтап ұрлау ұрлыққа жатпайды" деген сөзiн оқыдым да, иығымнан ауыр жүк түскендей сезiндiм. Негiзi маскүнемдер өмiрi "алқашпын" деп айтпайды. Ұрылар да солай. Себебiн iздеп ақталуға тырысады. Менiң әрекетiм олардыкiндей емес. Қаламсап та кiтаптың қатарындағы дүние ғой. Горькийдiң қағидасын толықтырсам — "ручка ұрлау да ұрлыққа жатпайды".

Одан кейiн… 1961 жылдың көктемiнде, әке-шешем малшылықты тастап, Түркiстан жақтан Шәуiлдiрге, қазiргi Отырар ауданына қоныс аударды. Көз ашқалы құм, сексеуiл, ажырық, кеурек, жиде, киiкоты, торанғыл, жантақ, балықкөз, алабұта секiлдi өсiмдiктен басқа түк көрмеген бейбақ басым, ауылдағы бау-бақшаға қарап аузымның суы ақты. Кiтаптан суретiн ғана көрген алма, алмұрт, өрiк, жүзiмдерiң әр үйдiң айналасында самсап, төгiлiп тұр. Әсiресе, Шәуенде деген көршi кiсiнiң алмалары көз жауын алады. Сұрасаң жерге түсiп, ұрылған-соғылғандарын бередi. Ал, ағаш басындағы қып-қызыл алмалары көздiң құрты. Бала емеспiн бе, бiр күнi түн жарымда ұрлыққа түстiм. Үйiнен шеткерiрек алма ағашының түбiне барып, ендi өрмелей бергенiмде арғы жақтан бiреудiң қараң-құраң бейнесiн байқап қалдым. Қайда қашарымды бiлмей алма ағашының маңайында өсiп тұрған жүгерiнiң iшiне жасырындым. Шарбақтан секiрiп өтiп бiр жiгiт келдi. Танымаймын. Көп ұзамай Шәуенденiң бойжеткен қызы да көрiндi. Оны таныдым. Екеуi алма бақтың iшiнде сыбырласып, сырласты.

— Сенi бүгiн алып қашуға келдiм!— дейдi жiгiт.

— Бүгiн үйден шыға алмаймын, — дейдi қыз.

— Неге? — дейдi жiгiт.

— Келесi базар күнi, — дейдi қыз. Бiздiң ауылда жексенбiнi "базар күнi" деп атайтын.

— Онда, — дейдi жiгiт. — Келесi базар күнi түскi сағат екiде шық. Осы жерде күтем. Бiр жолдасыммен келiсiп қойдым, оның "Победа" машинасы бар. Сенi сол "Победамен" Түркiстанға алып барамын.

Қыз:

— "Победамен" бе? — деп қатты қуанды.

Жiгiт:

— Иә, "Победамен" дедi.

Екi ғашық бәтуаласып, екi жаққа кеттi. Ертесiне "Шәуенденiң қызы келесi базар күнi байға қашады!" деп бүкiл ауылға жалаңаяқ жүгiрiп жар салдым. Кейбiр кiсiлер "тәйт, әрi, не болса соны сөйлемей!" деп тыйып тастады.

Келесi базар күнi түнде Шәуенденiң қызы шыныменен байға қашты. Ол кезде күйеуге кеткен қыздарды "байға қашыпты" деп айтатын. Үлкен кiсiлер: "Әй, бала, сен Шәуенденiң қызы базар күнi байға қашатынын қайдан бiлдiң?" деп сұрады. Алма ұрлауға барғанда естiдiм дейiн бе? Үндемей құтылдым. Ертесiне ел-жұрт:

— Ойпырмай, мына Әмiрбектiң баласы әулие екен! — деп таңырқасты.

"МАХАББАТ ТА МАШИНАНЫ ТОҚТАТАДЫ!"

— Сiз алғаш рет қандай кәсiппен айналыстыңыз?

— Почтальон болдым.

— Хат тасушы болдыңыз ба?

— Иә. Төртiншi кластан кейiн хат тасыдым. Бiздiң үйдiң қасында Құндыз деген өте сұлу, бойжеткен қыз болды. Ауылдың бүкiл жiгiтi соған ғашық. Солар бiздiң үйге келедi де, менi шақырып алып "Мә, мынаны Құндызға апарып бер. Әке-шешесi байқамасын!" деп, маған үш бұрышталып бүктелген үшкiл хат ұстатады. Жол-жөнекей оқып, сосын апарам. Көбiсiне "отказной" жауап жазады. Онысын жiгiттерге жеткiзем. Махаббатының жолы болмай, маңдайын тасқа ұрған сүрбойдақтар қайтып қарасын көрсетпейдi. Одан кейiн жаңа "ғашықтар" пайда болады. Олардың да көрген күнi күн емес. Әлгiндей, до свидание! Әсiресе, Қалдыбай деген жiгiттiң хаты керемет. Өлеңдетiп, әзiл-қалжың араластырып, термелеп жазатын. "Алтыннан ардақты, қорғасыннан салмақты, адамзаттың асылы, жапырақтың жасылы" деген секiлдi жаттанды жауыр сөзге жоламайтын.

“Ғашығым,

Ғашығым!

Сен есiме түскенде,

Түсiп кетедi қолымдағы қасығым! — деп, сорғалатып келедi де, –

Осымен хатты бiтейiн,

Өзiңнен жауап күтемiн!” — деп аяқтайтын. Қалдыбай ағаның осы тақылеттес шумақтарын кейiн өзiмнiң сатирама пайдаландым.

Құндызға ғашық жiгiттердiң iшiнде Қалдыбайдың ғана "самосвал" машинасы бар-тын. Өзi шофер. Ылғи да машинасымен келiп хат тастап кететiн. Ақысына менi кабинасына отырғызып, ауылды бiр-екi айналдырып, қызықтыратын. Құндыздың Қалдыбайға қайырған жауабына қарағанда "кетәрi" емес. Бала болсам да байқаймын.

Бiр күнi сол Қалдыбай:

— Әй, бала, — дедi маған, — сенiң үйiңе жиi-жиi машинамен келе берсем, үлкен кiсiлер сезiктенiп қалар. Ендi мен былай iстейiн. Есiктерiңнiң алдындағы қара жолды кесiп ағатын кiшкене арық бар емес пе? Мен сол жерге келгенде машинамның артқы доңғалағын сол сулы арыққа батырып қоямын да, өтiрiк батпақтап қалған секiлдi тұрып қаламын. Машинамның дыбысын естiсiмен маған жүгiрiп кеп тұр. Жарай ма?

Екеумiз келiстiк. Екi күннiң бiрiнде Қалдыбайдың машинасы "батпақтап" тұрады. Оған көршi-қолаңның бәрiнiң құлағы үйренген. Бiр күнi тамның көлеңкесiнде ендi ет жей бергенiмiзде, Қалдыбайдың машинасы батпақтап қалды. Атып тұрып ем, шешем:

— Асықпай же! — дедi.

— Сорпа iш! — дедi.

— Терiң қатып қалады. Отыр. Жел тиедi! — дедi.

Машинасы түскiр ызыңдап, миымызды жеп барады. Соған шыдамаған шешем:

— Әдiреқалғыр, осы арықтан ит те өтедi, құс та өтедi. Осы машина ғана өте алмай қалады, — деп таңырқағанда iшiм қылп ете қалды. Махаббат та машинаны батпақтатып қоятынын кейiн түсiндiм. Ғайыптан тайып, 1999 жылы Қазақстан Республикасы Парламентi мәжiлiсiнiң депутаттығына үмiткер боп Оңтүстiк Қазақстан облысының Арыс округы бойынша сайлауға түстiм. Бiр кездесу кезiнде "сыры кетсе де, сыны кетпеген сырлы аяқтай" аса ажарлы апай жылы ұшырап:

— Айналайын, сен Көпенсiң бе? — дедi. Көзiнен таныдым. Баяғы Құндыз. Әжiк-күжiк әңгiмеден соң:

— Қалдыбай ағаң қайда, бiлесiң бе? — деп сұрады. “Менiң ойым — сайлауда, әжемнiң ойы — жайлауда” деген осы.

"БЕСТIК" БАҒА

— Студент кезiңiздегi есте қалған ерекше сәттерiңiз? Күйiнiш, сүйiнiшiңiз?

— Қазақ әдебиетiнiң қабырғасын қалаған, өнерiн өрге сүйреген Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, Қасым Тоғызақов, Бейсенбай Кенжебаев, Асқар Тоқмағанбетов, Әбдiлдә Тәжiбаев, Тоқаш Бердияров, Сырбай Мәуленов, Шәмшi Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжiмеденов, Сағи Жиенбаев секiлдi тұлғалармен қанша рет кездессек те, бiр рет те фотоға түспеппiз. Ол кiсiлердiң ұлағатты сөздерi емiс-емiс есiмде. Күнделiк жазбаппын. Ең өкiнiштiсi осы.

Бiрiншi курстың алғашқы семестрiнде Кеңес Одағының батыры, әйгiлi ғалым Мәлiк Ғабдуллин "Ауыз әдебиетiнен" дәрiс оқыды. Бiр бала сабағынан қалмайтын. Мәлiк ағадай ғұлама, Мәлiк ағадай қарапайым ұстаз кемде-кем.

Ол замандағы той қазiргiдей 10-11-де аяқталмайтын. Керiсiнше, түнгi сағат 10-11-де басталып, таң ата тарқайтын. Жексенбi күнi бiр досымыздың үйлену тойына қатысып, дүйсенбi күнi таң ата қайттық. Сағат тоғызда Мәлiк ағаның емтиханы. Үйге барып үлгере алмаймын. Не iстеймiн? Үш сағат бойы университеттiң маңайында жүре тұрайын деп ойладым. Қаңтар айының қақ ортасы. Қақаған қыс. Қар жамылған шыршаларды аралап, бүрсеңдеп жүрсем Мәлiк ағай қарсы ұшырасты. Сағат таңғы алты жарым шамасы. "Спортивный" киiнгенiне қарағанда, таңғы серуенге шықса керек. Амандастым.

— Сен менiң студентiм емессiң бе? — дедi. Басымды изедiм.

— Емтиханға дейiн екi сағаттан астам уақыт бар ғой. Неге ерте келдiң? — деп сұрады. Қапелiмде не дерiмдi бiлмедiм. Ағымнан ақтарылып, жайып салдым.

— Ағай, — дедiм күмiлжiп, — бiр досым үйленiп, соның тойынан әлгiнде ғана шықтым. Үйге барсам, ұйықтап қалам ба деп қорықтым. Не болса да бұйырған бағаны алып кетейiн деп, сiздiң емтиханды тосып жүрмiн…

— Әкел, "зачеткаңды", — дедi. Төс қалтамнан суырып берiп ем:

— Еңкей. Арқаңды тос! — дедi. Екi бүктелдiм. "Зачеткамды" арқама қойып жазды да:

— Мен саған "бес" қойдым. Бар, үйге барып демал! — дедi. Не сенерiмдi, не сенбейтiнiмдi бiлмей аңырып тұрғанымда:

— Мен саған не үшiн бес қойдым, бiлесiң бе? Шындығыңды айтқаның үшiн! — дедi.

Ағайға iштей қарыздар секiлдi сезiндiм. Несиеге қойған "бестiгiн" қалай өтеймiн? Мәлiк ағай бiлiмiмдi жоғары бағалады ғой, үдесiнен шықпасам болмас деп ауыз әдебиетi пәнiн кейiнiрек қайта оқыдым. Шынымды айтсам, "беске" бiлмейдi екем. Мен ол пәндi бес жылдан кейiн ғана "беске" бiлетiндей болдым.

БАҚЫТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?

— Сiз бiреудiң тапсырмасымен сықақ жазып көрдiңiз бе?

— Ондай жағдайлар болды. Ойға келген шығарма — Алланың тапсырмасы. Ал, адамның ақ ниеттi тапсырмасын орындау – азаматтық парызың. Түркiстанның 1500 жылдық тойы қарсаңында болған. Қызық деталь келтiрейiн. Ауылым болғасын арсалаңдап барып қалсам, қала әкiмi Өмiрзақ Әметұлы:

— Ой, аға, жақсы келдiңiз, — деп қатты қуанды. Халық әртiсi Роза Бағланова апайымыз қазiр концерт қойғалы жатыр. Концерттен соң сөз сөйлеп, апайды құттықтайтын адам таппай жатыр ек, жақсы келдiңiз. Құттықтауды сiзге тапсырамыз. Өлең арнаңыз,— дедi.

Апай ән шырқады. Әңгiме айтты. Талай-талай патшалармен дәмдес-тұздас боп араласқанын, соғыс кезiнде генерал Рокоссовскийдiң өзi окоптың iшiнде орден тапсырғанын, 64 елде, 99 рет гастрольдiк сапарда болғанын айта келiп, сөз соңында: "Мен бақытты әншiмiн!" дедi. Оһ! Өлеңнiң кiлтi табылды. Жұмекен Нәжiмеденов ағамыздың "Бақыт деген немене?" деген өлеңiнiң формасын негiзге ала отырып, эпиграмма шығардым. Бiрақ, онымды апай қабылдай ма, қабылдамай ма деп iштей қобалжыдым. Нартәуекел! Сахнаға шығып ауызша орындадым.

— Бақыт деген немене,

Жүйрiк ат па деп қалам.

Сан жарыста озып кеп,

Бiр қазыққа тоқтаған.

Бақыт деген немене,

Сұлу қыз ба деп қалам.

Көп жiгiтпен би билеп,

Бiр жiгiтке тоқтаған.

Бақыт деген немене,

Апай ма екен деп қалам.

Сталинмен би билеп,

Хрущевке тоқтаған.

Бақыт деген немене,

Апай ма екен деп қалам.

Хрущевтi итерiп,

Брежневке тоқтаған.

Бақыт деген немене,

Апай ма екен деп қалам.

Ақ патшаны паш етiп,

Қаһарман боп тоқтаған!..

Роза апай ренжiген жоқ, керiсiнше қатты қуанды.

Кейiнiрек апайымыз сексен жылдық мерейтойына орай Республика сарайында концерт бердi. Тамаша өттi. Концерттен соң шәкiрттерiнiң бәрi гүл ұсынып, мақтап жатты. Әсiресе, бiр өнерпаз жiгiт:

— Апай, сахнадағы жүрiс-тұрысыңыз қандай? Басыңыздағы үкi ше? Сондай жарасымды. Даусыңыз әлi сол қалпында. Қыздайсыз. Сiздi 80-ге келдi деп кiм ойлайды?! — деп аспанға көтергенi сол едi, Роза апай:

— Әй, сенiң сексенiң не, ей? Мен әлi жетпiс тоғыздамын! — дедi қабақ шытып.

Бәрiмiз ду күлдiк. Осы оқиғаны Қадыр Мырза Әлi ағамызға айтып ем, ол кiсi:

— Үш жасар қыздан "жасың нешеде?" деп сұрашы, "Екiдемiн" деп жауап бередi. Апайдың сөйтiп сөйлеуi орынды! — дедi.

ҮШ БИIКТIК

— Бауыржан Момышұлының атақ-даңқы алты алаштың аузына iлiнгенде жұрт ырымдап балалары мен немерелерiне "Бауыржан" деп ат қоя бастағанын бiлемiз. Бауыржандар көбейгенде, Бауыржан атамыз: "Бәрiңе де амандық тiлеймiн. Бiрақ №1 Бауыржан менмiн" деген екен. Сiздiң атыңыздың Көпен, Шөпен, Шарабас, Копенгаген екенiн әңгiмеңiзден аңғардық. Кейiнгi жастардың iшiнде жаңа туған ұлдарына сiздiң атыңызды қойғандары бар ма?

— Естiгем жоқ.

— Себебiн немен түсiндiресiз?

— Мұхтар Шаханов ағам мен елуге толғанда мынадай тiлек айтып едi: "Өнерде үш биiктiк бар деп түсiнемiн. Бiрiншiсi — қалыпты биiктiк. Оған аса қиналмай көтерiлуге болады. Екiншi — таланттардың тұғырына айналған биiктiк. Үшiншiсi — космостық кеңiстiк. Оған таланттың таланты, дарабоздың дарабозы ғана шыға алады. Мен Көпен iнiме кей-кейде ұсақ-түйекке ұрынып кетпей, сол космостық кеңiстiкке көтерiлуiн тiлер едiм".

Мен космостық кеңiстiкке көтерiлсем, көп баланың Көпен болары сөзсiз едi. Жауабым осы.

Әуесқой ма, әуесқой емес пе, бiлмеймiн, әйтеуiр әйгiлi әндердiң авторы, композитор Қалдыбек Құрманәлi бiр баласының атын Бекзат Саттархан, екiншiсiнiң атын Шәмшi Қалдаяқ, үшiншiсiн Мұхтар Шахан қойды.

Күндердiң күнiнде сол кенже ұлына сүндет той жасап, шақыру билетiн таратады. Бiр әжемiз балаларына келген сол шақыру қағазындағы "Сiздi Мұхтар Шаханның сүндет тойына шақырамыз" деген жазуға көзi түсiп: "Ой, масқара! Мұхтар Шахановты әлi сүндетке отырғызбаған ба?"— деп таңырқаса керек.

Ойыны ма, шыны ма, қайдам, сол Қалдыбек iнiм "Ендiгi баламның атын "Көпен Әмiрбек" деп қоям. Бiрақ, оны қай әйелiм туатыны белгiсiз!" — деп қылжақтайды.

Алпысқа келгенде жазған өзiм туралы эпиграммамды өзiм оқып, әңгiмемдi аяқтайын.

Әдебиеттен қыз алған

Бәрiмiз де бажамыз.

Бажалықты байқатып

Әзiл-қалжың жазамыз.

Қорытындылап сөзiмдi

Таныстырсам өзiмдi:

Мен Көпен,

Әкем Әмiрбек.

Туған жылым – 1950

Яғни барыспын.

Алпысқа да кеп қалдым.

Артын жауып әр iстiң.

Толық салмағым —

90 мың грамм.

Қасиетiм осылай

Қалжыңдасып тұрам.

Бойым — 167 см.

Ауылым Алматыдан 900 км.

Руым?..

Руыммен у iштiм.

Қожанасырмен

("Қо" деген жерiне дейiн) туыспын

Қожекеңнiң руы

"Қо" дан басталады.

Менiң руым да

"Қо" дан басталады.

Мiне, "қарғатамырлы қазақ"

Содан басталады.

"Өзiңдi өзiң мақта!" деп

Түлен түртiп, жұлқынды ой.

Мақтамасам өзiмдi,

Мақталмауым мүмкiн ғой.

Мен маладеспiн!

Не жас, не кәрi емеспiн.

Баяғыда қыздарға "Атың кiм?" деп,

Ұстараның жүзiндей қылпылдайтынбыз.

Қазiр ше?

"Кiмнiң қызысың?" деп тымпыңдаймыз.

Сонда да бiр тынбаймыз.

Әйтеуiр тыртыңдаймыз!..

"Үмiтсiз сайтан ғана" деген екен,

Қиялдап, ой түбiне неге кетем?

Құдай ғұмыр берсе,

2030 жыл болғанда,

Бақбақ басы толғанда

Президент — 90-ға,

Мен 80-ге келедi екем.

Бiр-бiрiмiзден бұқпай,

Түкiрiгiмiздi жұтпай

Сол жылы кездескенше —

Сау бол!

До свидания!!

Гуд бай!!!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА