Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН БОЛОН ПРОЦЕСIН БАҒДАР ЕТПЕК

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН БОЛОН ПРОЦЕСIН БАҒДАР ЕТПЕК

Жансейiт Түймебаев өз жұмысын оң бағалады. Бiрақ…

Бiлiм беру саласында күрмеуi шешiлмей жатқан мәселе көп. Ол – үш ауысымды мектептiң жойылмай отырғандығы, ауылды жерлерде кәсiби бiлiктi мұғалiмнiң жетiспеушiлiгi, балабақшаға деген сұраныстың азаймауы, тағысын тағы.

Алайда, Парламент мәжiлiсiнiң Үкiмет сағатында бiлiм берудi дамытудың жай-күйi мен болашағы хақында баяндама жасаған Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебав командасы бiрқатар шаруаларды еңсерген сияқтанды. 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламаны артқа тастаған министр «2011-2020 жылдарға арналған бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын» депутаттар назарына ұсынып, бүгiнгi күнге жүктелген тапсырмалардың жай-жапсарына және келешекте атқарылуы тиiс жөн-жобаларға кеңiнен тоқталып өттi. Бiр айта кетерлiгi, Түймебаев осы жолы өзiн нық әрi сенiмдi ұстап, соңғы кезде бiлiм саласында бағындырған жетiстiктердi ерекше бiр екпiнмен қадап айтқан.

«Қазақстанның бiлiм саласы дағдарысқа қарамастан, тұрақты түрде дамып келедi», – деп бастаған Түймебаев әуелi халықаралық пәндiк олимпиадаларда жеңiс шыңына көтерiлген оқушылардың еңбегiн жоғары бағалады. Мәселен, 2007 жылы оқушылар 38 алтын медальға ие болса, бұл 2009 жылы 131-ге артқан. Ал қоржындағы күмiс медаль 2007 жылы 57 болса, 2009 жылы 191-ге жетiптi. Нәтижесiнде биыл шiлде айында Астана қаласында 51-шi Халықаралық олимпиада өткiзу дәрежесi бұйырған. Тағы бiр жаңалық, елiмiз әлемдiк рейтинг бiлiмнiң даму индексi бойынша бiрiншi орынға шығыпты.

Министрдiң сөзiне сенсек, соңғы үш жылда орта бiлiм саласы бойынша 254 жалпы бiлiм беретiн мектеп салынып, үш ауысымда оқитын мектептiң саны 44-ке кемiген. Дегенмен, министрдiң «Бiз үш ауысымды мектептердi 2015 жылға дейiн азайтуды мақсат еттiк» дегенiне қарағанда, бұл мәселе жуық арада түбегейлi шешiмiн таппайтын сияқты. Биыл мерзiмiн аяқтайтын «100 мектеп» бағдарламасы бойынша тек Оңтүстiк Қазақстан облысы мен Астана қаласы ғана құрылыс жұмыстарының бiту кезеңiнiң соңғы баспалдағында. Ал, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша, 2009 жылы 5136 жас педагог ауылға жұмысқа аттанса, оларға биылдан бастап тұрғын үй алу үшiн 630 АЕК-тен аспайтын пайызсыз несие беру жоспарға iлiгiптi. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Қазақстан Болон процесiне кiрiп, еуропалық жоғары бiлiм аймағына кiредi екен.

Әрине, таяқтың екi ұшы болатыны секiлдi, бiлiм төңiрегiнде де екiұшты мәселе баршылық. Министр тек жақсы көрсеткiштердi тергiштегенiмен, айтуға сұранып тұрған жағдайларды қайда қоясыз. Министрдiң мағыналы баяндамасынан кейiн сөз алған депутаттар да жаңа жобаларға сәттiлiк тiлеп, жамырасып жатты. Алайда, олардың iшiнде көптiң көкейiнде жүрген сауалдарды қойған депутаттар да болды. Мәселен, депутат Владимир Нехорошев: «Бiздiң балаларымызды әлеуметтiк жағдайы өте төмен, мiскiн күйдегi мұғалiмдер оқытып жатыр. Бұл ұят нәрсе. Мұғалiмдердiң мәртебесiн көтеру керек. Оларға мемлекеттiк қызметкер мәртебесi берiлсiн. Сол сияқты бiлiм саласын жегiдей жеген сыбайлас жемқорлық туралы ештеңе айтылмады. Әлi күнге кей өңiрде мұғалiмдiк қызметке орналасу үшiн пара беру жалғасуда» деп едi, министр бұл сауалға: «2008 жылы заңға тартылған 84 азаматтың 49-ы мектеп директоры. Алайда, бiлiм беру айналасындағы кереғар жайттың көбi министрлiктiң құзырына жатпайды. Мәселен, министрлiк мектеп директорын, аудан, облыс жетекшiлерiн тағайындай алмайды. Сол сияқты бiлiм ұяларының да құрылыс жұмыстарын толықтай қадағалауға қауқары жетпейдi», – деп толықтыра кеттi.

«Ауылдық аймақтарда 2009 жылы сұраныс 1543 мұғалiмге артса да, республика бойынша бұл көп емес. Педагогикалық оқу орындарын жыл сайын 20 мың маманның бiтiретiнiн ескерсек, бұл мәселе де шешiмiн тауып қалар», – дедi министр Түймебаев.

Бұдан өзге жыл сайын кемшiн тұстары әшкере болатын ҰБТ мәселесi де қозғалды. «Сынақтың бұл түрiнiң енгiзiлгенiне де 10 жылдай болып қалыпты. Осы күнге дейiн ҰБТ ың-шыңсыз өткен емес. Сондықтан да арнайы мемлекеттiк комиссия құрып, кемшiлiгi мен артықшылығын саралайтын уақыт жеттi. Бәлкiм, сынақтың жазбаша түрi де қажет шығар» деген халық қалаулылары осы жәйттi де ескеруiн сұрады.

Бiрнеше жылдан берi айтылып, бiрақ соңғы уақытта саябырсып қалған латын әлiпбиiне көшу мәселесi әлi де назарда. Депутаттар «Әлiпбидi ауыстыруды тежеп, шет елде бiлiм алатын жастарға обал жасап отырмыз» десе, министр: «Латын әлiпбиiнде қ,ғ әрiптерiн бiзден бұрын көшкен қырғыз, әзiрбайжан, өзбектер әртүрлi етiп белгiлеуде. Мұны әлi саралау қажет» деп бұл жаңалықты енгiзуге асықпайтын сыңай танытты.

Мұнан кейiн депутаттар министрлiктi Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынының салдарынан зардап шеккен отбасыларға жәрдем етуге шақырды. «Шығыс Қазақстанда Тарбағатай елдi мекенiн су басып, тұрғындар басқа жаққа көшiрiлдi. Мектептер iстемейдi, мұғалiмдер жалақы алмайды. Оқушыларды мектеппен қамтамасыз етiп, осы ауылдан ЖОО ақылы бөлiмде оқып жатқан студенттердi мемлекеттiк грантқа ауыстыру, мектептi бiтiргелi отырған оқушыларды тесттен босатып, ЖОО түсуге жеңiлдiк беру мәселесiн қарастыру керек» деген депутат Нұртай Сабиляновтың ұсынысын тыңдаған министр «шешуге тырысамыз» деп қысқа қайырды.

Бiлiм мәселесiне арналған Үкiмет сағатында бiраз әңгiме айтылды. Халық қалаулылары да бұл отырысқа нақты сұрақтармен келген сияқты. Ал, Бiлiм және ғылым министрiнiң айтуынша, бөлiнген қаржы ойдағыдай игерiлiп жатыр. 2013 жылға дейiн республикамыздың барлық аймақтарында Қазақстанның тұңғыш президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың мектептерi ашылмақшы. «Балапан» бағдарламасы бойынша, 2020 жылы балабақшамен қамту мәселесi 100 пайыз шешiлмек. Және 2009-2010 жылы шамамен 24 мың үздiк студент ақылы бөлiмнен грантқа ауыстырылған. Биылғы жылдың 1-сәуiрiнен бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өстi. Ұстаз қауымының жалақысы бұрын 37 мың 920 теңге болса, ендi орташа деңгейде 47 мың 400 теңгеге, ал студенттердiң шәкiртақысы 9 мың 375 тең болса, ендi ол 11 мың 719 теңгеге көбейдi. Сондай-ақ, министр 2011 жылды «Бiлiм жылы» деп жариялауға байланысты ұсыныс жасап, депутаттардың қолдау бiлдiруiн сұрады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ