Жаңалықтар

ТIРКЕУСIЗ КҮНIҢ ҚАРАҢ...

ашық дереккөзі

ТIРКЕУСIЗ КҮНIҢ ҚАРАҢ...

Өткен аптада Алатау ауданы әкiмшiлiгiнiң ұйымдастыруымен Еңбек және халықты әлеуметтiк қолдау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң Алматы қаласы бойынша департаментi осы ауданда қоныс тепкен оралмандармен кездесу өткiздi. Кездесуге арқау болған мәселе – қалада тұрақты тiркелу.

Алматы қаласының Алатау ауданының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Бұл аудан тәуелсiздiктен кейiн Алматы қаласы маңында бой көтерген ауылдардың проблемасын бiржақты ету мақсатында жасақталған едi. Алатау ауданы әкiмшiлiгi бұндағы "Шаңырақ", "Әйгерiм", "Бақай", "Тұйық сай", "Ұлжан" секiлдi шағын аудандарда заңсыз жолмен салынған үйлердiң проблемасымен айналысып та кеттi. Әкiмшiлiк қызметкерлерiнiң айтуынша, ауданда 8 мыңдай, ал қоғамдық ұйымдардың келтiрген мәлiметi бойынша 16 мыңға жуық заңсыз салынған нысан бар. Екi жыл бойы осы нысандардың 3 мыңы заңдастырылып, мемлекеттiк жер актiсiне қол жеткiзуге мүмкiндiк алған.

Бұл ауданда алыс-жақын шетелдерден қоныс аударған қандастарымыз да көптеп қоныстанған. Олардың басым көпшiлiгi заңсыз нысан иелерi екенi де мәлiм. Алматы қаласы әкiмшiлiгi мұндағы заңсыз салынған нысандардың заңға қайшы еместерiн заңдастырып беретiндiктерiн айтады. Дегенмен, бұл iс өте баяу жүрiлiп жатқанға ұқсайды. Кездесуде түрлi проблемалар әңгiме арқауына айналды. Бiрақ, мәселенiң көбiнiң ұшығы – қаладағы тұрақты тiркеуге келiп тiреле бердi. Өйткенi, қалада тұрақты тiркеуiң болмаса, шеттен келген оралман түгiлi алыс ауылдардан келген жергiлiктi тұрғындардың өзiнiң әлеуметтiк проблемалары қордалана бермек. Ал, бiздiң заңдарымыз бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшiн, мемлекеттiк көшi-қон квотасына ену үшiн, жұмысқа орналасу және ауруханада қаралу, балаларын мектепке беру үшiн – тұрақты тiркеуге тұру қажет. Онсыз күнiң қараң. Кездесуде бiрiншi болып сөз алған Алатау ауданы әкiмiнiң орынбасары Маржан Балбаева аудандағы оралмандар үшiн ең маңызды мәселе осы екенiне тоқталды. Көшi-қон комитетiнiң Алматы қаласы бойынша департаментiнiң басшысы Гүлсара Алтынбекова оралмандарға аталған құзырлы органның жасап отырған жеңiлдiгi ретiнде уақытша тiркеу куәлiгi арқылы оралман куәлiгiн беретiндiгiн айтты. Оралман куәлiгiне ие болған адамның Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей деңгейде қол жеткiзетiн жеңiлдiктерi болады. Бiрақ, бұл куәлiк Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға және көшi-қон квотасына енуге мүмкiндiк бермейдi. Демек, Алматыдай iрi мегаполистi жағалау кiм-кiм үшiн де оңай болмайтын түрi бар.

– Алматыда тiркелу оралмандардың өз мойнында. Өйткенi, олар өзге елге емес, ата-бабасының мекенiне келiп жатыр. Демек, мұнда олардың туған-туысқандары бар. Соларды сағалап келiп отыр. Сондықтан, олар өздерiне өздерi сенiмдi болғандықтан келедi. Ал, ешқандай шарасы жоқ оралмандар үшiн, "Нұрлы көш" бағдарламасына ену ұсынылады. Бұл бағдарлама бойынша, оралмандардың тұрақты тiркеу мәселесi бiрден шешiледi. Бiрақ, "Нұрлы көш" бағдарламасы Алматы, Астана қалаларында қарастырылмаған. Бұл қалаларда "Нұрлы көш" бағдарламасы жалға үй беру iсi бойынша жолға қойылып отыр. Оралмандар Алматы қаласында жеңiлдiкпен үй алатындар санатына қосылатын болады, – дейдi Гүлсара Алтынбекова ханым.

Маржан Балбаева ханымның айтуы бойынша, мемлекеттiк жер актiсiне ие болған 3 мың отбасы да әзiрге тiркеуге тұра алмайды екен. Өйткенi, жерге иелiк еткенiмен олардың нақты адресi, үй-жайы жоқтығы себептi, тiркеуге алу мүмкiндiгi жоқ.

– Осы жайттарды ескере отырып, бiздiң әкiмшiлiктiң ғимаратының өз балансымызға алынғанын айта кеткiм келедi. Мемлекеттiк жер актiсiне ие болғандар осыдан былай осы ғимаратқа келiп, тұрақты тiркеуге тұра алады, – дейдi ол.

Осы ауданның "Шаңырақ-2" шағын ауданының тұйық сайына қоныс тепкен Бақытбек Мәсiпханұлы Алматыға 2005 жылы көшiп келгендiгiн айтады. 2008 жылға дейiн Алматыда пәтер жалдаумен күнiн өткiзген ол, 2008 жылы қоныстануға рұқсат етiлмеген тұйық сайға бiрнеше оралманмен бiрге заңсыз үй салып алады.

Бақытбек Мәсiпханұлы тұрақты тiркеуiнiң болмауы себептi жаңа туған баласының әлеуметтiк жәрдемақысын, мемлекеттiк көшi-қон квотасын ала алмаған екен.

Бақытбек Мәсiпханұлы айтып отырған Тұйық сайда 31 отбасы бар екен. Ал, Ащыбұлақта 16 отбасы отыр. Осы отбасылардың барлығының мұңы бiр – тұрақты тiркеу және басындағы күркесiн заңдастырып беру. Бiрақ, Маржан Балбаева су және газ қорғау аймағында салынған бұл үйлердiң тiркеу, құжаттарын заңдастыру мәселесiнiң бүгiн жүзеге аспайтындығын айтады. Маржан Балбаева әуелi осы аудандағы үйлерiн заңдастыруға болады делiнген 6000-ға жуық отбасының құжаттарын заңдастырып алуды көздеп отырғандықтарын мәлiмдедi. Содан кейiн заңдастыруға жатпайтын аталған сайдағы отбасылардың мәселелерiн қолға аламыз дейдi. Әрине, билiк бұл отбасыларды далаға тастамайтындығына кепiлдiк берiп отыр. Бiрақ, әзiрге оның қалай шешiлетiндiгi айтылған жоқ.

Есенгүл Кәпқызы