ЖАҢА ЖОБАНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ МАРДЫМСЫЗ
ЖАҢА ЖОБАНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ МАРДЫМСЫЗ
1997 жылы қабылданып, содан берi бiрнеше рет өзгерiстер мен толықтыруларға ұшыраған "Халықтың көшi-қоны туралы" Заңның жаңа жобасы Парламент Мәжiлiсiне келiп түстi. Бүгiнде қалың көпшiлiкке осы заң жобасын талқылау ұсынылып отыр. Соған орай заң жобасы жайында Мәжiлiс депутаты мен оралмандардың республикалық "Асар" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Қайрат Бодауханұлының пiкiрiн ортаға салуды жөн көрiп отырмыз.
Уәлихан ҚАЛИЖАН, Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты:
КӨПШIЛIК ЗАҢНЫҢ ТIРКЕУ ТУРАЛЫ БАБЫН ТАЛҚЫЛАУҒА АТ САЛЫСУЫ КЕРЕК
– 1997 жылы "Халықтың көшi-қоны туралы" Заң қабылданған болатын. Соңғы 3 жылда бұл заңға 13 рет өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлдi. Бiрақ, әлемдегi жаһандану процесi көшi-қонға да әсерiн тигiздi. Сондықтан да, көшi-қон туралы жаңа заң қабылдау қажеттiгi туындап отыр. Оның үстiне 2007-2011 жылдарға арналған "Көшi-қон саясатының концепциясы" қабылданды.
1997 жылдан берi этникалық мигранттарды квота арқылы қабылдау үрдiсi жүзеге асырылды. 2005-2008 жылдары жылына 15 мың отбасына квота бөлiнсе, 2009 жылдан бастап ол 20 мың отбасына ұлғайтылды. 1991 жылдан қоныс аударған оралмандардың саны 1 миллионға жуықтады. Олардың 55%-ы еңбек ету жасында, 41,2%-ы 18 жасқа дейiнгi жасөспiрiмдер. Демек, 5%-ы ғана зейнеткер жасындағы адамдар.
Iшкi көшi-қон да бүгiн күрделi сипат алып отыр. Облысаралық және облыстың өз iшiнде көшiп-қонушылар 5 миллион адамды құрады. Бұл 1991-2009 жылдар аралығындағы көрсеткiш. Iшкi көшi-қон жылына тұрақты 300 мың адамның көлемiнде.
Қазақстан Республикасында көшi-қон мәселесiмен 10-ға жуық министрлiктер мен органдар айналысады. Бұл заң жобасында үкiметтiң, Iшкi iстер министрлiгiнiң, Сыртқы iстер министрлiгiнiң, Әдiлет министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң құзыреттерi, өзара байланыстары айқындалып, нақтыланған.
Iшкi көшi-қонның стихиялық сипат алуы еңбек рыноктарының тепе-теңдiгiн бұзып отыр. Кейбiр өңiрлерде жұмыс күшi көп болса, кейбiр аймақтарда жетiспей жатыр. Мемлекеттiк үйлестiру жұмыстарының жетiмсiздiгiнен және әлеуметтiк қолдаудың төмендiгiнен iшкi көшi-қон әлеуметтiк мәселенi ушықтыратын топтарға жол ашты. Оған Алматы түбiндегi "Шаңырақ", "Бақай", Астана маңындағы "Қоянды" елдi мекенiндегi келеңсiз жағдайлар дәлел бола алады. Сондықтан да, iшкi көшi-қон мәселесiн заңмен реттеу бүгiнгi күн тәртiбiнде тұр. Iшкi көшi-қонға ешқандай мониторингтiк сараптау жасалмай келедi. Бүгiнгi iшкi көшi-қон процестерiн сараптау мен талдау, ұсыныстарын жетiлдiру iсi мүлдем қолға алынбай отыр. Өйткенi, соңғы 18 жыл көлемiнде Үкiмет iшкi көшi-қонды мойындамай келдi. Депутаттық сауалдар жолдау арқылы, осы мәселеге түрлi қоғамдық ұйымдардың араласуы, үкiметтiк емес ұйымдардың араласуы арқылы iшкi көшi-қон процесiн реттеу қажеттiгiн мойындап отыр.
Осы заң жобасының 3 бөлiмi iшкi көшi-қон мәселесiне арналған. Оның 57-бабының 2-тармақшасы тiркеу мәселесiне арналған. Онда "бұрынғы тiркелген жерiнен есептен шыққан күнiнен бастап, 15 жұмыс күнiнiң iшiнде мемлекеттiк аумағындағы тұрғылықты жерi бойынша тiркелуi мiндеттi. Бiр елдi мекенде тiркеуi бар және 30 күнтiзбелiк күнге дейiн өзге елдi мекенде жүрген адамдар тұрғылықты жерiнен есептен және әскери есептен шықпай-ақ, тiркеле беруiне болады. 58-баптың 3-тармақшасы бойынша, iшкi көшiп-қонушылар уақытша тұрған орнында 15 жұмыс күнi iшiнде тiркелуге мiндеттi. Тiркеу кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамалық негiзiндегi белгiленген мөлшерде мемлекеттiк баж салығы салынады. Тiркеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының үкiметi айқындайды" делiнген. Оралмандар және Iшкi көшiп-қонушылар осы мәселеде өз ойларын ортаға салып, үн қосулары тиiс. Өйткенi, бұл бап әр адамның Конституциялық құқығына қол сұғылмайтындай, Қазақстан аумағында еркiн жүрiп тұруына кедергi келтiрмейтiндей болуы керек.
Қайрат БОДАУХАН, Оралмандардың "Асар" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы:
ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРДЫҢ КӨШIП КЕЛУ ЗАҢЫ ҚАБЫЛДАНСА
– Жаңа заң жобасы талқылану барысында менiң қолыма да келiп түстi. Сонда осы заң жобасына сараптамалық қорытындыны жасаған қоғамдық ұйымдардың да тiзiмi қоса берiлiп отыр. Бiрақ, бiр қызығы бұл саладан мүлдем беймағлұм қоғамдық ұйымдар оған сараптама жасап, оң бағасын бередi, ешқандай ескертусiз. Мысалы, "Атамекен" одағы Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы, Қазақстан Республикасы Кеме иелерi және теңiз индустриясы кәсiпкерлерiнiң қауымдастығы, Табиғат пайдаланушыларының қауымдастығы, Қазақстан Қаржыгерлерiнiң қауымдастығы секiлдi ұйымдар. Бiрақ, бұл қоғамдық ұйымдардың көшi-қон мәселесiнен хабары бар дегенге күмәндiмiн. Оралманға қатысты қоғамдық ұйымдар, iшкi көшi-қон мәселесiн реттеушi "Шаңырақ" қоғамдық бiрлестiгi секiлдi осы саланы зерттеп жүргендердiң ешқайсысы сараптамалық қорытынды жасамаған. Бiзге сараптама жасау туралы ұсыныс түскен жоқ. Мен осы заң жобасының жұмыс тобының жетекшiсi, депутат Сүлейменовке хат жiбергем. Осы заң жобасын талқылауға қатысатындығымды айттым. Бiрақ, әзiрге жауап ала алмай отырмын.
Бұл заң жобасы негiзiнен шикi дайындалған. Бұның алдындағы қолданыстағы заңнан көп ерекшелiгi жоқ. Бұған дейiн орындалмай келген баптар қайтадан енген. Мәселен, тарихи отанына оралу мақсатында көшiп келу жайлы 6-тарауда квота мәселесi, көшiп келу квотасына енгiзу, оралман мәртебесi, 42-бапта оралмандарға көрсетiлетiн жеңiлдiктер мен әлеуметтiк жәрдемақылардың басқа да түрлерi делiнедi. Онда да бұған дейiнгi әңгiмелер қайталанып отыр. Ескере кететiн бiр жайт – бұл айтылғандардың көбi орындалған жоқ. Бұдан былай да орындала қоюы неғайбыл. Бұрынғы заң жобасында мемлекеттен кәсiпкерлiкпен айналысуға субсидиялар бөлу, преференциялар беру мәселелерi қамтылған едi. Бiрақ, бұл бап та жүзеге аспаған едi. Ал мына заң жобасында ол баптар жоқ. Оралмандардың көбi мемлекеттiк көшi-қон квотасынан тыс келiп қоныстанып жатыр, ал мына заң жобасында олардың құқығы жайында ештеңе айтылмайды. Оралмандар Қазақстан аумағына енiсiмен азаматтыққа тапсырады. Ал азаматтыққа қабылданса көшi қон квотасына ене алмайды. Сол себептi де оралман екi мекеменiң арасында сабылып жүргенi. Сондықтан, ең әуелi оралман куәлiгiн ел арасында ЦОН аталып кеткен халықты қабылдау орталықтарында беретiн болса. Өйткенi, шеттен келген оралман әуелi оралман куәлiгiн алу үшiн, сосын тiркеуге тұру үшiн, одан кейiн азаматтық қабылдау үшiн құжаттар тапсырып сергелдеңге түседi. Бұл жүйе оншақты жыл бойы осылай әуре-сарсаңға салып келедi. Сондықтан, олардың құжаттарын жалғыз терезеде, бiр жолда бiтiрiп беретiн мүмкiндiк болса жақсы болар едi. Заң жобасында осы секiлдi мәселелер қарастырылмаған.
– №711 Қаулының орнын Оралман куәлiгi баса ала ма?
– Жоқ. Жалпы, құзырлы органдар оралман куәлiгiнiң ерекше статусы жайында айтады. Бiрақ, онымен ешқайда жүрiп, тұра алмайсың. Бұл еңбекпен қамтуда, зейнетақы бөлiмiнде жүзеге аспайды.
Жалпы, этникалық қазақтардың көшi-қоны деген үлкен проблема. Жиырма жылдай бойы Қазақстан бұл салада үлкен тәжiрибе жинақтады. Бiрақ, бұл жайындағы тұжырымдама әлi дұрыс қолға алынбай келедi. "Нұрлы көш" бағдарламасы бiр жылға жетпей, дағдарысқа ұшырады. Көкшетау қаласының жанындағы Красный Яр ауылындағы үйлер құлап жатқаны жайында дабыл жиi қағылуда. Ал, Көшi-қон комитетi ақпар берумен ғана шектелуде. Сондықтан бiздiң ұсынысымыз – "Этникалық қазақтардың көшiп келу заңы" деген арнайы жеке заң қабылданса, бұл үлкен қаржы талап етпейдi. Ал, мына заң жобасында сыртқы көшi-қон мәселелерi бiр бөлiмде, бiрнеше баппен ғана жазылған. Жаңалығы шамалы болып отыр.
Дайындаған Есенгүл КӘПҚЫЗЫ